Бүгін – Әбдіраштың Жарасқанының туған күні

Бүгін – Әбдіраштың Жарасқанының туған күні. Жарасқан ағамыз қазақ поэзиясының барлық саласында да қалам тербеді. Қалам тербегенде қандай! Артына жүк қалдырмай, қатепті қара нардай қызмет қылды. Лирика да, сатира да, балалар поэзиясы да, аударма да Жәкеңнің қолайына келе кетті. Онымен қоса, алтын қаламынан туған әдеби сын мен сахналық туындылары қаншама!

Жарасқан ағамызды туған күніне орай еске ала отырып, сіздердің назарларыңызға оның көпке танымал эпиграммаларының бір тобын ұсынып қояйын. Қалғанын қажет етсеңіздер ақынның «Әкелерге наз», «Ағаларға уәж», «Он жас – ол да құрдас...», «Бес жас – бел құрдас...», «Құлын-тайдай тебіскен...» деген бес бөлімнен тұратын «Әзілің жарасса...» атты кітабынан оқи аласыздар!..

Байбота Қошым-Ноғай,

Фейсбук парақшасынан

ӘБДІРАШТЫҢ Жарасқаны

ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВКЕ

«Қан мен терді» сарылып та, сарғайып, жазуыңда бар ма кінә, бар ма айып! «Сеңнен» кейін кітап күтіп тағы да, жылдар бойы сең соққандай болмайық...

Өңдеу, жөндеу, түзеу, күзеу – салтыңыз! Соныңызбен барады өсіп нарқыңыз... Жалықпайсыз Сіз қайтадан жазуға, қайта оқудан жалықпай ма халқыңыз?..

ХАМИТ ЕРҒАЛИЕВҚА

Мақтау үшін Хамаңды, білу керек шамаңды. Бір көргеннен таниды ол жақсы менен жаманды.

«Қамал бұзып қырықта» көнбей келген ырыққа... Ақжал асау жəне сол алдырмаған құрыққа!

Жалған айтып ендеше, жалпылдама делбеше... Естімеген ешкімнен «сөз» естігің келмесе!

ОСПАНƏЛІ ИМАНƏЛИЕВКЕ

Лирика ма? Оспанəлі оған дағы бас салады. Сатира ма? Оспанəлі оған дағы бас салады. Əңгіме ме? Оспанəлі оған дағы бас салады. Роман ба? Оспанəлі оған дағы бас салады. «Мен болмасам, əдебиет, – дейді ме екен, – бос қалады...»

ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВКЕ

Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең, Радионы басып қалсаң – Ғафекең! Журналдарды парақтасаң – Ғафекең, Газеттерді қарап қалсаң – Ғафекең! Дунай бойлап араласаң – Ғафекең, Думан-тойға бара қалсаң – Ғафекең! «Мына біреу оңашалау кафе екен» деп кіріп ем... Мұнда да отыр Ғафекең...

ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВҚА

Жиырмасында «Жетіммін!» деп жылаған, «жыладың» деп талай сыншы сынаған... Отызда да «Жетіммін!» деп жылаған, ол кезде де талай сыншы сынаған... Қырықта да «Жетіммін!» деп жылаған, «қойсаңшы» деп талай сыншы сынаған... «Ақ Волгамен» аңыратып жүрсе де, «Жетілдім!» деп айтпай қойды-ау Тұмағаң.

Аға болып ақыл қосқан ақылға, Тұмағаңды тағы көрдім жақында... «Жетіммін!» деп айтады екен, апыр-ай, Әбділдадай әкесі бар ақын да!

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВКЕ

Бала кезден жанкешті, біледі жұрт Қабдешті Алғашқыда сыншылар: «Ақындығы бар!» – десті.

Содан кейін: «Бір сынар Батылдығы бар!» – десті. «Қабілеті – керемет, қарасөзге, не керек, Жақындығы бар!» – десті. Құлақ асып дабырға, Жанрдан соң жанрға Қабдеш солай сан көшті...

Ауыл қайда, ел қайда, биік-биік бел қайда? «Соңғы көшің» әйтеуір, соңғы көшу болғай да.

«Неге олай?» – деп сұрама, Тұр ғой күтіп драма...

ӘБІШ КЕКІЛБАЕВҚА

Жоқ ырғасар айтыстасы, сөйлеп кетсе кезек келіп. Қор болады кей тұстасы, қыр астынан тезек теріп...

Шекспир мен Данте ағасы қақпас шетке қары сынбай, Пушкиндердің парталасы, Толстойдың танысындай.

Жержүзілік жыр көгіне Аполлонша алады ұшып. «Шүкір!» дейсің жүргеніне жұртпен бірге тамақ ішіп...

АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВКЕ

Сүлейменнің Асқары әуелі сыннан бастады. Ауызы толмай ешкімге, Артынша сынды тастады.

Қарасөзге де тұшынып, қалған-ды біраз ысылып. Ойынан шықпай өзінің, оны да қойды ысырып...

Бірде сын айтып, бірде әзіл, артамыз үміт жылма-жыл. Асекең барлық жанрда ауызша жазып жүр қазір...

МҰХТАР МАҒАУИНГЕ

Сынағанды «Қырт!» – дейді, – «Түсінбейді жұрт!» – дейді. Әуезовтен басқамен мұрынын да сүртпейді...

«Тұлғам менің ерен!» – деп, кеткен кезде тереңдеп, – Әуезовтің өзін де мойындайды әреңдеп...

Ал мақтасаң бас ұрып, сыр айтады жасырып... Өзін, тіпті, тастайды Әуезовтен асырып... Емес пе екен асылық?

ӨТЕЖАН НҰРҒАЛИЕВҚА

Дей алмаймыз: ойларың бұрыс-ағат, болды соғыс біздерге – ірі сабақ! Сау адам жоқ, әйтсе де, кітабында: бірі – соқыр, бірі – ақсақ, бірі – шолақ...

Шалбарының көрмеген қыры түсіп, бірі – надан... бірі – қу, бірі – пысық... Барғанның да соғысқа, бармағанның: бірі – сақау, бірі – «қырт», бірі – пұшық...

Ауыр алма осынау сөзімді, аға, көңіліңді серпілтсін сезім жаға. Ауылыңда болыпты бір сау адам, оның өзі, әрине – өзің ғана...

ДҮКЕНБАЙ ДОСЖАНОВҚА

Сыншылар сілкілей ме, бұтарлай ма?.. Жібегін жүн ете ме, түте алмай ма?.. Бірі де шыбын құрлы көрінбейді, білетін өз «есебін» Дүкенбайға...

Шынында не қылады батылсынып, аударып атын алмас ақылшы жұрт. Жарамай қалғаны жоқ жазғанының, тоқтамай том-том болып жатыр шығып...

МҰХТАР ШАХАНОВҚА

Жасынан жайсаңдардан бата алыпты, бата алып, жайсаңдыққа бет алыпты... – Талантты жас ақын кім? – десең қазір, алдыменен атайды «Шахановты!»

Кейін де көп мықтыдан бата алыпты, бата алып, мықтылыққа бет алыпты... – Беделді бас ақын кім? – десең қазір, алдымен атайды өзін: «Шахановты!»

Содан соң шығу үшін сөзін ақтап, сөзімен көрінеді көзіңе аппақ. Өзің біл, жаттамасаң өлеңдерін, алады алдыменен өзі жаттап...

Тауыпты тақырыбын тыңдалатын, танытты сахнадан шыңдап атын. Еңбегі ақындыққа сінген әртіс, әртістікке еңбегі сіңген ақын!

ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВҚА

«Жарық көрсе «Саратан» жұртты аузыма қаратам. «Лəйлə» жайлы содан соң лириканы боратам...

«Меніменен дауласпа!» – деген еді əу баста... Құптағанбыз біз дағы, «Саулық» тілеп сау басқа.

Көп кездесіп «танысы» мандымай жүр əлі ісі... Кəрілердің – жасы да, жастардың – ең «кəрісі».

Үш жинағы қолында, талапкерлер соңында. Сирек қалам сілтесе, себебі бар оның да...

Өзін ұзақ баптайды, салдарша сөз саптайды. Бір ай жазған өлеңін Бір жыл насихаттайды...

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКОВКЕ

Өзін кейде ұстайды елестетіп Мұстайды. Басын қайдам, əйтеуір, шашы сондай ұқсайды...

Серік оның аты екен, демейді бұл қате екен. Кей уақытта – аумаған өзіміздің Ғафекең...

Кеңес берген кіл оған, кей уақытта Сырағаң... Мінез – мінез бола ма, одан – бұдан құраған?!

ШӨМІШБАЙ САРИЕВҚА

«Əдеби көштің əулетін сынап жүрсің сен! Формасы – Пушкин, мазмұны – сұрақ... кімсің сен?» Он жыл бұрынғы уақыттың осы сұрағы, оның бүгінгі күн тәртібінде тұр əлі!

КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВКЕ

Мінездес мың құбылған теңізбенен, кезі жоқ «Мұның қалай?» – дегізбеген... Тақырып таңдамайды тақуасып: ат та – өлең, атан да – өлең, өгіз де – өлең...

Шайқалып шыққандайын қырға құлжа найқалып жүргеніне мүлде ырза. Аты мен заты бірақ сай келмейді: бірде – кең, бірде – сараң, бірде – мырза...

САҒАТ ӘШІМБАЕВҚА

Белинскийден бастайды, Жирмунскиймен жасқайды. Алдыңды орап Абаймен, апарып біраз тастайды.

Жуковскиймен састырып, жүзіңді әбден пәс қылып, Пушкинмен періп өтеді, Толстойменен басқа ұрып.

Көрсетпес шағын төбені, шыңдар да неткен көп еді... Тартады сосын көлденең Кафка мен Кобо Абэні...

Танымал талай дананы тізімге солай алады... Қаламдастарға келгенде, қаламы жүрмей қалады...

СМАҒҰЛ ЕЛУБАЕВҚА

Достығына шүбә қыл – Дауласпайды Смағұл... Жазғандарын сына, күл – жауласпайды Смағұл...

Күлгенсиді – аңдамай, жүргенсиді – аңдамай. Белгілі бір уақытта жарылатын бомбадай.

ИБРАГИМ ИСАЕВҚА

Ағаларға еркелеп, алынбадың көп сынға... «Шың» басына ертерек шығып кеткен жоқсың ба?

Алақанға салғанға, артық туған дүрсің бе... Ибрагим болғанға – Абаймын деп жүрсің бе?!

НЕСІПБЕК АЙТОВҚА

Бойындағы асылын беріп-ақ жүр жырға анық. Бәйгелерден жасырын келіп-ақ жүр жүлде алып.

Шашау қылып сөйлемін, шатыспайды желікпен... Ашығына бәйгенің қатыспайды... Неліктен?

ҰЛЫҚБЕК ЕСДƏУЛЕТОВКЕ

Алматыдан Мəскеу кетіп қатынапты, қажыпты... Ал, Мəскеуде Есдəулетов оқымапты, жазыпты... Кішігірім томдай екен көлемі, көрейікші қандай екен өлеңі?

БАЙБОТА СЕРІКБАЕВҚА

Серікбаев Байбота – қашан көрсең жай бота. Жампоз шығар деп едік, бұл ботамыз қай бота?

Мақтадық па ерте осы, тек ауылдың «еркесі»... Өзін-өзі танытар өспей қойды-ау өркеші.

ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВҚА

Жоғалтып алып Раушановты, – Жизақтағылар сұрау салыпты... Біреулер: «Қазір «Жалында», – депті, – Мұхтар Шахановтың жанында», – депті. Біреулер: «Қазір «Арайда», – депті, – «əкім» болады қалайда», – депті... Ал олар: «Ақын болатын-ақ еді, ахуалы қазір солай ма?» – депті.