НАЙЗАҒАЙ МІНЕЗДІ, НАМЫСТЫ АЗАМАТ ЕДІ...
2020 ж. 30 наурыз
2454
0
Ай, зырылдаған заман-ай!Аманхан да өтті-ау дүниеден.Бұл Аманхан марқұмның алды-артындағы ағайын-туыс, жора-жолдастарына соққан Құдайдың құпия қоңырауы шығар, бəлкім. Баяғы замандағы бабаларымыз қандай еді? Аманхан да найзағай мінезді, намысты азамат болатын.
Арқадан қашқан қоянды
Арғымақ қуып жетпесе,
Ақберенімді оқтаман.
Басымды менің қорласа,
Бір туғанымды жоқтаман.
Жақсылардан кем көрсе,
Жамандармен тең көрсе,
Кеңірдегімнен келгенше
Алтынға малсын-тоқтаман!
Аузы дуалы ата-бабамыздың осы жырын оқығанда көз алдыма Аманхан елестейтін. Дүбірге қосылып дүниеге қызыққан жоқ. Ұлтымның жыртығын жамаймын деумен-ақ жарық дүниеден аққан жұлдыздай ғайып болды-ау азамат. Сыпайылығы, сырбаздығы өзіне жарасатын. Бір-екі жас кішілігін сақтап мені көзі жұмылғанша "Көке!" деуден жаңылмады. Түн жарымда маған арнап ең соңғы құттықтау хатын жазыпты. Ең соңғы! Фейсбук парақшасына жариялап, сақтап кетіпті... Соны естігенде есімнен танып қала жаздадым.
Отбасы мен Отанына құлай берілген азаматтар Аманхандай-ақ болар... Жастай қосылған жан жары Күлəйды алақанына салып аялайтын, еркелететін. "Əуелі Құдай, сосын Күлəй!" дейтін. Бұл оның тереңдігі, ерендігі. Өмір осы. Енді міне, Күлəйдің құзырынан Құдайдың құзырына өтті. Мəңгілік ештеңе жоқ. Артында не қалды? Бала-шағасы, немере мен жары қалды. Ең бастысы-Азаматтық ары қалды. Жыры қалды!
Жаны жəннатта болсын!
Көпен ӘМІРБЕК,
“Қазақ үні"