Көктемге ғашық бола сал...

Сәруар ҚАСЫМОВА КҮЗ ӨЛТІРДІ МЕНДІК КӨКТЕМ КӨҢІЛДІ Атам айтқан ертегіден ащылау Өмір айтқан ертегі. Күн түнді жеп, түн күнді жеп күнтізбе Білмен қайда ертеді? Бір білерім, қожайыны жүректің, Есіміңді ұмытпауым серт еді. Атам тартқан күйлерден де қайғылы Өмір күйі тартылды. Мұң көшіне ерген соңғы түйедей Ауыр мұңдар артылды. Бар ғұмырым бір басыңды күтуге Арналсын деп бағаладым нарқымды. Атам салған әндерден де зарлы үні Өмір салған ария. Сенің тұйық жүрегіңнің ішінде Мен іздеген жанұя. Күз өлтірген мендік көктем көңілдің Жалған үміт дейтін емі бар, ия!.. Біздің өмір (мен түсіндім кеш бірақ) Бір-біріне теріс аққан дария. ... «Өмір деген күтіп жүріп көз жұму...» Дұрыс айтып кеткен екен қария... Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ ГИПЕРБОРЕЯЛЫҚТАРДЫҢ САҒЫНЫШЫ Күн батыстан шыққанша… ………………………………………. Күн шығыстың Назары Өлім сазын ойнайды. Өлім сазы – топырақ гүл биінде жайнайды. Шөп батасын оқыған көктем сайын талығып, Мен, Біреуді сағынам көзімде жас зарығып. Көктем, Көктем – Сағыныш, сағынышымның ынтығы, Мұң кеулеген Жанымның жамалар ма жыртығы?! Өмірімнің мазмұны – Оның сұлу жанары, Мәңгіліктің қадамы – менің халал амалым. Жұлдыздардай жылаймын, естігенде Есімін, Бұлдыр-бұлдыр сөзімді жұбатады Кешірім. Тағдырымен ойнаған, Мен – адасқақ Сөз едім, Әр Сәуленің демінен мейірімін сеземін. Жел күбірін тыңдадым, әр Дыбыста үні бар, Әр Дыбысқа шын сенсем, күллі өкініш жылынар. Көктем, Көктем, иманды, аппақ дұғам сен едің, Сағындым ғой, сағындым, қашан жүзін көремін?! Аспан намаз оқыған Жер бетінен іздедім, Ой мұжыған мүміннің келбетінен іздедім. Жүрегімнен іздедім, ізін көрдім үміттің, Ізін көрдім үміттің, өзімді-өзім ұмыттым. Бұл ұмытшақ сананың бурыл-бурыл жолдары, Мені тағы жоғалтты, Мені тағы алдады. Көктем, Көктем – Сағыныш, сағынышымның мұңдағы, Ой байлаған Жанымның шешіле ме жұмбағы?! Таң тәспиғын тартады, ақшам сипап сақалын, Ал, мен Оны күтемін – Өмір сөйлеп жатамын. Солай, әнім – Көктемім, Өлім сазы – тым мұңлы, Қарашы, әне-е-е-е, Шығыстан кешегідей Күн күлді… ………………………………………………… Күн батыстан шыққанша… Есей ЖЕҢІСҰЛЫ Жаурадық... жаурадық құр... Жанның жоқ құштар оты. Тағы да қар жауып тұр. Бұл, бәлкім, құс қанаты. Қыс бұлдар батыр нарқын, Сілкілеп қарлы басын. Жете алмай жатыр, бәлкім, Ақ тамақ қарлығашым. Е-хе-хе-ей, армысың, Күн! Қыстың да сағы сынар. Бұл қар сол нау-құсымның, Жолдаған әні шығар. Туған жер түнін жарып, Қарлығаш келер, қонар. «Қар, менен бұрын барып, Сәлем айт!» деген болар. Қалмай тұр еш тағатым, «Көктемім келді» деймін. Жауа бер, құс қанаты, Саған еш ренжімеймін. *** Өмірге ренжіп жүрмісің? «Жау» емес, досым, ол осал. Қарсы ал да келген жыл құсын, Көктемге ғашық бола сал. Қырларға қызыл гүл шығып, Күн көкте қалғып, көз ілді. Жаңғырып жатыр тіршілік, Жаңғыртшы сен де өзіңді. Жиналған өкпе-назды ұмыт, Жылуға қалсын балқып бой. Дұшпаныңды да мәз қылып, Құшағыңа бір тартып қой. Қабағың кірден арылсын, Қаша сал және мәңгі ойдан. Өмір – бір жеңіл қауырсын, Үп етсе самал, айналған. Алаңдай берме әрнеге, Үмітпен оян ақ таңда. Түлей алмайсың сен неге, Қара жер түлеп жатқанда? Шағыңда мынау бел асар, Жаман-ау жетпей шаршаған. Көктемге ғашық бола сал, Сыйлайды бақыт ол саған. ҰларбекБАЙТАЙЛАҚ Еңсем мынау... Өзгермейтін қалып бір... Не табамын назаланып, налып құр?! ...Биігіме көтергеннің барлығы, дөңгеленіп жанарымнан тамып тұр... Құлпырды деп дүниенің түгелі, болмысымның боялмады реңі... Мен көктемді іздемеймін көшеден... ...Құстар менен қыздар несін біледі... Жылап келем... Көше лас, батпақ, кір... тәнімнен де алыстаған әппақ нұр... ...Кір-қожалақ дүниеде Күнәсіз сезімімді өлең ғана сақтап тұр! өлең ғана сақтап тұр.... КӨКТЕМ СОНАТАСЫ Пианино тілдерінде түнеген, Айналып кеп тапты мені бұл өлең. Иығыма сүйеп балғын маңдайын, Тереземде үнсіз жылап тұр емен. Өткен күнге жетелейді кісіні, Түнгі аспанда қиқулаған құс үні. Жүректерді... Сұлулыққа тым құмар, Жасыл-жасыл жаңбыр иісі ұрғылар. Мас көңілге бір тыныштық орнатқан, Оттар сөнген, Түнгі алыс аумақтан. Өсиетіндей сонау зұлмат ғасырдың, Қасқыр үні талып жетер тау жақтан. Саған мұнша ауыр азап берген кім? Жылама қыз! Жаныңды өзім емдермін. Сырнайына қосылып ап жырлаймын, Қоналқаға қонған керуендердің. Мен өзіңді сағынумен ауырдым, Ең алғашқы неке түні сәуірдің. Біздің Сахи тілектерден тамған бір, Өзіңді іздеп адасқан сол арман жүр. Жылады үміт соңы кеткен мүрдемге, Енді оны таба алмайсың бұл жерден! Енді қайтып жана алмайсың бұл жерден! Сырқат іңір қыңсылайды іргеңнен... ...Пианино тілдерінде түнеген, Көктем, Көктем! Мен сағынған ұлы өлең! Саян тауын көктей өткен құстармен, Көктем болып келіп тұрмын міне мен. Қарашалар, Қайтқан қаздар, Зарлықтар, Қанды жылдан қарғыс алған хандықтар... Күздің соңғы елесі жүр қорада, Ескірген деп есіркеме оны аға. Сол ескі мұң бізге де кеп орнықты, (Көне әуенге біздің көңіл көндікті...) Жаннат аңсап жапа кешкен дәруіштей, Іздеп жүрмін жылдар көмген ерлікті… Рахат ӘБДІРАХМАНОВ СӘЛЕМ,КӨКТЕМ! Сәлем, көктем, Мен қайтадан туылдым, Көк аспанның күмісімен жуындым. Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің, Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым. Сәлем, көктем, Таңғы самал ескенде, Бұлт гүл болып өскенде, Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де, Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде. Сәлем, көктем, Өрнек қандай су салған, Жасыл қырат – жасыл сағым бусанған. Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың, Жұпар исін жұта берем жусаннан. Сәлем, көктем, Өліп кетпеу үшін мен, Күннің нұрын жүрегіме түсіргем. Аспан асты – керемет той, аста-төк, Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген… Сәлем, көктем, Өркеш-өркеш томарың… Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!.. Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып, Қауызында сақталса еді обалым!.. Сәлем, көктем! Кіл еңбекқор, кіл асқақ Құмырсқалар жағдайымды сұрасқан. Көңілімнің оркестрін ойнатты, Тырналардан нота түзген мына аспан!.. КӨҢІЛСІЗ КӨКТЕМ.... Бар мұңымды жібере сап жылғамен, Жаңа нұрға шомылушы ем жылда мен. ..Мына көктем томсырайып тұр неге, Күңгірттеніп барады ма күллі әлем?! Атқан таңды сұлуларша сыланып, баяғыша қарсы алмаймын гүл алып... ...Құдайым-ау көзім қайда қарап тұр, Өзім қайда кетіп барам, лағып?! Ойнап жүрген шағым емес, күнде отпен, Көзім неге ашылмайды дүрмектен? ...Анау күз бен мына қыстан өзгеше, ештеңе де көрсетпеді-ау бұл көктем! Рауан ҚАЙДАРОВ ҚОС КӨКТЕМ Көңілімді көктемге көпір еткен, Махаббаттың ыстық еді оты неткен, Ес білгелі ерекше елжіретіп Есімде қалып қойды екі көктем. Асау сезім арманға асықтырды, Баспалдағын кеудемнің басып кірді, Бір көктем кеп айырып сүйгенімнен Бір көктем кеп басқаға ғашық қылды. Қайғы әкелген өткен жыл, өткен көктем, Мұнарасын мұңымның көкке өрлеткен, Қырық қиял, отыз ой, алпыс арман, Сексен түрлі іске аспай серттен кеткен. Көңілсіз болады екен көктем бұлай, Өзгеге шертпеуші едім өкпемді лай, Көктем бірақ кектеніп қайтем саған Басқарып тұр емес пе көктен Құдай. Жадыратты осы жыл, осы көктем, Жабырқау еді жанымның көші көптен, Толқыныма тосқауыл бола алмассың Өйткені мен ғашықпын есі кеткен. Иә, ғашықпын ойымның бәрі мәлім, Жан сырыңды жасырма жалынамын, Жаным сені қаншалық жақсы көрсем Көктем сені соншалық сағынамын. Біздің бақыт тұр екен биік кімнен, Ой оқығым келеді тұйық түннен, Енді қалған көктемді қарсы алайын, Жаңа ғана қосылған сүйіктіммен.