Байбота Қошым-Ноғай: Аманханмен тағдырымыз ұқсас еді
2020 ж. 30 наурыз
2517
0
Ақын Аманхан Әлімұлы жалғанды тастап кетіпті. Әлеуметтік желі күңіреніп жатыр. Дәл қазіргі қысыл-таяң кез аяғымызды тұсап тұр. Біраз дос-жаран... Серік Байхонов, Көлбай Адырбекұлы, Темірхан Момбекұлы-Түркістан, Мылтықбай Ерімбетов, Ахмет Өмірзақ... т.б. телефон соғып, бір-бірімізге көңіл айтып отырмыз... Өткен күндер еске түседі...
Ақын боламыз, жазушы боламыз деп Алматыда қалған әдебиеттегі біздің буын өкілдері жетпісінші жылдардың екінші жартысында түгелге жуық шаңырақ көтеріп, бір-бір отау болғанбыз. Бірақ бәріміздің дерлік басымызда баспана жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Біздің бәріміз де сексенінші жылдардың басында перзентті болып үлгердік. Алдымыздың төрт-бес, соңымыздың бір-екіден баламыз бар. Қызметке орналасып, Қазақстан Жазушылар одағына мүше бола бастадық. Ертеңгі күннен үміттенеміз. Не қызмет орнымыздан, не Қазақстан Жазушылар одағынан үй алып қалармыз деген дәмемен жүрдік. Осындай қиын күндерде Аманхан мен Күләйдің тұңғышы, біздің төртінші қызымыз шетінеді. Тағдырымыз ұқсас. “Жалын” баспасының поэзия редакциясында қызмет істейтінмін. Редакцияға Есенғали Раушанов кіріп келді. – Естідің бе?– деді ол әй-шай жоқ. – Нені? – Аманхан қайтыс болыпты ғой... Бет-әлпетінде қайғы-мұңның ізі де жоқ. Салмақты. Абыржыған күйін де сездірмейді. Мен отырған орындығыма жабысып қалғандай не істерімді білмей дал болдым. Есенғали айтқан “жайсыз хабарды” бөлім меңгерушісі Серікбай Оспанов пен редакцияның кіші редакторы Тұрар Абдрахманова да естіп отыр. Олар да жайбарақат отырған сияқтанды маған. Бір уақытта барып: – Қашан? Не болыпты оған?– деп сұрадым алдымда әлі тұрған Есенғалидан. Ол “білмеймін” деген сөзді ишарамен аңғартып, астыңғы ернін соза түсті де, екі қолын екі жағына жайып, иығын қиқаң еткізді. Көп аялдаған да жоқ. Есіктен жайбарақат шығып кетті. Мен Аманханның жайын, оның отбасы туралы ойлап кетіппін. Мас болып, бір бәлеге ұрынып қалған шығар деп те қайғырдым. “Экран” кинотеатрынан төменіректе тұратын пәтеріне баратын жол өте қолайсыз болатын. Ешқандай баспалдақсыз өрден төмен қарай құлдайсың. Мас түгіл сау адамның өзі опат болса да сенуге болады. Бір сәт біздің бәріміз осылай үйсіз-күйсіз қаңғып жүріп, өзгенің босағасында өмірден өтетін шығармыз деп түңілдім. Сәлден соң есімді жиып алып, Есенғалимен сөйлескелі дәлізге шықтым. Алдымнан Мылтықбай Ерімбетов жолыға кетті. – Аманхан қайтыс болыпты. Естідің бе?– деді ол да жайбарақат өтіп бара жатып. “Мыналарға не болған?” деп іштей қамықтым. Бейне бір “Аманханның кітабы шығыпты. Көрдің бе?” деген секілді селт етпейді. Қолым пиджагымның оң қалтасына сүңгіп кетіпті. Темекі алып тұтаттым да, баспалдақтың қасындағы қоқыс салатын шелекке қарай аяңдадым. Темекімді бұрқыратып тұрғанымда әлдебір есікке кіріп-шыққан Мылтықбай тағы жолықты. – Не болыпты оған?– дедім оны жеңінен тартып тоқтатып. – Кімге?– дейді ол бетіме таң қала қараған күйі. – Аманханға... – А, сен естімеп пе едің? – Естідім... әлгінде Есенғалидан естідім...– деймін мен өзіме өзім келе алмай. – А, онда солай болған шығар,– деді де Мылтықбай ыржаңдаған қалпы баспалдақпен төменгі қабатқа қарай түсіп бара жатты. Мен қолымдағы темекінің тұқылын қоқыс салатын ыдысқа тастадым да, Есенғали отыратын бөлменің есігін аштым. – Аманханның қайтыс болғанын айтып Мылтықбай ыржалаң қағады,– дедім оған. – Қалжыңдаған да,– дейді ол өзінің “қалжыңдағанын” ұмытып кетіп. Қатты алданғанымды сезіп, кеудеме бір өксік келіп тығылды. Орныма барып отыра беріп, менен көзін алмай тұрған Тұрарға қарап: – Қалжыңдапты,– дедім де, жылап жібердім. Көзімнің жасын әрең дегенде тыйдым. Кісі өлімі өз ажалыңнан да хабар беретінін ұғындым мен. Кейінірек Аманханға жолығып қалып, Есенғали мен Мылтықбайдың бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай әлгі сөзді қайталап мені жылатқаны жайында айтып бердім. – Олар сөйтіп ойнайды,– деп Аманхан да ыржалаң қағады. – Мен сенің өліміңе жақсылап жылап алдым, енді өлгеніңде жыламаймын. Қарыздар емеспін,– дедім мен оған. Жыламаймын дегенім бос сөз екен. Тағы да көз жасымды сығып алдым...
Иманы саламат болсын! Отбасына – жары Күләйға, балалары Әселге, Аянға, туған-туысқандарына, бар қазаққа көңіл айтамыз. Бір өлеңінде ол өзі қоңыр күзде алыс сапарға аттанатынын болжап отыратын еді. Алдап кетті! Адамның айтқаны бола бермейді ғой...
Байбота Қошым-Ноғай, Қазақ үні