Абай мен Бауыржан
2020 ж. 13 маусым
3563
0
Қазақ қоғамында Абай атымен бірге кейде ұлы ақынның рухани інісіндей даңқты Бауыржан батыр есімінің қоса аталуы заңдылық сияқтанады. Көпшілік Бұл орайда көпшілік оқырман қауымды Бауыржан Момышұлы Абай табиғатына қалай қарады екен деген ой қызықтырмай қоймас.
Бұл сұрақтың жауабын қаршадайынан-ақ деп бүкіл ғұмырын туған елінің тағдырына арнаған батырдың қасында жиырма бір жыл жүріп, ол туралы бірнеше том кітап жазған белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайұлының еңбектерінен табуға болар. Бұ кісі осы бағыттағы жұмысты әлі де сәтті жалғастырып келеді. Танымал бауыржантанушының қолында қалың бұқараға жете қоймаған бағалы мұра әлі де жеткілікті сияқты.
Төмендегі топтамада оқушы қауым Абай мен Бауыржан әлеміне қатысты небір тосын көзқарасқа кезігетіні анық. Әңгіме әдеттегідей Баукең мен автор арасындағы диалог түрінде өрбиді.
Мамытбек Қалдыбайұлы, жазушы
АБАЙ мен БАУЫРЖАН
«Ол уақытта жалаңбұт кезім еді»
– Сен «Қайтсе жеңіл болады ел билемек?» деген өлеңді оқып па едің? Өлең Лермонтовтың өлеңі, қазақшалаған Абай. Оны алғаш оқығанда менің Абаймен соғысқым келген. – Неге? – Жас кезім ғой. «Абай-ау, атағыңызға сәйкес емес мына өлеңді неге аудардыңыз? Бір риза еткен үлкен ерекшелігіңіз аударма жасағанда орыс авторы өлеңінің мағынасын әлдеқайда тереңдетіп аударғансыз. Сөз байлығыңыз, ақылдылығыңыз, даналығыңыз еріксіз пай-пай дегізеді. Алайда маған өлеңнің орысшасы сіздің аудармаңыздай қатты әсер ете қоймады. Соған кейін өкіндім. Ол уақытта жалаңбұт кезім. «Халық – бала, алдап алсаң, зиян емес, халықты анда-санда қорқытып қойсаң, табыс табасың» дегені несі? Бұл не деген теріс үгіт, не деген халықты кері кетіретін ой деп өмірдің исін сезбеген, мәнін түсінбеген шалалау кезімде: «Абай бұл өлеңді неге аударған», – деп ой тереңінде тұншыққам. Кейін жасым жиырмаға жеткенде түсінігімнің таяз екенін сезе бастадым. Абай өмір сүрудің әртүрлі жолы барын, соның ішінде әрі жеңілдеу, әрі қиындау соқпағын көрсеткісі келгенін ұқтым. Абайдың: «Ей, ақымақ қазақтар, өмірдің қандай жолы барын түсініңдер. Қаласаң, мына жағын, қаламасаң, ана жағын алыңдар», – деп өлеңді әдейі аударғанына көзім жетті. – Абай жан өледі, тән өлмес деген ғой. – Абай әкесінің ығына жығылған. Жан өлмейді деп отырғаны – адамның жаны – Құдай деп есептеген. Абай әкесі Құнанбайдың барлық ой-пікірімен санасқан. Әйтпесе ол кісі жанның өлгенін немен дәлелдейді? Тән өледі, жан қайда кетті? Жан о баста денеге қалай келді, денеден қалай бөлінді? Сауал дұрыс қойылды, жауап қайда? – Менің түсінбейтін көп нәрсем бар. Сенен сұрайын дегенім, жұрт біткен жан адамның денесінен шығады дейді. Сонда қалай, жан өз алдына бөлек болғаны ма? Онда өкпе, бауыр, жүрек, бүйрек, асқазан, ішек сияқтылар не үшін керек? Олар тозған соң жүрек тоқтап қалады, бауыр шіриді, асқазан ас қорытпайды. Жан денеден шығып кететін болса, оны жүрек, бүйрек тәрізді емдемейміз бе? Өзің ойлашы, жанды қалай көз алдымызға елестететеміз. Ол, меніңше, қан ағысының тоқтауы емес пе? Қан ағысы тоқтаған соң, денеге бәрібір. Ол ештеңені сезбейді. Қан ағысы қалай тоқтайды? Оның тоқтауына әртүрлі себеп бар. Ең алдымен жүрек соқпай қалады. Дене ештеңені білмейді, оны кесесің бе, таяқтайсың ба, бәрібір. Қазақ оны өлді, жаны шықты дейді. Мұның сырын маған түсіндірген ешкім жоқ. Көп оқығандардың бірісің, бәлкім, сен түсіндірерсің. Менің сезінуімше, жан деген ақыл-ой, әлде дененің қимыл-қозғалысы ма? Ақыл-ой, сана тіпті бөлек. Ол идея құрамына енеді. Ал өлу деген сөз қимылсыз қалу деген сөз. Қазақта жаны шықты дейтіні – бар болғаны дене жансызданды деген сөз. Адам аязды күні далада қалса, салқындап өліп қалады. Қан айналысы тоқтайды. Тамақтандырмай қойсаң да, жүректің жұмыс істеуі тоқтайды. Немесе тұншықтырсаң да, адам өледі. Соны жұрт жаны шықты дейді. Жаны шықты деген сөз дененің бәрі қимылсыз қалды деген сөз.Абай шығармаларын оқығаннан кейінгі ой
Ішке ендім. Баукең жастықтан басын көтеріп: – Мен дәл қазір сені ойлап жатыр едім. Ойлағанда мақтап емес, жамандап ойлап жатыр едім. Шындықты айтайық та, ә! – деді күліп. Түзуленіп отырды. Үстінде ақ көйлек, бұтында балағы бүрмелі көк шалбар. – Мақтауды көбінесе естіртіп айтсаң да, ішіңнен 70, 80, 90 пайыз өтірік екенін ойлайсың. 70, 80, 90 пайыз! Аз ба?! – Баукең темекі тұтата отырып сөзін жалғады. – Жамандау да солай. Олар 70, 80, 90 пайызды қойып, кейде жүз пайызға дейін барады. Әріберіден кейін жүзден де асып кетеді. Бұл пендешілік әлсіздік. Абай соған жақсы түсінген. «Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген бір өлеңі бар ғой. Ә, тоқта, мына шумағы есіме түсті: – Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда? Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, Жалғыз-жарым болмаса анда-санда. Абай осы өлеңінде қазақ халқының мінезіне толық талдау береді. Сол өлеңін қайта қарап шыққын, қарағым. Абекең мұның өзін бекер жазбапты. Оны өмір жаздырған екен. Тәжірибе жаздырған екен. «Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп бастайды. Алдымен достарын таразы басына алып келеді. Осы бір өлеңінде қанша ой бар? Бұл неден шығып кетті, қарағым? – Жамандап ойладым дедіңіз ғой. – Иә, жамандап ойлағаным рас. Ашығын айтып отырмын ғой, қарағым. Кейінгі деп айтпаймын, бірінші келгеніңде, осылай әңгімелесіп отырғаныңда, алжыған болсам да менің де басымда миым бар ғой, менің де, көзім бар, сенің көзқарастарыңды байқап отырмын. Адамның көзқарасы мен түрі – жан дүниесінің ренгтені. «Иә, иә, сіз жақсысыз ғой» – деп мақтағандар мына жақтағы (Баукең қолымен кеудесін көрсетті) барын көрсетіп отырады. Соған іштей талдау жасап, «мм... мм... иттің өлігі кеудесінің қай тұсында көмулі жатыр. Былай дегенде көздегені не болды екен?» деп ойланып отырамын. Қоғам дейтін жалпы түсінік. Адам жабайы кезінде де қоғам болған. Әр заманның айырмасы қоғамды құлпыртып, өзгертеді. «Бір дәуірдің адамы екінші дәуірдің адамы бола алмайды. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейтін қазақтың сөзі бар. Мұны кекетіп айтты деп түсініп жүрміз. Бұл кеше, былтыр, бұрнағы жылы, әйтпесе өткен ғасырда шыққан мақал емес. Бұл (қолын сермеді) мақалдың тамыры арғы ғасырларда жатыр. Мұнда «иттің өлігі қай тұста көмулінің» терең сыры бар. «Әр елдің» дегенді мен «әр заманның» деген сөз деп түсінукерек деп ойлаймын. ...Біздің аға ұрпақ кейінгі ұрпаққа мін таққыш. Ол атам заманнан келе жатқан бір дәстүрге айналып кеткен жай тәрізді. – Әй, біз бүйтпеуші едік, сенің жасыңда бұлай істемеуші едік, – деп кінәлау әдет боп кеткен. «Сен неге мені қайталамайсың» деу – ақымақтық. Мен бұған қарсымын. Сен бүйтсең, өз заманың өзіңде болды. Мен бүйтсем, өз заманым өзімде. Екі заманды екеуміз қорғасын секілді ерітіп, ештеңе істей алмаймыз. Адам – кен емес. Қоспаны ерітіп, металл шығаруға болады. «Баяғыда былай болып еді, бүгін де солай болсын» деу – ақымақтық. Қоғамдық құбылыс – құбылмалы нәрсе. Әр заманның, әр ұрпақтың өзінің заманы, ортасы бар. Әріберіден кейін өзінің психологиясы бар. Көңліңе келсін, келмесін, қарағым, бұл менің сөзім емес, данышпан Абай шығармаларын оқығанымнан кейін туған ой. Ол кісінің: Кез келсе қайғы қат-қабат, Қаңғыртпай қоймас адамды. Қасиетсіз туған – ол да жат, Күңкілдеп берер сазааңды, – деген бір шумақ өлеңінің өзінде теңіздің тереңдігіндей тереңдік бар. Оны түсіну үшін Абай шыққан шыңға шыға алуың керек...«Көздерің жетер деуші едім»
– Сені кіммен қарым-қатынас жасап, кімге ерекше мән беру керегін біледі деп ойлаймын. Соңғы жаңалығыңмен бөліс. – Абайдың әкесі Құнанбайға арнап жазған өлеңі бар екен. – О, міне, мынауың мен үшін үлкен жаңалық. Сөйле. – Өлең: – Ол сыпатты қазақта, Дүниеге ешкім келмепті, – деп басталып: Тегіс ақыл сұрапты. Мұқым қазақ баласы, Тобықтыны ел қылып, Басын жиып құрапты, – деген жолдармен жалғасқан. – Қап-әй, кезінде маған қарсы пікір айтқандардың кейбіреуі өліп кетті. Шіркін-ай, соларды тірілтіп: – Әй, күндердің күнінде «Құнанбай орыстың Иван Грозныйы деген менің бағамның дұрыстығына көздерің жетер деуші едім. Енді көздерің жетті ме?» – дер едім... Мұхаң «Абай жолы» романында Абайды әкесі Құнанбайға қарсы қойған. Мен оған басымды кесіп алсаң да, нанбаймын. Қазан қаласындағы латын әрпімен шыққан кітапта: «Абай өмір жалғанда әкесінің бетіне қараған емес. Әкесі Құнанбайды сыйлаған», – деп жазылған. Өмір шындығына жүгінсек, Құнанбай да Абайды бетінен қақпай өсірген. Мұхаң саясатқа бейімделіп, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық дәстүріміздің тас-талқанын шығарып, әкелі-балалы жандарды бір-біріне қарсы қойды. Бұл қазақ халқы жаратылысында, оның ішінде ақылды, дана жандар арасында ешқашан болмаған, әрі біздің тәрбиемізге кері әсерін тигізетін жағдай. Өйткені романды оқыған оқырмандардың көбі әкелі-балалы жандар бір-бірімен қастасып өтті деп ойлайды. Керісінше, қазақтар: «Әке-шешем Құдайдан кейінгі Құдай», – деген түсінікте, ата-анасын Құдайдай сыйлаған. – Егер біз ежелгі бабаларымыздың тарихына, жан дүниесіне үңіле алсақ, ол кісілердің үлкен ақыл-парасат, киелі сөз иесі ғана емес, өздері би, өздері шешен, батыр болғанын ұғынып, ұлтымыздың ерлік рухын ұлықтай түсер едік. Біз неге ұлыларымыздың өмірге келген күнін тойлаймыз? Тойлайтын себебіміз – ұрпағымызды ұлылыққа тәрбиелеуді көздегендігіміз. Мұрат ақын өлеңдерін кезінде Абай оқыды ма, оқымады ма? Оны дәл айтуым қиын. Болыстық билік тәртібін орнатып, ел-жұртты тырп еткізбей құлдық бұғауда ұстап отырған отарлау саясатын Абаекең: «Өзімдікі дей алмай өз малыңды, күндіз күлкің, бұзылды түнде ұйқың», немесе: – Оңашада оязға, Мақтамаймын елімді. Өз еліме айтамын, «Бергенім жоқ деп белімді», – деген жолдармен-ақ барынша әшкерелеген. Бұл бізді ойлантса керек.«Кемшілігін қазақ қашан түсінеді?»
– Сен Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевты білуші ме едің? – Газеттен суретін көріп, сөзін оқығанмын. – Оның түр-түсі сенің түр-түсіңнен айнымайды. Ішкі дүниелеріңнің қандай екенін Құдай білсін. Қонақта бірге болғанымда, ол: – Біздің халқымыздың бойында адамгершілік сезімі мол, – деп қалды. Мен: – Сен қай ғасырдағы қазақ туралы айтып отырсың? – деп едім: – Бүгінгі ғасырдағы, – деді. – 15-17 ғасырлардағы қазақ бүгін жоқ, бірін-бірі тыңдамайтын, бірін-бірі сыйламайтын қара тобыр бар. Арасынан шыққан күрескердің үні көпке бармай өшеді. Оның үнінің өшуі ақымақтығынан емес, қара тобырдың қолдамағынан. Қара тобыр тек қолында билігі, не байлығы барларды ғана қолдайды. Оны Абай: Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң – Кімді көрсем, мен сонан Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым жалма-жан, – деп жексұрын бейнесін суреттеп, өлердей жиркенеді. Қазақтың қайсысының бар санасы? Қылт етерде дап-дайын бір жаласы, Пысықтықтың белгісі –арыз беру, Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы, – деп сынаса да селт етер емеспіз. Қара тобырды халық ететін, оны дұрыс жолға салатын дана басшы ғана. Ондай басшылар бізде жоқ емес, бар. Ең өзек өртер өкініш – оларда бірлік, ынтымақ жоқ. Бірі олай десе, екіншісі, үшіншісі былай деп өзара алысып-жұлысып, бірін-бірі титықтатып, жүзге, жүз түгілі ру-руға, ру түгілі ата-атаға бөлініп, күлкі-мазақ болып жүр. Осы кемшілігін қазақ қашан түсінеді, түсінетін күні бар ма екен деп данышпан Абай қабағын шытып, бізге ту биіктен қарап тұр...«Абай рухани әлемінен үйренуіміз әлі нашар»
– Жас кезімізде Абай аруағына сыйындық, қазір де сыйынамыз. Бұл, әлдекімдердің ойынша, әсіреқызыл әуесқойлық тәрізді. – Жоқ. Бұл – Абай ерлігін бағалап, құрметтеу. Тек бір ескеретін жәйт – әлжуаз, жалтақ, жылпос болсаң, сені ешқандай аруақ (аруақты мен рух деп түсінем) қолдамайды. Ашығын айтсам, Абай рухани әлемінен үйренуіміз әлі нашар...«Сирек кездестірдім»
– Басына түскен қиындықты басқадан көру дұрыс па? – Ол – ақымақтық. Өмір құбылысын түсінбеген адамдар әр уақытта бақытсыздығын өзгеден көріп жатады. Оған басқа ешкім емес, тек өзі ғана кінәлі. Біреу мені сатып кетті ме, бақытсыз болып қалдым ба, немесе мені біреу соққыға жықты ма, өзім кінәлімін. Өйткені оны сол дәржеге жеткізген – мен. «Алтын» адам едім. Жан-жағым сатып кетті. Әйтпесе бүгінде бүкіл қазақты билер едім» деп өзін-өзі мақтап жүрген ақымақтар аз емес. Мен де аузыма келгенді айта салуым мүмкін. Бұл сатқындықтың баласы ма, әкесі ме, оны өзің бағала... Мен жиырма жасымда өте ашушаң болдым. Неге дейсің ғой? – Неге? – Бәрін өзінен көрмей өзгеден көргендердің қылығына түсінбей жүрдім. Өмірге көзімді айналып кетейін Абай ашты. Ол кісінің өте дана адам екенін бір-ақ ауыз өлеңінен білдім. Ол кісіден басқа жан дүниемді 180 градусқа өзгерткен адамды әлі кездестірген жоқпын. Басқалар алдағы кеткен кеменің, алдағы кеткен қайықтың қалса ізінен, қалмаса толқынымен ғана толқып жүрген жандар болып сезілді. Абай: Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Қайратың мен ақылың екі жақтап, – деген бір-ақ ауыз өлеңімен ойымды мәңгі оятты. Оны көп адам әлі түсінген жоқ. Бұлай дейтінім, көпшілік ортасында Абайдың әлгі өлеңін өнеге етіп айтқан адамды сирек кездестірдім. «Ибрагим дегеннен ардақты ат жоқ» – Министрлер кеңесі ауруханасы. Кешкілік серуенде бір академикпен жолығып, әңгімелескенімде: – Ә, мына ойыңыз өте дұрыс екен. Бұған біз мән бермеппіз-ау, – деді кәдімгідей абдырап. – Мен талай академиктермен, ғылым докторларымен сөйлесіп жүремін. Сіздей ойы тиянақты, дәлелі мықты пікірді ешкімнен естіген емеспін. – Сенің есітпегенің кешірімсіз. Сіз демей сен дегенімнің сырын түсін. – Жасым кіші болғаннан кейін сен деген шығарсыз? – Жоқ, олай емес. Мен жасқа қарап сөйлемейтін адаммын. Кім-кімнің де түйсік-түсінігі атағына сай келмесе, дейтін әдетім. Өзің әдебиет ғылымы саласындағы академиксің. Егер математика, физика ғылымы саласының академигі болсаң, саған кешірім жасар едім. Мен алғаш: – Ибрагим деген данышпан ақынды білетін шығарсың? – дегенімде, бір қауым уақыт ойланып, отырып қалдың. Бір кезде: – Ол кім? Татар ма? – дедің. – Жоқ, қазақ. – Ондай ақынды есіткен емеспін. – Есіңе түсір. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңді кім жазды? – Ә-ә, Абай ғой, Абай... – Он тоғызыншы ғасырда да, қазірде де ауылымыздың үлкен кісілері азан шақырып, немерелерінің құлағына: «Біз ұлы Алланың құлымыз, Мұхаммед пайғамбардың үмбетіміз. Құлыным, сенің атыңды, ұлы Алланың атынан Пәленше қойдым», – деп үш-үштен алты рет айқайлап айтып, нәрестеге су ішкізген. Бұл ата-бабамыздың жолы. Ерте кезде оқығам, Ибрагим бала кезінде сүріншек, құлағыш болғандықтан әжесі: «Балам, абай бол, құлам қалма, абайла», – дей береді екен. Содан Ибрагим Абай атанып кеткен. Заң құжатында да Ибрагим Құнанбайұлы деп жазылған. Осы жағдайды айтып, азан шақырып қойған Ибрагимді өз атымен атамағанымызға ашуланып, күйіп-піскенімде, әкем: – Балам-ау, халық солай атап кетсе, үлкен жер солай қабылдаса, сенің оны өзгертуге өліп кетсең де, әлің келмейді. Босқа күйіп-піскенді қойғаның жөн, – деді әкем басу айтып. Мен: – Әлім келмегенмен адамгершілік қасиетіме, түйсік-түсінігіме өзім риза болуым, арым алдында ұялмауым керек, – деп едім: – Абай деген де жақсы ат қой, – деді әкем. Мен үшін Ибрагим дегеннен ардақты ат жоқ, – дедім келіспей.«Дидарласпай тұрып араздаспайық»
Майдан төрінде, алғы шепте соғысып жүрген Баукеңнің: «М.Әуезовтің «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Сіз Абайды көтеремін деп Құнанбайды кемітесіз. Бұл өте үлкен қате деп білемін. «Иттен ит туады боқ жейтұғын, малдан мал туады шөп жейтұғын» дейді. Осы приципті, Мұха, саясатқа бейімдеуге бардыңыз. Құнанбай – ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, Құнанбай жете алмады. Сіз осыған түсінбедіңіз» деген өткір пікірін ашық білдіреді. Оны қалай қабылдағанын Мұхаңның жауап хатынан аңдаймыз. Ол кісі ешқандай шамданбай: «Бәрін мойындаймын. Бізде өстіп тікелей айтатын ақылгөйлер жоқ. Сенің айтқандарың маған көптеген ойлар салды. Әділ сыныңды, пайдалы пікірлеріңді көңіліме ауыр алғаным жоқ», – деп өз тарапынан кешірім сұрауы – даналықтың үлгісі дерліктей. Ойы таяз өзімшіл біреу болса, кешірім сұрап жауап жазу орнына бет көріспей кетер еді. Баукең кешіктірмей: «Дидарласпай тұрып араздаспайық», – деп кішілік, інілік көңілін білдіре келіп: «Я бываю резким и грубым в выражениях, согласен – это мой недостаток. Очень сожелею, что могу помочь вам только за ваши же оплошности», – деп жазғанының сырына ой жіберсек, «өктеммін, дөрекімін» деген сөздерді Баукеңнің жұрттың кішіпейілдікпен айта салатын әдетімен жазбағанын, ол сөздердің астарында қойнау-қойнау сыр жатқанын аңдаймыз. «Құдырет – Абай жырлаған махаббатта» Үстiмiзге жеңгей ендi. – Мына жердi жинайын деп едiм. – Қажетi жоқ. Ойымды бөлесiң. Жеңгей бөлмеден ашуланып шығып кеттi. – Ашулансаң ашулан. Абайдың «Ойыңа ой қосады ақылдассаң» деген дана сөзi бар. Мұхаң оны әйелге байланысты айтқан деп түсiндiредi. Я с этим абсолютно не согласен. Калининде оқып жүрген кезiм. Мәскеуге барып едiм, Мұхаң кездестi. Сәбит үшеумiз мейрамханадан тамақтандық. – Мұха, Абай жарықтықтың «Ойыңа ой қосады ақылдассаң» дегенiн сiз әйелге байланыстырып қойыпсыз, бұл дұрыс емес, – дедiм. Мұхаң сұп-сұр боп кеттi. Қатты ашуланып қалды. Ашуланса, мұрнын сауатын әдетi едi. Сол әдетiне басты. Сәбит пых-пых деп күлiп қуанып қалды. Екеуi бiр-бiрiне iштей қарсы ғой. – «Ойыңа ой қосады ақылдассаң» деген бүкiладамзаттық сөз. Ол, менiңше, жыныс жағына ғана қатысты айтылған емес. Бұл, Мұха, Абайдың ойынша достықтың шыңы, ойымыз да, ниетiмiз де бiр жерден шықты деген сөз, – дегенiмнен кейiн ғана Мұхаң көңiлденiп, бастапқы байсалды қалпына көштi. Баукең маған сұстана қарап: – Әй, ақыл ойлап таппасаңдар таппаңдар, бізге дейінгі айтып кеткен ақылды түсініп, пайдалана білсеңдерші. Бабалардың сөзі – өмірдің адастырмас компасы! – деді даусын қатайта сөйлеп. – Басқалардың түйсік-түсінігінен менің түйсік-түсінігімнің азын-аулақ айырмашылығы – қабілетім жеткенше бабалар даналығын көп зерттеген, оны тәжірибеде қолданған адаммын. Абаймен де пікір таластырып, сырласып жүргенім содан. Абай Құнанбаев данышпан адам. Оны дүние жүзі біледі. Бірде академик көршіме: – Абайдың қайсыбір сөзіне қарсымын, – дегенімде: – Сен қалай Абайдың сөзін теріске шығарасың? – деді жақтырмай. Мен: – Абай да біз сияқты пенде. Қайсыбір мәселе жөнінде ол кісіні мақтайтын да, қарсы шығатын да жерім бар. Абай құдайшыл ақын. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңі қандай? Сөйтіп отырып: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» дейді. Бұдан артық даналық бола ма? Абайдың данышпандығы осы сөзінде-ақ тұр. Қажының баласы Құдайға сен демейді, өзіңе сен дейді. Осы сөзді надан молдаға айтшы, ол: – Е, бәрі Құдайдан ғой. Сен не оттап отырсың?! – дейді дауыс көтеріп. Мықтымын дегендер « өзіңе сен» деген Абаймен таласып көрсін. Бәрі Құдайдан деген сөз адамның өмірін қысқартатын, талабын кері кетіретін сөз. Себебі, бәрі Құдайдан деп қол қусырып, қарап отыруға бола ма? Қазақ: «Әрекетке берекет», «Қатын алмай бала бер дегеннен без, еңбек етпей байлық бер дегеннен без» дейді. Қандай тамаша айтылған сөз?! Ауылымның ақсақалдарының: «Алладан кімнен қорқасың?» – деп сұрағанда: «Талапкерден қорқам. Оның талабы орындалса екен деп отырам» – дегендерін естігем. Адамның дене құрылысында жасырын құдырет-күш бар. Ниетің ақ, талапкер болдың ба, кез келген қиындықты жарып, бұзып өтесің. Оны өзі байқамайды. Ол құпияны әлі ешкім тексерген жоқ. Ғалымдарымыз дене құрылысын зерттеумен ғана шектеледі. Оның қызметін, құдырет-күшін ешкім де білмейді. Менің түйсігімше, құдырет – Абай жырлаған махаббатта.«Бізде Абайдай аудармашы жоқ»
Әңгіме арнасы күтпеген жерден өнер тақырыбына ауысты. – Аударма – басты мәселелердің бірі, – деп бастады сөзін Баукең.– Мен Абайдың Гете-Лермонтовтан аударған «Қараңғытүнде тау қалғып» өлеңінің неміс, орыс тіліндегі түпнұсқасын алып, бір-бірімен салыстырып, тексеріп көрдім. Бәрінен Абай аудармасының рухы зор, бітімі бөлек деген қортындыға келдім. Иә, аударма Абайдың тілін, ойын байытты. Егер біздің ұлы ақынымыз Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың өлеңдерін аудармағанда өз өлеңдерін де қолданған тың теңеулерді, сөздерді, бейнелі ойларды таппаған болар еді. Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын! Алтынды домбыраңмен келші жақын. Ішек бойлап он саусақ жорғаласа, Бейіштің үні шығар қоңыр салқын. Көріп отырсың, Абай қазақ ұғымына сай етіп өзінше аударған. Онысы ой тереңдігі, көркемдігі жағынан түпнұсқадан асып түсіпжатыр. Сенбесең салыстыр, тексер. Менің топшылауымша, бізде ең алдымен өлеңнің негізгі ойын, идеясын жұрт жүрегіне жеткізе білуде Абайдан асқан аудармашы жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» ... qazaquni.kz