Танакөз Ильясова: ЖАН ІЗДЕДІМ ЖАНЫМДЫ ЕРЕКШЕ ҰҒАР…

40
12131

Бәлкім, менің болмысым бөлек шығар?!
Ал, сен қалай ойлайсың, зерек шынар?!
Бар-жоғыңды өмірде білу үшін
Әлдекімді сағыну керек шығар?!

Сыр сақтауға үндемей терек шыдар,
Жан іздедім жанымды ерекше ұғар.
Біз жолықтық. Маңдайға жазғаны – сол.
Өлең байғұс жай ғана себеп шығар.

Көңіліңде бір бейне көлбеңдесе,
Өлең, шіркін, сөйлейді өлген кеше.
Сағынышты мен ойлап тапқан жоқпын
Сенем оны ғарыштан келген десе.

Сүюдің де бар болар заңдылығы.
Еркелесем, оятам таң күдігін.
Бал қылығым сор болды… кешір жырдың
Ешбір заңға бағынбас әңгүдігін.

Жан табылмай өмірде сұңғақ одан,
Қиялымды ақ бұлтқа бұлғап алам.
Алабұртып өмірден өту үшін
Көңіліңде жүрсін бір жұмбақ адам.
15.02.2012

Жанарымда жас қаулап,
Жалғыз қалдым көшеде.
Бәрі осылай аспандап,
Бәрі осылай өше ме?

Бәрі ғашық, бәрі ынтық
Көктеммін!- деп мастанба.
Білмеуші ме ең, жаным, түк
От шығарын тастан да?

Ақша бұлттай бұлқынып,
Қатар тұра алмадық.
Алға қарай ұмтылып,
Алыстауды таңдадық.

Жүрек – сенің тұрағың,
Мәртебелі әз елес!
Оның несін сұрадың?
Халім менің мәз емес…

Жалт қараттың көзіңмен,
Жолықтың да, шоқ қылдың.
Бір-ақ ауыз сөзіңмен
Бәрін өртеп жоқ қылдың!

Жанарымда жас қаулап,
Жалғыз қалдым көшеде.
Бәрі осылай аспандап,
Бәрі осылай өше ме?
27.03.2012

Не істе дейсіз? Не істе дейсіз енді сіз?
Халге жеттім адам айтса, сенгісіз!
Сіз жоқ жерде ауа да жоқ!.. не болған?
Қайдан келдім? Қайда барам? Белгісіз…

Қайтсем екен сізден қалған көңілді?
…астаң-кестең… быт-шыт болған өмірді?
Біреу жерде құлап жатып бақытты,
Біреу шыңға шығып тұрып, жеңілді…

«Бәрі жақсы болады!»- деп күлесіз.
Бәрі жақсы болмайтынын білесіз…
Өмір сыйлап өлеңіме жалғанда,
Шын өмірді өлеңімде сүресіз…
30.03.2012

Осылай да адам сағынады екен,
Сағынады екен, Тәңірім!
Жылауға себеп табылады екен
Жүрекке жүрмей әмірің.

Мүмкін екен ғой құлай сүюің
Құлай сүюің абайсыз.
Жүректің Сізді бұлай сүюін
Байқамай жүрсіз, қалай Сіз?

Көңілде неге тұрып алдыңыз
Тұрып алдыңыз мызғымай?
Хатыма, бәлкім, күліп алдыңыз
Күлмейтін шығар Күз бұлай.

Тағдырым осы – шатпақтап шығар
Сөйлесе іште бір өкпе.
Атың аталса атқақтап шығар
Не болған мына жүрекке?

Жынданып адам кетеді екен ғой,
Жұтып алғандай жасынды.
Қас қағым бір сәт жетеді екен ғой,
Жоғалту үшін басыңды.
01.02.2012

Сен кетесің. Кетер бірге жел сөз де!
Жалғыз досым жел қалады ел кезбе…

Сен кетесің. Күндеуші де жоғалар…
Күн қалады тек шуағы ғана бар.

Сен кетесің. Өмір кетер ілесіп.
Өлең қалар өмір үшін күресіп…

Сен кетесің. Мән кетеді тағдырдан
Мән кетеді Желден,
Күннен,
Жаңбырдан…
27.03.2012

Үнсіз отырмашы!
Үнсіз отырмашы!
Сұп-суық болып тұр күн неге? Деші
Үнсіз отырмашы, бірдеңе деші…
Қалай сүйетініңді айт!
Көңілді отырып та
Егилип…
Өртеніп…
Күйетініңді айт!
Айта алмасаң, «Тәңірім-ау! Енді не істейін?»-деп сұрауыңа болады.
Айта алмасаң, оның орнына жылауыңа болады…
Махаббат туралы тек шық сөйлесін!
Махаббат туралы өксік сөйлесін…
Махаббат туралы өкпе сөйлесін.
Сөйлесін…тіпті текке сөйлесін…
Махаббат туралы көктем сөйлесін!
Жай сөйлемесін ол!
Өктем сөйлесін!
Махаббат туралы жүрегің тұрмақ сүйегің сөйлесін!
Махаббат туралы кемсеңдеген иегің сөйлесін!
Адайы домбыраның шеги үзіліп? Тиегі сөйлесін.
Махаббат туралы бізді күтіп күреңіткен алаңқай сөйлесін!
Махаббат туралы жан айқай сөйлесін!
Үнсіз отырмашы!
Одан да жылай сал…
22.02.2012

Бәлкім, мен де кешігемін,
Сен бірақ та кешіре біл…
Ойып алып әз көктемді
Тағып кеткен төсіме кім?

Мен де Күндей жандырғанмын.
Мен де желдей қаңғырғанмын.
Бозторғайын шырылдатып,
Жүрегімде қалдырған кім?

Сыздатқан не? Бүріп алған
Бұл не?.. Мұң ба тұрып алған?
Беймезгіл шақ кім болды екен,
Көкірегіме кіріп алған?

Мендей азап шеккен бе екен?
Ол да шөлдеп кеткен бе екен?
Бұл не мөлт-мөлт еткен көзде?
Сіз бе?
…Әлде көктем бе екен?
30.03.2012

Бір жерлерде, бір сөнбейтін бардай Күн
Елегзимін… Кім бар мені алдайтын?
Сен қайтер ең халге жетсем бір күні
Сенсіз мүлде өмір сүре алмайтын?

Мен қорқамын өртенуден… жанудан…
Шатасудан… Мүлде есімнен танудан…
Сен қорқасың көп өлеңнің біріне
Қысқартылған әріп болып қалудан.

Бізге неге бұлдай берді көркін бақ?
Жатыр бізді ертең жұтар жол тыңдап.
Мен жылаймын…
Менен кейін сені іздеп
Мың жылдан соң Өлең жылар солқылдап…
Танакөз Толқынқызы 30.03.2012
Кеудем неге сөйлеп тұр төгіліп күй?
Үздіктірген бұл неткен еңілік күй?
Еркелеймін. Күлемін. Ынтығамын.
Сүйер болсаң, дәл мендей егіліп сүй!

Өртеніп сүй. Өзіңді жағып жібер!
Тамшы біткен қамығып ағып жүдер.
Бір бума гүл сыйлап кет іңкәрліктен
Тұмар қылып кеудемде тағып жүрер.

Алау жанар жел болып тисең егер,
Арманым не отыңа күйсем егер?
Күлім көкке ұшса да ештеңе етпес,
Таусылып сүй, сен мені сүйсең егер!
27.03.2012.

Не істедің?
Жүрегіңнен қандай жарық бөлінді?
Басыбайлы құл болардай сезімге.
Қай сөзіңмен өртеп кеттің өмірді?
Әйтпесе, айтшы, өртенетін кезім бе?

Не бар сенде мені сонша матайтын?
Халге жеттім тұра алмайтын көрмесем.
Құдіретің бар көк майсаны отайтын,
Жайрап жатам жай түскендей, келмесең.

Шатастым мен шырмауыңа түстім де,
Жылай да алмай, жырлай да алмай түнердім.
Мұң шағады сынық қанат құс кімге?
Мені жынды көбелек қып жібердің.

Арымменен араз етіп өзімді,
Аяп мені бақылама сыртымнан.
Жалпақ жұрттан жасырғанмен көзімді
Бұл жүректі қайда қоям бұлқынған?

Сені ойлаймын жыласам да, күлсем де,
Бәлкім, мұңды көтере алмай үзілем.
Әлемімнің күйрейтінін білсем де
Жүріп келем ұстараның жүзімен.
29.01.2012

Өлгім келеді! Өлгім келеді!
Тек сені ғана көргім келеді!
Қаңғырып жүрмін, қарашы маған,
Қажет пе саған желдің дерегі?

Кеткім келеді…
Өбкім келеді…
Өлімге бұлттай шөккім келеді!
Құшақтап тұрып әлдебіреуді
Жанымды ақтарып төккім келеді!

Белгісіз жаққа қашқым келеді!
Өртімді өртпен басқым келеді!
Мен емес, жердің қиратып бәрін
Сағыныш көтерген тасқын келді!

Өлгім келеді! Өлгім келеді!
Жоқ, маған сенсең, жердің керегі!
Ауа да! Ай да! Кун қажет емес!
Тек сені ғана көргім келеді!!!
28.03.2012

Сөйлесем сілкінер бір дәуір

Сөйлесем сілкінер бір дәуір,
О, несі ішінен тынғаны?
Күтудің салмағы зілмауыр
Еңсемді көтертпей тұрғаны.

Әңгіме тыңдаймын құлықсыз,
Білмеймін дәл қазір нақ кіммін?
Іздеймін біреуді ырықсыз,
Егіліп жылауға шақ тұрмын.

Шақ тұрмын күл болып кетуге,
Бір дауыл тұрады-ау кешікпей!
Бір-ақ сәт гүл болып кету де,
Бір-ақ сәт өбісу өшікпей.

Үнсіздік ең ауыр жаза бұл,
Азабын мен ғана айта алам.
О, жетер, бүгінгі мазағың
Жетеді… тіл қатшы қайтадан…
25.01.2012

40 ПІКІРЛЕР

  1. Мен өзі..көп өлеңнің бəрін оқи бермейм. Жаныма жақын, шынайы қиналудан, шынайы сезімнен туған өлеңдерді жақсы көрем, сіздікі сияқты, Танакөз əпке!..) əсіресе, оқып отырып, өлеңдегі керемет ұйқастармен берілген нəзік иірімдер өз өміріңмен байланысқа шыққанын сезінгенде тіптен ғашық бола түсесің… таңғаласың…өзің де өлең жазғың келед…
    Осындай, жан дүниеңді тебірентер өлеңдер өмір сүре берсін!

  2. Танакоз! Олендеринизди осыдан бираз жылдар бурын казак радиосынан тындаганмын. Соз жок олендериниз мени шынайылыгымен жан дуниени тербирентетиндигимен бирден баурады. Казакта сиз сиякты кайсар акын кыз бар екенине куанамын. Сизге жеке басынызга бакыт, шыгармашылык шабыт тилеймин!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз