Қазыбек ИСА. КЕЗДЕСЕЙІК
2012 ж. 24 мамыр
8096
5
Балалығым алыстап қалды-ау менің,
Бал күндерім қияға самғау ма едің?..
Жүйке бұзар тірліктен жүдегенде,
Сен есіме түсесің Балдәуренім.
Емін-еркін есепті шығаратын,
Көшіргім кеп отырса, ұға алатын.
Ерке қыз-ау, баяғы күйімізше,
Ұстаздардың тыңдайық ұлағатын.
Сақта мәңгі, балалық кезді есіңде,
Зымыраған уақыт тез көшуде.
Көп жыл өтті, бәріміз оралайық,
Алтын ұя – мектепке кездесуге.
Күйбендіктен қашып жүр маза бүгін,
Жүрегіңнің жарасын жазады кім?
Оралғанмен мектепке, оралар ма,
Қайран менің кіршіксіз тазалығым…
Шаттығымның шарасы шайқалмаған,
Сол күндері құдай-ау, қайтар маған.
Ерке қызға енді айтып керегі не,
Баяғы бір сырыңды айта алмаған.
Әрбір бала боп кеттік - әр үй бүгін,
Кездеспесек бір-бірін таниды кім?
Бітпейтұғын тірлікті жиып қойғын,
Бір сәт еске түссінші сәбилігің.
Сақта, мәңгі балалық кезде есіңде,
Зымыраған уақыт тез көшуде.
Мына жалған тірлікте жайың болмай,
Жүрсең-дағы келші бір кездесуге.
Алушы ең ғой сабақтың ұғып бәрін,
Қиялдағыш кезіңді ұмытпағын.
Көңіл- шыны, қирайтын кездері көп.
Құрап алып қайтайық сынықтарын.
Бүгін басқа, беу құрбым, кешегіден,
Мәселелер түйінін шешеді кем..
Бұл тірліктің есебі күрделі екен,
Оқушының ең қиын есебінен.
Шебер едік қиялға шетімізден,
Қайтпаушы едік бір алған бетімізден.
Бұл өмірдің қиыны, қателессек,
Құтылмайды екенбіз «екімізбен».
Мәнді, мәнсіз өтуде тез күндерім,
Ащы-тәтті тірліктің сездім көбін.
Көктем едік, тек қана көктем едік,
Өтудеміз өмірдің мезгілдерін…
Өмір жолын ойлаушы ек тіке деп те,
Ұшырады ұқсасақ үпелекке…
Көктем едік, бәріміз гүл едік-ау,
Кетпейікші айналып тікенекке.
Барлық істі бір сәтке доғарайық,
Балалықты ұмыту болар айып.
Сол күндердің соғып тұр қоңырауы,
Алтын ұя мектепке оралайық!
Қазыбек ИСА,
1989 жыл