Қуанып оянған ауыл
2020 ж. 08 сәуір
8348
0
Бұл сонау кеңес заманында айтылатын ескі әзіл еді. Ресейдің қиыр шығысында ( бәлкім қиыр терістік, бәлкім батыс...) екі қазақ солдат кезігіп қалыпты-мыс. Совет армиясы қатарында қызмет етуге шақырылған қаракөздерді военкомат қай түкпірлерге лақтырмады дейсіз! Екеудің біреуі Нарынқолдан екен. Екіншісі оның Нарынқолдан екенін ести сала есі кетіп, сұрақтарын қарша бората жөнелмей ме.
– Мәссаған! Ауылдарың тура таудың етегінде ғой, иә?
– Иә, таудың түбіндеміз.
– Қарағайлы орман ауылдың дәл шетінен басталады дейді ғой. Рас па?
– Иә, рас.
– Орман ішінде аң-құстары да мол шығар ә?
– Әрине!
– Тура ауылдың ішімен өзен ағып жатады деген ше?
– Иә, тау жақтан Жағатал деген өзен ағып, төмендегі Байынқолға құяды.
– Ғаж-ж-ж-а-а-а-а-п!..
– Бауырым, сұрақты сонша жаудырдың. Өзің Қазақстанның қай жеріненсің?
– Кегеннен...
Екі солдат осылай танысқан көрінеді.
Ол кезде екеуі екі бөлек аудан. Облыстары бір болғанмен шаңырақтары бөлек, түтіні бөлек. Ол да бір дәурен екен. Оңтайластыру деген желеумен 1997 жылы екі ауданды қосып тынбады ма.
Былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» кітапханасының сериясымен «Жиырма бес жыл: жеңістер мен жемістер» атты жинақ жарық көрді. Ширек ғасырдың көркем шежіресі іспеттес кітапта тәуелсіздігіміздің әр жылы туралы елімізге танымал тұлғалар ой толғаған. Осы біз тілге тиек етіп отырған 1997 жыл туралы толғам әйгілі Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның өткір тілімен таңбаланып, тасқа түсіпті. Шерағаң бүй дейді:
«1997 жылғы газеттердің тігінділерін парақтап қалсаң, алдыңнан: «Аукцион! Аукцион! Аукцион!» деп бақандай әріптермен терілген жарнамалар қаптап шыға келеді. Кейде газет көлемінің жартысынан көбін алып жатады.
Сонда ол жарнамалар не айтады?
– Балалар бақшалары сатылады;
– Клубтар сатылады;
– Кітапханалар сатылады;
– Мәдениет үйлері сатылады;
– Зауыттар сатылады;
– Кеніштер сатылады;
–... сатылады, сатылады, сатылады.
... «Аукцион! Аукцион! Аукцион!» деп жар салған шақта миллиардтың мүлкі миллионға, миллионның мүлкі мыңға кетті.
Арадағы айырмашылық қай қалтаға түсті деп ойлайсыз? Қажыгелдиннің қалтасы да, көмейі де кең екен. 1994 жылы Премьер-министр болып тағайындалғанға дейін, зерттеушілердің айтуынша, Қажыгелдин аса ірі бай бола қоймаған. Үкімет басында отырған үш жылдың ішінде халық қазынасына суық қолын аямай салған.»
Шерағаңның осы жазғандарынан бір ащы шындықтың себезгі жарығы қылаңытады. Оспадарсыз оңтайландырудан, орынды-орынсыз сатулардан ел зардап шекпеді деу қателік болар еді. Ауданың не, облыстар да «оңтайландырудың» құрығына ілініп, біріне бірі қосылып жатты. Тілінің уыты бар бір әріптесіміз сол кездегі шенеуніктерді мына ағаштан ұшырсаң, ана ағашқа, ана ағаштан ұшырсаң, мына ағашқа барып қона салатын қарғаларға теңеп еді. Рас, атқамінерлердің ондай реформалардан қылы қисайған жоқ, зілмауыр жүк халықтың иығына түсті.
Нарынқол да сөйтіп қысқарған аудандардың қатарында кете барған.
Содан бері де,міне, ширек ғасырдай уақыт зыр етіп өте шығыпты. Ел экономикасы, құдайға шүкір, көтерілді. Енді алдымыздан шекаралық аудандарымыздың етек-жеңін қымтап, іргемізді нығайту мәселесі шыға бастады.
Есімізге К.Маркстің бір сөзі түсіп отыр. «Европаны коммунизм елесі кезіп жүр» деген... Қазір Райымбек ауданын да елес болмаса да, ертеңге деген үмітті оятатын бір жақсы лепес шаңытып тұр. Үлкендер «Жақсы лепес – жарым ырыс» демеуші ме еді мұндайда. Кегенді қоя тұрып, әңгімеміздің бісмілләсін Нарынқолдан бастауымызға да осы гәптің түрткі болғаны рас-дүр.
Биыл жазда Алматы облыстық мәслихаты қазіргі Райымбек ауданы есебінен 711 937 гектар жер бөлу арқылы жаңа аудан құру туралы қаулы қабылдағанда-ақ жетім қозының күйін кешіп жүрген нарынқолдықтар елең етіскен. Мұның алдында да ел алғысын арқалап жүрген облыс әкімі Нарынқол өңірін бір аралап өтіп, үміт отын жағып кеткенін естігенбіз.
Енді, міне, осы туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өзі мәлімдеді. «Облыста жаңа аудан құрылатынын қуана хабарлаймын. Шешім қабылданып қойды. Үкіметтің қаулысы, Елбасының шешімі шыққаннан кейін қуанышты жаңалықты халыққа жеткіземіз. Ұсыныс бізден болған еді. Нарынқолға барғанымызда жастардың бәрінің ауылды тастап кеткенін, Алматыда базар жағалап, жұмыссыз жүргенін білдік. Осыдан кейін ол жерде Нарынқол ауданын құру туралы ұсыныс жасадық. Шекарасын бөліп, көрсетіп қойдық, тек процедуралық жұмыствр қалды. Содан кейін шешім қабылданады. Біз комиссия құрып, Нарынқолдағы мекемелерді аралап,
жағдайды көріп қайттық. Келесі жылдың бюджетіне соның бәрін енгізіп, жоспарлауымыз керек», – деді ол.
Әкімшілік тұрғыда екіге бөлінгенімен Нарынқол мен Кеген Аспантаулар аясындағы жұрт үшін тел ұғым, егіз есім екендігі белгілі. Шекара түбінде, желдің өті, елдің шетінде жұпыны тірлік кешіп жатқан халық аудан орталығының жақындағанына , бір кездері дүрк көтеріліп, қалаға қоныс аударғандардың қайта ораларына, сөйтіп қаңырап жатқан ауылдардың тамырына қан жүгіреріне қуанулы. «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» , дейді данышпан Абай. Ендеше осынау басталған істің барынша баянды боларына имандай сенгіміз келеді.
Ауылға ( Райымбек ауданына, яғни Кеген мен Нарынқолға деп ұғыңыз) әр барған сайын жақсысына сүйініп, жаманына күйініп қайтасың. Аға дос Ғалым Жайлыбай «Ауылдарың жақын, қандай жақсы сендерге!» деп қызығады. Рас, жиі болмаса да торқалы той, топырақты өлім дегендей, аракідік ат ізін салып тұрамыз. Баяғыдай соғымын сойып, еті мен құрт-майын әзірлеп күтіп отыратын әке-шеше болмаса да , бір тартылыс күші тартады да тұрады, әйтеуір. Ауасы ма, адамдары ма, табиғаты ма...
Ауасы демекші, бір әңгіме еске түседі осындайда. Ана жылдары (Біздің ана жылдарымыз кеңес өкіметінің кезіне тіреледі де тұрады емес пе) қызылордалық Нұрлан есімді бір жігіт аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып қызмет етті. Сол азамат оқу жылы аяқталуға жақындағанда бір топ озат оқушыларды Алматыға апталық демалысқа алып келмей ме. 3-4 күннен соң-ақ балалардың басым бөлігінің басы ауырып, балтыры сыздап дегендей, қыңқыл-сыңқылдары көбейе бастапты. «Қой, құрысын, аманында ата-аналарының қолдарына тапсырайын», деп Нұрекең кері қайтқан. Қайқының кезеңіне шыққанда шофер мәшиненің моторын суытып алмақ болып аял жасаса керек. «О, құдірет! Әлгі ауырды деген балаларым бір қарасам жолдың жиегінде алысып-жұлысып, қуаласпақ ойнап, шауып жүр,- деп жалғайды әңгімесін Нұрекең. – Мен бұл өңірдің ауасының өзі ем екенін, тынысыңды кеңітіп, жаныңа дәру сыйлайтын ғажап қасиеті бар екенін сол сәтте қапысыз сезіндім-ау деймін. Рас айтам, осынау таулы өлкенің ауасы мен желінде бір тылсым сиқыр бар!»
Байлық дейтін байлық та жоқ бұл өлкеде. Қазақстанның көп жерімен салыстырғанда халықтың да тұрмыс-тіршілігінің қоңторғайлау екені көзге ұрып тұрады. Бар байлығы адамдары мен жоғарыда айтқан саф ауасы және тұмса табиғаты.
Қазір аудан бойынша 120 мыңға жуық ірі қара, 74 мың жылқы, 533 748 қой бар. Бұдан көретініміз аудан экономикасының локомотиві – мал шаруашылығы. Одан соң аздаған егін шаруашылығы, оның ішінде картоп. Кәдімгі әзілкеш бір бауырымыз айтатындай палауға да ұялмай қосуға болатын сапалы нарынқолдық картоп. Десек те, ауа райының қолайсыздығы,
жерінің биіктігі, орталықтан шалғайлығы қай саланы да дамытуға аз кедергі жасамайтыны тағы белгілі.
Аспантаулар аясындағы арман-мекеннің басты байлығы – адамдары . Бір сөзбен айтқанда – Адами капитал! Осы өлкеден қанат қағып, қазағына танылған дарын иелерін санап көріңізші, саусағыңыз жетпей, жаңылып қаласыз. Ендеше қайта қалпына келтірілгелі жатқан жаңа ауданға баратын жаңа басшылар арман-мақсаттарын үкілеп отырған адамдарға қамқорлықты басты кредосына айналдыруы керек!
Ел сұраған талай-талай басшылар өтті бұл өңірде. Көбінің есімдері есте жоқ. Есте қалатындары санаулы ғана. Нарынқол ауданында бірінші хатшы болған
Бақыт Оспанов ағамыздың ерлікке бергісіз бір ісі жадымда жаңғырады да тұрады. Түу десе түкірігі жерге түспейтін хатшы аудандық газетте қамыттағы аттай боп қажып жүрген ақын Еркін Ібітановқа кезексіз үш ай демалыс алып беріп, Мұқағали туралы көлемді дастан жазып шығуды тапсырған. Аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының мойнына Ерекеңнің отбасын үш ай бойы тегін азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұруды жүктеген. Ерекең тапсырманы тастай қып орындап шыққан. Және қандай орындаған десеңізші! Әйгілі шедевр «Хан Тәңірі, қайдасың?!» поэма-романы дүниеге осылай келген! Қасиетті сөз өнерінің құнын бір кісідей-ақ түсінетін парасатты басшы орман шаруашылығының қарағайдан қиып салған даңғарадай төрт бөлмелі үйін ақынға шығармасының қаламақысы ретінде тарту еткен.
Міне, Нарынқол мен Кегенге рухани жаңғыру тұсында осындай тұлға болуға татитын іскер басшы керек. Ол басшы әдебиет пен мәдениет қана емес, барлық сала бойынша қол астындағылар мен өзінің алдына орасан мақсат қоя білгені жөн. Қазіргі заманғы менеджмент дейтін мамандықтың майын ішкен Шэд Хельмстер дейтін дәулескер бизнесмен бүй дейді: «Мақсат жоспарды анықтайды, жоспар әрекетке әкеледі, әрекет нәтижеге қол жеткізеді, ал нәтиже табыс береді. Осының бәрі бір ғана МАҚСАТ дейтін қарапайым сөзден басталады!»
Қандай да бір креативті жоспарлардың өзін қысқа ғана уақыт ішінде жүзеге асыруға болатын қазіргідей заманда бұл өңірде қолға алатын шаруалар шаш-етектен. Еліміздің батыс өңірінен Қытайға тартылып жатқан газ құбырының бір тармағын неге Сүмбе арқылы өткізбеске. Баяғыда Алаш арыстарының бірі Мұхаметжан Тынышбаев Іле жағалауымен темір жол жүргізуге болатынын дәлелдеп, жобасын жасағаны еске түседі. Қарқара жәрмеңкесін қайта жаңғыртып, халықаралық сауда орталығын құру да соншалықты қол жетпестей арман емес қой. Жүн өңдеу зауыты, кірпіш зауыты, ет комбинаты сияқты жабылып қалған ірілі-ұсақты шағын кәсіпорындар ілкімді де іскер кәсіпкерлерді сарғайып күтуде екені де жасырын емес. Алматыдан Нарынқолға дейінгі республикалық маңызы бар автожол да жамаудан көз ашпай тозуға айналып барады. Ашылуын асыға
күтіп жатқан алтын көмбедей кен орындары қаншама! Көрген жанның көз қуанышына айналып, талайларды тамсандырған таулы өңірдегі туризм саласы да тусырылған күйі қозғаусыз ол жатыр. Айта берсең, қолға алар жұмыстар көп, өте көп.
Нарынқолға барған сайын Хан Тәңіріне сағына да, табына да қарап, көз алмасыңды суарасың. Әгәрәкім күн бұлтты болып, асқар шыңды көре алмай кетсең, әлденеге көңілің алаңдап, бір нәрсең жетіспегендей , неше күн бойы нәмақұл кейіпте жүрерің бар. Осы жолы барғанда да , қайтқанда да Тәңіртаудың қағанындай қаһарлы шың қасқайып қарап тұрды. Тіпті біз алыстағалы бері бұрынғысынан да айбарланып, биіктеп кеткендей ме дейім.
Жұмысқа үлгеру үшін жолға тым ерте жиналып, елең-алаңда аттанып кеттік.
Нарынқол қуанып оянып жатты. Сейдағамыздың әнебір шығармасындағыдай қаншама жыл мұңайып оянып жүрді. Тағы да ұлы Абайға жүгінеміз: «Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың , көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!» ( 37-сөз).
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында Елбасымыз Н.Назарбаев : «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез-келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі», – деп атап өтті. Рас. Баршамыздың ұлттық кодымыздың негізі туған жерімізде, атамекенімізде екендігі айдай ақиқат қой.
Иә, дәл қазір жалғыз Нарынқол ғана емес, шекара түбіндегі әр ауыл қуанып оянатын болды. Қуануға себеп те жоқ емес. Туған өлкенің көркейіп, өркендеуіне тағы да бір алғышарт жасалынғалы отыр. Неге қуанбасқа!
Кәдірбек Құныпияұлы,
ақын, Райымбек ауданының Құрметті азаматы.
Алматы облысы