Қазыбек ИСА: ТҮН БОЛСА, СОНДАЙ ҚУАНДЫМ, ТҮСІМДЕ СЕНІ КӨРЕМ ДЕП...
2012 ж. 17 сәуір
4317
6
ТӘТТІЛІК
Жүрегімді сыздатасың, өткен күн,
Құмды ауылда қалып қойды көп белгің...
Көкем менен апама еріп бардым мен,
Көк егіске көркем күні көктемнің.
Көкем алда, иығында кетпені,
Апам артта, қалар күтіп көп мені...
Қалып қойып, әрнәрсеге алаңдап,
Жүгіремін екеуіне жеткелі...
Күріштік қой, емес онда жеке бау,
Көкем маған көрінетін өте дәу...
Тұңғыш ұлды тұңғыш ерткен егіске,
Әке-шешем сонда жап-жас екен-ау!..
Жейтін жаздай бәрімізге қоректік,
Жегенелеп, қауын-қарбыз, тал ектік.
Жетіге әлі жетпесем де, еректік-
Көкке төбем жетіп жүрді сол күні,
Көкеме мен жүргеніме көмек қып...
Тәттілігі талай жырға жүк болар,
Қауынынан қауымға үлкен құт қонар...
Көкөнісін күтіп жүріп күн сайын,
Көкөрімі- менен жеміс күтті олар...
Жаздың күні Қызылқұмды қыздырып,
Жатса- дағы жатпайтынбыз біз біліп...
Бүкіл ауыл ұйықтайтұғын тал түсте,
Үлкен жолға отырар ем үздігіп...
Қалса да артта қаншама асу, толқын, бел,
Ұмытпаймын, сол кездегі көркіңді ел...
Еркелеген қатар әке-шешеме,
Ең бақытты күндер екен сол күндер...
Үлкен жолға шығарып сап баласын,
Жемісімді көріп кетті анашым...
Көзәйнектің керек болмай көмегі,
Көкем бүгін көп ойлайды шамасын...
Сар далада сағым қуған ұл едім,
Сарылады, сағынбайды кім елін...
Оралмайды шырын күндер... білемін...
Бақыттымын дей аламын, бірақ та,
Неге менің ауырады жүрегім?..
Жетегімен көкке тартқан көңілдің,
Иә, біраз биіктерден көріндім..
Қояр емес қозған шоқтай қоңыр мұң...
Қызылқұмның ыстығына күйген ұл,
Суығына төзді талай өмірдің...
Көз алдымнан әлі күнге кетпейді,
Бетке алсам ба, сол бір әсем беткейді...
Ол жерге ешкім бүгін қауын екпейді...
Көкөністер қаптаса да көп мейлі,
Көк базарда көрдім таңдап талайын,
Көкем еккен қауынға еш жетпейді...
Бұл өмірдің ең тәттісі бала күн,
Бала күнді бақытыма баладым...
Қайда кеттің, қайта-қайта қарадым...
Қайран күндер, қайдан сені табамын?..
Тәттілік тек қауында екен қарағым...
Ащы тірлік... Жүрегімде нала мұң...
Сыздансам да... Сыздағанын білдірмей,
Жасыра алмай қояды айтып жанарым...
Бір-ақ сәтке оралшы сен, Бала күн?!.
Біраз тірлік еттік біздер ел үшін,
Кейінгі ұрпақ келтірер ме кемісін...
Жылы жайда жылтыр өскен балалар,
Жылыжайдың жегенге мәз жемісін...
Балалығым, бүгін маған мұңсың тек, Балдай қауын...
Түске кіріп жүрсің көп...
Балаларды жылда ауылға жіберем,
Тәттіліктің қайда екенін білсін деп!..
16.06.2011.
АНА
Түнде түсіме анам кіріп оянсам, бір ағамыз:
«Анаң мен келінді мерекелерімен құттықтап қойғын»-деп, көңілімді босатты...
Кірді анашым түсіме бүгін тағы,
Ерке күнін іздеумен жүр ұрпағы...
Күресі мен күрмеуі көп өмір ғой,
Кездесе де бермейді ұрымталы...
Кірді анашым түсіме бүгін тағы...
Наразы боп жүрсің бе тірлігіме,
Намазы көп бұзылған бұл күніме...
Қисық кетіп, қысылған кездерімде,
Түске кіріп қинайсың ұлды міне...
Жүр ме екенсің дәметіп аяулы анам,
Анық бейнең... берді ғой аян маған...
Жеті шелпек пісірді келініңіз,
Бағыштады ұл дұғасын... баяулаған.
Сүйегіңіз саудырап талай келген,
Сол баяғы Алматы арай көрген.
Ақын ұлың жүруде аман-есен,
Қайта-қайта ауылға қарай берген...
Келешекке беттеуде керегелер,
Әжені іздеп ән салар немерелер...
Теріп жүрмін терменен несібемді,
Тірі пенде барлығын көре берер.
Әперем деп үйдегі құлыншаққа,
Сен таппаған бар ұлттық қуыршақ та...
Сөйлейді олар қазақша... Тек адамдар,
Қуыршаққа жетпей жүр қуынсақ та...
Сізге де айтып кеттім-ау арызымды,
Бұл өмірде қайтейін, бәрі зілді...
Қалам алып жүрген соң...
Қазағыма Қайтарсам деп ойлаймын қарызымды...
Айтпақшы, апа, елуге келеді ұлың,
Алла жазса, елге есеп береді ұлың.
Мерекені мейрамдап жатыр бәрі,
Босап отыр көңілім неге бүгін?..
Өзіңізбен бірге атқан талай таңы,
Әңгімемен әкем кеш қарайтады.
«Ауылға қайт» дегенді әлі айтады...
Сексеннің де, әрине, бар айтары:
«Кемпір әпер» дегенді кемітуде,
Сізді өйткені бұл күнде көп айтады...
Кірді анашым түсіме бүгін тағы,
Жапырағын жаюмен жүр ұрпағы.
Аманатың аналық жүрегімде,
Ұмытпайды уәдесін ұл ынталы.
Кірді анашым түсіме бүгін тағы...
Үздіккенмен жетер тек үркерге әнің,
Бір кем дүние деген ғой, бір кем халің...
Жал көрсетіп, жан сырдың бүркем бәрін...
Апам еске түскенде... елуде де,
Жасыра алмай... жасымды ірке алмадым...
Шын қысқанда кім шерін шығармаған,
Әкесінің сезімін ұғар балам...
Жүрсің бе, апа, алаңдап ол жақта да...
Бір-ақ медет тілеймін бір Алладан!
08.03.2012
Алма бақтың ұрысы
Шынайы «досы»- шынысы…
Бітірмесе оны…бітердей болған тынысы,
Намазын бұзып,
Ауырып қалған әкесін
Қолдайды жалғыз кішкентай қызым , дұрысы-
Қоңырөлеңнің алма бағының ұрысы…
Алманы мен де ұрлап ем бала кезімде,
Беріліп кеттік кейін біз
Алмадай тәтті сезімге…
Алкеуде болдым ал бүгін…
Алаяқтарға ащылау, Алашқа дәрі сөзім де…
Ардақты болса, алманың бүгін шірігі…
Неғылсын бұл ел Негізі бөлек іріні…
Алмадай қызым тәп-тәтті болып айтқанда,
Ауызды ғана алдайды алма шырыны…
Бай болып бүгін басым да емес салмағың…
Осы ғой өмір…
Бұйрығы бәрі Алланың.
Басқа бір түгіл ағайын білмес қадірің,
Өзі де шығар…
Өзі тәтті де… Өзегі ащы алманың…
Қызылы ғана көзді алдар…
Алмағажүрсе алданып,
Ардақтың бар ма,- Сөзді аңғар…
Тек қана менің періште қызым тіп-титтей,
Жайымды менің сезген бар…
Төрт бүктелсе де,төрде жататын әкесін,
Төре көретін төрт жасар қызым
- Әмина деген бақ есім.
Балалық шақтың балдай бір тәтті елесін
Айтады-дағы түзейді әке қатесін…
Тәп-тәтті қызым тақылдатады таңдайды,
Өмірдің шырын емесін аңдай алмайды…
Ащымен қатты ауырып жатқан әкесін
Алыста қалған… алмамен тәтті алдайды…
Ауырған кезде қайғырта түсер қатты елес… Жүрегің қысса-
Жайына қалар бақ, белес…
Алмадай қыздың алмасы шырын болғанмен,
Ал Өмір бірақ, тәтті емес…
Қоңырөлеңнің қоңырсалқынын мақтап мың
Отырсың жаным,
Ал Қызылқұмда аптап күн…
Ыстық өлкеде туса да әкең, не дейсің,
Ыстығы жетпей өмірдің жүрмін таптап мұң…
Ыстығы түспей бірақ та мына кеселдің…
Аулайсың көңіл алмадай қызым –тәп-тәттім…
Қоңыратта туып,
Қоңыр елге біткен ырысы,
Қоңырөлеңнен қоңыр жыр сезген тынысы…
Қоңыр көкесін қолдайтын жалғыз қоңыр қыз,
Нағашы жұртқа жиендік еткен, дұрысы-
«Қоңырөлеңнің алма бағының ұрысы…»
Әдеттегідей әділетсіздікке күйемін,
Салады сынға Саңлақ деп ұлым жиі елім…
Мейлі ғой бәрі, Алмадай әлі піспеген
Ащы болсаң да, Ей, Өмір, сені сүйемін!..
01.09.2010.
БЕС МЕЗГІЛДІҢ БЕДЕРІ
Түсте күн төксе, шуағын,
Түсім де менің жылынар...
Елесіңді ессіз қуамын,
Емімді сенсіз кім ұғар...
Жүрсің ғой күтіп қырда сен,
Сыршыл ғой Сырдың толқыны.
Бір сәт те шыдап тұрмас ем,
Жеткізер емес жол түбі...
Екінді кез де езді мұң,
Шөлдетті саған жер шөлі.
Көркейту үшін көз нұрын,
Көруім керек мен Сені...
Қызылдың құмын қыздырған,
Қызарып батқан күн қандай?!.
Жолыма болған жүз құрбан,
Жол қарап күнім тұрғандай...
Жүзгенді бұтап, нан көміп,
Жүзіңде арай жүзді ме?
Жаратқан Ием жар болып,
Жар болған маған қыз міне...
Жайнаған шоқтай реңі,
Жайлаған жұлдыз көкті де...
Жүрекке түскен біреуі,
Үзіліп көзден... кетті ме?..
Жолығар қашан туар күн,
Жолыма жүрсің елеңдеп.
Түн болса, сондай қуандым,
Түсімде Сені көрем деп...
Бітірген өзін төзімнің,
Бітпеді-ау менің сапарым.
Ажарың сынды сезіндім,
Арайлы таңның шапағын.
Жазымыз елге болды аңыз,
Жемісін төгіп жетер күз...
Жолығып едік жолда біз,
Жол қарап мәңгі өтерміз!.. 06.09.1998.
Алатау батыр
Ордалы Оңтүстіктегі қызырлы Қызылқұмның төрқаласы, шежірелі Шардарада 2011 жылдың 23 сәуір күні бар қазаққа бас қолбасшы болған Алатау батырға ас беріліп, Алатау батыр атындағы ауылда ескерткіші ашылды.
Атыңа сай Алатаудай алыпсың,
Затыңа сай Қаратаудай тарихсың!
Бар қазаққа бас қолбасшы атанып,
Алатаудай атақты елден алыпсың.
Ұран салсам –шамырқанар шабыт шын!..
Тәуекел хан таңдаулысы – Сен едің,
Есім ханға қуат берген Ер едің!
Салқам Жәңгір салған алға Еренін.
Сан қаланы бағындырды беделің,
Самарқанды Жалаңтөске әперіп,
Көрсеттің ғой хас батырдың көмегін!
Кенен ойлап, кең толғаған кемелім?
Жиембеттей жырау сені жыр еткен,
Біртуарым, білікті һәм білекті ең...
Ұлтыңды сен сүйдің ұлы жүрекпен.
Батаңды алған батырларың аз емес –
Қарасайды өзің едің түлеткен.
Бас батырға айналдың сен, бақ беріп,
Жекпе-жекте талай жауың жатты өліп...
Қызылбастың қолбасшысы Шарахты,
Қызыл қанға бояп кеттің қақ бөліп!..
Көктің ұлы – көк тіреген баһадүр,
Алпамыстай айбыны зор аталы ұл!
Қоңыраулы күміс күйме мінетін,
Қоңыраттың ұранына бата қыл!
Алаш туы алаулаған ғасырда
Айналдың сен жауың үшін жасынға…
Бүкіл қазақ деп қан кешкен батырдың
«Сүті қазақ» деп жазылған басында!..
Алатаулап жауға шапса ерлерім,
Аспан асты жаңғырғанын көрді елім
. Байтақ жерді қорғап қалған батырдың
Бағалайтын күн бола ма, еңбегін?!.
Естілгенде тұлпарыңның дүбірі,
Естілмей де қалған жаудың сыбыры,
Шырқыраған кеуделерде шыбыны.
Ат үстінде өткен бүкіл ғұмыры,
Ер қазақтың бола білдің шын ұлы!
Атына сай - ұран болған батырдың,
Алатаудай асқақтасын тұғыры!..
15.03.2010.
Базарбек пен кәстөм
Енді оңалып келе жатқан тірлігі,
Достар едік, бірге болған ұрлығы...
Ақ самалдай аңқылдаған көңілі,
Базарбек дос жетіп келді бір күні...
Тұрақты бір болмаса да тұрағы,
Жандар едік жалаулаған жыр-әні.
“Кәстөмдерің көп еді ғой әдемі,
Бере тұршы біреуін”-деп сұрады.
Бұл өмірдің аз емес қой кермегі,
Тергеп едім, біразырақ терледі...
Балапан дос қоразданып қойды да,
“Екінші әйел аламын” деп “ерледі”.
Жігіт еді жібі түзу, ұятты,
Кісінеп тұр кербестідей тұяқты.
“Ұрса берді әйелім” деп қояды,
Түкібаев түк болмаған сияқты.
Базар бастық Базарбектің күйіне,
Келген кезі... О да Құдай сыйы де...
Кейін бірақ кәстөмімді қайтарды,
Қайтарыпты... тоқалды да үйіне...
Қарлығаштың жазылғанда қабағы,
Шымқалада болдым бір күн қонағы...
Ортамызда... орталанған табағы...
Кәстөмімді киіп алып, шатасып,
Базекең дос сыртқа шығып барады...
Киімдердің ұқсастығын кім білген,
Қарлығаш та қашып кетті сұр мүлдем:
“Кәстөміңе ие бол!” деп, шаңқ етті,
“Күйеуіңе ие бол!” деп, күлдім мен...
Өгізді де өлтіретін өлеңі,
Қайран досым, қызығың да көп еді...
Сені Елуге келді дейді мынау ел,
Оған бірақ досың қалай сенеді?..
Жылдағыдан жылы тартқан күз көне
Күйін тартса, тойламаймыз біз неге?!
Күйеу жолдас болуға мен дайынмын...
Кәстөм сұрап... келіп тұрғын Жүзде де!..
02.12.2010.
МІНӘЖАТ
Рахым тілеп, Өзіңнен Құдіреттім!
Тар жер менен бар жерде күбір еттім!.
. Құран медет болады бар адамға,
Бір Алла деп жүректен жыр үдеттім!..
Рахымды Алла! Ең Ұлы Құдіреттім!
Табындырып әр діндік дарындарды,
Қабылдады барлығы нанымды алғы.
Ләә иләәhә илләллааh - арым мәңгі!
Тау мен тасқа соғылған маңдайыммен,
Жайнамазға жығылып жаным қалды!..
Ләә иләәhә илләллааh - арым мәңгі!
Ғажайыбын исламның жайған аз ба ән,
Басты ілімді бастай бер,жайлап аздан...
Жалғандықтан қысылып жаhандағы,
Жаным менің жай тапты жайнамаздан...
Әуейі боп кетпегін әр елеске,
Намаз ғана Тәубеңді салады еске...
Тұла бойға тұнатын шымырлатып,
Азан даусы - ең ұлы ән емес пе?!..
Бар Ақиқат осында бар емес пе?!..
Жүрегіңе жүк түссе мың азаптық,
Бір Аллаға сиынғын мінәжат қып
. Күйкі тірлік күйбеңі күйреп түсіп,
Сонда ғана аласың Ұлы Азаттық!
Бір Аллаға сиынғын, мінәжат қып!
Ашық күнде адасқан нешеме ердің,
Намаз ғана сауабын еселер мың... Мейірімі ерекше,
Рахымды Алла, Менің барлық күнәмді кеше гөргін!..
Он сегіз мың ғаламды жаратты Алла!
Құлшылық қыл Құдайға, қарап қалма.
Сәждеге бас қойғаннан сәулең артып,
Имандылық тұрады тарап қанда...
Жалбарынсаң, Жар болар Жаратқан да...
Алла десең жақсылық несіп болар, Намаз сайын рухың өсіп қалар.
Алла нұрын себелер адамзатқа,
Қасиетті Мекке мен мешітке бар!
Көктен түскен киелі есіт хабар!
Мұсылманның сүйенген таза арына,
Иман нұры шашылар ажарына.
Жайнамазға жазылған жан тілегің,
Жаратқанның жетеді назарына!
Көрем десең Жәннаттың жайған бағын,
Боларыңды бақилық ойлан, бәрің...
Алла елшісі Мұхаммед - Расул Алла,
Ең соңғы hәм ең ұлы Пайғамбарым!Тұтқындалған пендені тұманда да...
Құтқаратын Құдай мен Құран ғана!
Ақиқатты іздеген барлық адам,
Ақыр түбі бас иер бір Аллаға!
Енді ешқайда бармаймын...
Неменеге жетісіп жиі күлем,
Өмір кешкім келеді бұйығы мен...
Шаруа жасап жүрейін шағын ғана,
Шайтан тірлік шаршатты күйігімен...
Өмір кешкім келеді бұйығы мен...
Құдай берген балалар, баспанам бар...
Енді қандай өмірде басқа мән бар?..
Қара шайға қайғысыз қатық та бар,
Іздегенің табылар тас қаламда әр...
Неге керек бос думан, даурықпа көп,
Өспейсің ғой өнбесті дау ғып та ерек...
Ішіп кеткің келгенмен... ішірткің-у,
Балаларға керексің... Саулық керек!..
Желеу етіп, желікпей қаны азыңды...
Жазып жүре берсейші қағазыңды...
Құдіретті Құдайға құлшылық қыл,
Қаза қылмай бес уақыт намазыңды...
Енді ешқайда бармаймын,
Шақырмаңдар!
У ішкізіп ұйыққа батырмаңдар...
Жалған шаттық бір сәттік жарға итеріп,
Айрылу не керек ақылдан бар?..
Енді ешқайда шықпаймын,
Шақырмаңдар!
Оңаша бір күн кешіп көрсем деймін,
Даңғаза мен дақпыртқа белсенбеймін.
Жалған тірлік барлығы,
Мен сенбеймін! Сертім осы!
Сенбесең, сенсең мейлің...
Бала күнді баяғы аңсап жүрмін,
Тек ауылға бір барып келсем деймін!.. 10.10.2010.