«Айтыңыз, атыңыз кім болады…»

13
8015

Кезінде әнші анамыз Роза Тә­жібайқызы Бағлан шырқап, кейін «Дос-Мұқасан» тобының орындауында кеңінен тарап, әлі күнге дейін шырқалып жүрген әннің осы сөздері көп нәрсені білдіреді. Себебі қазақ өте балажан халық. Дүниеге сәби келсе, қазаққа одан өткен зор қуаныш жоқ екенін:
Бар нәрсенің ләззаты,
Ата-ананың жаннаты,
Бұл дүниенің мұрасы,
Перзентіңнің ырасы, –
деп ақын Майлықожа Сұлтанқо­жаұлы төрт ауыз өлең жолымен жет­кізген.
Дүниеге келген жаңа өмір иесі­-
нің қуанышына әйел босан­ған күні кешке ауыл жастарының шіл­деханаға жиналып таң атқан­ша, сәбидің анасын ардақтап ән салып, күй тартуы, кейде шіл­де­хананың үш күнге дейін созылуы осы қуаныштың белгісі. Бұндай шілдеханаларға тек жастар ғана қатысатын болған. Себебі, жаңа туған нәрестені түрлі жын-шай­тан, перілердің салқынынан қор­ғап, күзету халқымыздың сенімі бойынша тек қана жастардың мін­деті саналған.
Қандай бір жаңалық болса да қазақтың сүйінші сұрау әдеті бар. Ал бала туған кезде нәрестенің ата-әжесінен, әкесі мен туған-тысқандарынан сүйінші сұраудың орны тіптен бөлек. Жақсы хабар жеткізіп сүйінші сұраған адам­ға бағалы сыйлықтар берген. Сүйінші хабарды жеткізуші қанша алыс жер болса да баруға даяр болған.
Қазақ есім таңдауға үлкен жа­уап­кершілікпен қараған. Дүниеге келген сәбилерге қуана отырып, ат қойып, жаңа өмір иесіне болашақта мынадай бол деу ар­қылы, өз армандарының орындалуын да тілек ете білген. Сонымен қатар қарабайыр сөзбен емес өрнектеп, жүректен терең орын алардай есім таңдаған.
Есім таңдауда халық түрлі се­німге сүйенгенін халық ауыз әде­биеті шығармаларынан көптеп кездестіруге болады. Қазақ радиосынан берілген «Алдаркөсенің алғашқы қадамы» атты ертегіде, оның неге осылай аталғаны жө­нінде былай деп айтылды: «Адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді» дейді халық. Солай болса солай да шығар. Ал­даркөсенің әкесінің есімі Алдан екен. Ол шынында да өмір-бақи алданып өткенге ұқсайды. Содан да болуы керек алданудан зәрзап болған аңқау азамат тұңғышының атын Алдар қойыпты. Жаратқан Жаппар иеміз соны түсінген ғой. Алдар тәй-тәй басып тілі шыға бас­тағаннан ешкімге есесін жі­бер­мейтін ақылды да алғыр бала болып өсіпті».
Қазақтар есім таңдауды ха­лық­тық болмыстың діңгегі – үлкенді сыйлау арқылы жүзеге асырып отырған. Сондықтан нәрестеге ат қоюды елдің сыйлы адамынан өті­не­тін. Немесе, дәл сол кезде ауылда атақты ақын яки басқа өнер иесі қонақтап жатса сол кісіге қолқа салатын болған.
Халқымызда баласына немесе немересіне жақын адамдарының есімін қоюға рұқсат сұрау әдеті қалыптасқан. Дәл осындай оқи­ға театр және кино артисі Сер­­ке Қожамқұловтың жиен неме­ресіне есім таңдау барысында орын алған. Жазушы Мұхтар Әуезұлы Лениндік сыйлық алған кезде Серке Қожамқұлұлы жазу­шы­ның үйіне, лауреат болуымен құттықтай барып: «Сіз сыйлық алған күні менің тұңғыш немерем де дүние есігін ашты. Соған өзіңіздің атыңызды қойсам мүм­кін бе?» деп рұқсат сұрайды. «Атымды қой, құрдас, бәлі, сенен мен немді аяймын?!» деп Мұхаң да мейірлене жауап берген.
Халық түсінігі бойынша қыз балаға тіл-көз онша тие қоймай­тын болған, сондықтан оларға әдемі аттар таңдалған. Қыз атта­рына аспан әлемінің, сұлу-мо­мын аңдардың, асыл тастар, қымбат маталар, нәзік және сирек кездесетін өсімдік аттары т.б. пайдаланылатын. Мәселен Айман, Шолпан, Жұлдыз, Құралай, Тоты, Маржан, Алтынай, Күміс, Жібек, Мақпал, Шынар, Раушан, Қызғалдақ т. б.
Қыз балаларға есім таңдағанда жаңа туған нәрестенің түр-түсіне де қарап ат берілген. Жазушы Сә­бит Мұқанұлының шешесі ақ сары кісі екен. Төрт-бес ұлдың артынан сүт кенже боп туған соң, атын Балсары қойыпты.
Еркек баланың атын көбінесе үлкен әкесі, ауылдағы қариялар, оның бірі болмағанда баланың өз әкесі қояды. Ер балаға бұрынғы өткен ата-бабаларының, батыр­лар мен билердің, ақын мен жы­­рау­лардың аттарын; баласы тұрмай жүрсе ешкім ескеріп көзге түспейтін жұпыны аттарды (Малбағар, Бүйен, Боқбасар, Боққайнат, Ұлтарақ, Көтібар), бала туған жер су, күн, ай аттарына байланысты (Бұлақбай, Көлбай, Ілебай, Дүйсембай, Қаңтарбай), әкесінің немесе атасының жасына қарай (Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Сексенбес), дені сау, жаны берік болуын меңзеп (Темірболат, Шойынбай), бұрын-соңды болған қару-жарақ атауларына байланысты (Найзабай, Қылышбек, Шоқпар, Балтабай т.б.) есімдер беріліп отырған.
Қазақ халқы ежелден мал ша­руа­шылығымен айналысқан­дық­­-
тан жан-жануарларға, оның ішін­-
де үй жануарларына, төрт түлік малдың, жабайы аңдар мен құс­тардың атауларына байланысты (Бөдене, Бүркітбай, Жолбарыс, Қарлығаш, Қойлыбай, Серкебай, Сілеусін) берілген есімдер көптеп саналады.
Кенесары ханның есімі қойы­луы туралы қызық оқиға бүгінгі күнге жетіп отыр. Болашақ хан өте кішкентай болып туылыпты. Шоқай би жаңа туған сәбиді қолына алып: – Өзі кенедей кіп-кішкентай екен, аты Кенесары болсын, – деген екен.
Балаға өзінің туған айының, мысалы: Маусымжан, Ақпан, Ақы­рап деп беру үрдісі де болған. Қасым ханның тоқалы босанып, Көкшетауда үлкен ұлан-асыр той болады. Наурыз айында дүниеге келген сәбидің атын Наурызбай қояды. Ауыр найзасын екі қолымен ұстағанын ешкім көрмеген қара күштің иесі, батыр Наурызбайға есім осылай берілген.
Кейбірде дүниеге келген нә-
рес­­теге өскенде орындауы ке­рек­ті міндетті меңзеп ат қой­ған. Сырым Датұлының әкесіне берілген есімге байланысты оқи­ға­ны атақты Мәш­һүр Жүсіп былайша жазған: Сы­рымның атасы Шолан батырды жаулары қылыштап өлтіреді. Шоланнан
Дат. Іште қалып дүниеге келге­сін қара қазақ жиналып, арада­ғы кек ұмытылмас үшін жас ба­-
ланың атын Дат қояды. Дат сөзі:
Әділеттілікті талап ету, мұң шағу, тілек айту мағынасын білдіре­тіндіктен бұл есім болашақта әді­леттікке қол жеткізсін, өмірінде әділетсіздік көрмесін деген ті­лек­пен берілгені анық.
Қазақта нәрестенің денесінің бір ерекшелігіне қарап ат қоя­тын әдет те бар. Қазақ КСР Ком­мунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонай «Өтті дәурен осылай» атты кітабында: «Қажылық жол Жұмабай атамның сегіз ай уақы­тын алыпты. Оның 1886 жылы туған ұлы Меңліахмет – менің әкем. Оң жақ бетінде алақандай меңі болса керек, атын соған қарап қойыпты» деп жазады.
Кейбірде адамдарға басқа есім де беретін болған. Бұл үрдіс­ті қазақ «аттеріс» немесе «аттергеу» деп атайды. «Аттеріс (аты теріс) – жанама атты қою­дың әлеуметтік негізі жасы үл­кенді қадірлеуден, жастарды ізеттілік-
ке, кішіпейілділікке тәр­­бие­леу­ден шыққан. Көп ғасыр бойы қа­-
лыптасқан қазақ халқының әлеу-
меттік, үй ішілік жосыны бойынша жасы үлкен кісілерді олардың өз атымен бадырайтып айту – өте өрескел, ерсі болып көрінген. Халық ара­сында өз ойынан жа­нама ат қою – әсіресе жаңа түс­кен келіншектерден сыпайылық, әдеп­ті мінез талап етілгендіктен туындаған. Жаңа түскен келін­дер күйеуінің ауылындағы адам­дардың үлкен-кішілерінің өз ат­­-
тарын еш уақытта атамай бар­лығына жанама ат қойған. Тек өзі түскеннен кейін туған балаларды ғана өз ата-анасы қойған атпен атаған. Жанама ат әрқашан адамның түріне, мінезіне, кәсі­біне қарай қойылған. Мәселен, «Ұста қайнаға», «Арбашы ата», сері, аңшы болса: «Аңшы жі­гіт», «Сал жігіт», «Мырза жігіт»,
оқыған болса: «Молда жі­гіт», қа­­йын сіңлілерін: «Еркежан», «Үкі­
лі­жан», «Тетелес» дейді. Қайын ініге қоятын аттар көбі­несе (Қал­қанқұлақ, Ала­қан­көз, Қара­ба­ла, Сарбас т.б.) сықақ, әзіл­мен келеді.
Келіндердің тапқырлығы, әсі-
ре­се, жаратылыс пен география­ға, жан-жануарларға, тұрмысқа байланысты аттарды өзгертіп алуын­да көрініс табады. Ауыл­дағы қариялардың ішінде ай, күн, боран, тау, қасқыр, жылқы­мен басталатын аттар болса,
бұл есімдерді келіншектер еш уақытта тура атамай, жанама ат қойып алады. Айды – түнгі жарық, күнді – сәуле шашқан, жұма – ауыр күн, бейсенбі – атам аттас күн, көрпе – жуырқан, қасқырды – ұлыма, боранды – шаңғыт, жылқыны – туар, жолды – соқпақ, тасты – қайыршақ деген. Өйткені мұны айтып отырған келіншектердің аулында бұл аттарға ұқсас, атауға болмайтын Айтуған, Күнтуған, Боранбай, Жылқыайдар, Жолдыбай, Тасболат деген кісілер болған.
Кейбірде жанама есімдер азан
шақырылып берілген есім­дер­дің орнын басуы жиі кездеседі. Мысалы: академик Қаныш Сәт­-
байұлы­ның шын есімі – Ғабдұл­ғани, әнші Күләш Байсейіт –
Гүлбаһрам, биші Шара Жиен­құлқызы – Гүлшара. Сазгер – Шәмші Қалдаяқұлының өзінің есімі де, әкесінің есімі де басқаша. Өзінің шын аты – Жәмшид. Әкесі Әнәпия аяғындағы қалына байланысты Қалдаяқ атанып кеткен.
Ұл балаларға батырлардың атын беру, әсіресе, жаугершілік заманда, соғыс жылдары кең өріс алып отырған. Ұлы Отан Соғы­сының Батыры Мәлік Ғабдуллин майдан шебінде жүргенде 1943 жылдың 18 көкегінде күнделігіне осындай үрдіс туралы былай жазған екен: «Жуырда мен бір адамнан хат алдым. Ол кісі хатында былай дейді: «Мәлік-ау, осы сенде не арман бар екен? Арманың жоқ та шығар. Оқу оқып, білім алдың. Майданға ба­рып ең, атағың шықты. Сені халқың мақтан етіп отыр. Жаңа туған жас балаларына көп адамдар сенің атыңды қойып жатыр.
Мұндай дәрежеге жеткен адам­ның арманы болмасқа тиісті».
Қазақтар перзенттерін ұл-қыз
деп бөлмей жақсы көреді. Қыз
баланы да, ұл баланы да бірдей
есімдермен атау дәстүрі соның дәлелі. Бауыржан Момышұлы­ның әкесінің есімі Момынәлі болса, ақын Абай Құнанбайұлының шыққан тегі, халық шежіресі бо­йынша Арғынның екінші әйелі Момыннан туатын төртеудің бірі Тобықтыға жатады. «Шәріп» есімі көбінесе ұл балаларға беріліп отыр­ғаны белгілі. Дегенмен, соң­-
ғы кезде бұлай болмағанмен, бұрынғы кезде қыз балаларды да осы есіммен атау үрдісі болғанын ақын Абай Құнанбайұлының «Шә­ріпке» деген өлеңінің «Түң­-
лік­байдың қатыны атың Шәріп…»
деп келетін жолын оқығанда бі­-
луге болады. Ал бұл есімнің араб­-
шадан қазақ тіліндегі мағы­насы «атақты, мейірімді, пайғамбар­дың әулетінен деген атақ» деген­ді білдіретінін ескерсек, осы есімнің ақын Абай ғұмыр кешкен ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана емес, одан бұрын да ислам дінінің қазақ еліне келген уақытынан бері қолданыста болғанын көрсетеді. Музыка зерт­-
теуші Ахмет Жұбанұлы Бір­жан
салдың көпке белгілі «Айтбай»
әні туралы баяндай келіп: «Айтбай – қыздың аты. Қазақта қыз­дың соңынан ұл тумаса, қызға еркектің атын береді. Айтбайдың аты қойылуда солай болған» деп жазуы ұл балалардың есімдерінің қыздарға берілу себебінің пайда болған кезі әріде екені байқалады.
Егерде дүниеге бірінен соң бірі
қыз келген жағдай болса бұ­дан
былай ұл туылсын, деп қыздың атын Балтакүл, Толбала, Ұлбо­ сын, Ұлмекен, Ұлжан, Үзілхан, Үмітхан деп қойған. Қазақ халқының арасында бұл сенім әлі күнге дейін орын алып келеді.
Бала шетіней берген жағдайда жаңа туған сәбиге Жасұзақ, Жүз­жасар, Мыңжасар, Тұрар, Тұрғын, Тұрсын, Тұрғынбай, Тұрсынай, Тұрсынкүл, Өлмес, Өскен деп ат қойған. Ырым етіп нәрестенің кіндігін балтамен кесіп, біреуге бірнәрсе беріп сатып алатын кездер де болған. Немесе жаңа туған нәрестені ұзақ жасаған бірнеше кемпірдің етегінің астынан өткізу дәстүрі болған. Бұндай балаларды Үшкемпір, Төрткемпір, Бес­кемпір деп, жоралғыға қатыс­қан
кейуаналардың санымен атаған. Бұндай ғұрыпты атқаруға ақсақал­дарды да шақыра­тын болған. Әйгілі ақын Кенен Әзербайұлы елуден асқанда көрген қызына осындай ырым жолын жасап, есімін Төрткемпірбіршал қойға­ны белгілі. Кейін қызы өскен соң мектепке барғанда балалар мазақтай берген соң атын Төрт­кен деп өзгерткен.
Қазақ есімдері халықтың рухани болмысының, тұрмыс-тір-
ші­лі­гінің айнасы іспетті. Ұлттық есімдерге зер сала, көңіл аударған адам, қазақ халқы туралы көп нәрсені білу мүмкіндігіне ие бо­-
лады. Мысалы: Арқалық батыр-
дың есімінің – бесіктің екі басын қосып тұратын үстіңгі ағаш; ғалым Шоқан Уәлиханның жақ-
сы көріп тыңдайтын әншісі Әл-
жан Атубайұлының әкесінің Ату-
байдың есімінің мағынасы – жұмсақ былғарыдан тігілген жеңіл етік, мәсі; Қозы-Көрпеш пен Баян Сұлудың ұлының аты Сайтүлек. Бұл есімнің мағынасы екі сөзден құралған: Сай – а) үлкен жыра, аңғар, ә) сәйкес, үйлесімді, лайық, дәл. Түлек – қыран құстың жетіліп, бабына келіп ұшқан балапаны. Ақын Сара Тастанбекқызының інісінің есімі Сақари. Бұл есімнің де бірнеше мағынасы бар. Сақар – а) қазақ оташылары емге пай­даланған шөп, ә) ораза кезінде таң атпай ішетін тамақ, сәресі. Ақын Сауытбек Ұсаұлымен ай­тыс­­қан ақын қыз Майсаның есімі «шөбі қаулап өскен, көгалды жер» дегенді білдіреді. Жаза берсем, бұндай мысал­дардың шегіне жету қиын.
Еліміз егемендігін алып әлемге танылып жатқан бүгінгі бейбіт за­-
манда Гүлжауар, Жаншуақ, Әрі­би-Әрібек, Ерхалық сынды есім-
дердің пайда болуы да қазақ хал­қының арманшыл халық екенін және сол армандаған мақсатына жететінін дәлелдейді.

Бердалы ОСПАН. Мәдениеттанушы

 

13 ПІКІРЛЕР

  1. Бауслан – деген қазақтың аты емес. Бауслан – шешен, ингуштардың аты болуы мүмкін. Оу – Қазақтар, несіне қыйналасыңдар: – тура Цин, Хубей, Хо-син, Мао-ху – деген аттарды қоя берсеңдерші.

  2. Бауслан – деген қазақтың аты емес. Бауслан – шешен, ингуштардың аты болуы мүмкін. қазақтар, несіне қыйналасыңдар: – тура Цин, Хубей, Хо-син, Мао-ху – деген аттарды қоя берсеңдерші.

  3. менің есімім Мұрат. мен дұниеге келер кезде ағам түс көріп ақ бозатпен таудың басына шығып тұрған екен, сұйтіп мен түнгі сағат 1 шамасында дүниеге келгенмін

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз