Сайтан Серік

Тәңертең ерте көшеге шыға қалсам да, түнде жайырақ қайтып келе жатсам да ол кісіні есігінің алдынан көретінмін... Ол кісінің үйі бізге қарағанда көше жаққа бір табан жақын орналасқан еді. Екі үйден кейінгі ірге көршіміз... Біз орталық көшеге сол үйдің есік алдымен өтуші едік. Ол кісіні жиі көзім шалып жүретіні де сондықтан. Екі адамдық орындықта жалғыз өзі сопиятын да отыратын. Ермегі – басы. Қай кезде көрсем де жерге қарап тұқырайып алып, шекесін шымши бұрап, әлсін-әлсін қос қолдап басын шеңбектеп, өзімен-өзі әбігер болып отырушы еді. Басына бар ынта-пейілімен кірісетіні соншалық, қасына атпен шауып барсаң да, шалдыр-шұлдыр еткізіп шайтан арбамен жетсең де, ол кісі елең етіп, қарап та қоймайтын. Тек «ассаламуғалейкум!», - деп дауысыңды көтере сәлем бергеніңде ғана басын сәл көтеріп, сонда да бетіңе көзін қадамастан «уағалейкум...» деп нарау ғана мұрнынан міңгір ететін. Ол кісі адам алаламайды. Үлкенге де, кішіге де жаттанды мінезі осы. Өзгелердей қатты қуана да білмейтін адам сияқты. Қай кезде көрсем де, осы бір қалыпты мінезі. Анша-мұнша той-томалақтарда да бас көрсете бермейді. Алайда, бір-екі сыйлы кісінің жаназасына қатысқанын өз көзіммен көріп қалдым. Осы қалпында басымен алыса жүріп, тұқырайған бойда көп ешкімге жақ ашпастан, топпен бірге қара көрсетіп, топырақ салып қайтты... Біздің елді мекенде тас лақтырсаң, Серіктің басына тиеді. Өзге ат құрып қалғандай осы есімді қыздарға да көп қойыпты. Серік аталатын адамды үй басы сайын бірден-екіден табу қиын емес. Сіздерге өтірік, маған шын; келесі көшеде бір үйдің балалары: Серік, Серікбол, Серікбек, Нұрсерік, Жансерік, Серікнұр, Серікгүл деп аталатынын қайтерсіз. Қойшы, әйтеуір, біздің ауылда бұл есімнің дәурені жүріп тұр. Менің де әңгімелеп отырғаным осы көп Серіктің бірі... Біздің жерлестер «Серік» деген есімді бірімен бірі жарысып, қоюын қойып алса да, бірінен бірін парықтаудың қиынға соғарын кеш білген көрінеді. Ақыры, оларға қосымша ат тағайындап тынған. «Қай Серік?» дей қалсаңыз: қисық Серік, қыңыр Серік, шайпау Серік, шалағай Серік, шағыр Серік, бөспе Серік, әтек Серік, түлкі Серік, маймақ Серік, майбас Серік... - деп сізге анықтап тұрып айтып береді. Олардың да шамданып, шамырқанып жатқанын көргенім жоқ. Қай қайсысын да осылай атасаңыз «а!» деп жалт қарайды. Алайда, біздің көршіміздің «а!» деп елең етуі екі талай. Ол кісінің өзінің басымен әбігерленуден қолы тие бермейді. Қасына барып тұрып «сайтан Серік!» десеңіз қалай болар екен? Мүмкін, ақырын ғана «не?» деп мұрнынан міңгірлейтін шығар. Бала күнімде сайтан Серіктің маңына жақындаудан қатты қорқатынмын. Үйдегілер де тамырымды басып алған, сәл қыңырлық көрсете қалсам, «сайтан Серік келе жатыр», - деп қорқытатын. Оған да анша илана қоймасам: «сайтан Серік, мынаны қарашы, тіл алмай отыр, мә келіп алып кет те, бала қылып алшы!..», - деп терезе жаққа қарап айқайлайтын. Осыдан кейін-ақ менің еркелігім сап тиылып, мойынтақ тағылған бұзаудай бола қалатынмын. Сайтан Серіктен қорқатыным сонша көше жаққа аттап баспаушы едім. Ересек балалар да сайтан Серіктен өздері қорғайтындықтарын айтып, талай мәрте үгіт-насихат жүргізген болатын. Алайда, еш нәтижесі болған жоқ. Жол-жөнекей тарпа бас салса шамаларың жетпей қалады деп, көшеге шығып қайтудан азар да безер болатынмын. Кейін шамалы есейіп, қолғанатқа жарай бастаған кезімде дүкенге жұмсап тіл алдыра алмаған соң, ақыры үйдегілер ол кісінің адам пендесіне қылдай қиянаты жоқ, бейуаз жан екенін, оның мені бала қылып алмақ түгілі, өзі біреудің қолында бала болып отырғанын айтып түсіндірді. Сөйтіп, ол жақтан еркін жүріп-тұруыма үйдегілер өздері жол ашып берді. Десе де, басында анша сеніңкіремей, сайтан Серіктің үйінің қасынан аяғымды тез-тез басып, теріс қарап өтіп жүрдім. Кейін біртіндеп етім үйренісіп кетті. Қорыққан былай тұрсын, ол кісіге жолшыбай бұрылып, сәлем беріп өтетінді шығардым. «Уағалейкум..», - деп күбірлейді де, басымен алысып отыра береді. Шынымен де, жан пендесіне қиянаты жоқ адам екен. Өмірдегі барлық өкпе-реніші тек басына кетсе керек, кейде құйқасын сыпырып алып тастардай-ақ болып жұлқылап отырады. Сол кезде жатсам-тұрсам жұрттың бәрі неге бұл кісіні «сайтан Серік» дейді, сайтанмен қандай қатысы бар бұл бейуаздың, бейшараны сайтан деп сүреңсіздеткенше, «бейуаз Серік» немесе «бас Серік» деп неге атамайды екен деп жиі ойлайтынмын. Бұл сұрақты бір күні менен бес-алты жейде бұрын тоздырған немере ағама қойып едім: - Қазір одан қорқып жүрмеген шығарсың? - деді ол бірден сұрақ қоя сөйлеп. - Жоқ. Қорықпаймын, - дедім мен кеудемді көтере. - Ендеше, әңгімелесіп көрген де шығарсың? - деді ол да қазбалап. - Әңгімелесуге де бола ма? - деппін мен таңданысымды жасыра алмай. - Болғанда қандай, жібереді ол әңгімені, сонда білесің оның қандай Серік екенін, - деп қалды ағам. Бірде көше жаққа қарай өтіп бара жатыр едім сайтан Серіктің қасында бір жігіт сілесі қата күліп әңгімелесіп тұр екен. Секең басын жұлмалап қойып әңгімені жіберіп отыр. Мен ішімнен, мына кісі шынымен де тілін тапқан адаммен сөйлеседі екен-ау ә, - деп таңданып өттім. Неге екенін білмеймін, сол күннен бастап ол кісімен сөйлесіп көруге аңсарым ауа бастады. Ақыры, тағы сол немере ағама келіп: - Ол кісіге әңгіме айттыру үшін не істеу керек? - деп сұраған едім: - Сол да сөз болып па, онда тұрған не бар екен? Ей, осы сен нағыз су мидың өзісің! - деп жазғырып алып, - онымен әңгімелесіп қайтпек едің? - деді бетіме таңдана қарап. - Жәй, - дедім мен жер тепкілей тұрып кібіртпей жауап қайтарып. Ағам әрмен қарай қазбалап сұрап жатпады. Жайбарақат қана бас-аяғыма тінте қарап алып: - Ендеше, күрделі ештеңесі жоқ. Ол да біз сияқты екі аяқты пенде ғой. Амандасып болған соң, қасына бар да үнсіз жайғас. Ол шамалы басымен алысып алсын, сұрақ қойып мазалап алма. Сәл шыдай тұрсаң, ол өзі-ақ: - Иә, батыр, әңгіме айт! - деп міңгірлеп сөз бастайды. Сен бірдеңелерді бастап мыжып кетіп жүрме, тегінде; - жоқ, аға, сіз айтыңыз. Әдейі сіздің әңгімеңізді тыңдау үшін келіп отырмын, - дей сал. «Менің ба?», - дейді ол. «Иә. Сіздің...», - дейсің. Болды. Бар болғаны осы ғана. Әрмен қарай әңгіме тыңдайтын адамның бейнесін танытып үндемей отыра бер. Сосын ол өзі-ақ «баяғыда», - деп әңгімесін бастай жөнеледі. Содан кейін оны тоқтатып көр, - деді ағам мардымсып. Ақыры ол кісімен әңгімелесудің сәті де түсті. Бір реті келгенде ағамның айтқандарын айнытпай орындап Секеңнің алдына барып үнсіз жайғастым. Шекесін шеңбектеп, басын жұлмалап бес-он минут арпалысты. Мен де табжылмай күттім. Айтқанындай-ақ, көп күттірмеді. Басын жұлқылауын сәл саябырлатқан Секең: - Иә, батыр, әңгіме айт! - деді қарлығыңқы үнімен мұрнынан міңгірлей тіл қатып. - Жоқ, аға, сіз айтыңыз. Әдейі сіздің әңгімеңізді тыңдау үшін келіп отырмын, - дедім ағам айтқандай мүләйімдік танытып. - Менің ба? - деді ол кісі тұңғыш рет бетіме тура қарап. - Иә. Сіздің, - дедім мен де міз бақпастан ағамның үйреткен сөзін айнытпай қайталап. Секең менің бас-аяғымды көзімен бір шолып өтті де, еңкейіп алып басымен жалғасты алыса жөнелді. Мен ішімнен әлгі ағамның айтқандарының бәрі айнымай келіп еді. Мен нені дұрыс істемедім екен ә, мына кісі әңгімені бастағанның орнына әдетінше басымен алысып кеткені несі? - деп ойлана бастағаным да сол еді, Секең басын жұлмалауын тоқтата қойып, әңгімесін бірден бастай жөнелді. - Баяғыда, тепсе темір үзетін жас болдық қой. Денсаулық бар. Қол-аяқ балғадай. Шаршау дегеннің, ауру дегеннің не екенін білмейтінмін. Тамыз айы кезі еді. Сол жылы жаз жаңбырлы болды да, жер қатты көктеді. Қорадағы азын-аулақ малдың қамы үшін ағаш арасынан шалғымен шөп шауып, кешірек қайтқан едім. Үйге келсем, апам «екі күн болды сиыр өрістен оралған жоқ», - деп отыр екен. Сауын сиырдың уақсыз уақта бұзауын іздемеуі көңіліме күдік ұялата қалды. Біз қасқа сиырды өрісте жүр деп отырғанда біреу-міреу айдап кеткен болып жүрмесін, әйтеуір ай жарық қой, неде болса төңіректі бір шолып келейін дедім де, атқа жайдақ міне салып, апақ-сапақта өріске тартып кеттім. Тақымымдағы шабдар жирен – мың салса бір баспайтын шабанның шабаны еді. Әйтеуір, арбаға жуас, күй таңдамайтын көмпіс болған соң бірнеше аттың ішінен текедей таңдап, қысы-жазы қорада ұстайтынбыз. Онымен тепеңдеп ауыл сыртына шығып болғанша, күн де толық батып үлгерді. Мен сиырдың өрістен қайтатын жолына қарсы жүріп отырдым. Ойым – қырдың қияғына әбден тойып алған сиыр үйге жете алмай, санап басып, табан аударып келе жатса, алдыма салып қаға жөнелу болатын. Алайда, мен күндіз сиыр жайылатын дөңгелек шиге дейін бардым. Сиыр түгілі, мал түлігінің қарасы көрінбеді. Сосын дөңге шығып, биіктен көз жүгіртейін деп, тақыр төбеге қарай тырмысып бара жатқаным сол еді, арт жағымнан мөңіреген сиырдың үні естілгендей болды. Атымның тізгінін тартып, тоқтай қалдым да, құлағымды түрдім. Шегіртке мен белгісіз құстың үнінен өзге дыбыс құлағыма шалынбады. Атымды енді тебіне беріп едім, мөңіреген сиырдың үні тағы қайталады. Тоқтай қалдым. Әлгі дыбыс тағы жоқ. Сәл тың тыңдап тұрдым да, атымды тебіндім. Ат аяғын алдыға салар-салмастан сиыр тағы мөңіреді. Бұл жолы сиыр үні өте жақын жерден анық естілді. Жан-жағыма қараймын, ештеңе көрінбейді. Не де болса төбеге шығып алып бір-ақ қарайын дедім де, атымды тебіне қамшылап, тепеңдеп төбеге шықтым. Шабдар жиреннің басын тартып, төңірекке айнала көз жүгірттім. Ай сәулесімен сағымданған далада қараң еткен жан иесі көрінбейді. Не ойлап кеткенім әлі күнге есімде жоқ. Әйтеуір, бір нәрсе ойлап кетіппін. Кенет атым «қорс» ете түскенде ауып түсіп қала жаздадым. Шабдар жирен үркіп, желе жөнелді. Өмірі желмейтін жылқының аяқ алысының жиілегені мені таң қалдырды. Бір сұмдықтан сезіктеніп, артыма қарағаным сол еді, сопиып тұрған аппақ сиырға көзім түсті. Ойсыл қара тұқымы түнде жалғыз жүрмейді ғой. Оның үстіне түсі де аппақ. Оның сайтан екеніне еш күмәнім болған жоқ. Атымды төпелеп қаша жөнелдім. Ана пәледен құтылсамшы, мөңіреп-мөңіреп қойып ізіме түсіп келеді. Шабдар жирен желсе, ол да желеді, аяңдаса, ол да аяңдайды. Сөйтіп, әлгі сайтан менің соңымда таң атқанша жүрді. Астымдағы атым да есі ауысып кетсе керек, ауылға қарай қашпай, иен далаға тарта беріпті. Таңға жуық оның да әбден дығдыры құрып, төбеге ұрғандай тұрды да қалды. Мен сиыр болып көрінген ақ сайтанды анық көрдім. Аузы көбіршіп, көзі құтырған сиырдың көзіне ұқсап қанталап тұрады екен. Бір-ақ рет қарадым да, әрмен қарай басымды көтеруге де шамам келмей қалды. Аттың жалын құшақтап жатып алдым. Таң атып, жерге жарық түсті. Әлгі сиыр қасымда әлі тұр. Оны жүрегім сезіп жатыр. Пышылдаған үні де анық естіліп тұр. Бір кезде сиыр атты келіп сүзгендей болды... Бұдан әрі не болғанын білмеймін... Көзімді ашсам, жерде жатырмын. Ауылдың жігіттері қасыма келіп тұр екен. Әлгі сайтан мені құлатып тастап, атты жетелеп кеткен сияқты. Пәледен зорға құтылған шабдар жирен түске таяу үйге барыпты. Ат барған соң менің бір пәлеге душар болғанымды топшылаған жұрт іздеп шығып, кешкі салқын түскенде бірақ тауыпты мені, - деп бір әңгімесін аяқтаған ол басымен тағы әбігер бола жөнелді. Мен тұрып кетуге ыңғайлана беріп едім, Секең екінші әңгімесін бастап та кетті. Тұрып кету тым ыңғайсыз, амалсыздан қайта орнығып отыра қалдым. - Баяғыда әкем де, шешем де тірі кез болатын. Мен әлгі ақ сиырды көргеннен кейін көп уақытқа дейін түн баласы сыртқа шықпайтын болып қалдым. Көктем кезі еді, әкем бір жақтан қатты ауырып келді. Аттың жүрісіне зорға шыдап жеткен екен, үйге кірген бойда бүк түсіп жатып қалды. Шешем тамағын істеп қойып, түннің бір уағына дейін күткенін қайтейін, шайға да тәбеті болған жоқ. Төсекке шешем екеуіміз көтеріп жатқыздық. Әкемнің: «атты суарып, жем беріңдер!», - дегенге ғана шамасы келді. Шешем көршіміздің баласын маған қосып, ат суаруға жібермек болып еді. Олар тап сол күні ерте жатып қалыпты. Өзен ауылдың іргесінде ғана. Оның үстіне аспан шайдай ашық, ай сәулесі тегіс жайылған дала сүттей жарық еді. Бойымды бір күш билеп, оңаша жүріп қайтқым келді. Шешем бірге барайын дегеніне көнбей, атты суаруға өзім жалғыз тартып кеттім. Шешем: - Мінбей-ақ қой, түн ішінде оқыс боласың, мына тұрған жер ғой, жетелеп барып кел! - деді. Мен: - Иә, сөйтем, - дедім де, атты көршінің үйінің далдасына апарып мініп алдым... Жануар әбден шөлдеген екен. Өзенге бара бас қойды. Көп аттар суды аяғымен тарпып, болмаса ағысына қарсы жүзіп ішеді ғой. Ана жануардың ондайға шамасы келген жоқ. Еріні суға тигеннен-ақ жабысты да қалды. Жұтып жатыр, жұтып жатыр. Өзен бойында бақалардың шулаған үні құлақ тұндырады. Аттың жалынан ұстап алып, соларды тыңдап тұр едім, арт жағымнан біреу «Серік!», - деп қатты дауыстады. Артыма жалт қарадым. Ешкім жоқ. Жан-жағыма көз жүгірттім, менен басқа адам баласы көрінбеді. Атымның басын тартып кетуге оқтала бергенім сол еді, өзеннің қарсысынан біреу ап-анық «Серік!», - деп қалды. Өзен таяз еді. Мені танып қорқытайын деп тұрған біреу ме, не де болса көре кетейін деп қарсы бетке өтіп шықсам, біреу андайтын жерде қашып бара жатыр екен. Ара-тұра ауылдан мал жоғалатынды шығарған, сондайды ұйымдастырып жүрген ұры-қарылардың бірі болмасын деп тұра қудым. Жеткізсеші. Аяғы аяғына тимеген бойда екі қырқа асып үлгерді. Үшінші қырқадан асып бара жатқанын анық көргем. Іле-шала артынан қуа шықсам, көлеңкесі де көрінбейді. Адам болса анша алыстап кете қоятын жөні жоқ, оның үстіне тақыр даланың қай жеріне бой тасалайды. Жол бойында бір түп ши де жоқ. Ішім бір сұмдықты сезе қойды да, дереу үйге қайтуға ыңғайландым. Артыма бұрылып қалсам, әлгі адам аппақ болып сорайып қарсы алдымда тұр. Сылық-сылық күледі. Сайтан екенінде дау жоқ. Өте аппақ. Оның үстіне ұп-ұзын, жіп-жіңішке. Тебінсем, атым ауылға қарай аттап басар емес. Ақыры, аттың тізгінін басы ауған жаққа жібере салдым да, қамшыны бастым-ай кеп. Әлгі ақ адам қалар емес. Бірде жоқ болып кетеді де, аяқ астынан қасымнан пайда бола қалады... Көзімді ашсам, қасымда әкем отыр. Сайтан мені аударып тастап, атты мініп кеткен сияқты. Таң атқанға дейін шапқылап-шапқылап қан сорпасын шығарыпты да, жерге жарық түсісімен жібере салыпты. Шешем бүткіл ауылды аттанысқа келтіріп, түнімен мені іздепті. Таңға жуық әкем де шамалы тәуір бола бастаса керек, далаға шықса, қыр жақтан шауып келе жатқан атты көріпті, - деп тыныстаған Секең басымен қайта әбірлене бастады. Осы кезде біздің үй жақтан мені іздеген үндер естілді де, мен ол кісінің «баяғыда» деп басталатын келесі әңгімесін тыңдауға үлгермей атып тұрып, үйге қарай ұшырттым. Бәрі дастарқан басына жайғасып алған екен. Мен есіктен кірер кірместен әкем: - Қайда жүрсің, ей? Тамақ уақытында адам деген үйге қайтпаушы ма еді! - деп зілсіз үнімен ұрысқан болды. Менің әкеме жауап беруге ыңғайланғаным сол еді, жеңгем алдымды орап: - Бағана мен дүкен жақтан келе жатқанда сайтан Серіктің аузына қарап аңырып отырған. Қазір де сол жерден келген шығар, - дегені сол еді. Оңайшылықта адам баласына дауыс көтере қоймайтын әкем маған қарап шамалы түрін бұзып: - Онда нең бар ей сенің?! Онсыз да басы қатып отырған бейшараның мазасын алып! - деді. - Жай естиін деген едім, - дедім мен міңгірлеп. - Нені естімексің?! Оның «баяғыда» деп басталатын он шақты әңгімесін бе?! - деді әкем маған сұраулы көзін қадап. Шынымды айтсам, әкем маған бұлай ұрыспайтын. Үрей ме, ыңғайсыздану ма білмеймін, бойымды бір қалыпсыздық биледі. - Әке, кешіріңізші? Ендігәрі ол кісіні мазаламаймын, - дедім, жалынышты үнмен. Сәл үнсіздіктен кейін әкем сабасына түсті білем, жайма-шуақтап сөзін жалғастырды. - Ол да бұл күнді тілеп алған жоқ. Құдай басына салған соң шарасыз көніп отырған бейуаз. Әйтпесе, ол да бір үйдің алақанына салып отырған жалғыз ұлы екен. Тіл-көз болды ма, кім білсін?! Азамат болып, ат жалын тартып мінген тұсында сиыр көздеймін деп уақсыз уақта үйден шығып кетіп, далаға түнеп қалыпты. Бірдеңеден қатты қорыққан сияқты. Содан бастап жарым ес болып қалған жан екен. Оған тыныштық керек. Сен бүгін оны сөйлетіп-сөйлетіп жүйкесін әбден жұқартып кеттің. Есесіне ол енді екі-үш күн бойы күн-түн демей тоқтаусыз сөйлейді де, ең соңында әбден діңкесі құрып жығылып тынады, - деді әкем кейіп. Осы кезде кешкі ас та алдымызға келе қалып, әкемнің әңгімесі үзіліп қалды. Менің тамаққа да тәбетім тартпады. Қандай қателік жасағанымды әкемнің әңгімесінен кейін ғана түсініп, өзімді қатты жек көріп барамын. Әлсін-әлсін Серіктің үй жағына қарап қоямын. Ол бейуаз шынымен де өзімен өзі сөйлеп отыр. Әттеген-ай! Бекер-ақ әңгіме айттырған екенмін деймін ішімнен опық жеп... Тұрсынбек Кешубай 12.02.2017 ж. (Алматы) qazaquni.kz