Ақкөңіл аға еді-ау
2020 ж. 06 қыркүйек
2616
0
«Әлі есімде, әлі есімде сол бір кез...» дегендей, әзіл-сықақ хақында әңгіме басталған сәтте бүкіл бітімі көз алдыма келе қалатын қаламдас ағаларымның ірі – Сәкең, марқұм Садықбек Адамбеков. Оң жағына жатыңқыраған селдірлеу сарғыш шашының о тұсы мен бұ тұсы едірейіңкіреп, маңдайының үш-төрт сызық әжімі үшбұрыштылау сұйық қасының үстіне жымиып жатып алған сияқтанып, шын бар-ау, ерекше жарасымды, сүйкімді көрінетін. Ол көрініске етегі сәл қусырыңқы қыр мұрынын, көбінесе күлімдеп тұратын қиық қоңыр көзін, күлкінің күршегі ілініп қалғандай аз-маз түсіңкі сол жақ езуін, жұқалтаң болғанымен құдіретті боксшының жуан жұдырығына да селт етпестей мығым иегін қосыңызшы!..
Екеуіміз алғаш кездескенде ол ықшам басын сол жағына қисайта еңкейіңкіреп, аяғын әдейі аздап сүйрете басқандай болып, әлденеге асығып келе жатқан шағын денелі жігіт ағасы еді. Алматыға көшіп келіп, біраздан бергі таныстарым композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақан Жұмекен Нәжімеденовтің ақылымен, «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакторы Нығмет аға Ғабдуллинның қалауымен әдеби апталық редакциясының онда-мұнда жүріп тұратын тілшісі қызметіне кіріскен кезім-ді. Ойда жоқта Жазушылар одағы ғимаратының алдында жолығысқан Сәкеңді гәзет-жорналдардағы әзіл-сықақ әңгімелері мен фельетондары, суреттері арқылы танитынымды малданып, алдына еркін барып:
– Ассалаумағалейкүм! – дедім. Ол қалт тұра қалып, жымия қарап:
– Уағалейкүм! Танымадым, қай жігітсің? – деді.
Аты-жөнімді, мән-жайымды айттым. 1966-жылдың көкек айы болатын.
– Өскеменің ақ қар, көк мұз болып жатқан шығар, анау бір жылы дәл осы уақта барып, мұз көшесінде мұрттай ұшып, жамбасымды жарып ала жаздағанмын, – деп жымыңдай түсті.
– Е, иә, жылы жақтан келгендерді сөйтіп сынайтыны бар. Сізді «достарыңыз» да ұмыта қойған жоқ: «Жамбастап жүретін сол сары қу енді келсе ме!» десіп, «сыбағаңызды» сақтап жүрген көрінеді, – дегенімде Сәкең шалқая мәз болып күлді де, мені қолтығымнан ұстай алып:
– Жүр, кабинеттеріңе барайық, ол «достарымның» қызығы көп, саған айтып берейін. Жаухатшы Ғаббас Жүмабаев екеуің бір кабинеттесіңдер ме? – деді. «Жаухатшысы» – «жауапты хатшы» дегені. Ақын Ғаббас Жұмабаев сол қызметте болатын, ал мен әрі тілші, әрі оның орынбасарымын.
(«Сізді «достарыңыз» да ұмыта қойған жоқ» дегенім: содан бес ай шамасы бұрын ол біздің облыста болып, екі-үш ауданды аралап, бір совхоз директорын, бір ауданның совет атқару комитеті басшыларын фельетон етіп жазып, жау тигендей улатып-шулатқан. Әжуасы ақырында төрт «мықтыны» мықшитып тынған).
Сөйтіп, Сәкең екеуіміз көптен кездеспеген байырғы жолдастарша солай жараса шүйіркелесіп кеттік. Ол менен он үш жас үлкен болса да, «жақсыда жаттық жоғымен» баурап, құдды құрдастарша қалжыңдаса беретін болдық. Бірте-бірте сырласып та кеттік. Ақ көңіл, ашық мінезді жан еді. «Тарының түйіріндей қиянатқа гүрзі ала ұмтылатын ауруым бар, соным жүйкемді жеп тауысар!» деп қоятын кейде. Әлдебір әділетсіздікке куә болған күндерінде... Сондай халінен бір мысал айтайын.
«Партияның солдаты» болған соң партияның ырқына көнбеске шарам қалмай, «Ара-Шмель» жорналының Бас редакторлығына барғаныма бір жыл толған тұс еді. 1984-жылдың көктемі. Таңертең кабинетіме Сәкең кіріп келіп, ұшып тұрған маған абың-күбің жетіп, берген сәлеміме:
– Мынау сволочь екен ғой, ә?! Неткен мисыз сволочь-ей?! – деп күйіне сөйлей «жауап» қатып, қолын ұсынды.
– Сәке-ау, не болып қалды? Жайшылық па, әйтеуір, аманшылықпа? – дедім, шын таңданып.
– Өй, аманбыз ғой, тіріміз ғой, бірақ кәдімгі сволочь екен анау, ә? Естігенде шалқамнан түсе жаздадым! – дейді.
Сәкеңді шалқасынан түсіре жаздаған жәйт былайша. Бір күні редакциямыздың бастауыш партия ұйымының хатшысы (аты-жөнін атамай-ақ қояйын) бір талдырмаш денелі сары келіншекті ертіп келіп, «Біздің Фрунзе аудандық партия комитетінің бақылау жағындағы қызметкері» деп таныстырды (оның да аты-жөнін атамайын). Ұжымдағы коммунистердің партиялық жарна төлеуін тексере келіпті. «Жақсы, міне, хатшы жолдас жаныңызда, кірісіңіз» дедім келіншекке. Ертеңінде екеуі қайтадан келді. Тексеру қорытындысы қолдарында. «Аға, сонша дерліктей ағаттық жоқ екен, сіз былтыр шыққан кітабыңыздың қаламақысынан жарнаны 26 сом кем төлепсіз, басқа бірер коммунист 3-4 сомды кем төлепті. Ондай қателік кездесе береді, кемін төлей салсаңыздар болды, көп сөз етуге тұрмайды. Бірақ мына хатшы ағайдың талап етуімен акт жасадым, жаңа айтқан сомалар көрсетілді. Алайда... меніңше... кем жарнаны бүгін-ертең төлей салыңыздар, мен мына актінің екі данасын да осында қалдырып кетейін, комитеттегілерге «ешқандай нарушение жоқ» дей саламын, деді тексеруші. Хатшы: «Е, неге? Бұл – документ» деп міңгірледі. Ашық сөзден міңгір жаман, сондықтан екеуіне: «Өздерің біліңдер, мен кіріспеймін, сендердің қалағандарың болсын» деп қайтардым. Сәлден соң тексеруші қайтадан келіп: «Актінің түкке керегі жоғын хатшыңыз түсінді, менімен келісті, актіні жыртып тастадық. Аға, менің келуіме хатшыңыз себеп болды, біздің басшыларға телефон соғыпты. Қызық кісі екен... Сізге соны айта кетуге кіріп едім, сау болыңыз!» деп қоштасты. Одан біраздан соң хатшы келіп: «Әлгі... актіні... былайша алғанда... келісіп, жыртып тастадық» деп тағы міңгірлеп кетті. Ал мұқият құрап желімделген сол акті келесі аптада, аудандық партия комитетінен бір-ақ шықсын! Мен комитеттің бюросына шақырылдым. Бірақ жау жоқта соғыс болушы ма еді, аупарткомның бірінші хатшысы (оның аты-жөні есімде жоқ, әйтеуір, былшиған қап-қара қазақ болатын): «Өкінішке қарай, біз сізге шара қолдана алмаймыз, өйткені сіз цэканың номенклатурасындағы коммуниссіз» деп сызданып қала берді. Оны желіктірген салпы қарын хатшыма да, шара қолдана алмай босқа тыраштанған былши қараға да жаным ашып, ішімнен: «Ей, байғұстар-ай!» дедім.
Соны естіген Сәкең хатшыға жұдырығын түйіп жеткен ғой.
– Ол сұмдықты ауылға аттанғалы тұрғанымда естідім, әйтпесе сол сағатта келетін едім бұл сволочьқа! Бұл ит-күшік менің жақыным өзі, ал істеп жүргені анау! Саған келместен бұрын жаңа оған барып, бас терісін аузына қаптап кеттім ақымақтың! – дейді күйіне түсіп. Оның ашуын жуып-шайғым келіп:
– Сәке-ау, сіздің тыңшыларыңыз мұнда да жеткілікті екен ғой, біздің құпиямызды сізге жеткізіп, сүйінші сұрап жүрген қай қу, кәне, айтыңызшы, жұмыстан дереу шығарып жіберейін ол бәлемді! – деп әзілдедім. Ол маған күле қарап:
– Рас, тыңшым көп, – деп жайланып отырды да: – Сен оны жұмыстан шығарып жібермес үшін атын айтпаймын, менің анау сволочь туысымның – сенің сволочь хатшыңның бір актіні мықшыңдап желімдеп отырғанын сол көріпті, сендердің бюрода болғандарыңды да сол айтты. Ал не болды, бюро не деді? – деп шұқшия қалды. Мен еріксіз күлдім:
– Не деуші еді? Туысыңыздың арқасында аупарткомның бірінші хатшысын көрдім, қара балшықтай біреу екен, бірдеңесін пышақтап қала берді.
Сәкең алақанын шарт еткізіп, біразға дейін сық-сық күліп, балаша мәз-мәйрәм болды да:
– Бүгін жұмыс аяғында келем, анау сволочь үшеуіміз ресторанға барып шәй-пәй ішейік, оған сенен кешірім сұратамын, көрерсің. Өйтпей болмайды бұған, тіпті күйіп кеттім! – деді.
Тілінің уытына Мұхтар Әуезов тәнті болған атақты әзіл-сықақшы, фельетоншы Садықбек ағамыздың қиянат атаулыға жаны қас адам екеніне көзім сонда тағы бір жетті...
***
«Атылған қыз туралы аңыз» романын маған да қолтаңбамен сыйлағаны кешегідей есімде. «Әзіл-сықаққа әдебиетіміздің бір саласы-ау деп назар аударылмайтын бұл пәле «тәртіптен» қашан құтылар екенбіз? Жазушылар одағының үлкен-кіші төрелері, айтпақшы, Әнуар Әлімжановтан басқасы, сатираны оқыған емес. Әдебиеттің сыншысы болып жүрген мықтылар да мақалаларындағы құлаш-құлаш тізімдеріне сатириктерді кіргізбейді» дегені бар. Шынында әзіл-сықақшылар бірімізді біріміз іздемесек, не жазып, қалай жазып жүргеніміз жөнінде өзара пікірлесіп, парықтағанымызды ортаға салмасақ, бізді санат тұрғай санға қосатын сыншы көрінбейді. Мемлекеттік университеттегі оқытушы Темірбек Қожакеев кана жалғыз жоқшымыз болып келеді. Осылай ой түйдім де, Сәкеңнің романына пікір жаздым. Сатиралық романның дүниеге келгенін қуана құптауым басым болса да, автордың күлкі үйіретін кейбір сөзтіркестері қайталанып қалатынын, әр жылдары шыққан туындыларға қиюласуы мүмкін сөзтіркестің бір ғана романда кездесе бергені жараспай тұрғанын айттым. Мақалам « Қазақ әдебиетінде» жарияланды. Ертеңінде Сәкең қызық ойынға кешігіп жеткен балаша арсалаңдап кіріп келіп, мені бассалып құшақтап:
– Өй, айналып кетейін-ай! Жаман ағаңның төбесін көкке жарты елі ғана жеткізбедің-ау! Оқыдым, рахмет, көкем! Бірақ есіңде болсын, сен төрт ескерту жасаған екенсің, мен оның екеуін ғана қабылдаймын, ұқтың ба, түсіндің бе? – деп жымыңдады.
– Екеуін алсаңыз, Сәке, екеуі қалды, ондай тепе-тенді бухгалтерлер «армянский баланс» дейді.
– Солай ма? Ал оны қазақшаға аударғанда қалай делінеді?
– Қазақшасы ма... «Қой да аман, қасқыр да тоқ» шығар?
Сәкең сық-сық күлкісіне басып алып:
– Ғаббас-жан, жалпы бар ғой, «армянский баланстан» «қазақский баланс» артық па деймін. Көрерсің, менің бұл романыма қазақтың «балансшылары» жуық маңда очко бермейді. Жүр, кофе ішейік, жүр! – деді.
Ғимараттың бірінші қабатындағы асханаға екеу болып барып, Сырағаң – Сырбай Мәуленов бастаған алтау-жетеу болып шықтық. «Әй, айналайын інішектерім, менің бұл романымды мына Сырбай мен анау Тахауи, Жұбан ағаларың келесі романым шыққанша «жуғызады», жумасам бар ғой, онда сабайды, көрерсіңдер!» деп бізді ду күлдірді.
Қайран құрдастық, достық! Сәкең мен құрдас-достарының арасында «Тотының тоғыз тарауына» бергісіз хикаяның көп болғаны қаламдастар қауымына жақсы мәлім. «Отыз тістен шыққан сөз отыз ру елге тарайды», Алматыдан шалғай қалаларда, ауылдарда болып жүргенімде әңгімеміз әдебиетке ойысса-ақ жұртшылык: «Садықбек Адамбековпен таныссың ба? Аты аңызға айналған ол фельетоншымыздың өмірі небір қызық оқиғаға толы дегенді естиміз, соның қайсысы рас, қайсысы құрдастарының ойдан шығарғаны?» – деп білмекке құмарлық танытады. Мен, әрине, Сәкеңмен таныс-біліс екенімді іштей мақтан тұта отырып, естігендерімді тұздықтап айтып беруден әсте жалықпаймын. Тыңдаушылар бір жасап қалады. «Уай, Сәке-ай!» деп желпініседі.
Қазағымда Садықбектей алтын айдарлы сықақшы болса, мен оның іні-құрдасы, іні-сырласы болсам, неге мақтан тұтпайын?! Ол жайында тараған бірдемдік әдемі әңгімені неге хикаяға айналдырып айтпайын?!.
***
«...Біз, екеуіміз, қандай сырлас едік! Адам үшін де, заман үшін де қанша ауыр күрсініп сөйлеспедік?! Соның бәрі күндердің күнінде көрген түстей болды. Жабық есіктің ішінде маған жабылған қара шапан көңілде қара дақ қалдырды.
«Япыр-ай, мына сұмдықты кім ойлап тапты? Ғаббас қалай білмеді?» деген күдік менің ашық көңіліме күнде қара бұлт болып орала берді...
...Өмірде көрген жалғыз бақытым – ауылда той дүрілдеп жатқанда бір топ адамның ішінде: – Бұл тойға Қалдарбек емес, Ғаббас келуі керек еді, бұл жігіт сараңдық істеді, – деп қасымдағы Тұтқабайға қарадым. Ол жымысқы күлкімен бір мырс етті...».
Бұл – Сәкеңнің маған 1995-жылы 24-маусым күні Оңтүстіктің Арыс қаласынан жолдаған хатының алғашқы сөйлемдері. Соңғы сөйлемдері былай: «...Әдебиет әлеміне от ұстап келіп едім, отқа оранып өлетініме кәміл сенетін шығарсың. Менің айтар өкпе-назым жоқ. Құдайдың салғанын көріп жатырмын. Арыс азаматтарының арқасында жоқшылық көріп, жалғыздық көріп жатқаным жоқ. Бірақ мына «шылбыр сүйреткен» пасық ауру арыма да, намысыма да тиіп, көз алдым күңгірт тарта береді...».
От ұстап жүрген Сәкең Арысқа сол барғанынан Алматыға қайта орала алмады. Алматыда қанша емделсе де, зәр жолдарының зақымы жазылмай, ағзасы әлсірей берген, «шылбыр сүйретпеске» шарасы қалмаған. Сол халіне налып жүрген күндерінің бірінде: «Жас шағым, жақсы шағым өткен бұл Алматының атына қызықпасам, затына қызығар мен енді жоқпын. Есім барда елімді табайын, ауылымды жағалайын...» деген-ді. Көңілін жұбату үшін әрқашанғымша еркелей қалжындап: «Сәке, жақсы адамға жаман ауру үйір болады, бірақ дәнеңе істей алмай, ақырында жыланның қабығынша өзінен-өзі сыпырылып қалады. Осыны ұмытпаңыз. Содан кейін ұмытпас тағы бір нәрсе: мен барғанда Арыстағы әлгі штатыңыздан тыс айдай ару жеңгелерімнің бәрін маған көрсетіп, көрімдік алыңыз!» дедім. Ол ғадетінше көзін сығырайта сық-сық күліп: «Аруды ауруға айырбастағанына үш жыл болған Садықбектен енді ондай ерлік күтпе... әй!.. сырымды айтам деп шынымды айтып қойдым, қап!» – деді. Екеуіміз жарыса күлдік.
Ақ көңіл ағаның халі қиындай берерін дәрігерден білгенмін. Мүмкін болғанынша жәрдемдесуіміз керек деп, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы пәрменін пайдалана әрекет жасап, Әдеби қордан ақшалай көмек, сондай-ақ, Арыс қаласына екі аптаға одақтан командировка бергіздім. Республика президенті тағайындаған стипендияны алып жүрген қырық шақты жазушының тізіміне енгіздірдім. Құзырлы кісілерге хат жазып, телефон шалып дегендей. Президент стипендиясы, егер ұмытпасам, тоқсанда бір беріледі, ал Арысқа бара ауруханаға жатуға мәжбүр болған Сәкеңе ем-дом үшін қаржы күнбе-күн дерлік керек. Президент әкімдігінің стипендияны қадағалайтын бөліміндегілермен сөйлесіп, Сәкеңе берілер ақшаны одақтың бухгалтериясына аударып тұратын етіп, одақтың бас бухгалтеріне Сәкеңе тиесіліні өз атына поштамен ай сайын жіберіп отыруды тапсырдым. Ол тәртіп бұзылған жоқ. Алайда, кінәрәтті көңіл кінәмшіл ғой, Сәкең 1995 жылғы саршатамыздың 1-күні жазған хатын: «...президент беретін «қайыр-садақаны... тез аудартып жібер» деп аяқтапты. Күлдім де қойдым.
Иә, біз хат жазысып тұрдық. Екеуіміздің бұрынғы сырларымызды жалғастырған хаттар. Ал сырымыздың қыры көп болған. Жекебастық оны-мұны жәйттер, денсаулық, заман, қоғам, әдебиет, өзімізбен жақын қарым-қатынасты үлкен-кіші қаламдастар туралы ой-пікір. Реніш те, қуаныш та бар. Сәкеңнің Алматыдан ауылға аттанбас бұрын өзі дайындап, баспаға өткізген екі томдығын шығару тым тәтті уәдемен басталып, түсініксіз шырғалаңға айналды. Соған қатты күйінген Сәкең өзін уәдемен байытып қала берген, «Алматыда алшаңдап жүрген» екі жігіттің аттарын атап, ауыр-ауыр сөз айтыпты бір хатында. «Жаны кейіген тәңірін қарғайды».
«Саған бір ақтарайын сыр сандықты...» деп тақырып қойып жазған келесі бір хатын (хаттарына кей-кейде тақырып қоятын. Ал көбінесе Ғаббасқа пәленінші хат, түгенінші хат дейтін):
«...Көңіл кірі айтса кетеді» деген осы. Бірінші хатта саған өкпемді айтып, жеңілдеп қалдым. Енді кәдімгі Бас редактор Ғаббастың кабинетінде отырып сырласқандай сөйлесейін сенімен. Екеуіміз көріспегелі бұл дүниеге кім келіп, кім кетпеді. Сенде бәрі бар: талант та, бала-шаға да, еңселі дос-жаран да. Қусаң жетесің, қашсаң кұтыласың. Ал мен: Сен мендей бақытты болсаң, – Халыққа қатер боп төнер ең.
Сен мендей бақытсыз болсаң, –
Бір түнде асылып өлер ең, – деп Тахауиға айтқанымдай, таланттың жалында, азаптың отында отырмын. Жалғыздық дегеннің не екенін ел енді менен сұрасын. Бір тумақ бар, бір өлмек жоқ, ал менің көріп жүрген азабым мен қорлығымды дұшпанымның дұшпанына бермесін...» деп бастап, жасы жетпіске толғаны көңіліндегідей тойланбағанына назаланыпты. Ондай күй кешуін түсіндім. Кешірімді жәйт. Жазушылар одағының бірінші басшысы Қалдарбек Найманбаев «әне-мінемен» сырғақтата берді және оның үстіне Алматыда болғанынан Түркиәда, Қытайда, Алманияда, т.б. елдерде жүргені көп. Сол әдеті созыла берген соң Секеңді ұжым дастарқанына шақырып, баршамыз ақ тілегімізді білдіріп, иығына шапан жапқанмын. Өйтпесіме болмаған, жерлестерінің Секеңді мерейтойын өткізуге елге шақырған күн жақындап қалған. Одақтың думандатарына сенген ағаның қабағы түнеріңкі тартты. Анау хатындағы: «Жабық есіктің ішінде маған жабылған қара шапан көңілде қара дақ қалдырды» деуі сондықтан.
Елдегі тойының ойдағыдай өткізілмегені де жүйкесін жұқартқан екен. Ол туралы хатында: «Сыр сапары жайында елдің айтып жүрген ертегісі дұрыс емес» деп, өзі еріксіз куә болған құйтырқыларды тәптіштеп жазыпты. Той алдында Сәкеңнің атын туған ауылы сыртындағы бір тоғайға қойған-ды, сол туралы айтқаны: «...Маған берілген тоғайдың» да соры жетіп жатыр. «Тумағанның түбі шикі» деген осы. Ну орман болып кететін тоғай қазір жын ойнағы. Құдай бермеген соң, адамның бергені ешнәрсе болмайды екен...».
Сәкеңнің енді бір хаты мынадай жанайқайын ала келді: «Арыста менің атыма бір мектеп-интернат «Садықбек Адамбеков атындағы мектеп-интернат деп аталсын» деген екен. Осы интернаттың директоры: «Сәкеңнің ешқандай атағы жоқ, қалай осындай үлкен мектепті ол кісінің атына қоямыз?» деп, кейде өшіріп, кейде қайта жазып, көзімше қорлық көрсетіп жүр». Мәдениеттен, әдебиеттен әліпті таяқ дей алардай хабар-ошары жоқ шолақбелсенділерге қараған күн сол. Қазақстанға белгілі қарымды қаламгер Садықбек Адамбековті ауылы мен ауданының басшылары сыйлай білмей, осылайша шаршатқан. Сәкеңнің әрбір ренішінен кейін оларға не телефон соғып, не хат жазып хабарласқанымда бәрі-ақ: «Денсаулығы онша болмай жүрген соң Сәкең кейде асырыңқырап айтып жібереді, онысына ренжімейміз, ал жаңағы айтқан жағдайды қадағалаймыз, сөзсіз дұрыстаймыз, қапа болмаңыздар» деген. Шарафатсыздар шығарып салар сөзге кенде болған емес. Бұйрық берер дәтің жоқта сенбеске лажың қалмайды. Жоғарыларына жолдаған сөзің де қиралаң жолмен аяңдап соларға барады да, сол жолмен қайырылып саған келеді. Құралақан емес, жып-жылы уәде болып жетеді. Тағы сенесің. Сәкенді тағы жұбатасың. Қаңсыған тесік астаудай жүйенің сықпыты сөйтіп мысыңды құртады...
Шаршап-шалдыққан Сәкең келесі бір хатында ұзақ-ұзақ сыр шертіп алып: «...мен сорлы жеті жасымда өскен детдомға жетпіс төрт жасымда қайтып келген жоқпын ба?!.» деп өксіп тоқтаған еді. Әмір иелерінің емес, қатардағы қайырымды қарапайым інілерінің арқасында «Арыс» санаторийінде бірнеше ай жатқан Сәкең ол ғимарат толық жөндеуге жабылған соң сондағы Жетім балалар үйінің бір бөлмесіне орналастырылған екен. Өксіп айтқаны – сол халі. Ақша сіңбіріп жүрген жергілікті бизнесшілердің бір-екеуі Сәкеңе о баста пәтер сатып әпермек игі ниет білдірген еді, амал не, «құрғақ қасық ауыз жыртты». Көңіл күйі аласапыран болып жүрген Сәкеңе әдебиет ауылындағы ағаларының, дос-жолдастарының қатары сирей бастағаны да ауыр тиді. Хаты сөйлесін:
«...Жалғыз түп қана тал едің,
Кеттің орман өсіріп,
Сол орманға ел көшіріп.
Мен үйімді жыға бастадым,
Ошақтың отын өшіріп, – деген жолдар Сырбай қазасында гәзетке басылған өлеңнен үзінді ғой. Жұбан дүние салғанда жүрегім қанша сыздаса да: «Жұбан болып тудың да, Махамбет болып өлдің сен», – деп өзіме тоқтау салып ем... Сырбай қазасы мені сансыратып кетті, қан жылатып кетті. Жалғыз қалғанымды сонда ғана сездім. Мені бір үрей басты...» (09. 02. 1996).
Сәкең мен Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Жұбан Молдағалиев жалынды жігіт шақтарында табысқан, әзіл-қалжыңдары жарасқан достар еді. Араларынан қыл өтпеді. Сәкеңнің әсіресе Сыр-ағамен ағайынды жігіттердей, тіпті егіздердей ерекше жақын болғаны көпке аян. Мынау хатқа қайта үңілейікші: «...Сырбай қазасы мені сансыратып кетті, қан жылатып кетті. Жалғыз қалғанымды сонда ғана сездім. Мені бір үрей басты...». Тахаң мен Жұбекеңнің көз жұмғаны да Сәкеңе тағдырдың қатты соққысы болғаны сөзсіз.
Өзі «қасиетті төрт шал» деп атаған Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтан, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннен кейінгі тірегі де, сүйеніші де болған үш досының артында қалған соң өзін «жетім шал» атағаны да түсінікті. Соңғы хаттарының бірін: «...Саған сенім артып, көп сөз айттым, кешірерсің, Ғаббас-жан! Жетім шалың – Садықбек» деп аяқтағанын осы мақаламды жазып отырып оқығанда да көзіме жас үйірілді.
Тірліктің қалтарысы көп. Соның әләуләйімен жүргенімізде уақыттың шаңын қауып, алды-артымызды бағдарлай алмайтынымыз бар. Жылы сөз айтуымызды тілеген, қолтығынан демеуімізді күткен қадірменді үлкен- кішіні кейде көрмей қаламыз, кейде көре тұра елемей кете береміз. Сол қадірменді ағаларымыздың бірі Сәкең еді. «Сенімді, жақын інім» деп білген біріміз мүмкіндігіміз бола тұра кітабын шығаруға көмектеспедік, біріміз ауылына барып жүріп бұрылып сәлем бермедік, біріміз іздеп бара алмадық... Қайсы бірін айтарсың. Өтті. Кетті. Өкініш болып қалды.
Ғаббас Қабышұлы
qazaquni.kz