Елордада Әкім Ысқаққа арналған «Ең бай әке» кітабының тұсаукесері өтті
2020 ж. 16 наурыз
3180
0
Нұр-Сұлтанда белгілі қаламгер, ҚР Парламенті Мәжілісі бірінші шақырылымының депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы Әкім Ысқақтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Ең бай әке» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинақты жазушының бір топ шәкірттері шығарған.
Әдетте, ақын-жазушылар атаулы жасқа толғанда замандастарының естеліктері басылатыны белгілі. Ал Әкім Ысқақ 60-қа келгенде өз шәкірттері Қазақстанның әр аймағындағы оқырмандарының, ізін басқан жастардың лебіздері мен пікірлерін біріктіріп, үлкен жинақ етіп шығарғанын ерекше атап өту керек. Кітаптың, әсіресе, бірінші бөліміндегі Ә.Ысқақтың берген батасынан кейін перзентті болған отбасылар мен балалары ақындыққа, жазушылыққа бейімделіп келе жатқан адамдардың оқиғалары қызықты. Ал кітаптың «Ең бай әке» атауы - қаламгердің баласындай болып кеткен шәкірті Бекзад Ахмедтің идеясы.
«Қайраткер Әкім Ысқақ 60 жасына дейінгі өмірін Адам іздеумен, шәкірт жинаумен, тілеулес табумен өткізді. Ғұмырындағы осынау миссиясы сәтті орындалып келе жатқанына жұрт куә. Қаламгердің мерейтойы қарсаңындағы шәкірттерінің тарту кітабында шәкірттерінің естеліктері мен тілектеріне, арнауларына басымдық берілді. Сондай-ақ оқырмандардың кейінгі жылдары шыққан туындыларына жазған пікірлері, замандастарының лебіздері де басылды. Оқысаңыз, адам іздеу өнерін сіз де меңгеріп аласыз», - деген бұл жайында кітапты құрастырушы Абай Сейфуллаұлы.
Кітаптың тұсауын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев, ҚР Парламентінің бірнеше шақырылым депутаты, ф.ғ.д. Уәлихан Қалижан, сатирик Көпен Әмірбек қиды.
«Кітаптың атының «Ең бай әке» деп қойылуы өте ұтымды. Бұл Әкім Ысқақтың рухани бай екенін көрсетеді. Бір шетінен осындай кітаптың шығуы – Әкімнің және оның шәкірттерінің тындырымдылығының нәтижесі. Жақсы кітап», - деп баға берді К.Әмірбек.
Ал ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков Ә.Ысқаққа гербтің бір нұсқасын тарту етті.
«Сіз жазған Заң арқылы Өзбекстаннан 1 млн қазақ елге келді. 1992 жылғы алғашқы құрылтайдың өткені, барлығы-барлығы есімде. Ал мен гербті Ташкентте жүріп жасадым. Бір данасын сізге арнайы алып қойып едім. Бір жағынан мұны Елтаңба авторы таққан орден деп біліңіз. «Ең бай әке» деген кітап қазір шықса, келешекте «Ең бай ата» деген кітап шықсын», - деп лебіз білдірді Ж.Мәлібеков.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті, ақын Қазыбек Иса Әкім Ысқақпен өзін ұлттық мүдде мен тіл табыстарғанын атап өтті. Кітап кейіпкеріне арнап өлең оқыды.
«Әбеке, құтты болсын алпысыңыз,
Жалғандықпен әрқашан тартысыңыз,
Жақсылыққа арналсын бар күшіңіз
Құтты болсын Әбеке, алпысыңыз.
Сенім артып өзіңдей туған ұлдан,
Сергиді елің әр жиын, думаныңнан.
Әкім болу әркімге мақсат болса,
Әкімсің сен досым-ау туғаныңнан.
Жүргеннен соң жүрекке жақын ұстап,
Жүреді ылғи жастар да атын ұстап.
Алла қолдап, жұлдызың жарқырасын,
Жаза бергін, жасай бер Әкім Ысқақ!» - деп суырып салды ол.
Сонымен бірге жиынға ҚР Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары, ақын Асқар Өртембаев, журналист Бекен Қайрат, композитор Кентау Назарбек және тағы басқа қоғам қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі. Айтпақшы, жиынды ҚР ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Келешек» жастар кеңесі ұйымдастырған. Тұсаукесер жұмыстарының бәрін шәкірттері мен тілеулестері зыр жүгіре атқарып жүргенін көріп, сырттан келген қонақтар қаламгер мен оқырман арасындағы ыстық ықыласқа қызыға да, тамсана қарап кетті...
Мейіржан Нұрадинов,
Қазақ үні