Ақын рухының мұрагерлері

2
2971

               Әдебиет тақырыбында әңгіме қозғайтындар осы күндері қазақ жырының деңгейі өте жоғарылығын айтады. Ал кім біледі, кешегі жыраулық поэзиямыз, Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы секілді зар заман ақындары, ұлы Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Төлегендер, бертінгі Жұматай, Кеңшіліктер болмаса осынау биікке жетер ме едік?!.
Иә, кейінгі буын ақындарының барлығы да осы поэзия алыптарының шәкірттері деп толық сеніммен айтуға болады. Мәселен, марқұм Жарасқан Әбдіраштың поэзиясында Мағжанның әсері байқалады. Баласы Рүстемнің әкесінің жазбалары негізінде түсірген «Қаладан келген қыз» көркем фильмінде ол анық көрінеді де. Сол сияқты Қасымның жыры да әсер етпеген ақындар кемде-кем-ау. Мұқағали, Төлегендердің өзі оның жырынан нәр алды. Мысалы, Мұқағали «Қасым солай болмаса» деген атақты өлеңінде:
«Бір күй бар домбырамда…» –
иесі Қасым,
Қасым солай болмаса, несі Қасым!?
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымын есіне алсын!..– десе, Төлеген, тіпті Қасымның жырымен сауат ашқанын айтып:
Қолыма ұстағанда алғаш кітап,
Жалынды өлеңіңді оқып едім.
Баурап ең көңілді сол кезден-ақ,
Жанымды жылытып бір отты лебің… – дейді.
Осы орайда бірнеше жылдар бұрын теледидардан белгілі әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының әңгімесін тыңдап едік. Ол кісі Ташкент педагогикалық институтында Төлеген Айбергеновке сабақ берген екен. Сонда Төлегеннің жырларын оқып, Қасымның үлгісін байқаған. Қызық көріп немесе шеберлігін ұштай түсү үшін бе, әйтеуір Қасымның бір жырын беріп, осыған ұқсас дүниені де жазуға тапсырма беріпті. Міне, бұл оқиға жаңағы айтылған сөзімізді дәлелдей түседі.
Мұқағали да, Төлеген де поэзияға өткен ғасырдың 50-60-ыншы жылдары келген ақындар. Өлең ауылына 70-80-інші жылдары бет бұрған қазіргі танымал ақындар да Қасым салған сүрлеуге түсті, Қасымның дәстүрінде жырларын жазды, жазып келеді де.
Сол ақындардың ішінде Қасымның жырын ұстап қалған, оның бірден-бір мұрагері ретінде Серік Ақсұңқарұлын айтуға болады. Ақсұңқарұлының қай шығармасын алсаңыз да, одан Қасымның өршілдігі байқалады. Ақынның өзі де мұны жасырмай, «Қарқаралы – қара орманым» поэмасының кіріспесінде: «Мен үшін Қарқаралының киесі бөлек. Шайтанкөл – аққу мекенім еді ол. «ХХ ғасырдың жиырма сәті» осы жерде дүниеге келді. Қасиетті топырағына еміреніп, Қасым Музасына тебірендім…» десе, бір жырында:
Өтті-ау, өмір, Қасым рухы қамшы боп,
Өзегімнен өз қолымен аршып от,
Арқадағы әруағым – аза жыр,
Қарқаралы – көзімдегі тамшы боп… – дейді.

Сәкен Сейфуллиннің жырынан қуат алған Ғалым Жайлыбай да:
Жасыдың да тірлікте, жүдедің де,
Бомба кетті жарылмай жүрегіңде.
Өртке тиген дауылдай өлеңіңмен,
Қарқаралы өзіңсің жыр елінде! – деп Қасым поэзиясына бас иеді. Осы Ғалым ақынның құрдасы Қасымхан Бегмановтың Қасымға арнаған цикл өлеңдерінің бірінде:
Найзағайлы қара бұлттай құйып өткен жауыным,
Семсер тілді, от жүректі тыңбай соққан дауылым.
Жалғыз қалып жабыққан бір осы мұңлы жылдарда,
Әруағы мен жыры мені демеп келген бауырым!.. – деген жолдар бар. Міне, осы жолдардан Қасымның «Бабайқорғанның баласына» әсері анық көрінеді. Сондай-ақ, Қасымхан Қасым шыққан биікке шығуды армандап:
Өлмейді мәңгі рухы күшті асылдар,
Қалады олар алмасқанменен ғасырлар.
Маған да бір сәт көз салып өтсін ертеңгі,
Қазақ деп туған қара көз жап-жас Қасымдар! – дейді.
Жалпы, әдебиетте, оның ішінде поэзияда алдыңғы буын ақындарына кейінгі буын ақындарының жыр арнап, сырласу дәстүрі бар. Мәселен, Абаймен сырласпаған ақын жоқ- ау, сірә. Сол сияқты қазіргі таңда «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы қызметіндегі ақын Қазыбек Иса да Қасыммен сырласып, мұңын шағады. Қасымның тағдыры ауыр болғаны, өмірінде бір жөні түзу баспанаға қол жеткізе алмағаны белгілі. Сонда да ол:
Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды!
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды… – деп рухын аласартпады.
Баспана зарын Қасымнан кейін талай ақындар тартудай-ақ тартты. Бұл Қазыбекті де айналып өтпей, «Қасыммен сырласу» өлеңінде ол:
Шабыт сыйлап ақынның сазы көпке,
Қанат қақты айдынның қазы көкке.
Басайын деп Қасымнан қалған ізді,
Келген еді қалаға Қазыбек те…

Асып жүрсем келдім деп астанаға,
Тап болыппын таскерең тас қалаға.
Қасқа жолын Қасымның жалғап келем,
Зарын талай тартқызды баспана да… – деп өз жайынан хабар береді.

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп…
Қасымның осылай бір жырлағаны бар. Ақынның өлеңі өлмеді, оның рухы поэзия төрінен мәңгіге орын алды…

Аманғали ҚАЛЖАН

2 ПІКІРЛЕР

  1. Салаумалеикум!Жүректерді жалынжы сөздерімен тербеген ақын ағалар!Мен соңдарыңыздан ерген түлектеріңізбін өлен терме ан жазумен айналысам маган ақыл кенес берсеңіздер шабытымды қалай шыңдайын?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз