"БІЗГЕ ЖЫЛАУЫҚ АҚЫНДАР КЕРЕК ЕМЕС..."

О баста кiтап жазу ғанибетi ғана емес, кiтап оқу да (бүгiнгi тiлмен айтқанда оқырман болу) санаулылардың, дәлiрек айтқанда қалаулылардың еншiсiне жазылған бақ болған секiлдi. Көне кiтаптар мынандай тәмсiл айтады. Ұлы ұстаз Пифагор өз iлiмi қағаз бетiне түсiрiлуiне барынша қарсы болыпты. Шамасы, атақты гректi бұндай әрекетке итермелеген саф iлiмдi сауатты, бiрақ ниетi бұзық адамдар өз бас пайдасына, жамандық жолына пайдаланып кетедi деген қорқыныш болса керек. Қалай дегенмен де ұлы ұстаз iлiмiн қағазға түсiрiп, кейiнгi ұрпаққа мұра етiп қалдырғаннан гөрi өзi бiлетiн һәм сенетiн санаулы шәкiрттерiне оқытып-үйретудi жөн көрген, келер ұрпаққа да солар арқылы жеткiзгiсi келген. Бүгiнгi ақшаның күшi немесе жеңнiң ұшымен жалғасу арқылы кандидаттық атақ алып жүрген кейбiр ғалымсымақтарды көргенде, қайран Пифагор, жарық дүниеге тағы да бiр келер ме едiң демеске лаж жоқ. Және қазақ топырағында келсе. Онда ол ана бiр ақбас академик ағаларымызға ғалым болудың, ұстаз болудың қандай мәртебелi iс екендiгiн тағы да бiр рет үйретiп кетер едi-ау! Қырық кандидат төрт кандидатқа айналар едi, бiрақ сапасы қандай! Ылғи сен тұр, мен атайын ғалым ұл-қыздар болар едi-ау! Рас, бұл – бiзде арына, иманына, парызына адал ғалымдар жоқ деген сөз емес. Әйтпесе, қазақ ғылымы да алға жылжыр ма едi! * * * Итальян жазушысы Дино Буццотиде қысқаша мазмұны мынадай новелла бар. Кейiпкерлерi екеу-ақ, даңқты физик Эйнштейн мен кәдiмгi дiни әңгiмелерден белгiлi жан алғыш Әзiрейiл. Әлдебiр кезектi ғылыми жаңалығына толғатып жүрген Эйнштейндi Әзiрейiл бұл дүниеден татар дәмiң таусылды, о дүниеге жүрер кезiң келдi деп асықтыра бастайды. Бiр емес, бiрнеше рет келедi. Әр келген сайын ғалымнан еститiн уәжi бiреу-ақ. Ғалым өмiрiнiң, бүкiл ғылыми iзденiсiнiң мәнi iспеттi жаңалығын ашуға тақау тұрғандығын, соны ашуға аз ғана уақыт болса да мұрсат беруiн сұрайды. Бұл уәжге Әзiрейiл де тоқтайды, ажал сәтi де бiрнеше рет ұзартылады. Әзiрейiл соңғы келiсiнде жаңалығын ашып, мәз болып жүрген Эйнштейндi көредi. Қуанышының себебiн сұрайды. Себебiн бiлгенде Әзiрейiлдiң не дегенiн бiлесiз бе? «Сiздiң жаңалығыңыздың арқасында тозаққа баратындардың саны арта түстi. Қазiр тозақта той болып жатыр. Той иесi – Iбiлiс. Сiздi асықтыруымыздың себебi де сол едi, жаңалығын тезiрек ашсын дегенбiз. Ендi керегiңiз жоқ, аман-есен жүре берiңiз», – дейдi. Аңғал ғалым бармағын тiстеп қала бередi. Пифагор тағылымы мен ойдан шығарылған осы новелла арасында жiңiшке болса да сәулелi байланыс бар. * * * Тұрсынжан Шапай дұрыс жазады. «Табиғатынан малшы болуға бейiмделiп жаратылған адам» ғалым болып кеттi. Өйткенi жақсылы-жаманды кiтап оқи алады, сауаты бар. Олай болса, шын қабiлет-қарымы ауылдағы қатын-қалашқа тақпақ шығарудан әрiге аспайтын сөзуар пенденiң неге атақты ақын болмасына. Өзiне-өзi демеушi болып, екi-үш кiтабын шығарса жетiп жатыр. Ондайларға экологтың көзiмен қарағың келедi. «Кiтап – қағаз, қағаз – ағаш, ағаш – ауа. Ауаны ұрламағаныңыз жөн» деп. * * * Соңғы кезде кiтап оқырманы азайып кеттi деген пiкiр жиi айтылады. Солай ма? Менiңше, оқырман азайған жоқ. Сүзгiден, дәлiрек айтқанда ауытқымалы сандық көрсеткiштен тұрақты сапалық деңгейге өтiп жатыр. Кешегi кеңес дәуiрiнде кiтап бiр қабырғаны тұтас алып тұратын пұтқа айналып кете жаздап едi. Қазiргi оқырман ондай асырасiлтеушiлiктен ада, есесiне сұранысы да шынайы. Мына көршi Ресей әдебиетi орыс мұжығы сауатсыз болған кезде де әлсiз болған жоқ. Шамасы, әдебиеттiң мықтылығы оқырманның көптiгiмен анықталмайды ғой деймiн. Атақты Достоевскийдiң романдары 80 миллион орысқа 3-ақ мың данамен таралған кездерi болған. Бiрақ, сол Достоевскийлердiң тұсы басқа емес, орыс әдебиетiнiң дәл алтын дәуiрi болып саналады. Кiтабының саудасын жүргiзiп, сол Достоевскийдi жоқтықтың құрсауынан алып шыққан кiсi әйелi болғандығын да ұмытпаған жөн. Бiзде осы кiтаппен сауда мәселесi, оқырманмен қарым-қатынас дұрыс жолға қойылмай жатыр десек болады. * * * Өз басым қазақ әдебиетiнiң бiр тұрақты оқырманын, жанашыр оқырманын жақсы бiлемiн. Сол оқырман ертеректе басылып шыққан «Ғибрат наме» деген кiтапты бiр қойдың құнына бағалайды. Кiтап грузин ақсүйектерiнiң өкiлi, өз заманының бiлiмдi жандарының бiрi Сулхансаба Орбелиани деген кiсiнiкi болса керек. Қазақшаға тәржiмалаған, шамалауымызша, Мұзағаң (Әлiмбаев). Солай болып жатса, осындай кiтапты тәржiмалағаны үшiн де Мұзағаңа көп-көп рахмет айтуға болады. Тек аудармашы емес, кiтаптың шынайы бағасын бiлетiн зиялы оқырман ретiнде де. Бiрақ маған, шынымды айтсам, осы кiсi аударған Сағдидiң «Жәннаты» мен «Гүлстаны» аса ұнай қойған жоқ. Бәлкiм, өзбекше нұсқасын ертеректе оқығандықтан болар. Әлде Жұмекен аудармасының салқыны тидi ме? Мұзағаңның тағы бiр аударма дүниесi «Маржан сөз». Мiне, бұл еңбек, үлкен еңбек. Бүгiнгi маған мәңгiлiктiң баламасындай болып әдемi естiлетiн шумер атауын да алғаш осы кiтаптан оқыған болармын-ау. Дәлiрек айтқанда, олардың мақал-мәтелдерiн. * * * Ацтектердiң түбiне кiтап жетiп тынды. Ұйғыр қағанатына да. Бiздiң түбiмiзге не жетуi мүмкiн? Менiңше, қазақтың түбiне жетсе Абылай ханның түсi жетедi. Иә, иә, сол түс… Бұл да аңыз әңгiме. * * * Гетенiң «Жас Вертердiң қасiретi» романы шыққан кезде, шығарманы оқыған бiраз жастар атылып өлiптi. Романның әсерi күштi болған ғой. Роман бiраз деңгейде автобиографиялық та болып табылады. Бiрақ романның шын кейiпкерi Гетенiң өзi емес, өйткенi кейiнiректе романды бiтiргесiн өзi де атылып өле салмағанына өкiнген. Менiңше, қазақта өлеңiмен ғана емес, өмiрiмен де өзiнен кейiнгiлердi бiраз елiктiрген, тамсантқан, тiптi әурелеген ақын бар. Ол – Мұқағали. Оған елiктегендердiң бiразы «Ұлы бола алмай iшемiз» емес, «Мұқаң бола алмай iшемiз» деп жүрiп сорлап қалды. Алыптардың кейде ергежейлiлермен осылай да әзiлдесiп ойнайтыны бар. * * * Екiнiң бiрi iшкiш болған деп бiлетiн Есенин табиғатында шымыр денелi жiгiт болған. Америкаға барғанда ондағылар оған спортшы болатын-ақ жан екенсiз деп тамсаныпты. Сол Есенин келбеттi де жiгiт екен. Бет әлпетi бiр қарағанда бейкүнә перiштедей көрiнетiн болған болса керек. Алғаш кездескендер анадай тентек өлеңдер мұның қай жерiнен шығады екен деп те ойлайды екен. Сол Есениндi өлең оқып тұрған кезiнде көрген бiреу айтыпты: «Мынау тек мықты өлең ғана жазып қоймайды, қажет болса адамды да өлтiре алады». Бiзге де сондай ақындар керек. Байрон, Лермонтов, Петефи сияқтылар. Жылауықтар емес! * * * Кiтап өлген жоқ… Кiтап өлмейдi… Кiтаптың ақырғы күнi – адамзаттың ақырғы күнi. Бұл – Жазмыш.

Әмірхан Балқыбек, ақын

nurastana.kz

http://qazaquni.kz