ШОЛОХОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
2020 ж. 16 маусым
2529
0
Биылғы 24 мамырда Дон казагы, орыс кеңес жазушысы, Азамат және Ұлы Отан соғыстарының ардагері, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Ғылым Академиясының академигі (1939), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1941), Социалистік Еңбек Ері (1967), КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Дондағы Ростов және Лейпциг университеттері филология ғылымының Құрметті докторы, Сент-Андрус университеті құқық саласының Құрметті докторы, Нобель сыйлығының иегері (1965) Михаил Александрович Шолоховтың дүниеге келгеніне 115 жыл толған болатын. Ол өз биігінде бағаланып, төрткүл әлемге танылған тұлға. ЮНЕСКО секілді Халықаралық аса беделді ұйым мен Ресей Кітап палатасының мәліметі бойынша дүниежүзіндегі тоқсаннан астам тілде жарық көрген жаухар жазушы шығармаларының жалпы таралымы 300 миллионнан асып кеткен көрінеді. Соның 130 миллионы «Тынық Дон» роман-эпопеясының, ал 105 миллионы «Адам тағдыры» әңгімесінің үлесіне тиеді екен.
1964 жылы Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын француз экзистенциалисі Жан Поль Сатрға беру жөнінде шешім қабылданады. Ой еркіндігін бәрінен биік қойған ол мәртебелі сыйлықты алудан саналы түрде бас тартқан. Баспасөз беттерінде Сартрдың: «Нобель сыйлығы М.А. Шолоховқа берілмей тұрғанда мұндай құрметті қабылдай алмаймын», - деген сөзі жарияланып жүр. Ақын, жазушы, аудармашы Борис Леонидович Пастернакқа бұйырған сыйлық М.А. Шолоховқа берілмегеніне ашынған. (Б.Л. Пастернак 1958 жылы бұл сыйлыққа «Доктор Живаго» романы үшін ие болған. Алайда, КСРО Жазушылар одағының Жарғысын бұзғаны үшін Кеңес Одағының азаматтығынан айырылып, қуғындалған ол сыйлықтан бас тартқан). Француздың философ-қаламгері сондай-ақ, чили ақыны Пабло Неруда (шын аты-жөні - Нефтали Рикардо Рейес Басуальто), француз жазушысы, саяси қайраткері Луи Арагон аса мәртебелі сыйлыққа әбден лайық деп айтқан. Кездейсоқтық па, жоқ әлде сәттілік пе, 1965 жылы атақты сыйлық Донның төл перзентіне бұйырған екен. Пабло Неруда бұл сыйлықты 1971 жылы алған.
Өкінішке орай, қаламгердің жиырма үш жасында бастаған өміріндегі ең басты шығармасы - «Тынық Дон» роман-эпопеясының төңірегіндегі әңгіме әдебиет зерттеушілерін әлі күнге дейін әрі-сәрі күйге салып келеді. Олардың кейбірі бұл романды М. А. Шолохов жазбаған деген пікірде. Биографтардың бірі тіпті, «Тынық Донның» авторлығына үміткерлердің жалпы санын 48-ге дейін жеткізген көрінеді. Жазушының зайыбы Мария Петровна екеуі Светлана, Александр, Мария, Михаил есімді перзенттер сүйген.
Ресейлік журналист Валентина Оберемко жақында қаламгердің қызы Мария Михайловна Шолоховамен кездесіп, әңгіме-дүкен құрған. «Аргументы и факты» Казахстан» газетінің 20-26 мамырдағы № 21 (2062/1407) санында жарияланған «А ты, Миша, контрик!» Шолохова критиковали и за любовь к белым, и за поклонение советскому строю» деп аталатын сұхбатты оқып, көптеген жағдаяттарға қанықтық.
Мария Михайловнаның айтуынша, әкесінің өзі де: «Бұл романды қазір жазатын болсам, басқаша жазар едім», - дегені бар көрінеді. М.А. Шолоховты кітаптың авторлығынан шеттетуге талай рет әрекет жасалған екен. Көпшілікке оның ақгвардияшыларды жағымды кейіпкер ретінде көрсеткісі келгені ұнамаған. Кітапты ақтардың офицері жазған деген сөз де тараған. Бұл өткір де өзекті мәселеге Иосиф Виссарионович Сталиннің өзі де тікелей араласып, арнайы комиссия құруға дейін барған. Сөйтіп, Мария Ильинична Ульянова жетекшілік еткен комиссия мүшелерінің зерттеуінен кейін: «Тынық Донды» М.А. Шолохов жазған», - деген қаулы қабылданған.
Әдебиетшілер де алыпқашпа әңгімені өрбіткен. Бұдан жазушы, қоғам қайраткері Александр Александрович Фадеев те шет қалмаған. М. А. Шолохов зайыбының: «Сен онымен қалайша қол алысып амандасып, сұхбаттасып жүрсің?» - деген сауалына: «Оның да өзіндік ой-пікірі бар шығар. Соған бола неге өкпелеуім керек», - дейтін де қоятын екен. Қарсыластарының бірі Григорий Мелеховты романның соңында большевик етуді талап еткен. Әрине, қаламгер ондай қадамға бармаған. Әдеби ортада оның жақтастары көп болмаған сыңайлы. Ал өзі кезінде А.М.Горькийдің хатшысы Илья Шкапқа, Платоновқа, Гумилевтің ұлына, Ахматоваға, Ольга Берггольцке қолдау көрсеткен екен.
М.А.Шолоховтың авторлығына күдіктенгендердің арасында Александр Солженицын де болған. Ол өзі кездескен бір қарт казактың кітаптың нағыз авторы кім екені жайлы айтқан ойын келтіреді. Алайда, оны дәлелдейтін нақты айқын айғақ таппаған. Сол А. Солженицын М.А.Шолоховтың талантына тәнті болып, оған хатпен қоса-қабат сыйлаған кітапшасы қаламгердің музейінде сақтаулы. Әлгі хатта Никита Сергеевич Хрущёвпен жүздескен жазушының жанына баруға жүрексінгенін жеткізген. Кейіннен оны плагиаттықта айыптаған. Сонда Михаил Александрович: «Түрмеге тоғытылғандардан түзу әңгіме шығатын ба еді?!» - деген де қойған.
Александр Солженицын мен өзге де антогонистер М.А. Шолоховты билік басындағылардың нақсүйеріне балаған. Алайда, жазушы кез келген көсем жайлы өзінің сыни пікірін білдіруден еш жасқанбаған. Мәселен, жастық шағында төл тілінде өлең жазған, Ги Мопассан (Анри Рене Альбер Ги), Уайльд (Оскар Фингал О,Флаэрти Уилс), Николай Васильевич Гоголь, Иоганн Вольфганг Гёте, Эмиль Золя, тағы басқалардың шығармаларын қамтитын 20 000 томнан тұратын кітапханасы бар, грузин, армян, парсы, орыс, көнегрек, шіркеуславян, неміс, ағылшын, француз тілдерін түсінген, оқыған, үйренген, меңгерген Иосиф Висарионович Сталин (Джугашвили) терең білімді адам ретінде әдебиетті сүйген, дерлік барлық қаламгерлерді білген. Ол Інжілден, Бисмарктың еңбектерінен, Антон Павлович Чеховтың шығармаларынан дәйеккөздер келтіріп отырған, Фёдор Михайлович Достоевскийге тәнті болып, оны тамаша психолог деп санаған. М.А. Шолоховпен де жеке жүздесіп, әңгіме-дүкен құрған. Қаламгер көсемге жазған хатында бай-кулактарды кәмпескелеу науқанының деревняларды құлдыратып, жоқшылыққа ұшырауына әкеп соқтырғанын байыпты баяндаған. И.В. Сталинді: «Жеке басқа табынушылық болды, бірақ нағыз тұлға да болды ғой», - деп бағалаған. М.А. Шолохов -майдангер жазушы. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде маршал Иван Степанович Конев жетекшілік жасайтын майданда ұрыс әрекеттеріне қатысқан.
Сөз орайы келгенде И.В.Сталиннің М.А. Шолоховқа, тағы басқа да ақын-жазушыларға қаламгерлер қалашығын салуға арнайы қаржы қарастырып, қолұшын бергенін тілге тиек ете кетейік. Алайда, Михаил Сергеевич Горбачевтің тұсында қаламгердің
ұрпақтары әлгі қосқабатты ақбоз үй мемлекеттің есебіне өткізіп жіберген көрінеді.
Н.С. Хрущёв Вёшенск селосына жазушыны іздеп келген. Қаламгер оның әзіл-қалжың мен анекдот айтатын қарабайырлығымен астасқан белсенді қызметін жасандылық деп білген.
Леонид Ильич Брежневпен бірге жауға қарсы соғысқан. Оның екеуінің де әскери шені полковник болатын. Алайда, көсемнің кейбір тұрпайы қылықтары жазушыны жиіркендірген.
Қаламгер өзінің отбасын өмірлік құндылығына балаған. Ол Швеция, Дания, Норвегия, Финляндия, Франция, Жапонияда болған кезінде зайыбы мен перзенттерін өзімен бірге алып жүрген. Сөйтіп, ел көрсін, жер көрсін, адам танысын деген.
1998 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында: «Ұлы Отан соғысы кезінде жоғалып кеткен «Тынық Дон» роман-эпопеясының қолжазбасы табылды. Оны Михаил Александрович Шолоховтың жақын туыстары Батысқа сатпақшы екен», - деген сенсациялық хабар тараған. Қолжазбаны жазушы Лев Колодный тапқан. Майданға аттанар кезде қаламгер «Тынық Донның» қолжазбасын өзінің достарына, Кудашёвтерге сақтауға берген. Оның жан досы Василий Кудашёв соғыста қаза тапқан. Қолжазба оның зайыбы Матильда Емельяновнада қалған. Ал Моти тәтей бұл жайлы ешкімге айтпаған. Ол қайтыс болғаннан кейін пәтердегі барлық дүние-мүлік Кудашёвтердің иелігіне өткен. Олар қолжазбаны шетелге 500 мың долларға сатпақшы болған. Ақыр-аяғында мұрагер Кудашёвтерден 50 мың долларға сатып алынған қолжазба Әлем әдебиеті институтына табыс етілген. Владимир Владимирович Путин қаржы көзін табуға Жарлық берген. Осылайша М.А. Шолохов жазған «Тынық Дон» роман-эпопеясының қолжазбасы Ресейде қалған көрінеді.
Сөз орайы келгенде М.А.Шолохов Волга (Еділ) - Донмен қанаттас Ақжайықтың өлкесі, шадыман берекеге тұнған қазақ жеріне талай-талай келгенін тілге тиек ете кетейік. Ол қазақ қаламгерлерінен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовті Ұлы даланың ұлы перзенттері деп санаған. Өз кезегінде кемеңгер Мұхаң ежелгі, ықылым замандардан бергі Геродот, Гомер, Аристотель, Уильям Шекспир, Лев Николаевич Толстой, Шығыстың қос алыбы - Әлішер Науаи мен Абай Құнанбайұлының қатарына осы заманның озық шебері деп М.А. Шолоховтың есімін ерекше ілтипатпен атайтын. Өзгені мадақтауға сараң орыс әдебиетінің көрнекті өкілі Николай Погодин кезінде М. Әуезовтің халықтар алдындағы қадір-қасиетін айта келіп: «Ол қазақтар үшін Екінші Абай, ал біз үшін Шығыстың Шолоховы», - деген қанатты сөзі ұрпақтар үлесінде қалғаны баршаға аян. Қазақтың көрнекті қаламгері Хамза Есенжанов «Тынық Дон» туындысынан алған әсері туралы оның авторына жазған хатында: «Осы романның бірінші және төртінші кітаптарын аудару үстінде көп нәрсе үйреніп, өзімнің жазушылық шеберлігімді ұштағандай болдым. Мүмкін, «Ақ Жайық» атты қостомдық роман жазғаным үшін Сізге қарыздар да шығармын!» - деп шынайы ризашылық сезімін жеткізгені жадымызда.
1975 жылы 9 мамырда майдангер жазушы Еркінбек Тұрысов Кавказдың Кисловодск (Ащысу) атырабындағы «Пикет» атты шипажайда атақты орыс жазушысы Иван Григорьевич Падеринмен бірге демалған. Ертеңіне олар Вешенская станциясында тұратын М.А.Шолоховтың шаңырағына ат басын бұрып, әңгіме-дүкен құрған. Қоштасар сәтте ол қазақ қаламгерінің қолындағы өзінің кітабына: «Писателю, казаху Турусову, М. Шолохов, Вешенская, 10. 5. 1975г.» - деген қолтаңба жазып берген. Сол себепті де болса керек, күншуақты Оңтүстік жұртшылығы Еркінбек Тұрысовты «Шаянның Шолоховы» деп атап кеткен көрінеді.
Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақ үні