А.КЕҢШІЛІКҰЛЫ: Тынымбайға берілмеген МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫ ОНЫМЕН САЛЫСТЫРУҒА ДА КЕЛМЕЙТІНДЕРДІҢ алып жатқанына ҚАТТЫ ҚЫНЖЫЛАМЫН... Ал біздің қаламгерлерге Кафка атындағы халықаралық әде­би сыйлық берілгені туралы ақпарат- нағыз өтірік...

Аманкелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ: Тынымбайға берілмеген Мемлекеттік сыйлықты оның талантымен салыстыруға да келмейтіндердің алып жатқанына қатты қынжыламын | Жаңалықтар | «Baq.kz» Ақпараттық портал

- Тәуелсіздікке дейін ең көп мақталған, жолы болған ақын-жазушы? Не болмаса, ең көп датталған кім? - Мақталғандар - Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев... болып кете береді. Датталғандар - Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қасым Аманжолов болып жалғаса береді. - Әдебиетте тәуелсіздікке дейін құбы­лыс жасаған шығарма? Не болмаса тәуел­сіз­дікке қол жеткізген кездегі туынды? - Прозада - Мұхтар Әуезовтің «Көк­серек» пен «Қараш-Қараш» повестері мен «Абай жолы» романының бірінші кітабы, Бейімбеттің, Төлен мен Тынымбайдың әң­гімелері, поэзияда - Ілиястың поэма­ла­ры, Мұқағалидың сыршыл лирикасы мен Жұмекеннің ойлы өлеңдері, Кең­ші­ліктің балладалары, сында - Тәкен Әлім­құловтың «Жұмбақ жан» және Тұр­сынжан Шапайдың «Шын жүрек - бір жү­рек» кіта­бы, публицистикада Марат Қа­бан­байдың мақалалары. Балалар әде­бие­тінде тыңнан түрен салған жазушымыз - Бер­ді­бек Соқпақпаев. Драматургияда - Иран-Ғайыптың шығармалары. - Нобель сыйлығы неге жоқ? Себеп? Әлде ондай туынды жоқ па? - Әдебиеттің құны Нобель сыйлығы­мен өлшенбейді. Жалпы, мен осы бір өн­бейтін дауға қызылкеңірдек болып ай­ты­сып-тартысып жатқан сын­шы­ла­ры­мызды түсінбеймін. Әлемде Нобель сыйлығынан басқа да беделі зор халықаралық сыйлық­тар көп. Өкінішке қарай, сол сыйлықтар­дың бірде-біреуін алған қазақ жазушысы жоқ. Әуелі Дублин, Сервантес, Пультцер, Бу­кер, Гете, Кафка, т.с.с халықаралық сый­­лықтың біреуін қазақ жазушысы алса да тақиямызға тарлық етпес еді. Жоқ, біз бірден Нобельге қол созамыз. Нобель сый­лығына үміткер ең құрығанда осы ха­лықаралық сыйлықтардың бір-екеуін алып, әлемге танылуы керек екенін ойла­ғымыз да келмейді. Таяуда бірнеше қазақ басылымдары­ның бетінен қазақ жазушылары Әкім Тарази, Асқар Алтай мен Роза Мұқановаға әлем әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Франц Кафка атындағы халықаралық әде­би сыйлығының берілгені туралы ақпаратты оқып, таңғалдым. Бұл - нағыз өтірік. Ақиқатында есімдері аталған үш жазушыға да, бұдан бұрын да оны алған Төлен Әбдікұлы, Шөмішбай Сариев пен Немат Келімбетовке берілгені Кафка атын­дағы халықаралық әдеби сыйлық емес, әйгілі жазушының атындағы алтын медаль. Халықты алдап, оқырманды адас­тырудың қажеті қанша? Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық 2001 жылдан бастап әлемдегі танымал жазушыларға беріліп келеді. Қазақ жазушыларының бірде-біреуі Кафка сыйлығын алған емес. Нобель сыйлығын қазақ жазушысы алып жатса, құба-құп. Берілмесе, оған бола са­ры уайымға салынудың қажеті қанша? Би­ыл оны ақын Томас Транстемер алды. Алайда ол оған бірден қол жеткізген жоқ. Оған дейін ол 1981 жылы Петрарка, 1990 жылы «Нейштад», 2003 жылы «Алтын тәж» ха­лық­аралық әдеби сыйлығын ие­лен­ген болатын. Былтыр жазушы Марио Варгос Льосаға бұйырды. Бұл жазушы да қара жаяу емес. 1995 жылы «Иерусалим», 1996 жылы «Бейбітшілік» халықаралық сыйлы­ғын алған қаламгер. Дегенмен та­лант­тары бұл екеуінен әлдеқайда күшті Ев­гений Евтушенко мен Валентин Рас­путинге осы сыйлық бұйырмай келеді. Өйткені Нобель сыйлығын беруде барлық уақытта әді­лет­тілік болмайды, комиссия мүшелері белгі­лі бір принципті де ұстана бермейді. Мы­са­лы, осыдан жүз он жыл бұрын Швед Академиясы орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойға христиан дінін жоққа шығар­ғаны үшін осы сыйлықты бергізбей таста­ды. Бір ғасыр өткен соң керісінше, Жозе Сарамаго христиан әлемін шулатқан «Еван­гелие от Иисуса» романы үшін Но­бель сыйлығын алды. Бұл сый­лықтың төңірегінде қитұрқы саяси ой­ын­дар көп. Ұлы жазушылар Хорхе Луис Бор­хес, Шервуд Андерсен, Франц Кафка, Джей­мс Джойс, Марсель Пруст, Грэм Гриндерге де объективті және субьективті себептерге байланысты бұл сыйлық беріл­ген жоқ. «Нобель сыйлығы кімге керек?» атты ма­қаламда ол туралы егжей-тегжейлі жазған­мын. - Дарынды бола тұра, еленбей жүр, ең­бегі ескерілмей жүр деп кімді айтар едіңіз? - Тынымбай Нұрмағамбетов. Әдебие­тіміздегі үлкен жазушымызға Мемлекеттік сыйлықтың берілмей, оның талантымен салыстыруға да келмейтіндердің оны алып жатқанына қатты қынжыламын. Бірақ кей­де ол кісінің сол сыйлықты алуға ұм­тыл­май-ақ қойғаны да дұрыс па деген ойға батамын. Шынымды айтсам, соған жету үшін ар-ұятын сатып жатқан жағым­паз­дар мен алаяқтардың арасынан Ты­ным­бай ағамды көргім келмейді

 Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,

Айқын