МҰХТАР ШАХАНОВ. ТІЛІН ТЕПКЕН «ТЕПУТАТТАР» ЖӘНЕ «ЖЕПУТАТТАР» ХАҚЫНДА

8
1500

ЖАҢА ЖЫРЛАР

 

ДЕПУТАТТАР МЕН АНА ТІЛІН ТЕПКЕН «ТЕПУТАТТАР»

ЖӘНЕ

«ЖЕПУТАТТАР» ХАҚЫНДА

 

«Тепутат» пен «жепутаттың» қазір айқын нарқы да,

Ендеше сәл үңілелік депутаттар парқына:

Ана тілін сүймейтінді кім депутат сайлаған?

Ұлтқа басын имейтінді кім депутат сайлаған?

Шын депутат бола ала ма тілін тепкен «тепутат»?

Сол «тепутат» атанғанның неге көбі «жепутат»?

 

Ресейде басқа ұлттар орыс тілін білмесе,

Мемлекеттік тілдің мәнін назарына ілмесе,

Тұрсадағы ғылым, кәсіп биігінде саты боп,

Ресейдің азаматы атануға хақы жоқ!

 

Бізде неге мемлекеттік тілдің титтей құны жоқ.

Естілмейді ол бүкіл елдің және ұлттың үні боп.

Керісінше, ұлтын, тілін менсінбесе кім де кім,

Сол бастық боп жүргізеді өз мәңгүрттік міндетін.

Әрі олардың ұл-қыздары басқа тілде білім ап,

Мемлекеттік тілге, рухқа ықыласы құрымақ.

Астаналық жас қазақтың қырық жеті пайызы,

Тек орысша мектепте оқып, қанып жүр ме айызы?

Қаншасы оның ертең өзін депутат деп ұғады?

Ұлтын тебер «тепутаттар» тек солардан шығады.

Болашақта олар сөзсіз ұлтсыздықты бақ санар,

Әкесі «анау» болғандықтан «жепутат» та нақ солар!

 

Шын депутат бірен-саран…

елдік мүдде соңында.

Ел соңында жүргендердің ештеңе жоқ қолында.

Ал әзірге аңғармайтын бақытын да, сорын да,

«Жепутат» пен «тепутаттар» ең құрметті орында…

Немен бітпек бұл рухсыз ауытқудың аяғы?..

…………………………………………………………………..

Қатал уақыт ертең бәрін өз орнына қояды.

 

 ҚОНАЕВТЫҢ ДАРА МАХАББАТЫ

ЖӘНЕ

СЕЗІМ, САНА БИІКТІГІ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Жеңгеңіз Зухра қайтыс болғалы бері Сіздің «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, Ал, махаббат таусылмайтын әңгіме!» деген екі жол өлеңіңіз есіме жиі оралатын болды… Кезінде осы өлеңіңіздің төңірегінде Зухра екеуміз ұзақ әңгіме өрбіткенбіз… Тіпті Сіздің Қорлан сыйлаған жүзікті 51 жыл бойы қолына тағып келіп, о дүниеге де өзімен бірге әкеткен Естай ақын туралы жырыңызды да ол теледидар арқылы берілген кешіңізден ұғып, маған таңдана айтып берген еді…

…Зухра жеңгеңіздің бүкіл өмірі ізденіспен өтті деп айта аламын. Мысалы, ол дүниеге мүлде қызықпайтын. Бұл жағынан да екеуміздің арамызда ерекше ұқсастық бой көрсетті.

Сізге тағы бір сырымды ашайын. Зухрамен жарты ғасырдан астам жұбайлық ғұмыр кешсек те арамызда бала болмады. Тағдырдың бұл тәлкегі жанымызға қатты батқанын да жасырмаймын. Бірде, әулетіміздің ақылман қариялары жиналып: «Димаш, келіннің ерекше жақсы адам екенін білеміз. Ата дәстүрге жүгінсек, өзің сияқты атпал азаматтан ұрпақ алып қалмау – елдігімізге сын. Тіпті, Мұхаммед Пайғамбар да осы салада үлгі көрсетпеді ме? Бәлкім, бұған келін де қарсы болмас!» – деді. Рас, Зухра да қариялардың ұсынысын қолдады. Өзім көнбедім. Себебі, мен үшін Зухра сияқты әйел жалғанда біреу ғана. Сондықтан оның маған деген шексіз махаббатына көлеңке түсіргеннен гөрі, тағдырдың пешенемізге жазғанына мойын ұсынуды әлдеқайда жеңіл санадым.

(«Қонаевпен сырласу» атты кітаптан)

 

 

«Өмір рухсыз шалқымасын,

Пенделікке уақыт айтар өкімін.

Мен Зухрамен жарты ғасыр

Және алты ай екі күн,

Бірге ғұмыр кешіппін.

Неге қазір мұң торлап тұр көзімді?

Ұқтым одан жан адамнан ұғынбаған сезімді.

Тағдыр жазған несіп бұл.

Ешкімнен де естімеген іңкәр, асыл сөзімді

Тек Зухрадан есіттім.

Енді бүгін сол күндерден қалды не?

«Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,

Ал махаббат таусылмайтын әңгіме!»

Осы қос жол жырыңыздың мағынасы жөнінде,

Сенім жалғап сенімге,

Ой мен сана бірлестігін негізге ап,

Жарысқандай егіз сезім, егіз бақ,

Жаздың әсем, айшуақты кешінде,

Бір түн бойы ой толғасқан сәттеріміз есімде.

О, керемет, арамызда бір таусылмай әңгіме,

Жалғыз тұлпар сырласым боп, қалып қойды ол мәңгіге! –

Деп сыр шертті бірде маған Дінмұхамед Қонаев,

Өз жарына деген дара сағынышы молайып.

 

«Махаббат ол – екі адамның сезім, пайым биігіне шығуы,

Сол биікте тұрып және бірін-бірі ұғуы.

Тұла бойы ізгіліктен өрілген,

Болмысыма шетсіз-шексіз берілген,

Жаратылған адам еді ол менің ғана бағыма!»

Деп Димекең жанарына жас үйірді тағы да.

 

Кейде мұңсыз төзімді де,

Шолақ, қызба сезімді де,

Махаббат деп мадақтаймыз, және соған сенеміз.

Тойға ұласқан үйленудің бәрін де,

Жұбайлыққа үйренудің бәрін де,

Нағыз егіз махаббатпен шатастырып келеміз.

Солай ғұмыр кешкен талай әжеміз бен атамыз.

Тіпті ұрпақ өрбітуді махаббат деп жатамыз…

 

Зор ақырған дауысымен селт еткізер даланы,

Есектер де сүп-сүйкімді қодық туа алады.

Әр жыл сайын бірнеше лақ тудырады текелер,

Теке сезім қандай жеке сезімменен өтелер?

Биік сана жоқ жердегі істің бәрі доғал ғой.

Әрі оларды махаббатпен шатастыру обал ғой.

Иә, махаббат неге жиі айналады елеске,

Талпынғанның бәрі неге шыға алмайды белеске?

Шын махаббат екі дара, екі іңкәр жүректің,

Шырқау сана биігінде жолығуы емес пе?!

Шырқау сана биігінде жан шындығы қалбырап,

Теңін таппай, жалғыз жүрген тұлғалар да бар бірақ…

 

Өзге тірлік, негізінен, бос еліктеу, алқыныс,

Бірін-бірі қолдау, алдау, ізденіс пен талпыныс.

Сағым қосып сағымға,

Рух даңқының құлдыраған шағында,

Қайсар, шыншыл талпыныстың өзі, әрине, жарқын іс.

Махаббатты мақсат тұту – адами өр салтымыз,

Онсыз біздер жай пендеміз, мүгедекпіз, жартымыз.

Махаббат ол – миллиондардың арманының алаңы,

Әркім оған өз намысын, өз тағдырын салады.

Көп адамның үміттері, талғамдары жаралы,

Сезім, сана шыңдарына кім шарықтай алады?..

……………………………………………………………………

«Махаббат тек дара, ұлы адамдарда болады»,

Деген сенім мәңгілікке өзгеріссіз қалады…

 

 

 

 

 

8 ПІКІРЛЕР

  1. Өмір ертең ақ көрсетеді Мұхтар Шахановтың дұрыстығын. Қалғандары орындарына отырып қойыпты.
    Екуміздің мақаламыз Дат тақсырда бірге шықты пікіріміз бір, біз бірі бірімізді көрген жоқпыз – Аллах пікірлес қылыпты . Мен 1987 жылы ЦК КПСС тың «қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулысына партсобраниеде қарсы шыққам. Ордері дайын тұрған квартирімнен айырлғам. Ол кезде Кокшетаудың горком партиясының бірінші хатшысы С.А. Дьяченко болған. Ол кәзір депутат мажилиса РК. Менікі дұрыс болды, Қаулыны ЦК КПСС жасырын түрде алып тастады. (журн. «Знамя» апрель 1987 г) Мен сөйлегенде қалғандары астарына отырып отырғандар, ашық ешкім мені жақтаған жоқ. Бұл жерде де мен Мұхтар Шахановпен бірдей ойлаптық, айтыптық. Ондай өр мінез неден туындайды:оны мына сөзбаен келтірейін:»Отанға деген махабаттан маңызды нәрсе бар. Ол Ақиқатқа деген махабат». Ақиқат деген – АЛЛАХ.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз