А.КЕҢШІЛІКҰЛЫ: Тынымбайға берілмеген МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫ ОНЫМЕН САЛЫСТЫРУҒА ДА КЕЛМЕЙТІНДЕРДІҢ алып жатқанына ҚАТТЫ ҚЫНЖЫЛАМЫН... Ал біздің қаламгерлерге Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық берілгені туралы ақпарат- нағыз өтірік...
2012 ж. 13 сәуір
4238
0
- Тәуелсіздікке дейін ең көп мақталған, жолы болған ақын-жазушы? Не болмаса, ең көп датталған кім? - Мақталғандар - Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев... болып кете береді. Датталғандар - Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қасым Аманжолов болып жалғаса береді. - Әдебиетте тәуелсіздікке дейін құбылыс жасаған шығарма? Не болмаса тәуелсіздікке қол жеткізген кездегі туынды? - Прозада - Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» пен «Қараш-Қараш» повестері мен «Абай жолы» романының бірінші кітабы, Бейімбеттің, Төлен мен Тынымбайдың әңгімелері, поэзияда - Ілиястың поэмалары, Мұқағалидың сыршыл лирикасы мен Жұмекеннің ойлы өлеңдері, Кеңшіліктің балладалары, сында - Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» және Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек - бір жүрек» кітабы, публицистикада Марат Қабанбайдың мақалалары. Балалар әдебиетінде тыңнан түрен салған жазушымыз - Бердібек Соқпақпаев. Драматургияда - Иран-Ғайыптың шығармалары. - Нобель сыйлығы неге жоқ? Себеп? Әлде ондай туынды жоқ па? - Әдебиеттің құны Нобель сыйлығымен өлшенбейді. Жалпы, мен осы бір өнбейтін дауға қызылкеңірдек болып айтысып-тартысып жатқан сыншыларымызды түсінбеймін. Әлемде Нобель сыйлығынан басқа да беделі зор халықаралық сыйлықтар көп. Өкінішке қарай, сол сыйлықтардың бірде-біреуін алған қазақ жазушысы жоқ. Әуелі Дублин, Сервантес, Пультцер, Букер, Гете, Кафка, т.с.с халықаралық сыйлықтың біреуін қазақ жазушысы алса да тақиямызға тарлық етпес еді. Жоқ, біз бірден Нобельге қол созамыз. Нобель сыйлығына үміткер ең құрығанда осы халықаралық сыйлықтардың бір-екеуін алып, әлемге танылуы керек екенін ойлағымыз да келмейді. Таяуда бірнеше қазақ басылымдарының бетінен қазақ жазушылары Әкім Тарази, Асқар Алтай мен Роза Мұқановаға әлем әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығының берілгені туралы ақпаратты оқып, таңғалдым. Бұл - нағыз өтірік. Ақиқатында есімдері аталған үш жазушыға да, бұдан бұрын да оны алған Төлен Әбдікұлы, Шөмішбай Сариев пен Немат Келімбетовке берілгені Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық емес, әйгілі жазушының атындағы алтын медаль. Халықты алдап, оқырманды адастырудың қажеті қанша? Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық 2001 жылдан бастап әлемдегі танымал жазушыларға беріліп келеді. Қазақ жазушыларының бірде-біреуі Кафка сыйлығын алған емес. Нобель сыйлығын қазақ жазушысы алып жатса, құба-құп. Берілмесе, оған бола сары уайымға салынудың қажеті қанша? Биыл оны ақын Томас Транстемер алды. Алайда ол оған бірден қол жеткізген жоқ. Оған дейін ол 1981 жылы Петрарка, 1990 жылы «Нейштад», 2003 жылы «Алтын тәж» халықаралық әдеби сыйлығын иеленген болатын. Былтыр жазушы Марио Варгос Льосаға бұйырды. Бұл жазушы да қара жаяу емес. 1995 жылы «Иерусалим», 1996 жылы «Бейбітшілік» халықаралық сыйлығын алған қаламгер. Дегенмен таланттары бұл екеуінен әлдеқайда күшті Евгений Евтушенко мен Валентин Распутинге осы сыйлық бұйырмай келеді. Өйткені Нобель сыйлығын беруде барлық уақытта әділеттілік болмайды, комиссия мүшелері белгілі бір принципті де ұстана бермейді. Мысалы, осыдан жүз он жыл бұрын Швед Академиясы орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойға христиан дінін жоққа шығарғаны үшін осы сыйлықты бергізбей тастады. Бір ғасыр өткен соң керісінше, Жозе Сарамаго христиан әлемін шулатқан «Евангелие от Иисуса» романы үшін Нобель сыйлығын алды. Бұл сыйлықтың төңірегінде қитұрқы саяси ойындар көп. Ұлы жазушылар Хорхе Луис Борхес, Шервуд Андерсен, Франц Кафка, Джеймс Джойс, Марсель Пруст, Грэм Гриндерге де объективті және субьективті себептерге байланысты бұл сыйлық берілген жоқ. «Нобель сыйлығы кімге керек?» атты мақаламда ол туралы егжей-тегжейлі жазғанмын. - Дарынды бола тұра, еленбей жүр, еңбегі ескерілмей жүр деп кімді айтар едіңіз? - Тынымбай Нұрмағамбетов. Әдебиетіміздегі үлкен жазушымызға Мемлекеттік сыйлықтың берілмей, оның талантымен салыстыруға да келмейтіндердің оны алып жатқанына қатты қынжыламын. Бірақ кейде ол кісінің сол сыйлықты алуға ұмтылмай-ақ қойғаны да дұрыс па деген ойға батамын. Шынымды айтсам, соған жету үшін ар-ұятын сатып жатқан жағымпаздар мен алаяқтардың арасынан Тынымбай ағамды көргім келмейді
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,Айқын