АҚЫНДЫ АРДАҚТАҒАН МИНИСТР

Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова белгілі ақын Несіпбек Айтұлын мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. «Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз төл əдебиетіміз бен мəдениетімізді байытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан адуынды ақын, қажырлы қайраткерсіз. Ұзақ жыл асыл сөзбен қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан мерзімді басылымдарда лауазымды қызмет атқарып, қалың оқырманның көкжиегін кеңейтетін мазмұнды материалдардың жарық көруіне сүбелі үлес қостыңыз. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан» жəне тағы басқа көркем сөзбен көмкерілген мағыналы кітаптарыңызбен поэзияда тың құбылыс қалыптастырдыңыз. Əлем жазушыларының таңдаулы шығармаларын ана тілімізде сөйлетіп, талғампаз оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Алдағы уақытта да еселі еңбегіңіз берекелі болып, толайым шығармашылық жетістіктерге қол жеткізе беруіңізге тілектеспін. Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, қызметте табыс, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дəулет тілеймін!», – делінген министрдің құттықтау хатында. Өз кезегінде Несіпбек Айтұлы алғысын айтып, сындарлы кезеңді біртұтас халық болып бірге еңсеретінімізге сенім білдірді. Айта кетейік, Несіпбек Айтұлы белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), «Парасат» орденінің иегері (2004).