Әселхан Қалыбекова: Тілсіз жаулар тіл тартқызбай асқынды
2020 ж. 09 мамыр
1575
0
Көктен келген зауалға
Жердегі қулық дәрменсіз.
Қ. МЫРЗА-ӘЛІ
Жан ауырып жүрегіңді қыршыған,
Жау басарын біліппіз бе іргеден.
Су атасы Сүлеймендей, Ислам,
Сырттағы елге дабыл қақты түрмеден.
Су иесі "Сүлейменді" қамаған,
Құлқындардың қанған шығар құшыры.
Ұяты жоқ, бетіне көн жамаған,
Тырнақтарын көрсетрейді мысығы.
Қиянатшыл, сырты жылмаң жемқорды,
Көрмейді сот, көзі соқыр болғасын.
Құяр едік, ел болмасақ ең сорлы,
Өтіріктің көмейіне қорғасын.
Соңы емес Арысың да, Мақтарал,
Ашындық қой, ашындық та басылдық.
Ал Шардара жарылса егер масқара,
Бір-ақ сәтте қарық болар басым жұрт.
Сардобаның жарыларын айтқанда,
Тыңдамады таққа мінген қасқалар.
Қара бала, қара қазан аққанда,
Бұлтылдайды басын қорғап, бәтшағар.
Судың тілін білген маман түрмеде,
Сол еді ғой көпті билер бір кемел.
Көзі ағып, қорқаулармен бірге ме?
Сот, төраға неге бетін бүркеген.
Тыңда дереу, амал жаса, үкімет,
Хабарына, заңгер Абзал Құспанның.
Өзімізге өзіміз боп ақырет,
Мазағына айналдық қой дұшпанның.
Білімдіні зынданнан да шығарар,
Басына күн туған шақта хандар да.
Қасіретті ел боп қуып шығарар,
Қарамастан қатып қалған заңдарға.
Құдай енді Шардараны сақтасын,
Сақтаймын ғой, депті Ол да, сақтансаң.
Жалғандық ит, жолды кесіп жатпасын,
Абыройды қолдан беріп, бос қалсаң.
Бостандық бер, алға шығар жақсыңды,
Әділетке ел боп маңдай тірейік.
Тілсіз жаулар тіл тартқызбай асқынды.
Тым болмаса ақ, қараны білейік.
Мал табылар, баспана да салынар,
Аман болса қалың қауым, қарындас.
Өтер күндер, өшкен шырақ жағылар,
Құрбан болған қара бала табылмас...
Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,
Қазақ үні