Аманхан Әлімнің соңғы өлеңі
2020 ж. 30 наурыз
3102
0
Белгілі ақын Аманхан Әлімнің қазасы қалың оқырманның қабырғасын қайыстырды. Түнде ғана әлеуметтік желідегі парақшасына өлең жариялаған ақынның бүгін жүрегі мәңгіге тоқтады. Ақынның соңғы жырын оқырманға ұсынамыз.
***
Жаңа өлең оқиық, достар!
(29 марта 2015 г. в 3:59)
Бүгін, түнгі 3. 33 - те туған жаңа өлең оқиық, достар!
КӨҢІЛ КҮЙ
Бұрған бұлттың легімен елге бетті,
Ағыл-тегіл көк нөсер селдеп өтті.
Күздің күнгі жапырақ сияқтанған,
Менің қанша сөздерім желге кетті.
Беріледі жел қақты бақ та мұңға,
Сорам болып сор мезгіл аққаның ба?!
Барып-барып үзілген үміттей жол,
Басын тығып алыпты тақта құмға.
Тырау-тырау мұңды үнді тырна біткен,
Көш түзеді көңілсіз бір бағытпен.
Кетті маған қарамай, Алматыға,
Бір жақсы қыз, сорыма, Сырда күткен.
Ауыр қандай тиеді сұрақ демі,
Таптыра ма, жанымның тұрақты емі?!
Қып-қызыл боп жанып тұр шетен бақта,
Жылуы жоқ жылытар, бірақ, мені.
Жаман екен жүрегің сыздағасын,
Қаққан кезде кіді Күз ызба қасын.
Жылы жаққа қаз қайтты, кетті қыз да,
Кімнен оны айтшы енді қызғанасың?!
Кететұғын түсіп бір ізге бастан,
Бұ өмірді теңімен қыз де қашқан...
Жабырқаулы жанымды жылытпайды,
Мұң тілінде сөйлеген күздегі аспан.
Тырналардан кеудемде тырау қалған,
Мен ашалмай өтетін сыр-ау, жалған.
Маған ұқсап тұр, анау, кәрі үйеңкі,
Басын ерте бозаңдау қырау шалған.
Аманхан Әлімұлы,
Фейсбук парақшасынан