Байбота Қошым-Ноғай: МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ ЖАБЫҚ КОНКУРС ЕМЕС ҚОЙ?!.

Алдын ала айтып қояйын, тағы біреу «Байботаның байбаламы» деп жүрер. Маған сыйлықтан гөрі абырой қымбатырақ. Нобель сыйлығын ала алмаған ақын-жазушылар да «Нобель сыйлығының номинанты» деген атты қанағат тұтады ғой. («Номинант» сөзі қазақ тіліне «үміткер» деп аударылады). Бірнеше рет ұсынылып, қолы жетпесе де... Тіпті Прег Мортенсонның «Три чашки чая» деген кітабының мұқабасынан «дваждый номинант на Нобелевскую премию мира, 2009 и 2010» деген «жарнамасын» да көргенмін. Әйтеуір кейбір ағаларым секілді:

«Дана болып тусаң да,
Дара болып.
Ақ дегенің шығады қара болып...
Менің енді қалмады амал-айлам,
Мемсыйлықты алмасам пара беріп!» –
деп, осы сыйлықты қалайда алуым керек деп отырған жоқпын...
Мемлекеттік сыйлық деген марапатты Кеңес өкіметі ойлап тапқан. Бұрын Сталиндік сыйлық деп аталатын. ХХ ғасырда социалистік мемлекеттерден басқа елдерде мұндай сыйлық болған емес. Өткен ғасырдың екінші жартысында Сталиннің атын өшіруге арналған науқаннан соң бұл сыйлықтың аты «КСРО мемлекеттік сыйлығы» деп өзгертілді. Ол одақтас 15 республикада «балалады». Ары қарай бұдан екі жыл бұрын «Қазақ үні» газетінде Азамат Тасқара екеуіміздің арамызда өткен сұхбаттан үзінді келтіре салайын. «Қазір мемлекеттік сыйлыққа шығармасын автордың өзі ұсынатыны ешқандай құпия емес. Әрине, олардың бәрі де Жазушылар одағының қолдауына сүйенеді. Осы мемлекеттік сыйлық біраз ақын-жазушыларымыздың бас ауруына айналғаны рас. Әжептәуір ақша ғой енді. Шамалы уақыт талғажау қылады, аздаған абырой алып береді дегендей. Осы сыйлықты ала алмадым деп уайымдап, жүрегіне салмақ түсіріп өліп кеткендер де бар. Ал алғандарының ішінде біреулері бұл абыройға лайықты, біреулері лайықсыз. Оны, мен айтпасам да, елдің бәрі біледі. Бұл өзі әйгілі Қазан төңкерісінің 50 жылдығы қарсаңында кеңестік идеологияны тереңдете жүргізу үшін ойлап табылған шара еді. Сол жылдары мемлекеттік сыйлыққа ие болған мемуарлық шығармалардың бірінде Алаш ардақтыларын елден қалай аластағаны туралы егжей-тегжейлі жазылса, енді бірінде әйгілі революционердің кеңес өкіметін құру жолындағы күресі суреттелетін. Тағы бір үлкен жазушы көркем шығарма жазуды қойып кеткен соң «Ой әуендері» деген мақалалары мен баяндамаларынан құрастырылған кітабына мемлекеттік сыйлық алды. Бертінірек бір драмашы ағамыз Ленин өмірі мен қызметіне арналған «Өліара» деген шығармасымен абыройға бөленсе, «Революция және мен» деген өлеңдер циклі үшін мемлекеттік сыйлық алған ақынымыз да бар. Кейін әртүрлі саланың өкілдері жасаған салалық терминологиялық сөздіктерді шығарғаны үшін мемлекеттік сыйлық алған жазушымыз да бар. Ал кейбір ақындарымыздың мемлекеттік сыйлықты қалай алғаны жөнінде мерзімді басылым беттерінде жазылды да. Мемлекеттік сыйлық алған абыройлы ағаларымыздың кейбіреуі жалғызаяқ жолдың екі жағындағы жантаққа кезек-кезек мойын созатын түйе секілденіп меценаттардың тәуелсіз «Тарлан» сыйлығынан да сыбағасыз қалған жоқ. Ақшаны мен де жек көрмеймін, ол және тектен-текке берілмейтін шығар, бірақ менің шығармаларым көркемдігі жөнінен сол мемлекеттік сыйлық алған шығармалардың талайынан жоғары тұрғанына қатты қуанамын» («Қазақ үні», №36. Қыркүйектің 17-сі, 2018 жыл).
Бұл шүленді таратуда әділетсіздік жылдан-жылға белең алып келеді. Әлеуметтік желідегі: «ӘДІЛЕТСІЗДІК! ӘДІЛЕТСІЗДІК! ӘДІЛЕТСІЗДІК! Қазақ қоғамының қойын-қонышын түгел үңгіп жаулап алған ӘДІЛЕТСІЗДІК!..
Бәрін бірдей сөз етпей-ақ қояйын... Егер мемлекеттік сыйлық шын мәнінде дарынды, талантты адамдарды бағалаудың көрсеткіші болса, қолдан жасалған шартты бұзып Мұқағали Мақатаев пен Жұмекен Нәжімеденовке қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын берген секілді Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Жүсіп Қыдыров, Сәкен Иманасов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Жұматай Жақыпбаев, Әбдіраштың Жарасқаны секілді қазақ әдебиетінің көсегесін көгерткен марқұм ақындарды да осы сыйлықпен марапаттауы керек еді ғой.
Ал тірілердің арасында ӘДІЛЕТСІЗДІК салтанат құрып жасай береді!..» – деген пікірімді сондықтан жазғанмын.
Бұрынырақ мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар баспасөз беттерінде талқыланып, оқырмандар арасында ашық түрде азды-көпті насихатталатын. Қазір ол да жоқ. Бәрі жабық. ҚҰПИЯ! Әйтеуір биыл «Қазақ әдебиеті» газетінде мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың тізімі жарияланды. Бұл тізім сіздердің көпшілігіңізге мәлім болса да, қайта бір еске сала кетейін.
1. Асқар Алтай, «Туажат» роман және хикаят;
2.Баянғали Әлімжанов, «Сказ столетнего Степняка» романы;
3.Бибігүл Имангазина, «Тауқымет» романы;
4.Байбота Қошым-Ноғай, «Достық жоралғы» балаларға арналған аударма өлеңдер, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, ертегілер жинағы;
5.Бақытжан Қанапиянов, «Достояние души» («Жан-дүние игілігі») өлеңдер жинағы;
6.Ғарифолла Есім, «Ғұлама-наме» трилогиясы;
7.Жолтай Әлмашұлы, «Ащы да тәтті өмір» романдар жинағы;
8.Жүрсін Ерман, «Ұларың қайда, Ұлытау?» өлеңдер жинағы;
9.Исраил Сапарбай, «Ойтұмар» афоризмдер жинағы;
10.Қуаныш Жиенбай, «Жер үстінде де жұмақ бар» роман, әңгімелер жинағы;
11.Қайыржан Төрежанов, «Сыртқы барлау» тарихи әдебиет;
12.Қазыбек Иса, «Сырымды айттым далаға» жыр жинағы;
13.Марал Ысқақбай, «Тұлғалар туралы толғаныс» сыни мақалалар, әдеби толғамдар.
14.Мырзатай Жолдасбеков, «Ұлы Дала әдебиеті» жинағы;
15.Несіпбек Дәутайұлы, «Кісі иесі» повестер мен әңгімелер жинағы;
16.Оразалы Сәбден, «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» ой-толғамдар жинағы;
17.Роза Мұқанова, «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы;
18.Софы Сматаев, «Өлеңім-өзегім, Мәңгі жырым – өз елім» өлеңдер жинағы;
19.Серік Ақсұңқар, «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы;
20.Сауытбек Абдрахманов, «Абыз Әбіш» толғаныстар;
21.Тынымбай Нұрмағанбетұлы, «Періштелердің өлімі» роман, әңгімелер жинағы;
22.Уәлихан Қалижан, «Қасиет пен қасірет» деректі тарихи романы;
23.Ханбибі Есенқарақызы, «Мен-дағы табиғаттың бөпесімін» өлеңдер жинағы;
24.Шөмішбай Сариев, «Сәлем, саған туған ел» өлеңдер жинағы;
(«Қазақ әдебиеті». Шілденің 23-і, 2020 жыл).
Көріп отырғандарыңыздай бұл тізімнің арасында менің де «Достық жоралғы» атты кітабым бар. Менің мақсатым әдебиеті адыра қалған елімізде әртүрлі деңгейде өткізіліп жататын әдеби бәйгелер мен мемлекеттік марапаттауларға балалар қаламгерлерін де қатыстыруды көздеу, елдің ертеңін ойлауға тиіс барша қазақтың назарын қазақ балалар әдебиетіне аудару еді. Менің ойлағанымдай «Достық жоралғы» мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған 24 шығарманың арасындағы балаларға арналған жалғыз кітап болып шықты. Ал қазақ әдебиеті тарихында Мұзафар Әлімбайдың «Аспандағы әпке» атты кітабынан кейін 1984 жылдан бері бірде-бір балалар жазушысы мұндай сыйлыққа ие болып көрген емес.
Әрине, әдебиетіміздің басқа жанрларына да көңіл бөлініп жатқаны шамалы. Қазақ сатирасы мүлдем елеусіз қалған. Оспанхан Әубәкіровтен Көпен Әмір-Бекке дейінгі бір сатириктің мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болғанын естіп пе едіңіз? Бірде сықақшы марқұм Бейсебай Кірісбайдың басылымдардың бірінде жарияланған сатиралық туындыларының соңына «Бейсебай Кірісбай, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты емес» деп қол қойғаны еске түсіп отыр.
Хош!.. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармаларды сарапқа салатын «әділқазыларымыз» кімдер? Енді соған келейік. Менің қолыма «Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 993 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2020 жылғы 24 наурыздағы қаулысы тиді. Онда Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның құрамы бекітіліпті. Комиссия құрамында кімдер бар дейсіз ғой… Міне…
Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлы – әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)
Ақанаев Амандос – суретші, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық сыншылар және өнертанушылар қауымдастығының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Ананьева Светлана Викторовна – әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының кандидаты (келісім бойынша)
Аравин Юрий Петрович – музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (келісім бойынша)
Асқар Әлібек – жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Ахетов Амантай Қойшыбайұлы – жазушы, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Ахмадиев Мурат Абдуреимович – әнші, Қазақстанның халық әртісі (келісім бойынша)
Ахмедьяров Ғалым Алғиұлы – күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының директоры (келісім бойынша)
Әбдуәлиев Ақан Жылқышыбайұлы – әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры (келісім бойынша)
Әбдікұлы Төлен – жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Әлпиев Төлеубек Нығметұлы – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Әшімов Асанәлі – театр мен кино актері және режиссері, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақ КСР-інің халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Қазақстан театрлары ассоциациясы» заңды тұлғалардың ассоциациясының төрағасы (келісім бойынша)
Дүзелханов Ағымсалы Дүзелханұлы – суретші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Елгезек Ақберен Елгезекұлы – ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Ерғалиева Райхан Әбдешқызы – өнертану докторы, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық көркемдік сыншылар қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі (келісім бойынша)
Есдәулет Ұлықбек – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстан жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы (келісім бойынша)
Жолжақсынов Досхан Қалиұлы – театр мен кино актері және режиссері, продюсер, сценарист, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Жұмағалиев Мүслім Садықұлы – суретші-дизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің сән және костюм дизайны кафедрасының меңгерушісі (келісім бойынша)
Жүдебаев Арман Әділханұлы – дирижер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры (келісім бойынша)
Зәуірбекова Бәтима Есмұратқызы – суретші-гобеленші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Қамзабекұлы Дихан – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Қанапиянов Бақытжан Мұсаханұлы – ақын, аудармашы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (келісім бойынша)
Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы – тарих ғылымдарының докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық түркі академиясының президенті (келісім бойынша)
Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы – әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры (келісім бойынша)
Муллашев Камиль – суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Мұсақожаева Айман Қожабекқызы – скрипкашы, Қазақ КСР-інің халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры (келісім бойынша)
Мұхамеджанов Төлеген Мұхамеджанұлы – композитор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Мұхамедқызы Майра – опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Мұханбетқалиұлы Қажығали – жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Нарымбетов Сатыбалды – кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Негимов Серік – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы (келісім бойынша)
Нүсіпжанова Бибігүл Нұрғалиқызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (келісім бойынша)
Обаев Есмұхан Несіпбайұлы – режиссер, Қазақстанның халық әртісі (келісім бойынша)
Раушанов Есенғали Әбдіжапбарұлы – ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Рүстембеков Ақмырза Исаұлы – сәулетші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан сәулетшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті (келісім бойынша)
Сатаев Ахан Қарғамбайұлы – кинорежиссер, актер, продюсер, сценарист, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Сәрсенбай Қали Қошқарұлы – жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алматы ақшамы» газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры-бас редакторы (келісім бойынша)
Смайыл Алдан Зейноллаұлы – жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Твердохлебов Владимир Сергеевич – суретші-монументші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (келісім бойынша)
Тебегенов Темірхан Сақаұлы – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы (келісім бойынша)
Төлепбай Ерболат Тоғысбайұлы – суретші, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (келісім бойынша)
Тұрсынов Ермек Кәрімжанұлы – сценарист, продюсер, кинорежиссер, «Қазақстан кинематографистер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)
Тұтқыбаева Гүлжан Ұсамбекқызы – балетмейстер, Қазақстан Республикасының халық әртісі (келісім бойынша)
Тілеухан Бекболат Қанайұлы – әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)
Фазылов Сайран Ахметжанович – сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дизайнерлердің қазақстандық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті (келісім бойынша)
Шалабаев Сейітқали – өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры (келісім бойынша)
Шашкова Любовь Константиновна – ақын, аудармашы, «Простор» журналы редакторының орынбасары (келісім бойынша)
Шаштайұлы Жұмабай – жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (келісім бойынша)
Шорохов Павел-Игорь Иванович – мүсінші, Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармаларды осы кісілер бағалайды екен. Бұлардың арасындағы біреуі қайтыс болып кеткен, ал біреулері өздері де сыйлыққа ұсынылып отырған адамдар болып шықты. Оның үстіне комиссия құрамындағы кісілердің бірқатары қазақша бір ауыз сөз білмейтінін байқап отырмыз. Ал балалар әдебиетінен бұлардың бірлі-жарымы болмаса мүлдем бейхабар екенін әркім-ақ сезеді. Сонда біздің туындыларымыздың тағдыры кімнің қолына түсіп отыр?

Осыған дейін мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларды әртүрлі деңгейде «талқылау» болған тәрізді. Неге жариялылық жоқ? Бұл жабық конкурс емес қой!

Байбота Қошым-Ноғай,

Қазақ үні