Шығысқазақстандық ақын-жазушыларды біріктірген «Абай әлемі» кітаптар топтамасы

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен 2018 жылдан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» жобасы нәтижелі жүзеге асырылып келеді. Әдебиетте өзіндік қолтаңбасы бар ұмыт болған есімдердің ұлы еңбектері баспа бетіне шығарылып, оқырман қауымға жол тартуда. Отызға жуық шығысқазақстандық авторлардың еңбектері қайта басылып, мыңдаған тиражбен толықты. Кітаптар топтамасының алғашқы басылымында ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, дана Мұхтар, Федор Достоевскийдің бұрын-соңды жарияланбаған шығармалары жарық көрді. Бұдан басқа, жинаққа «Амре в Париже» естелік кітабы, Төлеу Көбдіковтың «Атандым өз тұсымда Ақын Төлеу», Марат Қабанбаевтың «Туған жердің төрт мезгілі», Анатолий Ивановтың «Тени исчезают в полдень», Медеу Сәрсекенің «Жарылыс» және «Көмбе», Борис Щербаковтың «Шығармалары» енді. Бұл тізімде Федор Достоевскийдің болуы тарихи құбылыс. Жазушы көп жылдары Семей қаласында досы Шоқан Уәлихановпен бірге еңбек етіп, көптеген шығармалары осы қала туралы жарық көрген болатын. Семейге қатысты жазбалары орыс тілінде бір кітап болып басылды. Медеу Сәрсеке сияқты танымал жазушылар бастаған редакция алқасы тек танымал тұлғалардың еңбектерін ғана емес, жас жазушылардың, журналистер мен драматургтердің еңбектерін жинақтап, жарыққа шығарды. Мерей Қарттың  «Қарашықтағы құбылыстар», А.Мещеряковтың «В отражениях», Б.Игілік пен Қ. Дүргінбайұлының «Шығармалары»  және шығыс өңірінің 38 жас ақынының шығармалары қамтылған «Жастықтың оты жалындап...», «Бег времен…» атты жыр жинағы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Жалпы, өңірде мұндай көлемде кітаптарды қайта басып шығару ісі соңғы он жылда болған емес. Жобаның жүзеге асырылуына ұйытқы болған Даниал Ахметовтің өзі айтып өткендей, бұл жобаның тәрбиелік, тағылымдық мәні мен мазмұны жоғары. - Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасын жас ұрпақ, көзі қарақты оқырманға жеткізу үшін, арнайы кітаптар топтамасын шығаруды қолға алдық. Абай - елімізді жеті қараңғы түнде адастырмайтын темір қазық! Сол себепті, жобаның «Абай әлемі» атануы, Абайдан басталуы орынды шешім, заңды құбылыс», - деді облыс басшысы жобаның Семей қаласында өткен тұсаукесері барысында. Жоба аясында жарық көрген кітаптар сериясы республикалық және халықаралық кітап көрмелеріне қатысып, мыңдаған оқырманның жоғары қызуғышылығын танытып келеді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «EurasianBookFair – 2019» IV-Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне «Абай әлемі» әдеби экспозияциясымен қатысып, 5000-ға жуық  шара қонақтарына таныстырылды. Барнаул қаласында өткен «Орталық Азияның ғылыми, білім беру және мәдени кеңістігінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту: тәжірибе мен озық тәжірибелер» атты Қазақстан Республикасының 7 университеті, Қырғызстан мен Тәжікстан университеттері қатысқан стратегиялық сессияға қатысып, «Абай әлемі» кітаптар топтамасы қатысушылар назарына ұсынылды. Биыл хакім Абайдың туғанына 175 жыл толуы қарсаңында «Абай әлемі» кітаптар топтамасы бойынша жоспарланған кітаптар тамыз айында жарық көретін болады. Жарыққа шыққан кітаптар топтамасы облыстың 304 кітапханасына таратылады. Кітаптарға бүкіл қазақстандық оқырман қауымның қолжетімділігін арттыру мақсатында шығармалардың электронды нұсқасы еліміздің Ұлттық электронды кітапханасының қорына орналастырылады. 5 томдық «Абайтану» таңдамалы шығармалар жинағы мен 4 томдық «Абай және ақын шәкірттер мұрасы» жинағына енетін ғылыми еңбектерді зерттеп, баспаға дайындаған абайтанушылармен, «Рух сұлтандары» кітабының авторы жазушы Тұрсын Жұртбаймен, «Құнанбай қажы» кітабының авторы Бейбіт Сапарәлімен, «Құнанбай» жинағын құрастырушы Әсет Мырзақасыммен онлайн кездесулер өткізу жоспары бар. «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының мәлімдеуінше, бұл оқырмандар мен авторлар арасындағы сабақтастықты нығайтып, мазмұны мен мақсатын түсінуге бірден жол сілтейді. «Абай әлемі» кітаптар топтамасы бойынша  жарық көретін Абайдың мол мұрасы, абайтанушылардың ғылыми зерттеулері, Абайдың алдын көрген ақын шікірттері мен ұрпақтарының және Абайдың ақындық мектебінен нәр алған ақындардың шығармалары, сондай-ақ, хакім жайында қалам тартқан жазушылардың  еңбектерінің оқырман қауым үшін маңызы зор болмақ. А. Жылқышиева, ШҚО ІСБ «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының менеджері