АЛАТАУДАН МҰЗБАЛАҚ БОП ОРАЛДЫҢ

(Ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ҚР Мә­дениет қайраткерi, “Жас қазақ үнi” газетiнiң бас директоры Қазыбек Исаның 50 жасқа толған мерей­тойына арналған аймақтық  мүшәйраның Бас жүлдесін алған шығарма)   Бұралаңы көп өмiрдiң өзi жорық-сын, Оты бар жiгiт ол жолда неден қорықсын. Тағдыр-жiбiңдi Алатауыңа байларда, Дедi ме екен: – Кiл қырандарға жолықсын. Жыр едi-ау сонда елге тастаған жоралғың, Арман арқалап Алматы жаққа жол алдың. Қызылқұмыңнан қасқалдақ болып ұштың да, Алатау барып мұзбалақ болып оралдың. Барыс жылында туылған бар бол Барысым, Әу баста бөлек көрiнген аяқ алысың. Қазыбегiн бүгiн қарсы алды мынау қалың ел, Ұмыт қалдырып сүйкiмдi Сапаралысын. Турасын айттың. Туғанға сөйтiп жақпадың, Жәдiгөйлердiң басынан бiр-ақ аттадың. Қой,–дегендердiң ауыздарына құм құйып, Түбiнде аға, азаматтығыңды ақтадың. Сыр едi бұрын, жыр болды бүгiн мекенiң, Көрдiң бе елдiң iргесi бүтiн екенiн. Паң күлiп барып, парсының падишахына, Көрсетiп қойдың қазақтың қандай екенiн. Қазақта ердiң нарқы бiр сөзден бiлiнген, Пенде көп қазiр зыр қағып тiлмен жүгiрген. Тағдырың сенi сүрiндiрсе де тiзеңнен, Сүрiндiре алмады, сүрiндiре алмады тiлiңнен. Қорғай алатын болайын деген баласын, Қолдай алатын аман боп тұрса Алашың. Тоқсанда көкпар тартатын атам секiлдi, Жыр-бәйгелердi тақымға талай аларсың. Ақыры айттым, жасырам аға сыр несiн, Адал болсам деймін адам боп өмiр сүргесiн. Жаныңа жақын тiксем бе деймiн өзiмше, Жатаған ғана қараша үйдiң iргесiн. Сәбит Лаханов, Шардара ауданы