Айнұр Әбдірәсілқызы. Бұл – менмін әрі... Мен емес...
2013 ж. 11 ақпан
4519
7
Автопортрет
Мен өзімді
Күл-талқан болып қираған
Жасыта беріп жалған мың,
Жанды өртеп жүріп жинаған
Арманнан құрап алғанмын...
Жалғанның жұтып бар уын
Тіршілік үшін тазарған,
Адасқақ әлем аруы
Ажалды күттім ажардан.
Табынбас тарпаң заманға
Тірлігім, бәлкім, тек елес.
...Абай бол арман-адамға,
Бұл – менмін әрі...
Мен емес...
* * *
Жаныға жоқтап жалғанның
Жасырған көптен жұмағын,
Тарпиды жерді тарлан күн
Тылсымға тігіп құлағын...
Ар-дауа тілеп қармандым
Аждаһа лепті адамға.
Асқар да асқар таулардың
Ар жағын кезсем, табам ба?!
Дарытар болса дәруін
Ақ арман қолын бұлғаған,
Ақбозат мінген аруын
Ұмытсын мәңгі бұл ғалам...
Үздікпе бекер ізінен –
Кеткеннің болар қайыры.
Бұлғақтап тұрып үзілген
Бір тал үкің ғой, тәйірі...
* * *
Күн кешіп қорғансыз,
Бір күліп, бір жылап,
Болмысы болжаусыз
Тағдыр тұр тұнжырап...
Қайтып ед қай дертім?
Зор бақыт сол-дағы –
Аспанда ай мен күн
Сөнбесе болғаны...
Алдырмас алыппын,
Тәні – тас, жаны – мұз.
...Аңдамай қалыппын –
Астана... Сары күз...
* * *
Құл-ғұмырды қимағанмен күмәнге,
Болмысыңа бақ қонбаса, кінәң не?
...Әлімсақта арашаға батпаған
Жазмыш енді жұбата алмай мың әуре...
Боздай көшіп бейбақ дәурен бастағы,
Тағдыр кештім тозатындай тас-дағы.
...Маңдай тұстан мызғымайды әйтеуір
Жалқы жұлдыз...
Астананың аспаны...
* * *
Менің тәнім – құрсауында қоғамның,
Шүкіршілік етем бірақ соған мың.
Жандыда жоқ жазмышыма бұйырған
Тегеуріні таусылмас бұл тобамның...
Тамырымды табыстырмай тегіме,
Тағдырым тұр тексіздерге теліне.
Бақыты бар пенделерден бас құрап,
Көшті керуен менің туған жеріме...
Жалған-сорға жаттығымды сезіне,
Күбірлеймін күрсініспен көз іле:
«Менің рухым Түркістанда түнеулі,
Өз сәлемім жеткізгейсің өзіме!»
* * *
Керін көрдім көлденеңнің
Торын үзген төзімнің.
Бергенің де, бермегенің
Есебіңде Өзіңнің.
Тату бермес тұнығың – лай,
Кеуіп бітті кенезем.
...Теңбіл ала ғұмырымдай
Теңбіл ала терезем...
Бейбақ дүние – бірі кем де,
Бұйыртпады дәм қайдан?!
Тәңір деген тірі пенде
Сипамапты маңдайдан...
Кердең бақ та, кекші де бір,
Қай дертіме қонар дем?!
Өтіп жатыр өксік өмір
«Бір мәнісі болармен»...
Бір мәнісі болар...
* * *
Сарсаң жанға сауға тілеп ақ таңнан,
Өң өзгермес ой-күнәға батқаннан.
Қол ұстасса – өлері хақ өртеніп
Бірін-бірі – өзін-өзі тапқандар.
Жәннатына жанды ұшырып тордағы,
Табар бағың – тар қабір ғой сондағы.
Өзін-өзі тапқан сәттен – өмір жоқ,
Ләйлі-Мәжнүн хикметі де сол-дағы...
Саябырлап сор жалғанның сынағы,
Сөнер шақта бір тұтанып шырағы,
Өзін-өзі тапқан сәттен – өмір бар,
Бірақ оның пәниде емес тұрағы...
* * *
Ен жалған еншілеткен
Бар еді жалғыз әнім.
Құтқармай көр-түнектен
Көшті арман, қалды зарым.
Бар ғалам сыйып тұрған
Сыймаппыз қалыпқа біз.
Болмыстан биік тұрған
Талғамың – тамұқ нағыз.
Тірлікте татар енді
Бар бақыт келсін мейлі –
Жербауыр жат әлемді
Жүрегім жерсінбейді...
Жан-жүрек қан жылап кеп,
Тұлғаңды табытқа ойдым...
Жалғанға мәңгі жат боп,
Мен солай қалып қойдым...
* * *
Жан шыдамас жалығыстан
Азар болдым, аяулым.
Саған деген сағыныштан
Мен өлуге таяндым...
Жұғын қоймай жырымдаған
Бір ғұмырдың бар жырын,
Жан азасын ұғынбаған
Беу, тас жүрек тағдырым!
...Жазмыш алды жетегіне
Жанға кесіп жат үкім.
Мен кетейін мекеніме,
Босат мені, бақытым!
* * *
Хақтан сұрарым кеміп барады,
Үнсіздігіңе қайранмын, Алла...
Жаққан шырағың сөніп барады,
Мен таусылуға айналдым, Алла!!!
Мәңгі аңсап өтер мөлдір кезімді
Мен өлмей, мұңым өлмейді, Алла...
Солғанша бекер сөндір сезімді,
Енді оны көргім келмейді, Алла!
* * *
Көз аштырмай кеудедегі бүлкілге,
Торлағалы қашан мені түн-түрме...
Біздің жүрек өлең сөзді ұқпайды,
Біздің көзден жас тамбайды бұл күнде...
Жаншығалы жүрегімнің төрін сен
Қос ғұмырда құтқармастай көруші ем.
Күн туды ақыр... Мекеніңнен мәңгіге
Кетіп барам...
Сезесің бе соны сен?!
* * *
Қосшы-ғұмыр құрықтап ап текті ерді,
Жалған тірлік жалған мұңын жеткерді.
Аңсарлыны ауыздықтап аусар күн,
Әр кеудеде бір-бір арман кеткен-ді...
Күзге, қысқа...
Жылға ұласып жаздық ән,
Нар көңілді налалы етті наз-күмән.
...Бізге нәсіп бірер тамшы нығметтің
Басы бар да, аяғы жоқ бағзыдан...
* * *
Еншісіне елегізу бұйырған
Сары күзде сабылып,
Таба алмассың түндер қатып, қиырдан
Жанұшырып, жанығып
Жеткенмен...
Азар шегіп азаматсыз қоғамнан
Тағдыр тепкен тірі доп,
Әз тарихтан өкси-өкси жоғалған
Көп беттердің бірі боп,
Кеткем мен...
Жарықты жоқтау
Мәди Қазыбекұлының рухына арналады
Жылусыз жүректен жол тартар ғаріптік,
Соны ұғып санасыз сәулеге жанықтық.
...Жарқырап жанары күн-көңіл адамдар
Жүруші ед жанымен жалғанды жарық қып...
Бітерін білсе де баянсыз бір күн дем,
Көңілсіз пәниді көркейткен күлкімен,
Қажыса құлардай көктегі жалғыз күн
Қуат ап тұратын жердегі мың күннен...
Жарықты жоқтаған жазылып соңғы жыр,
Сағым боп барады сәулесі мол ғұмыр…
Кемді күн жалғанның жұтатып жарығын
Тағы бір күн батты...
Тағы бір сөнді нұр...
* * *
Күн нұрын көңілге құя кеп,
Жүрекке дауасыз жия дерт,
Бір жақсы аттанды пәниден,
Бір қадам жақындап қиямет...
Бақилық бұйырып бағына,
Бір жайсаң жай тапты жанына.
...Бір мұңы азайып жалғанның,
Бір жоғы көбейді тағы да...
* * *
Ажалдан басқа бақ бұйырмас бір ерте
Жалғанның жазы да – көңілге кіреуке.
Күн санап арманың азайып бір мысқал,
Күн озса, мың қайғың артады біреуге...
Баянсыз пәниден бар олжаң – тек тәубең,
Өр емес, көр құшып, өксумен өтті-ау дем...
Бармақтай бақ қонып, болжаусыз бір күні
Жан-шырақ өшеді жарықты жоқтаумен...
* * *
Арылып бітпес күрсінісіндей
Аңсауға толы жалғанның,
Мұңая сөнді мың сыр ішімде,
Жоқтаудан жаным талған күн.
Жүз жылға жетер жалығыс емі
Санама сыймас сұры бар.
Көкірек толы сағыныш еді,
Енді оның жайын кім ұғар...
* * *
Сыралғы кеуде сыздайды келіп
Алаңсыз күлсе әлдекім.
Мазасыз жаннан мұздайды желік,
Мың жылдық дертім бар менің...
Зауалың жоқтай зар етерге түк
Сезбейсің сырды, замандас...
Мендегі мұңды тәуекел етіп,
Аспан да, жер де ала алмас...
* * *
Жұмбақтау жайнап жамалы,
Тербеліп тірлік күйіне,
Адамдар қайтып барады
Қараша-мекен – үйіне...
Сыздата тіліп сананы
Бауыры жара дүние,
Адамдар қайтып барады
Араша-мекен – үйіне...
Кешкі сағыныш...
* * *
Бір қиырдан бір түйір бақ жетер күн
Жөнін тауып жортар ма екен мекер мұң?
Сыр тұтылмас сұңғыла, сақ ғаламға
Тек мен ғана табылмаған екенмін:
Жарық сәуле – жат сәуле еді кештегі,
Жібек самал жолсызды іздеп еспеді...
Маған арнап жаратылған жалғанда
Мен бақытты бола алмадым...
Кеш мені!!!
* * *
Ақсия күлген ажалдың көрмей аранын,
Торыға кезіп тілім де тілім даланы,
Мен тұрған жерден қалардай жаны жанығып,
Мен туған жерге МАХАББАТ маңып барады...
...Сен татқан сордың сезінер дәмін, сірә, кім,
Сен жүрер соқпақ бұл өңірде емес, шырағым!
Мен туған жерді мұңлықтар ғана мекендеп,
Мен тұрған жерде жолсыздар ғана тұратын...
...Сол ма еді сенің мұратың?!
* * *
Тұғырсыздың тұрғысына төмендеп,
Жан емеспін Жер бетіне келер көп.
Үмітіңді үзбей бекер үздіктің,
Ойсыз жалған ордасынан көрем деп.
Өзектіні өксітпес пе өткен күн?!
Көңілдерде қалды екен деп көп белгім,
Тоқтат енді іздеуіңді, жарқыным,
Мен өмірден әлдеқашан кеткенмін!!!
* * *
Қалаусыз күнмен қауыша,
Үміттен үкім тоспастан,
Жазылып жатыр жарыса
Қосылмай өтер қос дастан...
Сыналай ұрлап сыныңды
Әзірейіл сынды әр іңір,
Жалғаумен жүрсің жырыңды:
«Менікісің, – деп,– бәрібір!»
Түсіме тағдыр енгенде
Жолайрық көрем мен ұдай...
Көмескі түгіл, көрнеуге
Көндікпей кеткен көңіл-ай!
* * *
Кісі-киік!
Жырақ қонған жалғаннан Қағба-мекен!
Болмысымды баянсыз барла бекем:
Адамдардан тапқан боп аңсарымды
Мен өзімді мәңгілік алдап өтем...
Кісі-киік!
Жанарында жалқы мұң тұнған жаным,
Пәктік сыймас пәниді кімге арнадың?!
Сенде тұнған тұманың тамшы нұры –
Жамалымды жерліктен қызғанбағын...
Кісі-киік!
Елес құшып еріксіз ен тірлікте,
Жанарыңнан жоғалған мен бір нүкте.
...Сезім іздеп адаспа адамзаттан,
Сезім күші сендегі мөлдірлікте!
* * *
Бездіріп бақтан бастаған жолым бүгінге:
Тіріден тірек таба алмай тозған күнімде
Ұғымсыз ұлт пен тынымсыз рухқа телініп,
Ұзаған ғұмыр...
Ұмытқан жоқпын бірін де...
Торықтық қанша тілеуді қосып таңдарға...
...Біз түгіл, ботам, пәнидің өзі арманда:
Жандының бәрі жабыла сұрап жатса да,
Бір түйір бақыт бұйырған емес жалғанға!
* * *
Сылбыр ғана сыбдырлап жас терегі,
Көктемі жоқ көңіліме жаз келеді…
Таңмен талас тілектің тарқап тойы,
Бей-жай күндер басталды сәскедегі...
Сәске-ғұмыр… Сәскелік жиғаным бар,
Танытпаған тағдыр бар қиғанын дәл.
Періштенің пердесін сайтан тұтып,
Арасында екі оттың иманым – дал…
Күлдіреткен көкөзек көңілімді
Жан қалар ма жасырып жегі-мұңды:
Жалған зары жат болған жалқы сәттен
Мән іздеген мәңгіріс – серігім-ді.
…Қанатталды күйіне қыран-тағдыр
Телміртпеген тектіден тегі, кімді…
Қыран зары
Тастүлек көңіл, өсерсің,
Мұзбалақ дәурен, көшерсің,
Орныңды қайдан табармын?!
Келмейді тағдыр көнерге,
Майтүбіт, баршын, шөгелге
Байлауы бар ма жан-ардың?!
Шөгелдей болып шерменде,
Құз қармар шағым келгенде,
Кеуделеп қайда барармын?!
Тағдырын қисаң қыранның
Жасаған, мәңгі сұрарым –
Қияға қанат қағар күн!
* * *
Жандауа жырмен жамалса
Сөгілген сансыз іргелер,
Қауышып күнмен балауса,
Беймаза көңіл бірленер.
Үзілген үміт жалғанса,
Тотықұс-тірлік түрленер.
Бармақтай бағым бар болса,
Пайғамбар-шабыт бір келер...
Мен туғанда берілген
бата
Кергімей көнер кермекке
Пенде боп туған пақырсың.
Тірлікті татып көрмекке
Жалғанға бара жатырсың.
Бақимен бітпес бар ұғым,
Бақ серік болар кімге ұдай?
Жасымай аттан жарығым,
Жалғыздың жары – бір құдай!!!
Мың тілім болған жүрекке
Мың жылдың мұңын сыйдырып,
Мұңлықтан туған тілекке
Мәжнүннің басын идіріп,
Тұралап тынған ұлтыңның
Талаурап тұрған рухының
Тұғырын тіктеп, ту ұстап,
Күрмеуін шешіп ділінің,
Ар дауа ақтық ілімнің
Асылын шашып уыстап,
Тоз-тозы шыққан жалғаннан
Тұп-тұнық болып көшерсің,
Абыздар елін армандап,
Аңыздай ғұмыр кешерсің,
Әумин!!!
Автобиография
Тәңір сүйіп жаратқан-ды түзге арнап,
Нәзік тәнін нұр орнына сыз қармап,
Пана таппай жүргіншіден жосыған
Қар үстінде ұзақ жатты қызғалдақ...
Бейбақ гүлдің бардай жұмбақ иесі,
Қол создырмай тосын сыйға тиесі,
Пенделердің жер құштырды жанарын
Тазалық пен сұлулықтың киесі.
...Мейір қанып, бір жұта алмай мол нұрды,
Күте-күте көңіл көктер сол күнді
Қажытпаған қара боран, қарлы жел
Қайран гүлді тек жалғыздық солдырды...
Хабарласу үшін тел:87019085211