"ЖЕНДЕТКЕ" А.Сәрсенбайұлы: «Бүгін үнсіз қалсақ, ертең кеш болады.»

\

Мылтықбай   Ерімбетов

   Алтынбек Сәрсенбайұлы:   «Бүгін үнсіз қалсақ, ертең кеш болады.» «Қайырымды патша» туралы ертегіге сеніп жүргендерге бұл аңызды ұмытыңдар деп кеңес берер едім.                                                                                                                          1 қазан, 2004 жыл   Біздің халқымыз тоқалдан туған жоқ! 25 қыркүйек, 2005 жыл   Он бес жылдың ішінде елде 6 миллиардер пайда болды. Кейбіреулер тіпті олардың саны 8-ге жетті деп жүр. Ал халықтың тең жартысы тақыр кедей. Тұрғындардың төрттен бірі жан басына шаққанда бір жарым доллар нәпақаға күнелтіп жүр. 15 жыл ішінде елден 100 миллиард доллардың шикізаты тасып әкетілген! 25 қараша, 2005 жыл            Жылдар өтер. Жұрт «қазіргі мемлекет басшысы қандай болып еді, санамызда қандай атпен қалды?» деген сауал тастар. Сонда оның өз қолымен тұрғызған сарайы, зәулім ғимаратының, зауыты мен фабрикасының көк тиындық құны болмайды. Ол қол қойған жарлықтардың да қажеті болмайды! Одан кейін де ғимараттар салына береді. Ең маңызды сауал біреу ғана болмақ: Ол қандай қоғам құрды және артына қандай қоғам қалдырды? Қазақстанның қолда бар мүмкіндігін пайдалана алмаған ел болғанын қаламаймын. Тек біздің буын үшін емес, алдағы ұрпақ үшін де... 9 қыркүйек,2005 жыл Әзірлеген: Мұхтар Жанұзақұлы.   Ғалымжан Жақиянов: «Мені де дәл Алтынбекті өлтіргендей жауыздықпен атып кетуі мүмкін екенін енді түсініп отырмын. Дегенмен, құр үрейге берілмеймін...»   Ішкі істер министрінің ресми мәлімдемесіне сену қиын. Осының өзі бұл қылмыстың өзге бір ықпалды адамның қолымен жасалғанын көрсетпей ме? «Арыстанның» сарбаздарын Өтембаевтың  өзімен қоса сатып алған өте ықпалды адам...    Ол кім?.. Соны білгіміз келеді. Жансая Ахметова. Өскемен қаласы.

 

 

«Белгісіз жендетке!»

  Кесілмес Тіл, шабылатын Басы бар Мен-Қазақпын! Атыңдар да, асыңдар! Қайрат Рысқұлбеков, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы - Нақақ кеткен асылдар!   Халық—Намыс, кекті найза - жасыңдар, Абайлаңдар! Қарсы тұрмай қашыңдар− Айтарым бар, Елді сатқан ұлықтарыма, Қираған тақ сынықтарына─ Есімдерін жазар келер Ғасырлар!   Сұлтанбекті ─ Қожановты, Сәкенді ─ Сейфуллинді, Смағұлды ─ Садуақасовты, Жасырынған «Рэмболар» атыпты да, асыпты! Дербес зейнетақы беріп ─ жендетке, Ардагер деп ардақтадық үш әріптегі пасықты!   Мен кең қазақпын! Кем қазақ емеспін! Тау-тасына Даланың, Тіпті үстіне моланың- Орнатыңдар мұнай ком-па-нияларын- Қанымды сор, қазақ болып қаламын!   Ол ─ құдайдың компаниясы емес қой, Адам өмірі сәттік мезет елес қой. Цунами, тайфунь, қара боран дауылдар- Хақтан келген пендесіне кеңес қой!   Шақырсаң да Америка жендетін, Қалай көрмек боласын соң Ел бетін! Елім - бесік тербетті, Ерлер сонда ержетті. Қабірінді қаздырмақ па ең  шетелде, Алтындап-зерлеп, Қазақстан байлығын ал кетерде, А, «белгісіз» жендет?!   Үндістерді жоярда, Алтынды жерін оярда, Байлық емес туған жер деп  өлді олар, Жанын таппай қоярға.   Аспан көкті тіреген, Жүз қабаттық  Чикаголық үйлерге, Көшіргенмен бүкіл үндіс ауылың, Намысты кек оты өшпейді, бауырым! Түсінесің бе «белгісіз» жендет?!   Бас шайқалса, Тақ шайқалар - ол анық! Қазақ халқым кете алмайды жоғалып! Алаңда өлген, Тауда өлген, Үйде өлген Қыршындардың Тақты тебер обалы!   Жалған Рэмбо─ Арыстан ба, Барыс па? Өлтіруден түскен сынды жарысқа─ Қол көтерді Қазақ деген Намысқа, Жендет, Сатқын бара алмайсың алысқа!   Жолдас Жендет! Иең сенің сатқын ғой, Сен - Қорқаусың! Қорқып айла таптың ғой, Өйткені, сен жасырынып, тығылып Халық ұлын жонарқадан аттың ғой!   ... Отырардың ашып берген есігін Ел ұмытты қарабеттің есімін. Ашқан жанды алтын ал деп шақыртып, Шыңғыс қаҺан басын кесті бақыртып.   Ол жылапты «жасадым деп жақсылық» Хан айтыпты: «мені де ертең сатасың, Сатпай тұрып жерде бүгін жатасың. Өйткені, сен өз патшаңды ап шығып, Тұрсың міне Дұшпаныңа тапсырып!   Уа, «белгісіз»! Қазақ Ұлын өлтірген соң Қазақтар, Алған ақың ауру болып азаптар. Бұйрық беріп қан төккізген кәззәптар, Чаушескудің мазағындай мазақ бар!   Тау орнында, Ел орнында, өйткені Туады ертең әділдіктің көктемі. Аққа құдай жақ деп өскен алашпын Тозағыңның есігінде сан аштым, Жаңаөзенде қазақты атып адастың.   Күлден шыққан гүлдей қайта көктедім, Бұлт баспайды Қазақстан көктемін! Мұнай берген, Алтын берген, Кең жер берген құдайы- Қазағымды жендеттерден үстем еткен ұдайы!   Қауіп емес: Сатқын жендет өз перзенті болса да, Бронжилет киіп алып, бетон үйде қонса да, Таранменен алынбас деп тақ үстінде отырып «Қазағымды сүйемін!» деп айтса дағы өтірік, Қыршындардың   денесінен аққан қанның тамшысы, Секілденіп Найзағайлы  Намысты Елдің Қамшысы- Жонарқаңнан таспа тілер кез келеді демде, тым, Ерді өлтірген ей «белгісіз» жендетім!   Өлу үшін  Еліңсіз, Көму үшін кебінсіз, Ең дұрысы- шетеліңе, байлығына тез кету! Ия болмаса, диагнозың бойынша, Менің ақын ойымша - Жүйке аурулары диспансерінде емдету!     Бір ақыл 1. Толды күпті, кеуде тіпті, ойларға! Болды, бітті! Сенде бітті, сайран да. Ер болмасқа еріп, сеніп не керек? Кейде алмас та, жарамайды қайрауға!   Көбіктеніп көп сөз айттық мылжыңға! Тоңды тепсең- орынынан жылжыр ма?! Ен шоқыдан көң шоқыған күшіген, Көзін ашпай қала бермек мың жылда.   Салдың сайран, сауық-жайраң кезі өтті! Ойлан! Қайдан, елге пайдаң қажетті?! Создың қолды, қудың жолды, не жетті? Тоздың, болды! Сөз жетпеске- көз жетті.   Белді байла! Ерлікті ойла, кезекті, Ауыз жаппас, ақыл таппас мезі етті! Тиын қуған, қиын дудан басың тарт! Қапты қоңыз қаға берсін безекті!   Бүгін сөйлеп- жалақорлар жеңсе де, Үйде, түзде, қағаз-қалам, кеңседе. Өміріңнің өкіндірген парағын, Өлерменнің қадамымен өлшеме!   Белсенділер бүгін шықсын мінберге! Жел бергіші, ерген күші- жүргенде. Саудаланған сары жездің құны жоқ, Шындық- деген бір тәңір бар білгенге.   Шындық үшін жаныңды бер, төк қанды! Оған қарсы қарулар бар оқтаулы! Талай қыршын шындық үшін сотталды! Қалай тұрсың?! Саған кезек кеп қалды! 2 Байқа, бала! Айқайлама- сөзіңді айт! Жылтырақтан, құр құлақтан безуді айт! Еліңе ердің, нені көрдің- түйіндің. Нені сүйдің, неден күйдің- сезімді айт!   Шындығы жоқ шырылдақтың-тілі ащы! Өтірікпен өрге салмақ құлашты! Өсек-тұсау, жала-шідер байлады, Бейімбетті, Сәкен менен Ілиясты!   Жанын жалдап, жалпаң қаққан жоқ, олар! Жала жапқыш, ауыз баққыш жоғалар! Әділеттің ала арқаны оралар! Әлі-ақ түсер ауыздарға тобалар!   Жүрегіңнің елге түсір жарығын! Ерге түсір- түсінетін қадірін. Қуат берсін, шуақ берсін кеудеңе, Темірқазық- Шындық деген- тәңірің!

Мырзашөл. Қарой.

 

Светқали, мен саған хат жазамын, Сақалды ауыз, сақи тіл, пәк қазағым. «Қарой-екеу» дедің-ау, балалықпен Қарт Даламның қарамай басқа жағын.   Бетпақта Мырза деген өңірім бар, Өңірде қой сасыған қоңырың бар, Болғанда Иіржар-жүрек, Қарой-бауыр, Ортасынан бөлінген өмірім бар.   Бетке алып Маңғыстаудың маң даласын, Еске алып Бекет Ата – жан бабасын. Аттанды Есенғали, Жұмахан да, Тоя жеп Мырзашөлдің жал-жаясын.   Жал бітіп, жабағысы көтеріліп, Ми шайқап мұнай-құдай, бөтен үміт. Сезген соң ел болмасын жеке жүріп, Адайлар аттанысты Ақтауына Бейнеудің пойызына төте мініп.   Бетке алып бабакүлдік Маңғыстауды, Маған тастап Шымқорған-жаңғыз тауды. Кеткенде қырықмылтық қырдан асып, Бір Мылтық жыламсырап жалғыз қалды.   Келеатқан қоңырат па екен, адай ма екен, Қаройда қалған бізге қарай ма екен, Иіржардың жайлауында иірілген, Қой құсап... Қорымдардан қалай кетем?!   Тау асып, теңіз кешкен тас бауырым, Қалмады сасық сартта еш қадірім... Пейілі Ықыластай басқа бүгін. Парыш-таудан құлаған көш толқытпас, Алатау-Шамалғанның асқақ ұлын!   Махамбетше жырлаумен өтер ме едім, Шынымен көрген өмір бекер ме едің... Мырзашөл науат па едің, шекер ме едің. Шіркін-ай, Асан бабам арманындай, Атанға артып алып кетер ме едім.   Дұшпанға илам да жоқ жеке қылар, Ал, Қаройдың қайғысын көтеріп ал, Маңғыстаулық мырзалар бақыттысың, Көшіп кетіп қалатын мекені бар!   Жермайға елтіп желпінген жас бауырым, Ықыластай, өз ағаң, басқа бүгін. Сақи Құдай сәулемен оятсын де, Шамалғанның шаңтимес асқақ ұлын!

23.02.07.

«Бауыржан-шоуға» арнап... (86-желтоқсанды сағыну)   Қызына қой бақтырмаған елім, Әйелге отын шаптырмаған елім. Қызға қырық үйден тыйым қойып, Оғаш қылықты жақтырмаған елім. Алла-Құдай, енді не дедім?! Базарда жүр қазақ қыздары!   Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз, Шырын гүлі басқаға шашылмаған қыз. Ағалары ардақтап, жеңгелері мадақтап, Көкірегі ешқашан басылмаған,қыз! Алла-Құдай, енді не дедім?! Базарда жүр қазақ қыздары!   Қазаны отта қайнаған елім, Еркегі жылқы айдаған елім. Бәйбішеден-береке дарып, Немересі ойнаған елім. Алла-Құдай, енді не дедім?! Қап арқалап кетті Аналар?!   Барға бар деп тасымаған, Елім, Жоққа жүдеп жасымаған, Елім. От басында еркек омалып, Елім, Балаларын әйел асыраған, Елім. Алла-Құдай, енді не дедім?! Қап арқалап кетті әйелдер?!   Заманасы бұзылған елім, Ұят кетті қызыңнан елім. Әйелдері базарға шығып, Еркегі ішіп қызынған елім. Алла-Құдай, енді не дедім?! Қап арқалап кетті әжелер?!   Арақ ішу еркек ісі ме? Әйел-қазық , отау ішіне. Балаларын тістеп тісіне, Жүрген құстар кірді түсіме?! Алла-Құдай, енді не дедім?! Қап арқалап кетті Аналар?!   Гүл дәстүрің қурады, елім... Келімсектер думаны, елім. Ар-намыстың құрбаны едің, Ата-қамқор тумады Ерім! Алла-Құдай, енді не дедім?! Қайда? Қайда? Тұлғалы Ерім!   Сатылуда бұл ғаріп жерім?! Аһ ұруда былғанып төрім?! Тілімменен шын бақытты едім... Бір жағы керім, бір жағы көрім, Алла-Құдай, енді не дедім?! Қап арқалап кетті Аналар?!   Неге арқалап кетті Аналар?! Неге арқалап кетті Аналар?! Кек арқалап кетті Балалар?! Шер арқалап кетті Даналар?! 24.06.2002ж.         Қашаңғы? 29.1.90.   Бәрің бірдей тойшы атансаң-тұл қаларсың, Бәрің бірдей қойшы атансаң-құл боларсың.   Қойыртпақ ішіп, қой бағып, Қашанғы қазақ жүрмекші? Қой бүйрек беті қоңданып, Қоңсылар қанша күлмекші?!   Күрк-күрк етіп жөтеліп, Күбісін қыса, көтеріп, Көнбістікке еті өліп, Күркешікке кіржиіп, Қашанғы жеңгем кірмекші?!   Көмірлі жерде қи жағып, Көңілді жерде қиналып, Қысында тамға бір барып, Көктемде көше, жиналып, Иінге тұрмыс шоқпытын, Қашанғы қазақ ілмекші?!   Қолына көсеу, сыпырғы ап, Қолкөмек бере, тыпырлап, Қойда қазақ қызы жүр. Қарындары қампиып, Ауыздары аңқиып, Сирақтары сыйдиып, Тонын беріп біреуге, Жонын беріп біреуге, Ақымағы боқтасып, Ақылдысы топтасып, Тесік таппай кірерге, Қойда ұлдың жүзі жүр.   Қойыртпақ ішіп, қой бағып, Қашанғы көкем жүрмекші... Маңдайға тіреп жұдырық, Мазасыз көзі жұмылып, Қоңды қой баққан қоңырым, Оңды өмір қашан сүрмекші?!   Оңдамақ қашан өмірін? Қайтіп өмір сүрмекші?! Жүрегім, жаным, көңілім, Тек осыны білмекші?    

Жұбату

  «Ойнап жүріп жылама, Болады деп,-деп-таз басың...» Баласның бір ана, Сүртіп жатыр көз жасын...   Сипай түскен саусақтың, Ыстықтығын сезініп, Бала күндер аңсатты, Кетті жүрек езіліп...   Тағдыр соғып белімнен, Кетсе көзден жас тамып, Қағидадай көрінген, Осы сөзді еске алып.   Деймін: «Шыда, құлама, Алда күткен аз ба сын?! Қой жүрегім, жылама, «Таз болуға жазбасын!»   Марат Қабанбай рухына   Марат, қайдасың?! Өзіңді іздеп айналды қалқатай басым. Сен таза қаныңды газетке жағып, Таратқандайсың.   Өзің Алладан зарядталғансың, Мен де ояндым қаныңнан заряд барғасын... Сен отқа түсіп кеттің Ұлтың үшін, Басқалар қарап қалғасын!   Газеттегі мың-миллион зарядтарыңды, Алғандар үйренді ұлт үшін талаптануды.   ...Марат, қайдасың? Қалай қиып кеттің зарядталмаған парақтарыңды? Қаракөз қарақтарыңды... Қазақтарыңды!!   *** *** Шымкентте, автобекет басында, Қарлы қаңтар, Төрешім жоқ қасымда, «Ақындардың бәрі – жалғыз» жалғыздық, Тек Құдайға жарасады-ау расында.   Арса ағаштың басына ақ түсуде, Жолдар мас боп қардан шампан ішуде, Ішкі әлемім – күңгір-күңгір күмбездей, Мұндай халді көрмегенмін түсімде. Енді маған бәрі бөтен, бәрі жат, Шымқала тұр Төрешімсіз қаңырап... Нәпақасын түтіндетіп сұрайды, Монталылар адыраспан жағып ап...   - «Жолың болсын! Қолыңды жай, ақылдым... - Мә, ала ғой, керегі не бақырдың? Сендер емес, мен ғой дәуріш диуана, Қайда барам, қайдан келе жатырмын?   Тірлік деген – түтіндеген білте бұл! Тұтанайын, тілегіңмен түрте жүр! Көмген жерде дос қалдырған қос тағдыр, Өлген жерде ақша жиған ит өмір!   «Техасым-ай», қайыршылық күшінде! Мұндай халді көрмегенмін түсімде, Кетіп барам... ішім өлген, сыртым – сау, Рафик емес, көк табыттың ішінде!   КӨШ ЖӨНЕКЕЙ... Қабірстанмен қоштасу   Қабірде қап барады Мана батыр, Төндірген дұшпанына заман ақыр. Найзағай боп аруағы елес берер, Наркескен қылыш еді-ау, қара да тұр! Тәтпен бұлақ басында ғұ-сыл-дан-ған, Бұғышы мешіт қалып бара жатыр.   Қосын таудың етегі – бозым қалды-ау, Алты Атаның бозы еді – көзім қалды-ау. Ахмет бай мешіт салған Ақтас едің, Кәләм – Шариф Құрани – сөзім қалды-ау. Бұрқылдап бабам ішкен бұлақ қалды-ау, Ғалларал, Бәткей қорым жылап қалды-ау. Қойтастың жазығына тірелетін, Нұратаға шейінгі қырат қалды-ау, Молда Қойлан айтысып жеңіп алған – Бұхардың беглер бегі мөрін басқан, Өзбек, қазақ қалт етпей орындасқан – Айналайын, Ата Жер, бір-ақ қалды-ау!   Ағашты, Қызылтөбе көне жайлар, Жайылып жатушы еді жағалай мал. Өтен әжі, Айдарқұл болыс қыстап, Тілдәсін түйеге артқан Төлебайлар.   Қалмырза құдық қазып, Әбдіраман Ақсағымен мың етіп мал құраған. Құлыпсары әулие – Құрманәлі, Мұзды, Сырлы сырласқан қалды заман. Керней мен құлақ тұнды даңғырадан, Келгінші кеп әукесі салбыраған!   Бөртіскен, Түйедала, Қызылқұдық, Жеуші едім рауғашын үзіп жүріп. Үшқұлаш, Келтөбені тастап барам, Көзімнің моншағындай тізілдіріп.   Дегенде Пістелі тау, Ұзынқұдық, Тұзкеннен балық тұттым жүзіп жүріп. Көктөбе, Жетімтау тұр көз ұшында, Көзімнің қарашығын үзілдіріп!   ...Үркінде тәжік барып, ауған асқан, Қызылбас араб құлын саудаласқан. Меккені мекен етіп тәкия сап, Тиектіні сипаған Алла бастан.   Ойпырмай, бәлшебектің бәлесін-ай, Кеңестің бай-бағланға кәрі осылай. Деп жүргенде жеріңді өзбек алды, Болар деп кім ойлаған дәл осылай? Бит басқан бәлеқордың дәмесін-ай!   Заман-ай! Тойтөбенің топырағы! Деп шалдар есіне алып отырады. Алыста – іздеп, жақында – тебісетін, Жылқы мінез ағайын осы-дағы.   Шымқорған, сізді талай сағынғанбыз, Суыңды ішіп, жапырақ жамылғанбаз. Құлпысары етегінде тыныш ұйықтаңыз, Қош енді Әбдікәкім дамолламыз! Аманат құла дала, құмды белдер, Жарықтығым, қарайла, бәрін жалғыз!   Атын алдырғанның зары   Аяғының желі бар, Жұлдыз атым-ай! Жаудай ұры әкеткен, Жалғыз атым-ай! Жылап өлең шщығардым, Жанға батып-ай, Сені сойып құртады-ау, Әлде, сатып-ай!   Қыс кеткен соң, қыр асып, Көктем шығар-ай. Жер исініп, буазып, Шөптер шығар-ай! Соған сені жаяр ем, Жалғыз атым-ай, Жауыз ұры түбіңе, Жеткен шығар-ай!   Сені мініп көкпарға, Араластым-ай! Ондай кезде өзімнен, Адам асты ма-а!? Бадалғыр тас ұйқымен, Қатып қалыппын Түнде тұрып қарамай, Қара басты ма-ай! Қара түнде ұры алды, Қолың сыңғыр-ай! Үсті-басын түп-түгел, Жара басқыр-ай!   Таңдау   Белінде әке бір шақта, Жеті бір түске боялмай. Мехрибан ана құрсақта, Құлыпталып жаттық оянбай.   Тылысымы бөлек түндерде, Құдіретімен құдайдың! Жарбиып жарық дүниеге, Біз пайда болдық қояндай.   Сүтінен Ана құшырды ап, Жыладық, қалсақ тоя алмай. Тойған соң танау пысылдап, Ұйықтадық тәтті оянбай.   Тәлтіреңдеп аяқ жылжыттық, Зынданнан шыққан нояндай. Қанағат қылдық бір құрттың, Жартысын жесек тоярдай.   Жер беті жасыл, пәк дүние, Жасылға дүние боялды-ай. Алпамыс құрыш денеде, Алыптың күші оянды-ай. –   Алшаң да алшаң жер бастық, Өкшеміз жерді оярдай. Су кешіп, құм мен қар бастық, Тауларды таптап қоярдай.   Баяғы пөпе қайда енді, Бүрісіп жатқан қояндай?   Бір тамшы әке-белбеуде, Жүр едік тыныш, ояебай.   Қара бір жерге симап ек, Шайнасып бақа, шаяндай. Ақыры, таптың қырға кеп, Айқұлақтанған молаңды-ай.   Он сегіз мың ғалам тәртібін, Жаратып, қайта жоярдай, Құдіретіңе тәнтімін, Жаратқан Тәңір, ой, Алла-ай!     Жетісайдың базарында қымыранға су қосып сатқан жеңешеме Түйе деген жануар түлік төресі, Солай деген Құдайдың Ұлық Кеңесі. Қойдай арам қатпайды бауыр құрт болып, Сиыр құсап шықпайды сүліктен есі.   Жылқы құсап су таңдап, жем де жемейді, Қошқарыңдай дәмді шөп термелемейді. Еңбегі еш, тұзы сор, есіл жануар, Сөйтіп жүріп қосады елге кедейді.   Жөнге жүрген қазақ ем түйе мінезбен, Құлай сүйген Даласын киелі кезден. Сұрқылтайы шулаған кез болды заман, Ит мініп, ирек қамшылап, иегін езген.   Қатты намыстан қан толып қарашық мынау, Аш пенен тоқтың айқасы таласып тұр-ау. Өзегім талып келіп ем, қымыраныңа Неге су қостың, қолыңа жара шыққыр-ау?   Нарық леген Диюдей қара басқырға, Қолың создың дегендей: «баланы аш қылма!» Адамның қаны секілді – Аруана сүті, Қазақ қанына бөтенді араластырма!   Замана, Қазақ, бағыңды байлады келіп, Өгіз де өлді, арба жоқ – жайрады көлік. Байрағы болып жүргенше боданда босып, Өлгенім жақсы Даланың тайлағы болып.   Змана – дауыл жеғеше, айдады делік, Кете береміз бе мәу демей, айдалып өліп? Сары су ішікіш баланы сапыра бермей, Қалсаңдаршы Қазақтың қаймағы болып.   Пітір беру борышың – малың барында, Десең, байдың пейілі тарылғаныңда... Қайтем, қазақ боп өлем, жоқшылықта да, Және, ақ түйенің қарыны жарылғанында.   Талтайып тұр, момыным, сүтін беруге, «Шүкір» дегенге ұқсайды түкіргені де. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деуші еді, Түйе сені, немене, түтіп жеді ме?!   Қазақтың адал, ақ сүтін арам ас қылма. Базар аштың ба, байды да, баланы аш қылма! Қытайға тиген қазақтың қыздары ұқсап, Қазақ қанына бөтенді араластырма! Қымыранға суды, жеңеше, араластырма!   Азаптың бәрін көргенбіз, ғажаптың бәрін, Айтарым, әттең, көп еді, аз-ақ тыңдадың. ...Қымыранға су қосып сатапаңыздаршы, Былғамаңдаршы, жеңешелер, қазақтың қанын!   Әне, мешіт!   Әне, мешіт, Қақпай-ақ кір, есігін! Аллаң өзі-ақ берер саған кешірім. Хақ мұсылман болса егер есімің, Әне, мешіт, Қақпай-ақ кір, есігін!   Ла-иллаһа-илла-Алла! Мұхаммед-расул Алла! Ла-иллаһа-илла-Алла! Мұхаммед-расул Алла! Ла-иллаһа-илла-Алла! Мұхаммед-расул Алла!   Біз емеспіз Дүниені бүтіндер, Сен келер деп ғаріп-міскін күтінді ел. Арам байлық ажалыңа апарар, Ей, Мұсылман! Қайыр, зекет, пітір бер! Бісмі-Алла! Бір Алла! Деп жазылған Құранда! Алла аты ұранға, Айнал деген Құранға! Ла-иллаһа-илла-Алла! Мұхаммед-расул Алла!   Аруақ үшін басыңды и тағдырға, Баба-жолы – бақи жатыр алдыңда. Тіршілікте күнәңді көп қалдырма: Әне, мешіт! Ей, мұсылман, бардың ба? Ла-иллаһа-илла-Алла! Мұхаммед-расул Алла! Ла-иллаһа-илла-Алла! Мұхаммед-расул Алла! Ла-иллаһа-илла-Алла! Мұхаммед-расул Алла!   Медеуге келген шетелдік қазақ жігіттің қазақ қызына айтқаны   Жер бетінде бір әсем, Қазақ барын білмедім. Оның мені осынша, Азаптарын, білмедім. Бұл өмірді бақылап, Бал мен уын татып ап, Жүрегімде ақымақ – Не жатқанын, білмедім.   Жүрегімді тыңдап ем, Түк демеді, әсемім. Артып қойған мұнда мен, Жүк көп еді, әсемім. Сол жүктерден шаршайды, Әлдекімді аңсайды, Бірақ, ол сен емессің – Күтпн, мені, әсемім.   Жақсылыққа бір белгі, Жоры да, сен әсемім. Жалғыз кешне, түндерді, Торыға сен, әсемім. Айналмасын жараға, Арманыңды бағала. Алаңдама, қарама – Жолыма сен, әсемім.   *** Шымқорған жердің көркі еді-ау, Көктөбе таудың бөркі еді-ау, Көзімнен ұшқан бұл дәурен, Өзегімді өртеді-ау.   Дүние деген жалған-ды, Жалғанға көңілім алданды. Қай бабадан көріп-ең, Қабірді тартып алғанды.   Қызылқұм деген дала бар, Дамолла Әкім дана бар. Қош боп тұр енді көргенше, Ағайын, туыс, ағалар, Жерді сатақан атаңды, Көміп кетіңдер, балалар!   Менің мұңым – Мырзашөл 1. Елім менің, жерім менің! – деп жүрмін, Басы солай басталатын көп жырдың. Шекараның ар жағында қалды елім, Көңілдіден мұңға ауысты әндерім. Мөрді басып, ақ қағазға белгілеп, Өзге жерде көлім қалды мөлдіреп. Таулар мені қарсы алмайды келді деп, Шаштарымды тарамайды жел-жібек. Қабыр қалды қарауытып, түнеріп, Бауыр қалды, Елге сәлем жіберіп. Ақ патшаға әлі сеніп Ел отыр, «Жер дауы жоқ!» - деді патша, неге отыр? Өлген мола, туған жерді күзетіп, Отыр қазақ сүйегінен сөз өтіп!               2.         Сенбеймін адамға, Сенімім жоғалды – Адамдар ұмытты сауапты, обалды. Жайлаған жұқпалы аурудай қоғамды Адамдар өтірік сөйлейтін боп алды.   Дегендей пендеге: «Бірің өл, бірің қал», Мейірім жоғалды, адамда бұрын бар... Зұлымдар ашпайды құлыптаулы сырын бар, Адамдар, өтірікке алдана тұрыңдар!   Балшық деп айтса да, тас екеш тасты да, Қарамай сене бер аяғың астына. Тұмсығың сол тасқа тигенде, ес жиып, Шындықты іздерсің, жанарың жас буа.   Сенбеймін мен енді, Сенгенмін, жетеді! Адамдар сүйем деп жылатып кетеді. Өмірдің шын сиқын танымай жүрмісің, Жалақор, парақор, бәлеқор мекені!   Шындыққа дүниеде асыл жоқ тең келер, Десек те адамдар алдаумен емделер! Ақшаға сатылып кетеді екен ғой, Арманы таусылған, бейшара пенделер!   Ақындарым Ақындарым, Үндемейсің неліктен? Бұл өмірге мылқау болып келіп пе ең? Намыс болып ерлер жатыр Кеңсайда, Намысыңды Сен де бірге көміп пе ең?!   Қайдасыңдар, Светқали, Сабырым? Махамбет деп таусылып ед сабырың. Оққа ұшты Мұқағали сарқыты, Ықыластар қолтаңбасын таныдым.   Қайдасыңдар, Ғалым, Марал, Қазбегім... Қан жууда қазағымның әз жерін. Балақтағы биттер шықты басыңа, Кабактағы отырысқа мәз бе едің?   Көк жұлынып, құлап жатыр Арысың, Ақындарға бұл өмірде бәрі – сын. Сөйле, жырла, қуыстағы қорқаулар, Ақындардың кекті даусын танысын!   Қайдасыңдар, Байботалар, Мәдилер, Бір сөзіңнен ақыным деп таниды Ел. Беттеріне бетон киген бюрократ, Ұлт Сатқынын отты жырмен қари гөр!   Отыз жеті, Сексен алты сырларын, Ақындарым, өз мұңым деп жырладың. Байқайсың ба, Қазақстан қырларын, Желтоқсандай ызғар буып тұрғанын?!   Халқым менің! Алтынбегім – Есті Ерім! Тілін байлап, көрдің басын кескенін? Тыныштықбек, тынышыңды алам, Бауырым – Есім екеу, түсім төртеу, не істедім?   Оқ деген сөз – оттан ыстық қорғасын, Отан қорға! – оққа қарсы болғасын. Ақындарым! Сендерге айтам, Ұлтқа қолын көтерген, Арсыздарға таста сөздің бомбасын!   ...Бастарына  ақырзаман орнасын! Ақындарым, Аллам сізді қолдасын!  

 Мылтықбай Ерімбетов