Өзіміздің Тұмағаң
2020 ж. 09 наурыз
2849
0
Қорғанбек Аманжол,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
Қатардағы қарапайым ғана «Студент дәптері» деген атпен 1957 жылы тұңғыш кітабы шыққан өрімдей жас Тұманбай Молдағалиевты ілгерідегі Мағжан мен Қасым саңылауын ашып, сәулесін себездетіп, сүрлеу-соқпағын салып кеткен қазақ поэзиясының жаңашыл жарқын беттерінің бастаушысы, қазақ өлеңіндегі жаймашуақ алтын дәуірдің ту көтерушісі болады деп дәл сол кездері ешкім ойламағанмен, әдебиетіміздің абыз сәуегейлері таң самалындай жаңа лепті, тосын құбылысты аңғармай қала алмапты. Мұндай көреген көріпкелдіктің алғашқы нышандарын 1960 жылдың 26 желтоқсанында Қазақ мемлекеттік университетінде болған атақты кездесуде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің бір топ жас дарындарды: «Әдебиетке сұлу мінез әкелуші, үлкен мәдениетті қасиет әкелуші, нұрлы, жақсы, жарқыраған, өрісі бар» деп биік бағалауынан байқаймыз. Сол шақта өмірдің өзіндей шынайы сырлы өлеңдеріндегі «біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін осыншалық шындығымен, бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдығымен» Әуезов сынды кемеңгердің өзінің ілтипатына ілінген, кәдімгі, жыл келгендей жаңалық сезіндірген таудай талапты жастардың бірі – ағалары үшін сол кездегі Тұмаш, кейінгі біздің жыр ағамыз – Тұмағамыз болатын.
Ал белгілі әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов ақынды: «Оның жауһар жырлары халықтың сезімін сұлуландырды, жанын нұрландырды, ата-ананы ардақтауға, сүйген жарды аялауға, қарындасты қастерлеуге үйретті. Бұл тұрғыдан қарағанда, Тұманбай Молдағалиев шын мәнінде ұлт ұстаздарының қатарына жатады» деп түйіндеген екен.
– Осы күнде үш күн өлең жазбасаңыз ауырып қалатын құдіреттің киелі дертіндей, әрі бар өміріңіздің шаттығы болған ақындық өнер өзіңізге қалай қонғаны есіңізде болар, Тұмаға?
– Төрт жасымда ғой деймін, колхоздың кеңсесінің алдында өлең айтқанымды білемін. Әрине, айтылып жүрген өлең болу керек. Бір топ ағалар мәз болып қалтама ақша салып жатты. «Енді балаңа той жасайсың!» – деді әкеме. Өлең дегенде осы жағдай есімде қалыпты. Тағы бірде Қылыш дейтін атамның үйінде қой сойылып, ет пісіріліп жатты. Қолыма жілік ұстатты. Сонда бір шырылдап өлең айттым. Мектепке барғанға дейінгі осы бір-екі сәт жадымда қалыпты. Жалпы, өлең жазуды алтыншы кластан бастадым. Көрші Қайрат ауылынан бесінші класқа оқуға келген Жолмұхан Түрікпенов деген бала (қазір ҚазҰУ профессоры, психолог) өлең жазады екен. Соған мен таң қалып: «Ойпырмай, өзіміз сияқты жай адамдар да өлең жазады екен-ау, мен де көрейінші» – деп талпынып бір-екі шумақ жазған болдым. Әрине, ол өлең емес еді. Сонда да болса осылай елеусіз бастап, мерекелерге анда-санда тиіп-қашып жазған өлеңдер қабырға газеттеріне шығып жүрді. Бірақ ақын боламын, өнер қуамын деп ол кезде ойлаған емеспін.
– Ондай ойдың шеті қашан қылтиды?
– Оныншыны бітіріп қанат қағып ұшар кезде Есік қаласындағы мектебіміздің директоры, қазіргі филология ғылымының докторы, профессор Төлеутай Ақшолақов деген ағамыз әрқайсымызбен әңгіме өткізді. Кезек маған келгенде: «Тұманбай, оқуға қайда барасың?» деген сұрағына: «Ленинградқа, Шығыс факультетіне барамын» деп кеуделеп соғып жіберіппін. Сосын ол кісі туыс-туғанымнан кім бар екенін сұрады. «Жалғыз шешем бар» деп едім: «Ол талабың да дұрыс. Бірақ сен мына КазГУ-ге барсаң қайтеді. Онда Әуезов сабақ береді» деді. Әуезов сабақ беретінін естігеннен кейін Ленинградқа бармақ ойымнан бірден айныдым. Әрі, байқаймын, орысшам да онша күшті емес, менікі тек түссем оқып кетем деген талап қой. Сонымен, Әуезовтің әсер-шарапатымен оқуға КазГУ-ге түстім. Жақсы оқыдым. Өлеңімді де жазып жүрдім. Бірінші курста үш күндік қазан мерекесінде үйге бара жатып Есіктегі «Үлгілі колхоз» дейтін аудандық газетке алғаш рет өлеңдерімді апардым. Үш күннен кейін газетке бір өлеңім жарқ ете түсті. Сонда он алты жастамын. Енді бойыма аздап батылдық кіріп, аудандық газетке ақырындап өлеңдерімді жіберіп тұратын болдым. Басып қояды. Бір күні редактор Үсенбай Тастанбеков ағаймен кеңірек сөйлесіп таныстым. Ол кісі өлең жайлы біраз әңгіме, ақыл-кеңес айтып, жалпы талабымды құптағандай болды. 1954 жылы хатпен қазіргі «Жетісу», сол кездегі Алматы облыстық «Коммунизм таңы» деп аталатын газетке бір өлең жібергем. Әлгі өлең басылыпты. Өзім білмеймін: «Әй, сенің өлеңің шығыпты» деп Едіге деген досым жүгіріп кепті. «Украин қызына» дейтін шағын ғана өлең.
Есімде менің, есімде,
Бірге оқыган кездерім.
Есімде менің, есімде
Сенің мөлдір көздерің.
Бірге оңып өзіңмен,
Бірге ойнаған кездерім.
Соғыс бітіп, мамаңмен
Қайта кеттің Киевке.
Тым болмаса сонда мен,
Қалмадым бір сүйіп те, –
деп келетін.
– Әдемі өлең екен, аға.
–...Жә, сол кездерде КазГУ-де әдеби кештер жиі болып тұратын. Үлкен ақындар келеді. Жас ақындар да көрініп өз өлеңдерін оқиды. Сондай бір кеште доцент Бейсенбай Кенжебаев аға өлең туралы үлкен баяндама жасады. Бір уақта студенттер өлең оқи бастады. Тұрап Айдаров, Нұрғожа Оразов, бізден бір курс жоғары оқитын Еркеш Ибраһим мен Жәрдем Тоғашев. Еркеш ол кезде кәдімгідей үлкен ақын санатында. Мен қатыссам да өлең оқуға батпаймын. Сөйтіп, жиын тарар кезде қасымда отырған досым Нұрғожа қол көтеріп: «Мынау Тұманбай Молдағалиев деген жігіт те өлең жазады және өлеңдері жақсы, оқысыншы» деді. «Оқысын, оқысын» деді. Енді жалтаратын жол қалмады. Содан шығып бір-екі өлең оқыдым. «Өлеңімде өмірдің өзі берген екпін бар» дейтін жерлері бар. Орныма келіп отырғасын жұрт пікір айтты. Солардың ішінен, әсіресе, республикаға танылып қалған Еркеш суырылып қатты сөйледі. Мына жігіттен ақын шығады, бізге ақын келді деп қуана, көтере сөйлегені әлі күнге көз алдымда. Басқалар да осы сөзді құптады. Мен өзім мақтау естігеніме қара терге түсіп біртүрлі қатты қысылдым, әрі әйтеуір ұрыспағанына, өлеңде сенің не ақың бар демегеніне қуандым. Ертесінде, фәмилиесін ұмытып тұрмын, журфактың Мәтжан деген жігіті: «Әй, Тұманбай, кеше өлеңдеріңді мақтады ғой, мен сені «Қазақстан әйелдері» журналына апарайын, өлеңдеріңді ұсынсаңшы» деді. Мәтжан айтқаннан кейін еріп бардым. «Украин қызына» деген өлеңімді алдым. Бір-ақ өлең. «Анау есікке барып кір» деді. Кірдім. Екі әйел отыр екен. Төрдегісі біраз жасқа келген, есік жақтағы жас келіншек. «Неге келдің, әке?» деді. «Апай, бір өлең әкеліп едім» деп қысылып айттым. Өлеңімді оқып жымың етті де, төрдегі әйелге берді. Ол кісі оқып шықты да, бұл көкек айы еді, «Бесінші нөмірге басамыз, келіп тұр, өлеңің әйбэт екен» деді. Кейін білдім ғой, өлеңімді алғаш оқығаны Тұрсынхан Әбдірахманова, төрде отырғаны «Қазақстан әйелдерінің» редакторы Әтина Жәкетова екен. Апай қазір сау-саламат қой деймін.
– Бар, Тұмаға, қазір ол кісі 95-ке келді.
– Ендеше, жүзге жетуіне тілектеспін. Менің үлкен әдебиеттегі тұсауымды кескен осы екі кісі. Қазақтың талантты, ақпейіл екі әйелі. Көңілімді ашып, өлеңімді басып, бүкіл республикаға алғаш таратып, қанаттандырды. Әжептәуір ақша қойыпты.
– Басқа газет-журналдарға да барған шығарсыз?
– Иә, содан өлеңдерімді басқа газеттерге апара бастадым. Енді жолды өзім таптым. «Лениншіл жаста» Нығмет Ғабдуллин аға отыр екен, екі-үш өлеңімді басамыз деп ол кісі алып қалды. «Қазақстан пионерінде» Сансызбай Сарғасбаев аға да өлеңіңді жариялаймын деді. Әйтеуір, редакцияларға барып тұрам. Барған сайын өлеңімді алып қалады, бетімнен қақпайды. Менің өлеңімді күтіп отыратын сияқты. Қазіргі көзбен қарасам, өлеңді жаза салып қайта-қайта апара беру ыңғайсыз-ақ. Сөйтсем, құдай мені әу бастан-ақ жақсы адамдарға жолықтырған екен, олар он тоғыздағы жас баланың көңілін қайтармады. Рахмет, сол ағаларым өмірде біреуі бетімнен қаққан емес. Бәрі де маған болсын деді. «Пионер» журналында ол кезде Мұзафар Әлімбаев ағамыз отырады.
Әр газет-журналдағы алғашқы қаламақыма біраз ақша алдым. Не істеймін? Мұндай көп ақшаны ұстап көрген емен өмірімде. Әкем соғыста қаза тапқан. Шешем ауылда колхоздың сиырын сауады. Әкемнің аға-жеңгесі – шал-кемпір бар ауылда. Ойлап-ойлап, мұны не қылам, кәстөм-шалбарым, бәтеңкем әлі киюге жарайды, қой, не де болса апам мен атамды қуантайын деп бекіндім. Әпкем де бар. Сөйдедім де салып ұрып көк базардың қасындағы «Қызыл таң» дүкеніне келіп, сол жерден біраз кездеме алдым. Шешеме көйлек, әжеме көйлек, атама шапан, әпкеме көйлек деп әрқайсының ыңғайына қарай таңдап жүрмін. Бір қоржын қант-шай, кәмпит, өрік-мейізді де ұмытпадым. Сөйтіп артынып-тартынып ауылға тарттым. Бұл менің он тоңыздағы кезім. Үйге келіп базарлығымды төгіп тастадым. Апам да қуанған. Атамның қабағы түсіп кетті. «Өлең жазып, соған гонорар алдым, ата» – дедім. Атам гонорарды қайдан білсін: «Ол не пәле тағы?» деп сұрады. «Газетке шыққан өлеңге беретін сондай ақша екен» деп түсіндірдім. Газетке шыққан алты-жеті өлеңімді ала барғам, соларды көрсетіп, дауыстап оқып бердім. Тыңдап отырып: «Пәтшағар, әкеңе тартқан екенсің-ау, жә, базарлығын ала беріңдер» деді. Өлеңнің арқасында сөйтіп үйдегілерді бір қуантып едім.
– Осы атаңыздың тәрбиесін көп көрген сияқтысыз. Сол жайында айтыңызшы?
– Бұл өзі әкемнің туған ағасы, Шәбден деген кісі. Ол кісінің қолында балалық шағымда көп жүрдім. Жаз бойы Асыдағы жайлауларға алып кетеді. Қызыққа кенелем. Сұлу табиғат. Белуардан келіп ұйысқан көкмайса. Сарқыраған бұлақтар. Аспанмен таласқан құзар шыңдар. Бірінші класты бітіргенімде бірге алып кетті атам мен апам. Тау деген жақсы ғой. Айран, сүт ішемін. Тамақ мол. Қой бағып атама көмектесемін. Бір қой, бір қозы жоғалтпаймын. Бір күні ұйқтап қалыппын. Оянсам, қойларым жоқ. Қозыны бөлек бағады. Өйткені, қойды сауады ғой. Ылғи жайылған отардың алдына барып ұйқтаймын. Қойлар маған жетіп аяғымды басқанда оянатын едім. Мені ұйқтай берсін деген болуы керек, бұл жолы қойларым мені айналып өтіпті. Бес жүз қой ұшты-күйлі жоқ. Зәрем қалмады. Зыр-зыр етіп, өрге қарай заулап жүгіріп қараймын. Бір кезде сонау жақтан біреу: «Ей, бала, бері кел, бері кел!» – деп қолын бұлғап айқайлады. Барсам, Алматыдан көшіп келген Мырзабай деген туысқанымыз екен. «Қойларың әне жатыр. Бұрын оянушы едің, бұл жолы ұйқтап қалдың ғой. Мен иіріп бөлек бағып отырмын» деп торсығынан айран құйып берді. Құдайдың құдіреті, қойым табылған сол қуаныш күйім есімнен, сол айранның дәмі таңдайымнан әлі күнге дейін кетпейді.
– «Сонау бір жазда жайлауда, соғыстың кезі, қой баққам» деп Мұқағали айтпақшы, бала шағыңыздағы жайлау суреттері сіздің де кеудеңізге бір-бір өлең болып құйылған екен ғой?..
– Соның бәрі алғашқы сезім, жазылмаса да жанымда жарқ еткен алғашқы өлеңдер сияқты. Жүрегімдегі тұма бұлақтың көзін ашқандай. Ақындық маған сол кездерде дарып қонды ма екен, кім білсін... Сонымен, тағы бір жаз аяқтала таудан асықпай түсіп келсем, жақсы көретін Әбен деген досым бар еді, сол ауылда үшінші класты қайтадан оқып жатыр. Мәнісін сұрасам, біздің ауылдың мектебінде төртінші класс жоқ, ал Әбеннің соғыстан атасы, яғни әкесінің ағасы келіп, ол кісі қасымда болшы, көріп жүрейін, сені сағындым дегесін ауылдағы үшінші класты қайтадан барыпты. Үшіншіні қайтадан оқитын Әбен досымдай әпенделік менде жоқ. Апам екеуміз он екі-он үш шақырым жердегі Ақши ауылы, сол кездегі Каганович колхозына тарттық. Тура мектеп директорының үйіне алып барды. Апамды әпкелеп қарсы алып жатыр. Бірақ төртінші класс мұнда да жоқ болып шықты. Сосын апам айтты: «Менің балам зерек. Сен мұны бірден бесіншіге ал. Егер оқудың аяғына дейін барлық балаларыңнан озбаса, мен мұрнымды кесіп берейін» – деді. Директор біртүрлі болып кетті. Әйткенмен, әпкесінің айтқанына көнді. Мен қатты қысылдым. Ертеңіне бірінші сабақта орыс тілінен диктант жаздырды. Орыс тілімен бірінші рет бетпе-бет келуім. Галина Федоровна Коробова деген мұғаліміміз келіп: «Молдағалиев кім?» деп сұрады орысшалап. Сөйтсем, бір сөзін дұрыс жазбаппын. Бір бала қарғып тұрып: «Бұл төртінші класты оқымаған бала. Бізге үшіншіден келіп отыр» деп айтып салды. Содан мұғалім «Мұндай баланы қайтіп оқытамын» деп директорға барып айтыпты. Апамнан алып қалған директордың өзі: «Әпкемнің көңілін қимап едім, қап. Әй, жарайды, әзер болса класыңда қаларсың, әпкеме айтып қойғасын болмайды, оқи берші» деді. Ішімнен: «Мен ешқашан класымда екінші жылға қалмаймын, биыл бәрібір оқуымды жақсы бітірем» деп бекіндім. Ақыры апам айтқандай болып шықты. Анамның сол ақ тілегін, арманын, маған деген сенімін, көңілін ақтап шығуға тырыстым, ақтап та шықтым. Жақсы оқыдым. Жылдың соңына қарай өзім қатарлы оқушылардың алды болдым.
– Іште бір от боп тұр ғой, енді...
– Кім білсін, әйтеуір көкейімде өмірі апамның айтқанын екі етпейінші, апамды жерге қаратпайыншы деген бір тілек тұрғаны анық. Шама-шарқымша орысшаны да үйрендім. Бір класты аттап кеткен осы секіріспен орта мектепті де бір жыл ерте, он алты жасымда бітірдім. Сөйтіп университетке де өз қатарымнан бір жыл бұрын түстім. Сол кезде сельсоветтен асығыс анықтама алып жүргенде «көкек айында тудым» дегенімді Қабылда Байболов деген ағамыз «көктем» деп естіп, жыл сайын туған күнімді де бір ай бұрын, 20 наурызда тойлайтын етіп заңдастырып тастаған-ды. Сірә, сәл озыңқылау жүруді маған тәңірім өзі бұйырса керек.
– Есеюдің келесі сатылары, еңбекке араласуыңыздың жай- жапсарын біле отырсақ?
– Бесінші курста оқып жүргенімде бір-екі өлең берейін деп бір күні тағы «Лениншіл жасқа» келдім. Өлеңімді қарайтын Нығмет аға жоқ, орнында басқа жігіт отыр. «Кел, кел, Тұманбай» деді ол кісі де жылы жүзбен. Сөйтсем, бұл Сапар Байжанов деген азамат екен. Өлеңім көбірек шығып, әдеби жұртшылыққа әжептәуір танылып қалған кезім. «Көңіліме көктем керек, жаз керек, көңіліме күлкі керек, наз керек», деп еркіндеп, еркелей бастағанмын. Сапар аға да өлеңдерімді оқып шығып, жақсы екен, басамыз деді. Сосын отырып: «Осында жұмысқа алсақ, келер ме едің?» деп сұрады. «Әрине, әбден келемін», деп жатырмын мен. «Олай болса, сен маған екі жетіден кейін келші» – деді. Екі жетіден кейін келсем, жаңағы орында Сапар ағам жоқ, басқа біреу отыр. «Сіз Сапарға келдіңіз-ау. Ол ағаң қазір бастық болды. Бас редактордың орынбасары, келесі бөлмеде отырады» деді күлімсіреп. Жетіп бардым. Сапекең уәдесін ұмытпапты. «Тұманбай, кел, кел, енді өтініш жазамыз» деді. Екеулеп Абай Бейсенбаевқа кіріп, 1956 жылдың 9 қаңтарында «Лениншіл жастың» әдебиет бөлімінің сынақ мерзімімен алынған дыңдай қызметкері болып шыға келдік. Хат қорытуға қырым келмей қиналыңқырап жүргенімде Сейдахмет Бердіқұловтың: «Шыда, әлі-ақ қалыпқа түсіп кетесің» деп жанаршырлық кеңес бергенін де ұмытпаймын. Бірде Москвадан Шманов деген кісінің Генрих Гейне туралы он сегіз бет мақаласын аударуға бастығым маған берді. Сол материалымды жігіттер әуелде кім аударғанын білмей: «Мынау ғажап қой, қалай аударған, не деген әдемі тіл!» деп басқа біреуге теліпті. Мақаланы тәржімалаған мен екенімді білгеннен кейінгі Кәкімжан Қазыбаевтың кереметін айтайын. «Әй, Сапар, мынандай перевод жасаған адамға қандай сынақ керек? Тап бүгін басыбүтін жұмысқа алмасақ құдай бізді кешірмейді» деп салды қызуланып. Сөйтіп екеуі қол қойып, сынақ мерзімін алып тастап, жастар газетінің толық құқылы әдеби қызметкері еткен. Шәміл Мұхамеджанов, Ескермес Ескендіров, тағы басқа жас ақындар келіп тұрады. Өлеңдерін қараймын.
– Содан өзіңіз де әдеби ортаға қарай ойыса бастаған шығарсыз?
– Ойысқанда қандай! Жуан ортасына тура күмп ете түстім. Жаңа айттым, шын мәнінде «Лениншіл жасқа» мені жұмысқа алдыртқан Генрих Гейне мен Шманов. Өлеңдерін де аудардым ғой енді. Осы ретте маған ерекше ағалық жасаған адам – Еркеш Ибраһим. Аударма жасауға үйретті. Түпнұсқадан тым алшақтап кетуге болмайды деп ақыл-кеңесін айтты. Сөйтіп жүргенде көрші отырған «Пионер» журналының редакторы Рахметолла Ыдырысов маған «құда түсті». Мұзафар Әлімбаев «Қазақ әдебиетіне» кетіп жатыр, соның орнына поэзия бөліміне келсеңші деп. «Лениншіл жасты» аса қарық қылып та жүрген жоқ едім. Ал мынау іздегенге – сұраған, аңсағанға – сусаған, қолайыма дөп келді. «Мен бәрібір сіздерге бала болмаймын, мен ақын боламын, арманым сол», деп қоймастан Кәкімжан ағаны араға сала жүріп бас редактор Абай Бейсенбаевты көндіріп, екі ай екі күн жұмыс істеген «Лениншіл жастан» «Пионерге» ауыстым. Қайран ағаларым-ай! Кетіп қалғанымды кек тұтпады, көңілдеріне алмады. Қайта «Лениншіл жасқа» өлеңдерімді бұрынғыдан да көбірек басып, қамқор бола берді. Жас ақындардың бір жиналысы тұсында Абайдың өзі топтама өлеңдерді Тұманбайдан бастап берейік депті. Кетерде де: «Әй, бала, сен бізді ұмытып кетпе» деген. Кетіп қалғаныма ұялып, Абай ағаны көрсем қашқақтап жүрем. Ол кісі қызық көреді: «әй, Тұманбай, қашпа!» деп күліп өтіп кетеді. Сосын сондай ақ жүрек ағаларыма мен де жақын жүрдім. Кейін алпысқа келген юбилейімде жігіттер паркке әкеліп суретке түсіріп жатқан. Қарасам, анадай жерде Абай ағам отыр. «Әй, жігіттер, әне менің ұстазым, алғаш көзімді ашып жұмысқа алған ағам отыр, суретке бірге түсіріңдер» деп бірге суретке түскеніміз бар еді. Сонымен, қысқасы, «Пионер» журналына орнығып, үйреніп, мақалалар жазып, Мұқан Иманжановтың қолына түстім. Үлкен жүректі керемет адам еді. Алғаш «Мұрап» деген очерк жазып әкелдім. Бір күні соны оқып, жарықтық Мұқаң: «Әй, Тұманбай, сен проза жазсаң, бізге нан жегізбейтін шығарсың» деді. Жақсы сөз – жанға сеп. Көтеріліп қалдым. Ол кісі «Пионерде» прозаны басқарады. «Тұманбай түбінде мықты ақын болады» деп маған сенген адамның бірі осы Мұқан Иманжанов болатын 1958 жылы 11 наурызда, қырық екі жасында сұм ажал арамыздан тым ерте алып кетті оны. Сонда «Ұстазға» деген өлең жаздым.
Оркестр, күңірен, күңірен.
Қоштасты асыл жан көктемнің гүлімен, күнімен.
Оркестр, күңірен.
Жылап өлең жазуды білмеуші ем.
Оқушы ең оны күнде сен.
Оркестр, күңірен, күңірен!..
Осы өлең «Қазақ әдебиетіне» шықты. Иманжанов мені аса жақсы көрді, ол кісіні мен де жақсы көретін едім. Өзімнің Тұрлықыз деген жалғыз әпкем болды. «Тұмашым» деп елжіреп, соңғы тиынын қалтама салатын. Кейін ол да, дәл осы Мұқан ағамдай, қырық екі жасында өкпе ауруынан қайтты. Жақын адамдардың жастай кетіп жатқаны қиын тиеді екен.
– Алғашқы өлең кітабыңыз қалай шықты, Тұмаға?
– Алғашқы жинағым өздерің білетін «Студент дәптері» ғой. 1956 жылдың қыркүйек айында соның қолжазбасының талқылауы болды. Талқылауды ұйымдастырушы Хамит Ерғалиев. Бұрын көрмеген ақыным. Ғали Орманов баяндамашы екен. Жазушылар одағының үлкен залында Жұбан, Сырбай, Жұмағали Саин, Мұхаметжан Қаратаев, ығай мен сығай бәрі келіп отыр. Содан Ғали ағам, құдай салмасын, баяндаманы жасады дейсің. Есімде қалғаны: «Біздің ауылда тай жарыс болады, деді. Ол тайды сәндейді, тайға мініп шабатын бала болады, оған үкілеп жақсы киім кигізеді. Маған осы жігіт сол тайға мініп бәйгеге шапқалы тұрған бала сияқты боп көрініп тұр. Өзін бұрын көрмесем де, өлендерін оқып жүргем»...
Ғали ағам осылай мақтап көсіле сөйледі. Саин: «Мынау болашақ офицер болайын деп тұрған поэзияның солдаты» деп қайырды. Жұбан Молдағалиев ағам: «Мынау Тұманбай Молдағалиев келгеннен бері маған тықыр таянды» деп жұртты бір күлдіріп алды. Сырағаң, тағы басқалар сөйлеп, аяғында өзіме өлең оқытты. Қаратаев «жинағыңды маған әкеп бер» деді, ол кісі баспаның редакция меңгерушісі екен. Содан алдағы 1957 жылы Ғафу Қайырбековтің редакторлығымен «Студент дәптері» жарық көрді. Кітапты оқырман өте жылы қабылдады. Келесі жылы Омаров Сейітжан ағам Жазушылар одағына өткізді. Төраға Мүсірепов жоқ, бір жаққа командировкаға кеткен екен, комиссия жиылысын Сейітжан аға басқарып, президиумда Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафип отыр, Қуандық Шаңғытбаев, өзіме ежелгі орыс әдебиетінен сабақ берген Александр Жовтис, бәрі сөйлеп, сондай салтанатты жағдайда СССР Жазушылар одағының мүшелігіне өтті ғой мына жаман ағаңыз жиырма үш жасында...
– Жаман ағаның бәрі сіздей болса, жақсы аға да керек емес, Тұмаға. Өзіңіз ата жасында болсаңыз да, алдыңыздағы ағаларға құрақ ұшқан сый-құрметіңіз бөлек. Аузыңыздан тастамайсыз?
– Ағаларды әрқашан шапағатпен еске аламын. Жасымда жетімдік тағдыр кешкен мен сол ағалардан көп жақсылық көрген адаммын. Ақындық қанатымды әу бастан қолдап көтерген, абырой-атаққа, барлық шыққан биіктеріме жеткізген солар, солардың ақ тілегі мен риясыз көңілдері. Бірі емес, бәрі. Бәрі де мені қолпаштап қолдап отырды. Алғашқы баспалдақтарда кездескен ағаларды алғыс сезіммен жаңа айтып өттім. Аруақтары риза болсын деймін. Сонау Хамаңнан бастап Қалижан Бекхожин ағам – бәрі менің ұстаздарым еді. Қалағаң Мемлекеттік сыйлық бәйгесін аларымда мені қорғап мақала жазды. Мұзафар ағамның әлі күнге дейін алдынан қия басып өткен емеспін. Шериаздан Елеукенов, Сапар Байжанов, Саттар Имашев ағаларымның қолдауымен «Жалын» журналына бас редактор, Әнуар Әлімжанов, Кәкімжан Қазыбаевтардың сенімімен Жазушылар одағына хатшы болдым. 1968 жылы комсомол сыйлығын «Жаңа дәптер» кітабына Өзбекәлі Жәнібековтің қолынан алғанымды да ұмытпай айта жүремін.
Алдымдағы ағалардан өзім қандай қамқорлық көрсем, өзімнен кейінгі жастардың бетін шамам келгенше мен де қаққан емеспін. Қай елдің, қай жердің баласысың деп сұрау атымен дағдымда жоқ. Мен ондай аурудан тазамын. Керекудің жігіті Қабдыкэрім Ыдырысов қандай аға болды маған! Фәмилиеміз бір Жұбанмен өмірде де ағалы-інілі туған бауырдай болдық. Басқаларды білмеймін, өз басым Ғафу Қайырбековті қазақтың қайыру бермес қара тіл ұлы ақындарының бірі деп есептеймін. Осы Ғафаң мені өмір бойы Тұмашым деп еркелетіп өтті. Өзі де еркелей білетін, өзімсініп өктемдеп те сөйлейтін. Елуінде де, алпысында да баяндаманы маған жасатты. «Аға, елуіңізде жасадым ғой, енді ыңғайсыз болмай ма?» десем, «Миымды ашытпа, оттама, сен жасамағанда кім жасайды?» дейтін жарықтық. Ғафекеңе еріп екі рет бардым Торғайға. Өзі жоқта сексен жылдығын Қостанайда өткізісіп, сөзімді сөйлеп, ағаға арнаған өлеңімді окып қайттым.
Абыз ақынымыз Әбділда мені туған баласындай көрді. Мен туралы мақалалар жазды, мен де жаздым ол кісі туралы. Сексенінде Абай атындағы опера театрында өткен тойында баяндаманы мен жасадым. Тоқсанына бір-екі ай қалғанда Сочиге дем алуға жүретін болдым да, ағамен қоштасуға барып едім: «Тұманбай, мен тоқсанға келейін деп жатырмын ғой. Баяндамашыны қайдан іздеп жүремін? Сексенімде жасадың ғой, енді тоқсанымда да өзің жасамайсың ба?» деді. Қуана келістім. «Ал, онда менің докладчигім бар. Жолың болсын!» – деді аға. Маған айтқан ақырғы сөзі осы екен. Сочиден келіп, келгенімді ертең кіріп айтамын ағаға деп отырғанда естідім қазаның хабарын.
Қара теңізде көп бірге болдык Әбекеңмен. Өмірді сүюі, өмірге құштарлығы керемет еді. Жас біздер қызығатынбыз. Суда сұмдық жүзетін. Ту сонау корабльдер жүрген ашық айдынға дейін құлаштап жүзіп, барып қайтатын. Теңіз туралы тебіреніп өлең жазды. «Ау, аға, суға кетіп қалсаңыз кайтесіз» деймін қорқып. «Е, суға кетсем, семізбін ғой, балықтар жеп бір жетісіп қалар. Қызылордаға рухымды жеткізсеңдер болады» деп сақ-сақ күледі. Тағдырымның бір сыйы, Әбекеңмен көп жыл көрші болып та тұрдым. Мұның бір қызығы бар. Комсомолдың жолдамасымен Италияға бірінші рет сапар шектім. Қайтып келсем, үйімді басқа біреулер сыпырып жинап жүр. Аң-таңмын. «Әй, үйлеріңді жөндеп қарамапсыңдар ғой» деп ар жақтан қушыкештеніп Бәкір Тәжібаевтің келіншегі шығып келеді. Сөйтсем, олар біздің үйге кіріпті де, бізге Дихан Әбілевтің үйін беріпті. Адресін айтты. Айдап отырып келсем: «Бұл кім?» дейді бәйбішем. «Бұйырса, күйеуіңіз болармын» деймін мен. Бәйбішем сонда амандықтан соң-ақ Әбділда Тәжібаевпен көрші болғанымызды айтқан. Ертесіне сәлем бердім. Ақындығымызға қоса көршілігіміз бен футболшылығымыз екеумізді одан әрі табыстырып, туыстырып жіберіп еді. «Қайрат» ұтқан күні Әбекең үйіне барсаң коньяк та ішесің, жақсы сөз де естисің. Ғажап болатын.
– Футболмен қазір қалайсыз?
– Футболды бұрын да жақсы көргем, қазір де жақсы көрем. Қол боста тек футболды қараймын. Таласа бермесін деп бәйбішеме балалар жеке телевизор әперген. Стадионға сирек барамын. Көз көріңкіремейді. Бірақ біздің футболшылар жақсы ойнап жеңіп жатса, мені де соның бір жерінде қуанып отыр деп ойлаңдар. Футболшыларымыз әлі сенімді ақтайды, керемет жақсы командалар шығады әлі бізде.
– Футболдан басқа, ән мәтіндерін ерекше сүйіп жазатын хоббиіңіз де бар ғой, Тұмаға?
– Негізінде, мен өзі әнші адаммын. Әңгімемнің басында айттым ғой шырылдап ән салғанымды. Бірақ мен әнші бола алмадым. Оның есесіне әнге мәтін, ән өлеңін жаза бастадым. «Куә бол», «Бақыт құшағында», «Екі жұлдыз», «Әнім сен едің», көп қой жазғандарым. Жеке кітап болып та шықты. Айтайын дегенім, жақсы әнге жақсы өлең керек. Әнмен бірге сөз де ойландырсын, толғандырсын, тебірентсін тыңдаушыны. Тапсырыспен жаздырғанда Нұрғиса ағамның да талабы осындай болатын. Өзім де сөзіме сезім сіңіруге тырысып бағатынмын. Әнді мәтіннің басыңқырап тұрғаны жақсы қашанда. Бір күні Нұрғиса ағам телефон соқты. Ол кісінің сенің уақытың бар ма, жоқ па, жұмыста отырсың ба – онымен ісі болмайды. «Тездетіп мәшинеге мініп, дереу келші маған. Дариға екеуміз көктемді көргіміз келеді» – дейді. Таң қалдым. Көктемді көргісі келеді! Жазушылар одағында істейтін кезім. «Қайда барамыз, Нұреке?» деймін. Алматыдан былай, күншығысқа қарай» деп қояды. Жүріп келеміз. Айналамызға еліте қараймыз. Көктемді әрқайсымыз өзімізше сезінетін сияқтымыз, көктем лебіне елігетін сияқтымыз. Бір уақта: «Әй, осы біз құстарды ұшырып жібергенбіз, соларды қайтадан келтірдік пе? Енді соларды келтіретін уақыт жеткен жоқ па?» деді. «Келтірейік, аға» деймін. «Қысқасы, қазір үйге жүр, әннің жобасын алып кетесің, бүгін дайындайсың» деді. Нұрекем қызық болатын. Бірден нотасына көшіре бастайды. «Ой, аға, әуелі оқымайсыз ба, жарай ма өзі, айтпайсыз ба?» десем, «Әй, мен өзім өлең жаза алатын болсам, сені шақырып не әкемнің құны бар? Сөзі жаман болса, сен жауап бересің. Сен Тұманбай Молдағалиев деген дардай ақынсың. Ал музыкаға өзім жауап беремін» дер еді. «Құстар қайтып келедінің» жобасын өзі айтып берді. «Көктемді қондырып қанатына» деп ыңылдап қоямыз. Үйге барып, кешке қарай жазып әкелдім. Ағам риза болды. Нұрғали Нүсіпжановты шақырып алдық. «Құстар қайтып келеді» осылай туған еді. Нұрғали көп айтады. Қытайда да шырқалды. Әннің өлеңі әдемі шығуына көп мән беремін. Ол ән қанатымен бірігіп өте алысқа кетеді ғой. Әннің арқасында менің де біраз шарықтаған жылдарым бар. Жеке концерт те беріп жүрміз. Алдыңғы жылы бергенбіз. Биыл да сондай бір ойым бар.
– Аға, біртуар Нұрғисаның мақтауына ие болған қандай бақытты адамсыз. Оған қоса Әуезовтің өзі мақтаған сиректердің бірісіз...
– Ол кезде жаспыз ғой. КазГУ-де болған кеште ол кісі жастар жөнінде сөйледі. «Жас қанат» және «Жырға сапар» атты жас ақындардың екі жыр жинағы шыққан. Солардың ішінен мені, Қадырды, Сағиды, Тілеген Шопашевті – осы төртеумізді ерекше атап кетгі. Сонда жап-жас, жауқазындай Әбіш Кекілбаев жиналысты басқарды. Кеше Әбіш інім үлкен атақ алып, абыройға бөленді, бүкіл әдебиетіміздің мерейін көтерді. Соған мен қуанып, телеграмма жіберіп құттықтадым... Шынымен де ол үлкен жазушы. Ал енді Әуезов мені таниды деп ойламайтынмын, бірақ студент кезімде аспирантурасына шақырып еді. «Кейін Әнуар Әлімжанов «Ленинская смена» газетіндегі мақаласында жазды: екеуі Душанбеге ұшып бара жатқанда ұшақ үстіндегі әңгімеде Мұхаң: «Тұманбайдың ақындық болашағы зор, үлкен үміт күттіреді. Бұл жігітке зер сала жүріңдер» деп айтқаны бар екен. Біздің жас күнімізде айтқан ұлы Әуезовтің бұл батагөй тілегі құлағымызға жігіт ағасы шағымызда тиді. Әрине, кемеңгердің тілегі одан әрі қанаттандыр- ды, жігерді жаныды.
***
Иә... Тұмағаң – ұлы ақын. Ұлт ұстазы. Әманда жанында көктем шуағы ойнап, жазғы аспанның жасыны жарқылдап жүрер, бір өзінің кеудесінде мың ғашықтың жүрегі дүрсілдеп соққан, өлең-жырының өмір бойғы мүкәммалы қалың-қалың жиырма томға жеткен айкөл ақынына халқының берген бағасы, елі-жұртының құрмет-сүйіспеншілігі осындай. Сезім тәрбиешісіне айналған сұлу жырдың сарқылмас тұма бұлағындай Тұмағаң – берісі бар қазақтың, арысы алты алаштың ардақ тұтқан Тұманбайы өзінің туған елімен бірге жасай бермек.
2010 ж.
qazaquni.kz