Айтулы ақын, көрнекті көсемсөзші Өтеген ОРАЛБАЕВ шығармаларын оқығанда өрбіген ойлар
Я – голос ваш, жар вашего дыханья,
Я – отраженье Вашего лица...
Ведь все равно я с Вами до конца.
Анна Ахматова
Талант Жаратқан Иемнің ерекше мейірі түскен пендесіне берген өзгеше сыйы. Жүректің сыясымен жыр жазатын жақсы ақын адамзат ақыл-ойының алдыңғы шебінде жүреді. Алла Тағала талантқа құстың тілін, гүлдің сырын білетін қабілет берген. Өтеген Оралбаев «Адамзатқа жасасам деп жақсылық, алтын-балық жүрегі тулайтын», «жырынан жусан исі бұрқыраған» талант! Оның қуатты қаламынан таңғы шықтай тамып түскен сымбатты бөлек сұлу жыр, нұрлы сырдың бірі:
Ойламаушы ек
Үйге ертерек қайтуды,
Жырға бөлеп
Жайнатушы ек жай түнді.
Оттан ыстық оймақ ауыз еріннен
Оттан ыстық талай сөздер айтылды.
Сен де,
Мен де жанып тұрған ақын ек
Жастық шағым, сол күндерге рахмет.
Сен де бұлақ!
Мен де бұлақ жарысқан
Бақыт құсын шаршамай қуатын ек.
Қандай жарқын,
Қандай ыстық шақ еді,
Жұмбақ еді жүректердің әлемі.
Өзің түгіл, қырық жетінші бөлменің
Әйнегі де болатұғын әдемі.
Есіңде ме,
Ойламаушы ек қайтуды,
Көзімізден көкейдегі ой айтылды.
Төбемізді дір-дір етіп билеген
Алтын сырғаң секілденген ай тұрды...
деп әсерлі сезім, әсем ән боп төгіледі. Ақын жыры – жан сыры. Сол жыр, сол сырды оқушы да еншілейді. Оқырман өзге емес, өзі айтып тұрғандай сол жыр, сол сезімді. Ақынның ақиық жыры мен ақжарма сезімін оқырман қылаусыз қабылдаса талантқа бұдан артық бақ бар ма?
Қазақтың ұлы ақыны Сырбай Мәуленовтың:
Өзен бойы тал екен,
Қара суы бал екен.
Таяғына сүйеніп,
Қарсы алар ма кәрі әкем? –
деген жыр жолдары баяғыда бір оқығанда-ақ жадымызда жатталып қалып еді. Бір қарағанда қарапайым ғана шумақ, әйтседе, қарадүрсін емес. Сыртқы қарапайымдылық – ішкі сұлулық пен ұлылықтың бір тіні. Өтеген Оралбаевтың «Жайлауда» деп аталатын өлеңінің ерекшелігі табиғат көрінісі мен адам бейнесі бірін-бірі байыта тығыз бірлікте суреттеледі.
Шау тартып қалған төбе де,
Шөптері кеткен сарғайып.
Шағырдан үйген шөмеле,
Жанында әкем мал жайып.
Тұратын төбел торымен,
Сағымнан қырлар мұнартып.
Ауылдың адал желінен,
Аңқитын иісі құмаршық.
Табаннан өткен нар құмнан,
Жіпситін мандай мұрнымыз.
Арқалап тезек шалғыннан,
Қайтатын кешке құрбы қыз.
Батады күн де маужырап,
Шақшиып күндіз тұратын.
Жақындап келіп тау жырақ,
Іргеден самал ұратын.
Салатын әкем қоңыр ән,
Қосатын еді қырат үн.
Шаңырақтың тарау жолынан,
Жұлдыздар қарап тұратын...
Бұл сырты жалтырауық, іші қалтырауық қуыс кеуде өлеңсымақтармен ауыл қона алмайтын, қарапайым сөздермен қаншама жанды суреттерді көз алдыңа алып келген сымбатты бөлек сұлу жыр. Сөзбен сурет салудың озық үлгісі бұл. Сырбаз ақын Сырағаңның жоғарыда айтылған жырымен үндес, сол билікпен иықтасқан өмірлі өлең. Бұл Сырбай Мәуленов сынды жыр дүлділіне еліктеу де, оны қайталау да емес, өз жолы, өз биігі бар өмірлі өлеңнің озық бір үлгісі. Қуатты қаламнан осындай шуақты жыр туған ақынның: «Өлеңге өлімнің де әлі жетпес, жазамын, жазып келем, жаза берем» деп айтуына толық құқы бар.
Өтеген Оралбаев өлеңдері – іштен шыққан ішті сөз бұл! «Жүрегімді бермеймін, жүрегімді, жүрек керек жырлауға ұлы елімді» деп еміреген ақынның тебіренген жырлар да өлеңнің өрісін кеңейткен өрелі, тұлғалы туындылар. «Қара көмір ішінен сәуле көріп, қара көзі мөлдіреген» ақын «бұрғының ұшымен өмірдің өлмейтін өлең жазып жатқан» кеншілер мен мұнайшылар еңбегін асқақтата жырлап, «сөз қалса деп соңындағы ұрпаққа, ой-құдығын қалам-белмен қазады».
Өтеген Оралбаев арнау өлеңдерді Тұманбай Молдағалиев ағасындай аса көп жазбаса да дөп жазыпты. Сол жырлардың бірінде «Бурыл шашы бұрқырап бара жатқан» классик жазушы Ахтанов, енді бірінде «бодан боп жүрген боз ойды, балға мен төсте қайраған ойлы адам... халықтың ашық маңдайы, қазақ елінің таңдайы» бүгінгі күннің Төле би сынды төбе би Әбіш Кекілбаев бейнесі көз алдыңа келеді. «Әуезовтен бес алған» академик-жазушы Зейнолла Қабдоловқа және Мұстафа Өзтүрік, Әлия Молдағұлова, Кеңшілік Мырзабеков, Меңдікеш Сатыбалдиев, Жүрсін Ерманов, Несіп Жүнісбаев сынды есімі елге танымал тұлғалар мен Әселге, Әсетке, Дәуірге арналған жырлары да сәтті. Ал, Ғабеңе-Ғабит Мүсіреповке арналған «Есіңде бар ма, Елтін жал...» атты сырлы, нұрлы жырды бей-жай оқу мүмкін бе, өзі?! Әй, мүмкін емес-ау. «Ботагөз» аймақ боз жусан, бақытты мекен – Елтінжалмен» мұңдаса, оқырманмен сырласа отырып ақынның ақ қағазға тамған көз нұры бұл. Осы бір мұңлы да күйлі, ойлы да оғлан жырды оқып отырғанда «алысқа түскен жарығы, арғымақ сөздің алыбы» кемел ойлы кемеңгер классик жазушы, ұстазымыздың аяулы да асыл бейнесі көз алдыңа келіп, «Оянған өлке ойланып», қайталанбас хас талантқа тағзым етіп еткендей, «Жөргегі жауһар Елтінжал... тобылғысы бүрлеп, тіл қатып тұрғандай» әсерге бөленесіз.
Үзінді келтіруден қанша қашқалақтасақ та ақынның арнау жырларын сипай қамшылап, сырғақтасақ өлеңге обал. Сол себепті де ойлы да мұңлы ақын Жұмекен Нәжімиденов жайлы:
Алатаудың бауырында жатырсың,
Туған халқың жүрегінде жерленіп, –
деп тап басып, тамаша айтқан жыр жолдарын оралып өте алмадық. Өтеген Оралбаевтың арнау өлеңдерінің сымбаты мен сырын үзік үзінді аша алмаса анық. Соданда көп арнаудың біреуін оқып көрелік:
Келеді ақын
Көшеде жалғыз демігіп,
Нар еді-ау кеше
Көтерген талай белі жүк.
Жолдасын ойлап,
Жабырқау тартқан сәті ме,
Он тарау ойы
Он тарау жаққа бөлініп.
Туралап тартқан
Төсекке жамбас жегізбей,
«Боркемік екен,
Қайраты қайтқан» дегізбей.
Еңсесін тіктеп
Елімен бірге келеді,
Толқынды шашы
Дауылды күнгі теңіздей.
Өмірі – өлең...
Өсірген талай жетімді,
Арманы оның
Ақша бұлт болып жетілді.
Тұр, әне ақын,
Жүрекке қосып байланған
Ақырғы гранаталар секілді...
Меніңе, арнау өлең – кейіпкерді бас салып мадақтау да, атақ-даңқын адақтау да емес, оның бейнесін сөзбен сомдау, өзіндік ерекшеліктерін көркем сөзбен көмкеру. Бұйра шашы оймен ағарған сабырлы, сырбаз абыз Әбу Сәрсенбаевты бірден танисыз жауһар сөзбен өрілген бұл жақұт жырдан.
Теңіздің дәмін тамшыдан да тануға болады. Өтегеннің «Төрт өрме қамшы...» деп аталатын бір ғана өлеңінен-ақ оның талантты ақын екені анық танылып тұр. Бұл жақұт жырда терең ой да, тебіренген сезім де, көз алдыңнан кетпейтін көркем сурет те бар. Кішіпейіл бол, бірақ кішірейме! Ақынға асқақтық та керек, Өтеген!
Мына бүгінгі дөңбекшіген дүние, аласапыран уақыт, алмағайып замандағы үлкен бір өкініш – қаламгер мен оқырманның арасы алыстап барады. Оның себебі біреу емес бірнешеу. Оның бәрін тізбелеп, тақырыптан ауытқымай турасын айтсақ – мұның соңы жақсылыққа апармайды. Ақын, Нобель сыйлығының лауреаты Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» депті. Мен ойлаймын, адамзат не әдебиеттің бағасын біліп, өткен ғасырлардағыдай оны алақанға салып аялайды, не осы бетімен одан (көркем әдебиеттен) біржола қол үзіп, өзінің түбіне жетеді. Наполеоннан қалған бір сөз бар: «Феодализмді құртқан зеңбірек, адамзат қоғамы қаламға тәуелді» деген. Көңілдегі көп күдікті жеңетін бір үміт – көркем әдебиетті жата-жастан оқитындар аз да болса әлі де бар. «Өркениеттің жалпы көрінісінде әрбір халықтың орыны оның оқыған кітабының санымен анықталады» деп Э.Лабуле тегін айтқан жоқ. Ал, оқырман мен қаламгердің арасын жақындатудың бір амалы – кітаптың ойлы, тартымды болуы десек. Осы қасиеттер Өтеген Оралбаев шығармаларына тән. Бұған көп дәлелдің бірі:
Ұлы Теңіз – Ұлы ақын,
Ақын болу болды менің мұратым,
Кешір мені қырқалар мен қыратым,
Трубкамен толып қайта оралар,
Насыбайдан қалған көңіл бір атым.
Хазарға кеп кішірейдім мың есе,
Саған жалғыз берер деймін күн есе,
Көрінбейді бейіттері айдынның,
Теңіз саған болар деймін түнесе.
Саған қарап тұрамын да. Қорқамын,
Түкке аспай-ақ қалар-ау жортағым.
Дала болып далиғанмен көңілім,
Сен болмасаң тайызбын да, ортамын.
Қандай тарих жарасады Хазарға,
Көңіл шіркін ұмтылады жазарға.
Көл көргенде толқып-толқып
кетуші ем,
Теңіз деген ұқсайды екен базарға.
Сенен ұлы,
Сенен терең жоқ ақын,
Теңіз – менің толқындаған қанатым.
Көк туымдай көлбеңдеген жанатым,
Көк аспанға бояу жаққан абатым.
Ұлы теңіз – жүрегімнің бөлшегі,
Тереңдік пен тазалықтың өлшемі.
Жағаңа кеп жалаңаштап жанымды,
Алдыма алып әлпештеймін мен сені.
Бар болғаны алты шумақ өлеңде ажарлы айтылған астарлы ой да, селкеуі жоқ сергек сезім де бар. Бұл құйылып түскен құйма алтындай жауһар жыр.
Өтеген Оралбаевтың «Жылдар мен жолдар» атты көлемді кітабы очерктер мен көсемсөздерден түзіліпті. Бірінші бөлім-
дегі Ш.Айтматовпен болған сыр-сұхбаттағы сауалдар да, оған берілген жауаптар да салмақты пікір, салиқалы ойларымен баурайды оқушыны. Екінші бөлімдегі қайраткер ақын Жұбан Молдағалиев жайлы жазылған «Мәңгілік қазақ, мәрт қазақ» атты эссе-новелла:
1986 жыл. 31 желтоқсан.
Қар жалаған ұясына енді күн.
Қан жалаған ұясына енді мұң!
Шырша қуып шаптығып жүр біреулер,
Шындық іздеп келді мұнда ел бүгін.
деген өлеңмен көмкерілген екен. Мұнда да шығармашылық ізденістердің жемісті ізі сайрап жатыр.
Үшінші бөлім Мырзатай Жолдасбеков туралы сыр мен жырмен» ашылыпты. «Күлтегінмен кіндіктес» деген мақала-толғаудың аты айтып тұрғандай мұндағы бедел сөз Мырзекеңнің ғалымдығы.
«Жақсылықтың жаны – адамды жақсы көру» депті Люк де Воверанг. Осы сөз Мырзекеңнің елдің бәрін дос көріп, елжіреп тұратын жалтаңы жоқ жандүниесіне орай айтылғандай. Өтеген сөзін оқырманға өтімді етіп тұрған бір қасиет Мырзағаңның қайраткерлігімен, ғалымдығымен бірге оның жан дүние иірімдерін тамыршыдай тап басып, тамаша суреттеуінде болса керек. «Күлтегіннің күміс шапқан көпірі – Мырзатай мен мырза күннің арасы» екеніне оқырманды иландыра алған Өтеген Оралбаевтың талантына тәнтіміз.
Өтеген Оралбаев алпыс дейтін асқарға шығармашылық және мемлекеттік қызметтегі толымды табыстарымен ентікпей еркін көтеріліп отыр. Ащы да болса ашығын айтайық, бүгінгі тірлік қызғаншақтық пен күншілдік өршіп тұрған әсіресе, шығармашылық өмір мылтықсыз майдан. Әдеби орта тазалықтан алыстап барады. Төменде болсаң тілдейді, төрге озсаң күндейді, сәл сүрінсең жүндейді. Біз тұрмақ Әуезов бастаған алыптар тобы жеген таяқ бұл. Жазушының тағдыры сол, одан қашып құтыла алмайсың, көлеңкең құсап қыр соңыңнан қалмайды, шаршамайды, талмайды. Осы мылтықсыз майданда тылың мықты болмаса, күйреп қалмасаң да күйзелерің хақ. Біздің байқауымызша Өтеген Оралбаевтың жан жары Нағима, бауыр еті балалары Әсел, Әсем, Дәуір қостаған тылы мықты. Соданда ол қиындықтың нар қамысын қақ жарып, алпыс дейтін асуға шаршамай, шалдықпай шықты. Алла Тағала енді соның қызығын көруге жазсын.
Талантың мен топтан озған саналым,
Мен өзіңе ғашық көзбен қарадым
Алла жар боп ақ күн тусын алдыңнан,
Жүз жаста да жарқылдасын жанарың!
Алпыс жасқа толған мерейтойың құтты, денсаулығың мықты, қаламың сүтті болсын! Жасай бер, жаза бер қаламдас – тағдырлас дос Өтеген Оралбаев!
Сәбит Досанов