«Құс қанаты» атты онлайн кездесу өтті

Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық Академиялық Кітапханасы «Жастар Коворкинг» орталығының ұйымдастырумен жас ақын Бауыржан Игілікпен «Құс қанаты» атты онлайн кездесу болып өтті. Онлайн кездесу барысында жас ақын өмірі мен шығармашылығы жайында айта келе, өлеңдерін оқып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Қолына гитара алып, ән де айтып берді. Сондай ақ, кітап оқуға қатысты өз пікірін де білдірді. - Мен бала кезден кітап оқуды сүйіп өстім. Мемлекет тұлғалардан тұратын болғандықтан кейін, кітапсыз өмір сүру мүмкін емес. Жұмыр жердің бетіндегі жұмыр басты пенде жұмыр жүрегімен, жұмыр басымен рухани дамуы керек. Сол себептен үздіксіз рухани даму үшін кітап оқуымыз керек. Сан мыңдаған ғасырлар бойы өркениетті жылжытатын адамзат баласы болса, ал адамзат баласын алдыға жылжытатын ол кітап. Кітап дегеніміз не? Ол білімдарлар мен көрегендердің өмірден түйгенін жанымен сезгенін, көзі әбден жеткенін, дүниетанымын сығымдап тұрып жазған еңбегі. Біздің осы уақытқа дейін дамып келе жатқанымыздың бәрі том том кітаптардың арқасы. Сондай ақ, жас ақын Б.Игілік болашақта оқитын кітаптарды қалай таңдау қажеттігін және оның ойлау жүйесіне әсер ететінін, ерте кезден келе жатқан кітап оқуды әдетке айналдыру керектігін де тілге тиек етті. Бауыржан Игілік ақын, жүргізуші, сценарист, поэзия фестивальдарының лауреаты. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйралары мен айтыстардың жүлдегері, республикалық өнер фестивальдарының лауреаты. «Абай әлемі» фестивалінің Гран-При жеңімпазы, алтын төсбелгі иегері. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай төсбелгісімен марапатталған.