Ұлттық мүдде күрескері, ақын Қазыбек Исаға
Көңілді тұрған кезде жиектеп жыр,
Болды ма дала лебін сый етпек бір?
Өбектей түсе келіп, өзімсіне
Бір торғай
Қаз-ағаны сүйеп кеп жүр.
Ұлтыма болды ұлттық тілім қайғы,
Жұрт неге шабан тартып, шыбындайды… Даланың дауысын алып келгендей ме,
Бір торғай
Қаз-ағама шырылдайды.
Тұғырға елдің тілі қонды ма деп,
Ардың сөзін айтпақ па арлыға кеп.
Дала тектес қанатын жая қонды,
Сол торғай Қаз-ағаның алдына кеп.
…Даңғыл көп тамыры зор, тынысы кең,
Ұласып кеткен үні ұлысымен.
Осы кез дала жайлы кітап сыйлап,
Шыққан-ды Ерлан Қарин інісінен.
Ақылы, айтатұғын нақылы көп,
Халықтың болды өзі жақыны деп.
Даладан келген ұшып мынау торғай,
Келді ме мұны дала ақыны деп?..
«Жаныма келсең келіп қоншы,торғай,
Ақынның ақкөңілін олқысынбай»
… Қаз-ағаға сол торғай көрінеді:
Алдағы жақсылықтың жаршысындай.
Тұғырын тайдырмайды текті халық,
Ұғымын жойдырмайды отты қарып…
… Не болса да сол торғай Қаз-ағаны
Даланың тынысына кетті малып.
Наурызбай ЖАРБОСЫНҰЛЫ,
ақын, Сұлтанбек Қожанұлы атындағы жүлде иегері.
Өзбекстан Республикасы