ӨЛЕҢДЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ ҰСТАЗ АҒА!
2020 ж. 11 мамыр
2211
0
Бүгін қазақтың көрнекті ақыны, қайраткер қаламгері Мейірхан Ақдәулетұлы ағамыз жемісті жетпіс жасқа толып отыр екен! Мереке Берекеге ұласып, шаңырағыңыз шапағат пен шаттыққа бөлене бергей Мейірхан аға!
1980 жылы ҚазПИ-де бірінші курста оқып жүрген кезімізде үш ақынның (Нұрлан Әбдібек, Қадірбек Құныпияұлы) өлеңдерін алғаш рет Фариза апамыз басқарып тұрған "Пионер" журналына сонда жауапты хатшы боп жүрген шығарған осы Мейірхан ағамыз еді. Ол туралы біздің жазушы досымыз Шараф күшті әңгіме етіп айтып жүреді. Алматыда Мәкеңнің шаңырағы жас ақындардан босамайтын. Ажары ашық Айжұма жеңшеміздің де қабағы мәйін, қазаны дайын тұратын.
Бүгін қазір ғана Бауыржан Бабажанулы інімнің мақаласын риза болып оқып, газет пен сайтымызға сала салмақшы болып отырсам, он жыл бұрын жазылған мақала екен ғой. Иә, Бауыржан айтқандай, ол толқын ғана емес, олардың алдындағы біздің толқын да Мейірхан Ақдәулетұлын өздеріне аға, ұстаз тұтты. Білімі телегей теңіз Ақын ағамыз әлем әдебиетінің тереңіне бойлап кеткенде үлкен бір әлемге еніп кетіп, шыға алмай отыратынбыз. Өзінің де білмейтіні жердің астында Нұрлан Әбдібек айтушы еді "Мейірхан ағаны тыңдағанда, біліміне таңғалып, өмірден безіп кеткің келеді" деп.
Мейірхан ағамыз мақтаған өлеңімізді ең мықты өлең санайтынбыз. Сондай бір күні Жазушылар одағының "Қаламгер" барында мен "Белгісіз суретші" атты белгілі жырымды оқығанда Мәкең риза болып мақтады да: "Бірақ сенің бұл керемет өлеңіңді біздің қазақ қазір түсінбейді, әлі уақыт керек" дегені әлі есімнен кетпейді... Ешқашан бос сөйлемейтін Мейірхан ағам босқа мақтамапты. Кейін республикалық жас ақын-жазушылар кеңесінде "Қазақстан" қонақүйінің 26-ншы қабатындағы "Космос" кафесінде еліміздің ең мықты ақындарын жиналғанда Жұматай Жақыпбайұлы ағамыз осы "Белгісіз суретші" өлеңін бір отырыста үш рет оқытты. Нұрлан Әбдібектің: "Өзгелер бір өлеңін оқуға кезек тимей жатқанда Жұматай аға саған бір өлеңііді үш рет оқытты ғой тегі. Бүгін сенің күнің болды, жуу керек мұны!"-деп жүргені сол кез еді...
Мейірхан ағамыз атына сай артынан ерген інілеріне ерекше мейірімін төгіп жүреді ылғи. Өмірден ерте кеткен дарынды жазушы Есжан Айнабекті ерекше жақсы көріп, жанынан тастамайтын. Екеуі белгілі қаламгер Әшірбек Көпіш ағамыз басқарған кездегі атақты "Арай" журналында бірге істеді. Әйгілі Желтоқсан оқиғасында алаңға да бірге барып, екеуі де соққыға ұшырап, түрмеге түсіп шықты... Есжан да Мейірхан ағасын қатты жақсы көріп, шаң жуытпайтын. Бауыржан айтқандай, Мәкеңнің өлеңін ұнатқанмен, өзін ұнатпайтындар сыртынан бірдеме деп қалса, өзі қызуқанды Есжан екіленіп кетіп, төбелесе кетуге дайын тұратын...
Біздің 2000 жылы "Қазақ үні" газетін алғашқы аты "Жас қазақ" болып тұрғанда тіркеу қарсылығына ұшырап, кейін "Жас Қазақ үні" деп ауыстырсақ та, сол кездегі министріміз тіркемей қойды. Мен сол кезде ол кісіні сынап, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайдың атына мақала жазған болатынмын. Шынында да, "ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс" болып, аты дүрілдеп тұрған айбынды Ақпарат министрін сынаған мақаланы басып ел өле алмай жүр дейсіз бе, ешкім баспай қойды. Сонда көмек сұрап, Мейірхан ағаға хабарласқан едім. Ақтөбеде шығып, Алтын Орданы сұрап тұрған "Алтын Орда" газеті бірден басты да жіберді... Үш ай тіркеле алмай жүрген "Қазақ үні" газеті 2000 жылы 1 тамызда тіркеліп кетті. 11 тамыз күні алғашқы санымыз жарқ ете қалды! Кейін ол мақаламды интернет басылым дегеннің елесі енді келіп жатқан, "Навигатор" деген орыстілді сайт та басты. Қазір қалың Қазақтың үніне айналған "Қазақ үні газетіне де биыл 20 жыл толады екен құдай қаласа.
Иә, бүгінде көбісі пір санап жүрген, өздерінікін ғана дұрыс санап, өзгелердің сөзін елемей, өзеуреп жүрген Жовтистерді сол кезде орнына қойып, шаңыраққа қаратқан осы Мейірхан, Аманхан Әлімұлы ағалар еді...
Мейірхан аға өлеңде де, өмірде де ұстазға айнала білген сирек дарындардың бірегейі!
Жетпістегі жігіт Мейірхан көкеміз жүзі жарқын күйде Жүзге жете берсін! Алаш бағына аман болыңыз Аға!
Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні