Мемсыйлық елдің сөзін сөйлей алатын ақындарға берілуі керек - Азамат Тасқараұлы
2020 ж. 07 қыркүйек
1802
1
Екі жыл сайын әдеби ортада қаламгерлерге берілетін еліміздің бас марапаты – Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығы үшін бақ пен бап сынау басталады. Мемлекеттік сыйлық туралы ақын-жазушылардың пікірі әр алуан болса да, бұл сыйлық кейде дұрыс, кейде бұрыс беріледі деген пікірлер айтылып жатса да, Мемсыйлықты алғандардың ішінде осалынан мықтылары көп екені даусыз. Әр жылдары бұл марапатты Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Әнуар Әлімжанов пен Ілияс Есенберлин секілді қазақ әдебиетінің абыздары алса, одан беріректе Шерхан Мұртаза, Асқар Сүлейменов, Дулат Исабеков пен Оралхан Бөкей секілді есімі көпшілік оқырманға жақсы таныс небір аймаңдай жазушылар, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова секілді қазақ поэзиясының қуатты ақындары иемденген.
Биыл да бас сыйлық үшін бәсекеге 24 ақын-жазушы ұсынылды деген ақпаратты әр жерден бір көріп қалып жүрдік. Іріктеуден өткені-өтпегені бар, барлығы да Алаштың айтулы қаламгерлері, зиялылары.
Осыған орай мен әлеуметтік желідегі оқырмандарымның арасында «Мемлекеттік сыйлық кімге бұйырады? – Халық төреші» атты сауалнама өткізіп, елдің тәуелсіз пікірін білейік деп әрекет қылып едім. Жазылған пікірлерде есеп жоқ. Ақындарды ғана атасақ, қазақтың белгілі екі ақыны Қазыбек Иса мен Серік Ақсұңқарұлына ең көп дауыс берілді.
Қазыбек ағамыздың өлеңдері туралы осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде көлемді мақалам жарық көрген еді. Серік Ақсұңқарұлы туралы кезінде «Аға немесе жалғыздық туралы сөз» атты эссе жазған болатынмын. Алайда онда ақынның ағалық бет-бейнесін ашуды көздеген едім. Міне, биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан ақын ағамыздың шығармашылығы туралы да ақтарылып айтатын сәт келіп тұр.
Қазақтың белгілі ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты жаңа жинағы да қолыма тиіп отыр.
Оқырманның лайықты бағасын алған, өлең өлкесінде өз жолы, өз дауысы бар ақынның шығармашылығы туралы көп мақала жазылған болар. Оның бәрін қадағалап, оқып отыру мүмкін емес. Өз басым ақынның азаматтық ұстанымына, қоғамдағы өзекті тақырыптарға өзегі өртеніп тұратын отаншылдығына, ел дегенде емешегі езіліп тұратын қайраткерлігіне тәнтімін.
Ақынның бұл қыры өлеңдерінен де айқын көрініп тұрады.
Мұнай-Тақсыр өртке қарай тақымдап,
Қайдағы бір қу мен сұмда хақым ғап;
Мен де жандым, (бензиннен де тез жандым),-
Лаулап!
Заулап!
Өршіп өрде-
Лапылдап!!! – деп ақтарылады оның жыры.
Мұнай деген қазақтың бағы ма, соры ма, айту қиын. Батыстағы аудандарды аралап, жолдың екі жағында мұнай соратын ұңғымаларды көріп, ортасындағы шұрық тесік боп көп жылдан жөндеусіз жатқан күре жолды көргенде көңілге кірбің түседі.
Бірде Ақтаудағы мұнайшылардың бірімен де әңгімелес болып қалған едім. «Қашағанды болашақ ұрпаққа қалдыру керек» деп шырылдап тұрып айтты. Ақынның лаулап, лапылдап өртенуінде де халықтың жанайқайы бар сияқты.
Кетпеймін мен!
Тастамаймын ұлтымды,
Қазір оның көңіл күйі бір түрлі;
Қайта айналып мен келгенше, шүршітше
Сөйлеп кетуі мүмкін-ді... – дейді енді бірде.
Өз ұлты өзге тілде сөйлеп кетуі мүмкін екенін қандай қиналыспен жазды екен деймін. Мемлекеттік тіл мәселесі қозғалып жүрегінен де отыз жылдың жүзі болды. Күні кеше ғана өзінің үндеулерінің бірінде «Қазақ тілі – халықаралық қатынас тіліне айналуы керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да сөзі нақты іске айналар уақытты зиялы қауым ғана емес, баршы қазақ күтіп жүргені жасырын емес. Оған дәлел, біз «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде «КОНСТИТУЦИЯДАН 7-баптың 2-тармағын АЛЫП ТАСТАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!» атты Ашық хат жарияланған едік. Оған қол қойған адамдардың саны 120 мыңнан асып жығылды қазірдің өзінде. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Бір сайттың өзінде осыншама қолға ие болған Ашық хатқа өзге ұлт өкілдері, Ассамблея мүшелері де, билік өкілдері де қол қойғанын айту керек. «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылданбай, тіл мәселесі шешілмейді. Біз сонау 1989 жылы КСРО кезінде қабылданған заңның аясында әлі жүрміз. Ақынның тіл дегенде жүрегінен осындай қасіретті сөздердің шығуы да содан ғой.
Рухы асқақ ақынның әр жырында ұлттың үні бар.
Хан Кенеге ілесіп, қия шалдым,
Қарлығашпен бірге ұшып,-ұя салдым.
Ұлттық рух -жыр екен, уыстап ап,
Ақ парақтың бетіне құйя салдым...
Ақынның ақ параққа құйғын жырлары әрдайым оқырманның, қалың қазақтың жүрек төрінен орын алады. Себебі, онда халық деген қайнар бұлақтың мөлдірлігі бар, тазалығы бар.
Өз басым Мемлекеттік сыйлық осындай елдің сөзін сөйлей алатын ақындарға берілуі керек деп ойлаймын.
Қазақта ақын көп. Баяғыда үлкен бір қаламгер ағамыз «Қазір тас лақтырсаң ақынға тиеді» деп еді... Алайда, халықтың мұңын, зарын, қоғамдағы ащы шындықты ашық айта алатын ақындар аз. Сол аздың қатарында Серік ағамыз бар деп білемін. Ақ жол, аға!
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні