Өйтпесең, сен Сафуан болар ма едің?.. (әкеге хат)
2020 ж. 23 мамыр
2137
0
БАСТАУ
«…Өзімнен 4 жас кіші інім Есмағидың дүниеге келген күні кешегідей көз алдымда», – дейтін жолдары бар Сафуан Шаймерденовтің «Бір таба наны» естеріңізде ме?.. Мен сол шала туып, тымаққа салынып, керегенің басына ілінетін Есмағидың үлкен ұлымын. Марқұм туған анам Бағира: «1961 жылы 20 маусымда әуе айналып жерге түсердей аптап ыстық болатын. Бүкіл ауыл совхоздың малына шөп шауып, тайлы-таяғымызбен далада едік. Тал түсте мені толғақ қысты, ағаң (туған әкемді солай атайтынмын. – С.Ш.) бір атты арбаға жеге салып, совхоз орталығындағы ауруханаға мені алып, тұра шапты. Орталыққа жетпей орта жолда, айдалада, арба үстінде сен дүниеге келген едің», – деуші еді. Әйелі мен енді туған қызылшақасын перзентханаға жатқызған Есмағи екі қыздан кейін өмірге ұл келгенін айту үшін Алматыдағы ағасына телефон шалып, сүйінші сұрайды. Ар жақтағы дауыс: «Бұл бала менікі болады, Саянымды таудай болсын деп атап едім, қазақтың ен даласында дүниеге келген мына ұлдың аты Сайын болсын», – депті. Тіпті ауылға кезекті рет келгенде екі-үштердегі құлыншақтай құлдыраңдап жүгіріп жүрген мені Алматыға алып кеткісі те келіпті.
Атам Шаймерден: «Алматыда Саяның бар, бізге де ұл керек», – деп бермепті. «Кейін сен мектепке барар кезде Алматыға алып кетейін деп тағы бір оқталдым да, қалада қазақ тілінде жалғыз ғана мектеп бар екені есіме түсіп, райымнан қайтқан едім», – дейтін Сафуан әкем. Сөйтіп сегіз жылдық мектепті бітіргенше мен ауылда, атам Шаймерденнің бауырында өстім.
БАҒДАР
…Менің Алматыға келген сәтім есіңде жоқ шығар, әке. Ал менің тап кешегідей бәрі-бәрі көз алдымда. Бір күні бір күнінің көшірмесіндей, лек-легімен таусылмастай қайталана беретін ауылдың бұйығы тірлігі мен үшін 1976 жылдың тамыз айының ортасына таман біржолата келмеске кетті. Сапырылысқан адамдар, ию-қию қозғалған көлік пен шаң-шұң дауыстар бір-бірімен араласып, бұрқ-сарқ қайнаған қазанды елестеткен 1-Алматының вокзалы ауылдан келген атасының баласы Сайынды осылай қарсы алды. Көкелерім өздері ертіп келмей, Алматыға қарай жолға шыққан көрші ауылдың бір кісісіне қосақтап жібергеніне жолшыбай өксіп, өкпелеп келген мен мына у-шудан мүлде зәрем кетіп тұр едім, сені көргенде шыдай алмай жылап жібердім. Сен мені жерден тіке көтеріп алып: «Бұның жарамайды, балам», – деп қатты құшақтап, бауырыңа бастың. Сол сәттен бастап Сайын сенің бауырыңа басқан балаңа айналды, әке. Біз келіп, көліктен түскенде, ауладағы үлкен теректің көлеңкесінде кітаптар мен газет-журналдардан түрлері таныс – бұйра бас ақын Әбу Сәрсенбаев, күжірейген жауырынды кісі Сырбай Мәуленов, биязы дауысты Жұмекен Нәжімеденов, аққұба өңді Сағынғали Сейітовтер отыр екен, сен бұрылып барып амандастың, мен қасыңа ердім. «Өңі өзіңе ұқсайды екен, бұл балақай кім?» – деп сұрады отырғандар. «Ауылдан келген беті, Сайын деген балам», – деп таныстырғаның да есімде. Біз келгенде үйде егделеу келген бір әйел мен бір жас қыз бала жүрді. Бұрынырақта көргем, шырамыттым, бір-екі рет ауылға келген болатын. «Жанна, Дана, Саяндардың өз пәтерлері бар, ал мынау кісі шешең Бағдат болады, анау – апаң Индира», – деп таныстырдың. Ертеңінде сен сол кездегі Коммунистік проспектісі мен Комсомол көшесінің қиылысындағы «Балалар әлеміне» алып келіп, ауылдан иығыма іліп келген олпы-солпы киімімді сыпырып тастап, оны тар балақ, тік жаға қаланың киіміне ауыстырдың. Үлкен айна алдында ары-бері айналып қарап, жаңа киіміме қуанып мәз болған маған жымия күлімсіреген сен: «Балам, ауылдағы жайбасарлық пен аңғалдық осы жерде қалды, сен енді Алматылықсың, менің ізбасарымсың, сондықтан мені ұятқа қалдырмауың, Шаймерден әулетіне сөз келтірмеуің керек», – дедің.
«Бұл жердің салт-дәстүрі басқаша, қала тәртібі қатал, қателікті кешірмейді, етек-жеңіңді жинап, шапшаң әрі пысық болуды талап етеді», – деп менің ендігі өмірімнің алғашқы сабағын бергенсің. Маған баласынып қарамай, бірден ересек адамға балап сөйлеуіңнің астарында ауыл баласы тездетіп піссін, ширасын, ысылсын деген ой жатса керек. Келесі күндердің бірінде қала сыртына алып шығып: «Машина жүргізе алам дедің ғой, мә, отыршы», – деп, шие түстес қызыл-күрең «Жигулидің» тізгінін ұстаттың. Жазда ауылдағы әкемнің «Москвичін» ұршықша иіруді үйреніп алғаным бұндай жақсы болар ма? Желмен жарысқан күрең қасқа «Жигулимен» жүйткіте жөнелгенде, «өй, пәлі, жарайсың жігітім!» – деп сен риза болдың. Саған қарап мен машина емес, бақыт құсының қанатына отырғандай керемет бір күй кешкенім көз алдымда. Қайтар жолда: «Енді саған көлікпен қалада жүруді үйрену қажет, маған мұқият қарап отыр, көше қиылыстарынан қалай өтетінімді, алда келе жатқан машинаны қалай басып озатынымды, бұрылған сәттерде не істеу қажет екенін есіңде сақтайтын бол», – дедің. Артынан көп ұзамай Алматының көшесінде ерсілі-қарсылы ағылған машиналар жүрісі саябырлайтын түнгі уақытта, жол ережесіне сәйкес қала ішінде (Абай даңғылымен) машина жүргізіп үйреткеніңді қалай ұмытармын. «Сен өзі төбелеске қалайсың?» – деп сұрадың бір кеште шай ішіп отырып. «Қай-қайдағыны шығарасың да отырасың осы сен, төбелесі несі?» – деп Бағдат тәтем кейіді. «Спорт керек болса, «Динамо» міне, үйге тиіп тұр, Саянның қасында жүреді», – деп тәтем бәйек. Ауылдан келгеннен кейін Саянның командасының ойынына барғанбыз. Футбол емес, көк шөптің үстінде қолындағы таяқпен доп қуған хоккейдің бұл түрі маған мүлде ұнаған жоқ. Сенің: «Қалада төбелесе білу де үлкен өнер, есеңді біреуге жібермейсің», – деген сөзіңе ішім жылып қоя берді. Ертеңіне Орталық стадиондағы қазақстандық әйгілі боксер, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абдрашит Абдрахманов бапкерлік ететін бокс секциясына апардың. Рақмет саған, әке, одан мен опық жеген жоқпын. Мектептегі оқу басталғанша, қасыңнан бір елі тастамай, өзің араласатын қазақтың сол кездегі бетке ұстар ақын-жазушыларымен, ғалым-қайраткерлерімен таныстырып шықтың. Ақбас, арқалы ақын Хамит Ерғалиев, дауысын әндете созып сөйлейтін Зейнолла Қабдолов, кісіге мұрнына түскен үлкен мүйіз көзілдірігінің үстінен сынай қарайтын Мүсілім Базарбаев, бір қарағанда жазушыдан гөрі ауылдың әңгімешіл ақсақалына ұқсайтын Әлжаппар Әбішев, қарлығыңқы дауысты Серік Қирабаев, тағы-тағылармен кездесіп, әңгіме құрғанда, шахмат ойнап, проферанс сызғанда қасыңнан тастамай ертіп жүргеніңнің сырын есейгенде түсіндім ғой, әке. «Абайды Абай қылған қарадан шыққан хан Құнанбай» дейді. Мен сенің Абайың бола алмасам да, сен менің Құнанбайымсың, әке, төңірегіңе қатал болсаң да, маған әкелік мейіріңді барынша төккен өте жұмсақ жан болдың.
БЕЗБЕН
Сөйтіп мен Алматыға келгелі білінбей күндер, сырғып айлар, жылжып жылдар өтті. Бір таң қаларым, әке, осы мерзім ішінде сен тіпті Саян екеумізге «сендер былай істеңдер, былай жүріңдер, былай сөйлеңдер» деп ешқашан нұсқау беріп көрген емессің. Білмеймін, бұл сенің бар жәйтті қабағыңмен, көзіңмен түсіндіре алатын керемет педагогикалық қасиетің бе, әлде ұлдарыңмен араңдағы ешкімге көрінбейтін байланыс пен бізді өзіңе ұқсатқың келген тілегіңнен бе, мүмкін Саян екеуміздің саған қатты ұқсағымыз келіп, сені барынша қайталағымыз келген сәбилік іңкәр сезімімізден бе, әйтеуір қыздарды қайдам, біз сені тез түсініп, көңіл-күйіңді алыстан сезетін едік десем, қателеспеймін ғой, иә? Сондықтан болар, сол жылдары қалыптасқан: «бұныма әкем не дер еді, қалай қабылдар еді?» деген талапты таразыға тартып безбендеу әдетім әлі күнге бойымда. Ал сен болсаң, өті жарылып кетсе де қателігін бетіне айтатын, бас пайдасы үшін өтірік күліп, мүләйімсіп, жағынып-жалпаңдауды білмейтін тік мінезіңмен, ақты – ақ, қараны – қара дейтін қара қылды қақ жарған әділдігіңмен, артық кеткен жерің болса, иә, қателігіңді кейін түсінсең – кім болмасын үлкен басыңмен кішірейіп кешірім сұрауға арланбайтын адамгершілігіңмен, қасыңда жүрген балаларың біз түгіл, былайғы жалпақ елге белгілі жансың. Жұрт әлі күнге дейін сенің осындай мінезіңді аңыз қылып айтады. «Ал осындай көзі тірісінде аңызға айналған адамның ұлдары – біз қалай жаман болмақпыз» деген намыс қамшысы Саян екеумізді қылтың-сылтыңға бой алдыртпай, арқамыздан үйірілді де тұрды. Одан біз зиян көрген жоқпыз. Әр адымымызды сенімен салыстыра безбендеп, біз алдыға, болашаққа қарай қадам бастық.
86-ның ЖЕЛТОҚСАНЫ
Үйленгенмін, бір жасқа әлі толмаған Мәдинә атты қызым бар. Оны жазғы демалыста Солтүстік Қазақстандағы әке-шешемнің қасына қалдырып кеткенбіз. Қаракөз екеуміз Абай атындағы ҚазПИ-дің соңғы курсында оқимыз. Саған есейгенімді дәлелдеген түрім бе, әлде күшік күйеу болып қайын жұрттың қолына қарағым келмеген қазақи намыс па, әйтеуір екі жақтың да айтқанына көнбей келіншегім екеуміз Киров көшесінің аяғына таман орналасқан бір орыстың тауық қорасынан жасалған жатаған жер үйде тұрдық. 16-желтоқсан күні Мәскеуден берілетін кешкілік жаңалықтардан Қазақстанның басшысы Қонаев қызметінен кетіп, орнына Колбин келгенін естідік. «Бір қазақ табылмады ма, неге орыс?» деген кеудеге кіріп алған ызалы бір ой өкпе тұсыма тырнағын батырып, біразға дейін ұйқы бермеді. Ертесіне ертелеу тұрып институтқа келсек, жатақханада тұратын курстас қыздар абыр-сабыр болып бірдеңені қызу талқылап жатыр екен. «Естіген жоқсыңдар ма? – дейді даурығып алған олар, – Брежнев алаңына студенттер жиналып жатыр, жаңа автобуспен жанынан өткенде көрдік». Курстастарым бірі-бірімен жарыса сөйлейді. Бірақ ешкім нақты ештеңе білмейді, әйтеуір алаңда бір қозғалыс бар. «Біз де барайық, сабақтан қашайық» деп тұрғанда, аудидорияға оқытушыларымыз кіріп: «Дәл бітіретін жылы институттан шыққыларың келе ме?!» – деп қорқытып, желігімізді су сепкендей басты. Десек те, сабақ сабақ болып оңбады. Оқытушыларымыз да абыр-сабыр, бірі кіріп, бірі шығады. Бірінші пардың ортасындағы үзілісте сытылып шыққан бір тобымыз басқа факультеттерден өзіміз сияқты қашып шыққан «қашқындармен» қосылып жаңа алаңға қарай бет алдық. Біз барғанда алаң толуға жақындап қалыпты, айналаны милициялар, Алматыдағы шекарашылар мен өрт сөндірушілер дайындайтын әскери училищелердің курсанттары қоршап тұр. Әлі ештеңе бастала қоймаған. Студенттер мен алаңға жиналған басқа да жұмысшы жастар топ-топ болып әр жерде әңгіме-дүкен құруда, анекдот, қалжың айтуда. Жаяу жүргеннен байқалмады ма, сәлден кейін сүйектен өтетін шыңылтыр аязы бар күн одан әрі суытып бәрімізді бүрсең қақтыруға айналды. Өзінің аяғы ауыр, үстіндегі киімі жұқа Қаракөз әлден соң тіпті жаурай бастады. Бір жағынан аяз қысып, екінші жағынан әкетіп бара жатқан ештеңенің жоқтығына көзіміз жеткен біз Фурманов көшесімен төмен түскен автобустың біріне отырып, Қаракөздің үйіне келдік. Енді ғана жылынып шай ішіп отыра бергенде телефон шырылдады. Телефон құлағын көтерген балдыздарымның бірі: «Сені папаң іздеп жатыр», – деп мені шақырды. Амандық, саулықтан соң сен: «Аккумуляторы отырып қалған ба, машина от алмай жатыр, тездетіп үйге келші», – дедің. Салып-ұрып үйге келдім. Өзіңнің жұмыс кабинетіңе шақырып есігін жаптың да, «Алаңға барған жоқсың ба?» – деп сұрадың. Мен «Алаңда болдым», – деп едім, отырғызып қойып мән-жайды тәптіштеп сұрай бастадың. «Әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ, суықта тоңған жастар біз сияқты тарай бастады», – деп ем, басыңды шайқап: «Жо-оқ, бұның соңы сұмдық болады, үйден шығушы болма, келінге де айт, сен барып алып кеткенше әкесінің үйінде болсын», – деп тапсырдың. Өзің тез жиналып есікке беттедің де, «Бағдат, кабинетімнің кілтін тапшы», – деп кідірдің. Маған сенбедің-ау деймін, «Жатып кітап оқы», – деп кабинетіңді сыртынан жауып шығып кеттің. Сөйтіп, сен үш күн бойы алаңға өзің барып, үш күн бойы балаңды үйіңде «тұтқында» ұстадың. Мені оқыстан орын алуы мүмкін қауіп-қатерден солай қорғағаныңды кейін түсіндім ғой, әке. Теледидардан Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды көргеннен кейін бе, желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерінде шешесінің ішінде жатып алаңға барған ортаншы «революционер» қызым Сәния: «Әке, сен де алаңда болдың ғой, сен де желтоқсаншысың ғой, сен неге оны айтпайсың?» – деп күні кешеге дейін жиі айтатын. «Нағыз желтоқсаншы сендердің Сафуан аталарың. Басқа жазушылары бар, журналистері бар, бастықтары бар, бәрі жалбақтап жаңа басшыны құттықтап жатқанда, Колбинге қасқая қарап тұрып алаңға шыққан жастарды қанды қырғынға ұшыратқандардың қылмысын бетіне басқан аталарың – нағыз батыр», – деймін, немерелеріңе, әке! Иә желтоқсанның сол ызғары көпке дейін біздің әулетті айналып біраз жүрді емес пе?! Сенің тіктеп айтқан сондағы сын сөзіңді құлағына іліп, ішіне бүгіп қалғандар күні бүгінге дейін естерінен шығарған жоқ. Реті келсе, өштерін бізден, артыңдағы ұрпағыңнан алып қалуға әлі ұмтылады.
Жазушылар Одағындағы желтоқсандықтарды жақтай сөйлеген сол сөзіңді ертесіне институтта естіп, анық-қанығын өзіңнен білейін деп сабақтан қашып, үйге асықтым. Келсем, жоқ екенсің, суыртпақтап тәтемнен сұрасам, ол сөз жайлы ештеңе білмейді, мүлде бейхабар болып шықты. Тағатсыздана сені күттім, сағаттың тілі шынысына жабысып қалғандай тіпті қозғалмай қойды. Ымырт үйіріле келдің-ау, әйтеуір. Тәтем естімесін деп кабинетіңнің есігін жауып мән-жайдың бәрін түсіндіріп айтып бердің. «Мінбеден түсіп орныма отырдым, зал тып-тыныш. Қол соққандар да, қарсы сөз айтқандар да болған жоқ. Қасымда отырған бір-екі жазушы, көріп қалмасын дегендей, үстелдің астынан қолдарын созып қолымды қысты. Колбин кеткенше түнеріп төмен қарап отырды. Желтоқсаннан бері төрт ай еңсемді езген ауыр саламқтан арылғандай болып, жеңілдеп қалдым. Енді маған бәрібір, қолдарынан келсе шауып алсын», – дедің. «Біз не боламыз, оны ойлаған жоқсың ба, енді олар өштерін Саян екеумізден алады ғой, әке?» деген сауалыма, «Балам, қазақ – қазақ болған атам заманнан бері талай зорлық-зобалаңды, жан беріп, жан алысқан қанды қырғындарды бастан кешті. Егер осындай ел тағдыры шешілетін сәтте әркім өзінің отбасы, ошақ қасын, бала-шағасын ғана ойласа, халқымыз мынандай ұлан-байтақ жерімен бүгінге жетпес еді. Ту-талақайымыз шығып, Отаны жоқ анау халықтардай қазақ та қаңғырып қалар еді. Көзің ашық қой, Мәскеудегі Орталық Комитеттің «казахский национализм» деп байбалам сала бастағандағы райын байқадың ба? Ол сөздердің артында да, астарында да қазаққа төнген үлкен қауіп тұр. «Көп ұлтты елімізге қауіп төндірді» деген желеумен анау шешен-ұңғыш, неміс-кәріс сияқты бар-жоғы 6 млн-ға толар-толмас қазақты бір түннің ішінде жер аударып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан Колбинге қарсы сөйлеген Жұбан (Молдағалиев. – С.Ш.) екеуміздің басты мақсатымыз – ашық айтып, елді аман алып қалу болды», – дедің. Көп ұзамай жасыл алаңда жасындай жарқылдап жүрген Саян ойынды доғарып, бапкерлікке ауысты. «Социалистік Қазақстан» газеті мен «КазТАГ-тан» мені Алматыда қалдыру жөнінде сұрау барына қарамастан, институт бітірген бізді «қазақ тілін көтеріңдер» деп жолдамамен Солтүстік Қазақстанға айдап жіберді. Сол кеткеннен кейін Алматыға, қасыңа тек 2 жылдан кейін ғана оралдым, әке.
БАЖА ІЗДЕСЕМ, БІРДЕН ҮЛКЕНІНЕ БАРМАЙМЫН БА?
90-жылдардың іші. Саян да, мен де үйлі-барандымыз, екеуміздің де үш-үштен шиттей қыздарымыз бар. КСРО-ның 10 дүркін чемпионы болған әйгілі спортшы Саянның Алматының шетінде орналасқан ықшам аудандарының бірінде, «Сарыарқа» кинотеатрының жанында, 1,5 бөлмелік пәтері бар. Сондағы ауыз толтырып «бір жарым бөлме» деп жүргеніміз – есік-терезесі жоқ бүгінгінің киім ілетін бөлмесі екен ғой. Ал мен болсам, қыздарыммен кісі есігін жағалап, Малая станицадағы «Экран» кинотеатрының жанында екі бөлмелі жатаған жер үйде тұрамын. Аптасына бір рет демалыс күндері бала-шағамды шешесімен нағашыларына жіберіп немесе үйде қалдырып, әкемнің үйіне барамын. Бірде әдеттегідей салт басты, сабау қамшылы болып үйге келсем, Саян да осында екен, дастархан басына енді жиналып жатыр екен. Амандық-саулық сұрасып, анау-мынауды әңгіме қылып біраз отырып қозғала бастаған біздерді Бағдат тәтем тоқтатты: – Сафуан, естіген шығарсың, қала әкімі Заманбек Нұрқаділов менің сіңлім Мақпалды алыпты ғой (Бір қызығы, өзі Қарағандылық болғаннан кейін бе, Бағдат тәтеме шахтерлар өлкесінен шыққандардың барлығы туыс. – С.Ш.). Өткенде бәленшенің тойына барғанда өзің сияқты жазушылардың әйелдері отағасыларының Заманбекке барып, балалары мен қыздарына пәтер алып бергендерін мақтанып айтып отырды. Сен де кіріп, шықсайшы, бажалығыңды алдыңа тарт, еңбегі де, атағы да бар ғой Саянға 3 бөлмелі үй сұра, Алла сәтін салып бере қалса, Сайын Саянның пәтеріне көшер», – деді. Тәтемнің сөзіне ішіміз жылып, Саян екеуміз бір-бірімізге қарап қойып, әкеміздің жауабын күтіп жымыңдап отырмыз. Сәл үнсіздіктен кейін төрде отырған әкеміз: «Бажа іздесем, бірден үлкеніне бармаймын ба? Сара да сенің сіңлің емес пе, ол да қарағандылық! – деп тәтемді көзбен аттың. – Барсам, сұрасам, екеуі де бетімнен қақпас, берер, бірақ алмақтың да салмағы бар екенін ұмытпаңдар. «Кімнің арбасына отырсаң, соның әнін айтарсың» демекші, ертең олар мені саясатқа араластырады, былықтырады. Керегі сол ма сендерге? Жоқ, айналайындар, керегі жоқ, үш баламен мен де тентіреп пәтер жағалағанмын. Әлі жассыңдар, өз еңбектеріңмен аласыңдар», – деп шорт қайырдың. Сол жолы Саянды қайдам, менікі балалық қой, «Бара салсаң нең кетер еді, тағыңнан түсіп қалар ма едің» деп саған өкпелеп кетіп едім. Дұрыс істегеніңді енді түсініп жүрмін. Өйтпесең, сен Сафуан болар ма едің, әке?
САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН САЯН
Әке, сенің маған өз кіндігіңнен тараған ұл-қыздарыңа қарағанда ерекше көңіл бөліп, бетімнен қақпай еркелетуіңнің сыры неде екенін әлі ұққан жоқпын. Менің туған әкем, сенің бір туған інің Есмағи екеуіңнің анадан ерте айырылған сәттеріңді есіңе түсірем бе, әлде кішкентайымнан сенің әкең, менің атам Шаймерденнің бауырында өскендігімнен бе, мүмкін қалалық басқа балалардай емес, қазақшаға жетіктігімнен бе, немесе жастайымнан өзің сияқты жазушы болуды армандағанымнан ба, әйтеуір ауылдан келгеннен бастап маған ыстық ықылас танытып, ерекше «карт-бланш» беріп қойдың. Ұрыспайтыныңды білгеннен соң, мен жеңілдікті барынша пайдаландым ғой, әке. «Ақша керек пе, мә, көлік керек пе, кілті әне». Саян ағам кең болды, менің бұл «мүмкіндігімді» жақсы көріп, «Сайыш-картбланш» деп өзі де еркелетіп қоятын. Қазір көк базардан белі қайысып көкөніс таситын «Волга» ГАЗ-24 ол кезде көпшіліктің арманына айналған көлік. Саянда да машина бар, бірақ жәй «Жигули». Саян «Волганы» сұраса бересің, бірақ «анау жолы мініп-мініп жумай солай тастап кетіпсің» деп кейіп беретінсің. Сондықтан ба, Саян «төрелер» көлігі керек болса: «Сайыш, маған машина қажет болып тұр, сен менікін мінші», – деп ортаға мені салатын. Ал мен болсам, «өзімнің бір шаруаларыма керек болып тұр» деп машинаны сенен сұрайтынмын. Саян спортта қаншалықты қайсар болса, өмірде соншалықты қарапайым, биязы мінезді, жұмсақ болатын. Тіпті сенің өзіңе тура қарап бірдемені талап етпек түгіл, сәл ғана кішкентай бұйымтайын тәтем арқылы жеткізетін, иә болмаса, маған айтқызатын. Өмірде, спорт төңірегінде кездесетін толып жатқан шешімі қиын үлкенді-кішілі мәселелерді сыртқа шығармай, іште тұншықтырған сол дархан жүрек 2002 жылдың 14 ақпанында сыр берді. Біз үшін, әсіресе сен үшін аспан төңкеріліп, жерге түсті. Тіп-тік жүрген спортшы Саяннан қапияда айырылып, аяқ астынан азан-қазан болдық та қалдық. Саянның кенеттен үзілген өмірі әсіресе саған қатты тиді ғой, әкешім. Астанада тұрып жатсам да, Алматыда қайғы жұтып бүк түсіп жатқан сені ойлап екі қаланың арасын жол қылдым. Есіңде ме, бір барғанда: «Саянның басына барайықшы», – деп орныңнан тұрдың. Бөгенбай көшесін бойлай Кеңсайға қарай кетіп бара жатқанда: «Мына бір көшенің қиылысында сәл аялдашы», – дедің. «Жүрегің ауырып кетті ме?..» – деп бәйек қаққан маған: «Жоқ, бәрі дұрыс, мына көшенің аты Олег Кошевой. Бұрылыстан алыс емес, әне бір үйді көріп тұрсың ба? Сол үйде біз пәтер жалдап тұрғанбыз, Саян ағаң сол үйде өмірге келді ғой, – деп кемсеңдеп жылап қалдың да, тез жиналып, – Мұхтар Әуезов, СәбитМұқанов, Ғабит Мүсірепов бар, бір топ ақын жазушылар Саянның өмірге келгенін осы бір шағын үйде тойлап едік», – деп езу тарттың. Саянның зиратының басында біраз отырдық. Еңсені басып мүлгіген сол зілдей ауыр тыныштықты көкірегіңнен шыққан «аһ, жалған» деген өксікке ұқсас сөзбен өзің бұздың да сәл кідіріп: «Шоқан қандай ғұлама болса, сондай сұңғыла екен» деп үндемей қалдың. Мен саған қарадым. – Бар-жоғы 30 жыл ғана өмір сүрген Шоқан өзінің «Ыстықкөл очерктерінде» қарғыстың ең ауыры қырғыздарда екен, олар қатты ашуланғанда «балаңның етін жегір» деп қарғайды екен деп жазады. Жап-жас жігіт, тіпті өзі де әлі бала ғой, қалай мына трагедияны жан-тәнімен түсінген десеңші. Сексенге келіп Саянымнан айрылып есеңгіреп қалған мен енді түсініп жатырмын ғой, – деп жылап жібердің. Қабір басында бір-бірімізді құшақтап біраз егілген едік. Қайғыдан қан жұтқан сен 2007 жылдың 23 ақпанында 5 жыл бір жеті бойы суретіне қарап сағынған Саяныңның қасына мәңгілікке аттандың, әке! Сенімен бірге мен үшін өмірдің мәні де кеткендей болды…
2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенде билікке қарсылық білдірген жастар тағы да алаңға шықты. Тура 87-дегідей оларға «бұзақылар» деп айып тағылып, қарсы оқ атылды. Оққа ұшып шейіт болғандар бар. Бұл жолы бір де бір жазушы өзің мен Жұбан Молдағалиев сияқты жастарға араша түскен жоқ. 2016 жылдың мамырында жалпыхалықтық көлемде жер сатуға қарсылық білдірген толқулар өтіп, халықтың наразылығынан ығысқан билік мораторий жариялады. 5 жыл бұрын түтіні тура шығып отырған туған ауылымыздың ту-талақайы шықты, әке. Қазір бұнда көшпеген 4 үй ғана қалды Мектеп жабылды, жұмысы жоқ ауыл тұрғындары үйлерін тастап көшіп кетті… Әке, сен 54 жасыңда қызметтен қол үзген едің. Сен сияқты мен де 54 жасымда жұмысымды, телевидениені, журналистиканы тастадым. Неге дейсің бе? Өйткені мен де сен сияқты өтірік күліп, көлгірсіп, көсемсіп, көпіріп сөйлеуді ұнатпаймын. Себебі мен сенің балаңмын ғой, әке!
Сайын ШАЙМЕРДЕН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан жастар конгресінің лауреаты. Тележурналист Дереккөз: "Қазақ әдебиеті"