Серік Тұрғынбекұлы. БҮГІНГІНІҢ БИІ
2012 ж. 15 қазан
1709
0
Қазыбек Исаға
Есімің елге мәлім,
Би атында.
Соншама қызықпайсың,
Сый – асылға.
Көрініп тұрады ылғи
Адамдығың –
Бойдағы арың менен ұятыңда.
Ұлтының жүрегіне
Ұялаған.
Шынында –
Біздің Қазыбек зиялы адам.
Орыны оқырманның ортасында,
Көрген жоқ оны ешкім би алаңнан.
Таттырдың оқырманға
Тілдің дәмін.
Көп сеуіп кеуделерге
Гүлдің дәнін.
Бір үміт жанарыңда шырақ жағып,
Білемін –
Қабағыңда бір мұң барын.
Тартқан бір,
Тауқыметі азабының –
Жырының,
Өлеңінің,
Ғазалының
Қадірін,
Қасиетін сонда ғана
Біледі ел,
Оқыған соң «Қазақ үнін».
Байланған баяғыда арға басы.
Соғылған талай-талай жарға басы.
Бәлкім ол,
Ертіс те емес,
Есіл де емес,
Өзінің жарқыраған Шардарасы.
Заманның байқап біліп қас-қабағын,
Тақпайды жөн-жосықсыз басқаға мін.
Көрдім мен жауыздықты ауыздықтап,
Жолынан жалмауызды - жасқағанын.
Айтады ойын бүкпей – сөзін ашық.
Керенау –
Көрсоқырдың көзін ашып,
Үнемі ұлылықты ұлықтаған,
Болған соң сұлулыққа өзі ғашық.
Отырсаң –
Лайықсың төр басына,
Сөзіңнің тәнті болдым жорғасына.
Еліңнің қайғысы мен мұңы сенде,
Келген соң – 50 деген
Ер жасына.
Заманының ахуалы – күйіне еріп,
Асыл сөз –
Алқымыңа жиі келіп...
Баяғы Казыбек атаң секілденіп,
Сөйлей бер –
Бүгінгінің Биі болып!
Серік Тұрғынбекұлы,
Астана,
04.10.2012 ж.