ЖЫР САУЛАҒАН ЖҮРЕК
2020 ж. 17 тамыз
2667
4
Бауыржан Үсенов ортамызда жүргенде бүгін 60 жасқа толар еді.
Бауыржан ажал түгілі тұмауға қимайтын жігіт еді.
Есенқұл Жақыпбеков
Ол біздің курсқа дайындық бөлімінен келді. Дәлірек айтқанда, дайындық курсын бітіріп, оқуға көктемде түсіп қойған оның курсына біз келдік. Яғни, бірінші курстың студенті атану үшін бір жыл бойы дәріс тыңдаған, оқыған-тоқығаны көп он екі тыңдаушы ала жаздай абитуриент болған бізді қабылдап алды. Он екісі де шетінен маңғаз. Ауыздыға сөз бермейді. Қай-қайсысы да журфакқа келерден бұрын біраз тер төгіп, еңбек еткен. Бірі трактор айдаған, екіншісі жер жыртқан, үшіншісі тас қалаған, төртіншісі бірыңғай қара жұмысқа жегіліп, арба айдап, көң ойған. Құрысын, көрмегендері жоқ. Еңбектен бақыт тапқан ересектер тобы бізге шекесінен қарайды. Буыны қатпаған кезінде қара шаруамен бекер айналыспағандарын кейін анық көрсетті. Көбісі журналистиканың жорғасына мінген жүйрік болып шықты. «Жас алаштың» жалаулы найзасына айналған Миуа Байназар, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Әнуарбек Әуелбек, осы басылымының айтулы журналисі Нұржамал Байсақал, ауыздықпен алысқан алымды ақпаратшы Ескендір Ертайлар сол жылғы дайындық курсының дүлдүлдері еді. Сол он екінің ішінде Бауыржан Үсенов айрықша дараланып тұрды. Жалғыз өзі бір төбе, қалғандары бір төбе. Құдды ертегідегі Ерназардың Ертөстігі секілді. Өзі жігіттің төресі. Алла тағала ажар-көрікті аямай берген. Сұңғақ бой, кең иық, сұлу мұрт... Сол жылдардағы аға буын, көргендері бар, көрмегендері бар, Сәкен Сейфуллиннің сыртқы келбетін тамсана әңгімелейтін. Енді КазГУ қалашығының өз Сәкені пайда болды. Оның үстіне жырлары жорғадай тайпалып тұрған талантты ақын. Өлеңді еркін жазады. Ұйқастарында мін жоқ. Ой-тұжырымы көркем кестеленіп түседі. Жұрт екі-үш буынды қиюластыра алмай, арам тер болып жүрсе, бұл бес-алты буынды қиналмай ұйқастырады.
Қызғалдақ терем апталап қырдан, Жайнай бер, мәңгі өрісті өлеңім. Жүрегімді алып отқа лақтырған, Жаным-ау, неткен періштем едің!
Келді де күллі поэзия әлемін мойындатты. Аға буын бас изеді. Орта буын бас иді. Жас буын жанына ерді. Жыр перісі журфактың ғана емес, ару Алматының ардақтысына айналды. Өлеңді әдемі оқиды. Әсіресе, біз секілді сарыауыз балапандар оның «Найзағай келіншек» деген өлеңін есіміз кете тыңдаймыз. Ақын досымыз бала кезінде бір келіншекке ғашық болыпты. Өлеңге өзек болып тұрған сиқырлы сюжетке қарағанда әлгі келіншек те біздің балаға кет әрі болмаған сияқты. Жыр әлемінде жасын ойнатқан Бауыржан оқырман арасына бірден кең танылды. Есенинге еліктегені болар, кейде жарияланған өлеңдерінің аяғына «Үсенин» деп де қол қойып жүрді. Ақындығына қоса ғаламат әнші еді. Бауыржан қолына домбырасын алып ән салғанда қалашықтың қыз-жігіттері түгілі тал-теректері де қимылсыз тыңдап тұратын. Алты қырдың астына жаңғырығы жететін қуатты даусы бар еді. Әуезді әнге салғанда естіген жанның бәрі тұра қалып, ұйып тыңдайтын. Ол бізге өз ғасырынан кешігіп туған сал-сері секілді көрінетін. Тек танымал әнші ғана емес, талантты сазгер ретінде де мойындалып үлгерді. Өз әндерін өзі орындады. Өзінен басқа адам келістіріп айта алмаған соң, оның әндері көп сақтала қоймаған сияқты. Оның әскерде жүріп халықаралық сайыстарға қатысқан тегеурінді боксшы болғанын біреу білсе, біреу білмес. Оны біз көрдік. Қостанайда ауыл шаруашылығы жұмыстарында жүрген кезімізде тыңгерлердің тынымсыз ұрпақтары тұтқиылдан шабуыл жасады. Сонда сойды ғой Бауыржан соларды. Түнеріп келген тыңгерлердің көздері көгеріп қайтты. Содан соң олар журфактың жігіттеріне жоламайтын болды. Бауыржан армия қатарында болған жылдарда Германиядағы кеңес әскерлерін бокстан Олимпиада чемпионы Вячеслав Лемешов жаттықтыратын. Баукең сол даңқты спортшының тәрбиесін алыпты. Бірде бокстан КазГУ-дің чемпионаты өтіп жатқанда ол филфактың студенті Лесбек Үсеновтің орнына шығып, басқа факультеттің ұландарын қыран жапқандай қылғаны бар. Фамилиялас болған соң делебесі қозып кетсе керек. Жарысқа төрелік етіп отырған атақты Әбдісалан Нұрмаханов «Мынауың кәсіби боксшы ғой, мұнда қайдан жүр?», – деп дау көтеріп, әзер басылғаны есімізде. Қалашықтың ең сымбатты әрі ең сырттан жігіті Бауыржан студенттік жатақханаларда сыңсып жүрген сан-мың қыздың бірде-біреуіне бұрылмай, Сыр бойынан келіп, филфакта оқып жатқан Гауһарға жүрегін ұсынды.
Куә ғып Алматының барқыт түнін, Сен мені құшағыңда балқыт, күнім. От көрген көбелектей бара берсем, Ол сенің бар сұлудан артықтығың, —
деп ағынан жарылды. Талайға бас имеген тәкапбар Гауһар сұлу Бауыржанға алтын асықтай екі ұл сыйлады. Бауыржан Гауһарға үйленіп, той жасап жатқан сәтте мен КазГУ-дің бүкіл қызын аяп тұрдым. Бәрі де оны жаппай жақсы көретін еді. Бәрі де оған жүрегін жұлып беруге даяр еді. КазГУ-дің қызғалдақтары оған қарап иіліп тұратын еді. Сол күні талай ару түнімен дөңбекшіп шықты. «Бауыржаннан басқамызды көздеріңе ілмейтін едіңдер, өздеріңе де сол керек!», – дедік біз. Сөйтіп, қазаққа әйгілі батыр Баукеңді берген қасиетті Жуалы өңірі халыққа тағы бір Бауыржанды қоса сыйлапты. Бауыржан қазақтың қара өлеңіне ғана емес, әжуа-мысқыл мен бірқақпайларға да өте жүйрік болды. Ащы тілімен бәрімізді шағып алатын. Келбетті келген пішіні, Мұқанның мұртты мысығы, Хал қалай? –
деп өзіміз барып ұрынсақ:
201-дің пысығы, Аралдың арлан күшігі, Хал дегенің балғадай!, –
деп әп-сәтте сыбағамызды береді. Сосын «ренжіп қалған жоқ па екен?» дегендей, «Әр мысқылы ұқсайтұғын шоқпарға, Талантына таласа алмас топ қарға» деп еркелетеді. Сері досымыз сал-серілердің әдетіне басып, бір курста көп тұрақтай қойған жоқ. Бізден кейін Қуаныштардың (Иембердиев) курсына келіп қоныс тепті. Ол барған кезде жұртқа аса жайлы болған Қуаныш старосталықтан түсіп, орнына группаласы, бүгінгі филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазанова тағайындалып жатыр екен. Жаңа староста жаңа талап қойса керек. «Староста, старостаның басынан құстар ұшты», – деп өлеңдетіп жүретін Бауыржан бірқақпайларының күшін бұл курста да пайдаланады:
Болды-ау сірә, шегінер жер қалмайтын, Сабақтан да боп алды ел қалмайтын. «Жалпақ шешей» – Қуаныш, біздер сенің, Дәуіріңді сағындық «нб» алмайтын.
Ақын досымыз осыдан жиырма тоғыз жыл бұрын өмірден өтті. «Сапарым үзілмесе үйден шыға» деп жырлаған Баукеңнің ғұмыры қысқа болды. Тайлы-таяғымызбен барып, Қошқаратаның қырқасында өскен Бауыржан салды Қожатөбенің қойнына бердік. Бауыржанның барлық өлеңдері өзінің табиғи болмысын танытты. Талантты ақын бірыңғай жауһар жыр туғызды. Оның әр тіркесі тереңдігін аңғартып тұрды. Ол өмірлік кредосын былай деп бедерледі:
Не ойлайсың, мен жайлы келіп ұқтыр, Желік қуып жүргем жоқ, ерігіп құр. Білгің келсе мен жайлы, жырымды оқы, Онда менің жүрегім көрініп тұр...
Сол жүрегі жырдан көрініп тұрған Бауыржан аман болса, дәл бүгін, тамыздың он алтысы күні алпыс жасқа келер еді. Орда бұзар отыздағы от-жүректің өлеңдегі қызуы әлі сол қалпында тұр...
Бауыржан Омарұлы, Қазақ үні