Қамбасы толы қаламгер

 

 «Бір кісі мың кісіге олжа салады»

(халық даналығы)

    Қолымызда – ҚХР Шыңжаң Іле қазақ автоном облысы  Жазушылар одағының мүшесі, ШҰАР Жазушылар одағының мүшесі, Қытай мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, ақын, зерттеуші, айтыскер Дәулетбек Қаңбақовтың «Қазақ ханы Абылай» атты, көлемі 20 баспа табақ тарихи романы. «Ел қадірын сыртта жүрмей білмейсің» дегендей, шетте жүріп, ежелгі ата-бабасы ту тіккен елі-жерін аңсайтын қандастарымыз, оның ішінде ақын-жазушыларымыз аз емес екендігінің куәсі. Соның бірі – байырғы қаламгер Дәулетбек Қаңбақов бұл романын сарғайған сағынышпен, қамығып отырып жазғаны байқалады. Дәулетбек Қаңбақовтың «Қазақ ханы Абылай» аталатын романы қазақ әдебиетінің ұлы керуеніне өз үнімен келіп қосылған өзіндік орны бар, тағы бір арна деп айта аламыз. Романның алғашқы тараулары Абылайдың сәбилік және сергелдеңге түскен балалық шағынан бастау алады да, содан нақты оқиғалар түрінде өрби отырып, болашақ ханның бала кезінен Көкшетауға келу себебі ашылады. Жазушы бұған дейінгі аралықта болашақ хан Абылайдың бағдарын анықтау жолында Шыңғыс ханның, одан кейін оның әулеттері: Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле, Бату, Бүркелердің дәуірлерін біршама ашып көрсетеді. Сол арқылы оқырманды қазақ хандығының алғашқы тұңғыш рет құрылуына зәру етіп дайындай түседі. Сөйте-сөйте келіп, Жәнібек ханның үш жүзге жарлық тарату оқиғасына іліндіреді. Содан оқиғаны нанымды өрбіте отырып, Абылайдың хан сайлау басқышына жеткізеді. Автор оқырманын жалықтырмай жетелеп отырып, өзінің діттеген жеріне сәтті, нанымды ұшырастырады. Оқиғалар барысы қазақ тілінің байырғы тұнық бай қалпында табиғи, қанық өріліп жатады. Шығармаға тамаша нәр беріп отырады. Мәселен, бір ғана мысал: ХІІІ тарауда: «Ұлытауда ашылған қазақ құрылтайы» басталатын жер «биылғы қыс құба қоңыр өтті. Көктем ерте шықты да, боран, жауын-шашынсыз, жарқыраған  жайлы шуағымен адамды да, малды да тез қунатты» – деген сөйлем бар. (160 б.) Бұндағы «құба қоңыр», «қунатты» сияқты қазіргі жұрттың есінен көтеріле бастап көнерген сөздер кітапта көп ұшырасып отырады. Сондай ой, тіл құнары арқылы Абылаймен тізе қосқан Қабанбай батырдың Жетісу мен Ілеге сапары да, өркештеніп, қанық, шебер суреттелгенін көреміз. Кеңестік кезеңдегі бір үрдіс – қырғыз бен қазақ арасындағы түрлі қақтығыстар (қырғыздар тарапынан басталатын) ауызға алынбауы керек болды. Оның арт жағында коммунистік цензура тұр. «Басшың жала жапса, өтірікші болуың оңай» демекші, советтік республикалар одағы социализмнің туындысы  болғандықтан, «бір атаның баласындай болулары керек» дедік. (Қолдан иілген жасама жалған сөз, пәлсапаны судай ағыздық). Ал бұл әрекет еліміз Егемендікке ие болғалы жазушылар қаламына там-тұмдап болса да, іліне бастады. Шынында да, көңілге қарайтын несі бар, тарихтың аты – тарих. Бұл орайда тарих шындығына көз жұмбаған жазушы Д.Қаңбақов 192 беттен басталатын «Қырғыздың қазақты шабуымен қырғызға жорық» тарауында және «Қырғызға жорық жеңісі» тарауларында қытай жазбаларындағы тарихи деректерге сүйене отырып, қан-соқтасын шылқыта жазған. Бұдан кейінгі «Қалмақтың қазақты шабуы мен қалмаққа жорық», «Абылай ханның қалмаққа тұтқын болуы», «Қалмаққа жаза жорығы», «Жаза жорығының жемісі», «Қалмақ ханының қазаққа тізе бүгуі», «Қалдан Сереннің ханышасын Абылайға тарту етуі», «Қазақтың хан орда кеңесі», «Қазақ-қалмақ құдалық жоралғысы», «Қазақ қолының елге оралуы», «Абылай хан заманы», «Қоқанға жорық», «Бұхара жорығының сәтсіздігі», «Абылай ханның науқас шағы мен қазасы» тараулары – кәнігі жазушы Дәулетбек Қаңбақовтың қаламгер атаулының бәрі бірдей біле бермейтін, қытай жазбаларынан емін-еркін пайдаланып және оны нәшіне келтіре жазып, қалың қазақ оқырманына сәтімен ұсынып отырғаны құптарлық та, қуантарлық жайт. Бұл романды көзі қарақты оқырман толық танып, біле түсуі үшін Жазушылар одағы проза кеңесінің талқысынан өткізіліп, өзінің лайықты бағасын алуы керек деп ойлаймыз. Дәукеңнің жалпы өмір жолындағы шығармашылық кезеңдерін бір шолып өтер болсақ, ҚХР-да 1942 жылы дүниеге келген ол 1961 жылы Үрімжідегі «Мәдениет көркемөнер кадрлары» мектебінде мәдениет кәсіптік курсін үздік бітіріп, жоғары техникумды тамамдаған. Содан 2004 жылға дейін Нылқы ауданында мәдениет саласында еңбек етіп, Мәдениет үйінің басшысы қызметімен зейнетке шыққан. Қызметте «Үздік дарын иесі» болып бағаланған Д.Қаңбақов сол жақтың жергілікті атауы бойынша «тете аға зерттеуші» (профессордың орынбасары) ғылыми атағын алған; Мемлекеттік Жазушылар одағының және Мемлекеттік халық ауыз әдебиеті одақтарының мүшесі. 1993 жылы халық ауыз әдебиеті мұралары қызметінің мемлекеттік дәрежелі озат қызметкері сыйлығын иеленген. Сондай-ақ аудандық баспадан шығарған «Нылқы халық ауыз әдебиеті» аталған жеті кітап үшін өлкелік және мемлекеттік сыйлықтарға ие болған. 1980-2012 жылдар аралығында «Халық мұрасының үздік мұрагері» марапатына ие болған. 1980 жылдан бері қарай алған түрлі кәсіби, әдеби сыйлықтарының саны жиырмадан асқан. Біздің айтыс өнерін басқаратын Жүрсін Ерман мырза сияқты ақындар айтысын ұйымдастыруда отыз жыл бойы кәсіптік жетекшілік қызмет атқарған ол осы ақындар айтысы қалай болуын түбегейлі зерттеп, оны реформалаудың үлгісін жасаған. Елуден аса шәкірт тәрбиелеп жетілдірген. Жарық көрген шығармалары: «Жас қарағай», «Жыл лебіздері», «Қос қанат» (2 том), «Қайнар көз», «Өлең өзені», «Айтыстар» (2 кітап), «Мұралардан ұлағат» (2 том), «ХХ ғасыр ақын-жазушылары», «ХХ ғасыр айтыс ақындары» және Қазақстанға келгелі «ХХ ғасыр әдебиет қамбасы» деген о жақ, бұ жақ қаламгерлерінен зерттеу томымен қоса, қолымыздағы 20 баспатабақ «Қазақ ханы Абылай» романын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Фолиант» баспасынан шығарған. *** Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағы проза кеңесінің назарына сала кетерлік бір түйткіл нәрсе тұр. Көркем шығармада шекара жоқ; дүниенің қайсы түкпіріне барса да, шығармашылық дүниесі далада қалмақ емес. Д.Қаңбақов баяғыдан Қытай мемлекеті Жазушылар одағына мүше болған танымал жазушы. Ендеше бұндай дап-дайын жағдайдағы жазушыны Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне қабылдау қажет деп санаймыз. Әйтпесек, ана жақтағы өмір бойы жиған бет-бедел, рухани беделін; бар тапқанын құрбан етіп, ата жұртқа еңбектеп болса да жеткісі келген қаламгерді кеудесінен кері қаққандық болмай ма. Сондықтан бұл мәселені проза кеңесі талқылап, лайықты қорытынды шығарып, жазбаша түрде Жазушылар одағы басқармасына және секретариат-хатшылық мүшелеріне тапсырса деген ұсынысымыз бар.   Жанат Ахмади, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Алматы облысы және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері