АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН СУРЕТКЕР ұстаз жайлы үш үзік сыр

Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайында ойлан да, ал жаман адамды көргенде өзіңді-өзің зертте.                                                                                           Конфуций.

АЗ ҒАНА АЛҒЫ СӨЗ АҚИҚАТПЕН ТУЫС АҢЫЗ            Көзі тірісінде -ақ аты аңызға айналған адамдар болады. Ол аңыз оның ел сүйсінген ерекшеліктерінен туындайды. Біртуар азаматын сүйген халықтың ырза көңілінен туған ол мырза аңыздар ақиқаттан онша алыс та емес.  Түнде де жарқырайтын жақұттай жауһар шығармаларымен ғана емес, ұлт үшін жасаған ұлы ерлігімен де ел сүйіспеншілігіне бөленген сөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жайлы да аңыз әңгімелер аз емес. Мен аңыз емес, өз көзіммен көрген, өзім куә болған, көпшілік жете біліп, жіліктеп тани қоймаған жайларды баяндай отырып, қайта тумас, қайталанбас, таланттың кейбір қырлары мен сырлары, рухы биік ұлылығы мен сымбаты бөлек жан сұлулығы жайлы сыр шертейін.

Бірінші сыр: ЖАЗУШЫ НЕГЕ КӨЗІНЕ ЖАС АЛДЫ Бір ананың –Табиғат атты ұлы Ананың перзенті адамзат өз ортасының жемісі. Адам ұстаздан үйреніп, шәкіртпен өседі. Алла Тағала әркімге әртүрлі бақыт береді. Жаратқан иемнің маңдайыма жазған бір бақыты менің әдебиеттегі ұстаздарым ұлтымыздың ұлы перзенттері. Аллаға шүкіршілік етіп, тәубе дейтінім мен Мұхтар Әуезовтің дәрісін тыңдап, дидарласу, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповке алғашқы шығармаларымды оқытып, ақ батасын алу, Ғабиден Мұстафиннің жүрек қалауымен бір емес, бірнеше мәрте сапарлас серігі, Олжас Сүлейменовпен қырық жыл бойы дос болу бақыты бұйырған қаламгермін. Бұл қатарда Сергей Михалков, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатов, Альберт Фишлер, Момын Каноот, Давит Кугильтинов сынды әр елдің ұлтқа бөлінбейтін ұлы тұлғалары бар. Олар жайлы жазғандарым шет және өз еліміздің газет, журналдарында жарияланды. Ал, Ғабең – Ғабит Мүсірепов жайлы сыр шертудің орайы ұлы ұстаздың туғанына 110 жыл толуына орай енді келіп отыр. Сәлемнің де сәті бар деген осы болар, сіра. Ғабең жайлы сөз болғанда сірада естен кетпейтін сәулелі сәттер аз емес. Бәрі есте, әлі есте. 1969жыл. «Жазушы» баспасының проза редакциясында редактор болып жүрген кезімде баспаның директоры Ілияс Есенберлин шақырып алды да, кезекті қолжазбаны қолыма ұстатты. Қап-қалың қолжазбаны ашып қарасам «Суреткер парызы» деп аталатын мақалалар жинағы екен. Көлемі-көлдей, қырық баспа табақ. Авторы – Ғабит Мүсірепов. Мен өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын әрі паң, әрі кірпияз қаламгермен істес болуға жүрексініп, біраз қашқалақтап едім, Ілекең: – Сені Ғабеңнің өзі қалады. Сөзді қой да, іске кіріс, – деп көнбеді. Қолжазбаны оқу барысында аңғарғаным – жинақты құрастырған белгілі әдебиетші, филология ғылымының докторы Әбділхамит Нарымбетов Ғабеңнің әр жылдарда жазылып, әртүрлі газет-жорналдарда жарияланған әдеби сын мақалаларын іздеп, табу бағытында аса ыждағаттылықпен еңбек еткен екен. Әйтседе, қолжазбада бірден көзге ұрып тұрған бір кемшілік – кезінде жазылып, уақытында айтылған сөздер үтірі, нүктесіне дейін өзгерместен сол күйінде ұсынылған. Уақыт тынысын сезіну, әдебиет тарихын зерделеу үшін бұл да жөн шығар. Дей тұрсақта, бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, біраз елеп, екшеуді қажет ететін тұстар да баршылық еді. Бір ғана мысал, Ғабеңнің ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы туралы көлемі отыз беттік мақаласы біріңғай сынау мен мінеу. Сын болғанда да Ғабеңе де, Мұқаңа да жараса қоймайтын ашық болғанмен тым ащы сын екен. Мен көп ойланып, бұл мақаланы мына жинақтан алып қалу керек деп шештім. Осы ойымды алдымен бір бөлмеде бірге отыратын әріптес ағаларым Жайсаңбек Молдағалиев пен Мағзұм Сүндетовке айтып ем, олар мені қолдады. Ал, Ілекең от басқандай ыршып түсті. – Сенің есің дұрыс па? – деп дүрсе қоя берді ол. – Ғабит Мүсіреповке түзету жасайтын сен кімсің? Әріп қатесін жөнде де, бір сөзін де қысқартпай қолжазбаны сол күйінде тезірек өндіріске жібер. Қолжазбаны оқып болғаннан кейін Ғабеңе телефон шалдым. – Ғабе, қолжазбаны оқу барысында біраз сұрақ туындады. Сіздің ақыл-кеңесіңіз керек болып тұр, – дедім атқақтай соққан жүрек лүпілін әрең басып. – Иә ... – деп аз-кем үнсіз тұрды да, – ертең сағат онда біздің үйге кел, – деді Ғабең. Бұл менің Ғабеңнің үйіне бірінші рет келуім. Виноградов көшесіндегі 49 үйдің үшінші қабатына көтеріліп, 25 пәтердің қоңырауын бастым. Есікті Рая ашты. Дәлізді бойлай жүріп, солға бұрылдым да, зал арқылы Ғабеңнің жұмыс бөлмесіне өттім. Ғабең маған біртүрлі көңілсіздеу көрінді. Қабағы қатыңқы. Сәлемімді салқындау алған ол табалдырықтан аттай беріп тұрып қалған мені көз қиығымен бір шолып өтті де: – Кел, ана орындықты ал да мына жерге отыр, – деп өзі отырған жазу столының шет жағынан орын ұсынды. Қолжазбаны жазу столының бір шетіне қойып еденнен төбеге дейін жеткен кітап сөрелеріне қарай қалған менің ойымды Ғабеңнің: – Иә, – деп аз бөгеліп барып, – кәне, қандай сауалдарың бар? – деген даусы бөлді. Мен қолжазбаны алдыма жайып салып, «Осы қалай?» деген жайларды сұрап, суыртпақтап сыр тарта бастадым. Алғашқыдай емес етім үйрене келе еркін сөйледім. Содан Ғабең екеуміз екі күн бойы әр мақала, әр бетті мұқият қарап шықтық. Аздаған қысқартулар мен түзетулерге тез келіскен Ғабең «Хан Кене» пьесасы жайлы мақаланы жинақтап алып қалу жайлы ұсынысымды қабылдамады. Жастығым болар, мен де өз пікірімді дәлелдеуге тырысып бақтым. «Осыным бекер болды ма?» деп қобалжып жүр едім, арада үш күн өткесін Ғабең телефон соғып: – Сенің сөзіңнің жаны бар екен. Сол мақаланы осы жинаққа қоспай-ақ қой, – деді. Кейін «Суреткер парызы» баспадан кітап болып шыққанда Ғабең: «Бірінші қолға түскен данасын қадірлі інім, талантты інім Сәбитке тартамын, 10.08.1970 ж.» деп өз қолымен сыйлады. Ерекше есте қалған екінші оқиға – менің «Аруана» повесімнің қолжазбасын оқып, пікір айтуы еді. Әдетте, Ғабең көркем шығарманы қарындашпен жазушы еді. Ұнамаған сөз, сөйлемдерін өшіргішпен өшіріп, қайта жазатын. «Аруана» жайлы айтар ойларының тезисін сиямен жазыпты. Үшіншісі – Ғабеңнің ұсынысымен екеуміздің соавтор болуымызбен әйгілі фотошежіреші Блехман жайлы «Қымбат қазына» деген атпен көлемді очерк жазып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялауымыз. Ғабеңмен ұзақ жылдар бойы дәмдес-тұздас, пікірлес бола жүріп есте қалған тағы бір сәт 1980 жылы болып еді. Сол жылдың жазында Ғабит Мүсірепов бастаған бар болғаны он адамнан тұратын делегация Солтүстік Қазақстан облысына барып Сәбит Мұқановтың сексен жылдығына арналған мерекелік шараларға қатынасып қайттық. Онда көргендер мен көңілге түйгендер жеке еңбектің еншісі... Ғабеңмен аралас-құралас болған жылдардағы бесінші бер белес – Олжас Сүлейменовтің бастамасымен Жазушылар Одағының жанынан құрылған ағалар алқасында бірге жұмыс істеуіміз болды. Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, М.Қаратаев, Ә.Әбішев, Д.Снегин, З.Сәмеди, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Шәріпов сынды дара да дана тұлғалар тобында хатшылық қызмет атқара жүріп, аяулы ағаларымның талай тамаша қасиеттеріне тәнті болдым. Ол өз алдында бөлек, үлкен әңгіме... 1985 жылы 5 – қаңтарда Ғабит, Ғабиден, Әлжаппар ағаларымды үйге шақырып, дастарханымнан дәм таттырған сәтте де ғұламаларға тән талай ғибратты мол әңгіме естігенім де көкірегімде сайрап тұр. Үйге күндізгі сағат он бірде келіп, кешкі сағат сегізде тараған аяулы ағаларымның қалжыңдарының өзі қандай жарасымды еді! Преферанс ойнауды жақсы көретін олар айына бір рет біздің үйде бас қосып, әңгіме-дүкен құруға преферанс ойнауға уағдаласып еді-ау сонда. 1985 жылы қаңтар айының 20 жұлдызында Ғабиден аға қайтыс болды да, ол ойлары орындалмады. Абай атындағы опера және балет театрында Мұстафинмен қоштасу рәсімі өтіп жатты. Кеңсай зиратына барар алдында театр директорының кабинетіне келіп аяқ суытқан Мүсірепов маған қараған күйі ұзақ уақыт ойланып отырда да, бір сәт былай деді: – Сәбит, Ғабиден екеуміз енді сенің үйіңе бара алмайтын, преферанс ойнай алмайтын болдық... Осылай күйзеле сөйлеп, іштей күңіренген Мүсірепов терең күрсінді. Сол сәт оның жанарынан жалғыз тамшы жас үзіліп кетті... Мүсіреповтың жанындағы жара оның ойлы, мұңлы жанарынан айқын аңғарылып тұрды. Әуезовті жерлеуге арналған қаралы жиында: «Өмір күнде ойын, күнде той емес. Аңдаусызда ренжіткен жеріміз болса кеш, Мұқа! Ат тұяғын тай басар деген сөз саған жүрмейді. Сенің орының ойсырап түр...» деп көкірегі қарыс айрлы сөйлеген Ғабеңнің Мұқанов қайтыс болғанда қабырғасы сөгілгенін де көріп ек. Әйтседе, табиғатыыында қайсар, еменнің безіндей қатты Ғабеңнің бұлай жұқарғанын көрмеп ек. Кім білсін, «Әй, Сарышал» – деп алып қатты қалжыңдасатын құрдастың қадір өтерін қазір-ақ бағымдады ма, әлде жарық дүние деп аталатын жалғанның өткіншілігін ойлап, опынды ма, әйтеуір сол сәт Ғабеңнің қатты күйзелгені анық. Екінші сыр: ЖАЗУШЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮШ ЕРЕКШЕЛІГІ Бір шығармасынан бір шығармасы асып түсіп жататын Ғабит Мүсіреповтың жазушылық шеберліктері мен жазу ерекшеліктерін сан салаға бөліп талдауға болар еді. Мен әңгіме ұзап кетпес үшін хас шебердің үш ерекшелігіне қысқаша тоқталмақпын. Алдымен жазушының шығармашылық лабораториясынан елес беретін аз ғана естелік. Жыл озған сайын алыстап бара жатқан сонау бір жылдары Мұхтар Әуезов мұражайында аптасына бір рет зиялы қауым өкілдері аса көрнекті жазушы, ғалымдармен жүздесіп тұратын жақсы бір дәстүр бар еді. Кездесуге келген атақтыларымыз өмір мен өнердің өзекті тақырыптары жайлы әңгімелеп, көпшіліктің көкейінде жүрген көкейкесті сұрақтарына жауап беретін. Әлі есіімде, 1975 жылғы ақпан айының жиырма сегізінші жұлдызы, жұма. Сол күні кешкісін Ғабең Әуезов мұражайына дәстүрлі кездесуге келді. Ырғала басып, мінбеге баяу көтерілген Ғабең зал толы халыққа қыдырта көз тастап, аз-кем үнсіз тұрды да, әр сөзін баппен салмақтап, асықпай айтатын әдетімен сөйлеп кетті. Ғабеңнің құлаққа жағымды қоңыр даусымен жеткізген қуатты ойлары кәусар боп құйылып, жүрекке сіңіп жатты... Жазушының сол әңгімесін қойын дәптерге жазып алып едім. Ғабеңнің сонда айтқан,еш жерде жарияланбаған әңгімесін еш өзгеріссіз сол күйінде баяндайын. «Қадірлі жолдастар! Аз ғана ескерту керек болып тұр. Сабақ беру менің істемеген ісім, үйрету деген ыңғайым болмаған ісім. Мен қазақ әдебиеті туралы ойларымды және де өксітіңкіреп жүрген өкініштер, қыздырыңқырап жүрген наразылықтар туралы айтуға келдім. 1929 жылы ҚазАПП-тың қатарына алындым. «Тулаған толқында» деген повесім шыққан еді. ҚазАПП-тың билетіне қол қойған Тайыр еді. Асқар, Әбділдалар менен бұрын кірген. Бақытты екенмін. Алыптар тобының... өнегелерін көрдім. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит алыптар тобы. Мен осылардың шәкіртімін. Қазақ әдебиетінің ұлы атасы – Абай, әкелері – Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит. Сол үлкен топтан асып кеткеніміз шамалы, әлі жете алмай келе жатырмыз. Көркемдік, тереңдік жағынан олқы соғып отырмыз. «Тар жол, тайғақ кешу» енді ешкім жаза алмайтын кітап. Мен мұны ешқашан роман деген емеспін. «Абай жолы» роман, бәріміздің әлі құшағымызға сыя алмай келе жатқан роман. «Күй», «Күйші», «Құлагер» – Ілияс шыққан шың, соңғылардың шыға алмай келе жатқан шыңы. «Адасқандар» бұған жетті. «Шұға» алпыс жыл бұрын жазылған. Әлі жаңа. Баспасөз бүгін ел болсаң ертең құрылас алатын орын емес. Драма, опера театрлары, Жазушылар Одағы бес-алты адамның – алыптар еңбегімен құрылды. Димаш Ахметұлы жұлдыз тапсырғанда, мен былай дедім: «Алыптар орынын ауыстырайық, басында Сәкен тұрмасын» дейтіндер бар екен. Ғалымсымақ қазақ хандығы Петкадан басталады деп саяси саудагерлік жасаған. Жазушы биігі өзі көтерілген биікте болады. Жазықсыз жазаға ұшыраған ақынның ақіретін жұлмалай беру қай көргендік?..» Шалағайлау бола тұрса да «Тулаған толқынданы» Бейімбет, Ілияс, «Сен қайда жүрген қара пұшықсың?» – деп басыпты. 1932 жылы «Бесеудің хатынан» кейін жазалау жолымен Батпаққарға жіберді. О жақта алты ай жүрдім. Ілияс елдің ішінде. О кезде арада хаттар жүреді. Хаттар, әрине, сақталған жоқ. Бейімбет екеуміздің жан тартқанымыз себеп болды, «Көкшетау», «Қилы заман» басылатын болды. Түнгі төрт еді. Ол кезде арақ болмайтын. Мұхаң асқан шешен, шөп-шаламсыз таза. «Осындайда отау үйлер қолайлы болады» – деді. Ташкентте де арақ болған жоқ. Алыптарда бетке айту бар еді. Отызыншы жылдар ортасында роман оқуға шақырды. Бір жастықта екі бас: Ілияс, Сәкен. Шашын бұрай түсіп, ысқырыңқырап қойып Бейімбет отыр. Ілияс: «Қой, ешкі, сиыр, жылқы бәрі араласып кеткен екен, бір жылсыз айыра алмассың» – деді. Бейімбет аса момын адам еді. Мұхтар мен Сәбит «Ақан сері» туралы опера либереттасын жазды, аты – «Ақан» Мұхтармен қолдастық. Қазір алыптар түгел, таусылды. Өкшелестер селдіреп қалды. Қалам ұстағанның қалың көпшілігі жастар. Жастарға айтарым: Шығарма белгілі оқиғалар тізбегі емес, өз ойында, жүрегіңде қайнап шығып, оқушы жүрегіне құйылар жан сөзің. Қоса, баса айтқым келеді: 1. Ескі өндіріс орынындағы үйінділер... 2. Ғафу ана туралы өлең жазып еді, көлеңкелері көбейіп кетті. 3. Қазір үш жүздей жазушы болса, екі жүздейі Алматыда, еңбекші өмірінен аулақ, өзін өзі танып отыр. Санбаев Павлодарға кетті, өмірді білуге... 4. Әдебиеттің ішіне кіру, жазушыға көмек беру бәсеңсіп кетті. 5. Тіл қасаңсып кетті. Өрісі тар. Сол жаныма батыңқырап жүр. Өкініш: 1. А.Марченко «Абай» романын даттаған. Соған бір пенде жауап берген жоқ. Ақтау керегі жоқ. Әдебиет институты, сыншылар үн қатпады. 2. Совет әдебиетінің 40 жылдық тойында қазақ әдебиеті ауызға алынбады. Федин Әуезов сыйлық алғанда, Тихонов Сәбиттің 70 жылдығында айтып еді. Қалай жазамын: «Ұлпаннан» кейін той тойлап жүрмін. «Оянған өлкенің» екінші кітабы... Өз басым, өз столымнан басқа жерде жаза алмаймын. Белгілі уақытта жаза алмаймын, телефоннан кейін екі сағат, арыздан соң бес сағат... «Қозы – Көрпешті» 15 күн, «Ақан Серіні» 12 күн, «Оянған өлкені» 8 ай, «Ұлпанды» 2 ай, «Қазақ солдатын» 45 күн, «Кездеспей кеткен бір бейнені» 1 ай жаздым. Уақытымның көбі жазуға әзірлікке, ойлануға кетеді. Қайырғалимен 3 ай отырдым. «Оянған өлкеде бір жарым жыл тақырыпты төңіректеп жүрдім. Қарағандыға бес-алты рет бардым. Әрнәрсеге әркімнің көзімен қарадым, «Көкөзек» Ушаков үшін не, Игілік үшін не, көлікші үшін не?...» Сол бір кеште Ғабең айтқан сол бір әңгіме арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де маңызын жойған жоқ. «Оянған өлкеден» басталып «Жат қолындағыға» жалғасқан шығармалар шоғырында Ғабең қазақ жұмысшы тобының қалыптасуын ғана емес, ұлттық сананың өсуін де сом тұлғалы соны бейнелер арқылы өзіне тән сұңғылалықпен сұлу суреттеп берді. Бұл – бір. Екінші – «Кездеспей кеткен бір бейнеде» қазақтың зиялы қауымының биік бейнесін Сәкен Сейфуллин тұлғасы арқылы танытқан хас шебер «Сөз жоқ, соның іздерінде» отыз жетінші жылдың трагедиясын қазақ әдебиетінде ең алғашқылардың бірі болып астарлы ойлармен ажарлы ашты. «Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Қандай да байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосылып келіп мойыныма асыла кетсе, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім». Оралып өтуге болмайтын жазушылық үшінші ерекшелікті Ғабеңнің үщ жүз отыз жетінші қойын дәптеріндегі осы сөздерге орайлас өрбітуге болар. Ана туралы әңгімелерінен басталып, «Ұлпанға» ұласқан шоқ жұлдызды шығармалар шоғырында Әйел – Аналардың сымбатты бөлек сұлулығы мен ұлылығы қос өрім боп қабат өріледі. Әйгілі Ақан сері: «Сенің аппақ көкірегіңе шыбын қонса қызғанамын» деп шексіз сүйген ажарына ақылы сай Ақтоқты; күйлі, мұңлы Қозыға: «Жел Баян деп ызыңдайды, көл Баян деп толқиды, тау Баян деп тебіренеді, анам Баян деп мұңаяды. Соның бәрі бір Баян – қыз Баян, қайда сол Баян?!» дегізген сұлу Баян сында сан қырлы, алуан сырлы образдар галереясы – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл қазыналар. «Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді» дейтін Ғабеңнің құнарлы қаламынан «Әйел асқақтаса – жылағаны, еркек асқақтаса – құлағаны», «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе – жеңеді» деген секілді мақал, мәтелге айналып кеткелі тұрған қанатты сөздер де көптеп туды. Әдебиет білгірлерінің бірі Георгий Ломидзе Ғабит Мүсірепов туралы «Таланттың қыран қанаттары» атты мақаласында бүй дейді: «Мүсіреповтың жазғандарынан ештеңені алып тастау да, қосу да мүмкін емес. Ол ең сара да салмақта сөзді сараптай біледі». Жалғыз Ломидзе емес, сөз сәулесін, сөз салмағын түсінетін әдебиетші де, оқушы да Мүсірепов талантына тәнті. Әлем әдебиетін жаңа бір биікке көтерген «Жапон балладалары» сынды жауһарларды айтпағанның өзінде біз шолып өткен осы үш ерекшеліктің өзі-ақ Ғабит Мүсіреповтың көркемсөздің аса көрнекті шебері екендігіне айқын айғақ. Таланттар да тау сияқты. Алқаракөк шыңдары аспанмен таласқан асқар тауларға алыстан қарасаң –суық сұсты, жанына барсаң – ол жел жақтағы – саяң, ық жақтағы – панаң. Өзіміздің Ғабең – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов те сондай, тау тұлғалы, қыран мінездес талант еді!... Үшінші сыр: ҰЛТ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ҰЛЫ ЕРЛІК Шілденің шіліңгір ыстығы тәнді, саясатың аңызақ аптабы жанды шыжғырып тұрған әйгілі 1932 жыл. Күнмен бірге Ғабит Мүсіреповтің де жүрегі жанып тұр. Көңіл нала, жаны жара жазушы көп ойланып, көп толғанды. Аштықтың қанды шеңгелі бұрып, қан қақсаған халқына ара түсуге бекінген ол жазу столына отырды. Сол күні шілде айының бірінші жұлдызында дүниеге келген «Бесеудің хаты» араға бірер күн салып өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекиннің алдынан бір-ақ шықты. Оның бір данасы Кремльдегі күн көсем атанған Мәскеудегі мұртты патша Сталинге де жеткен еді. Қазақ зиялыларының ашынғаннан шыққан ащы дауысын елдің бірінші басшылары өшпенділіктін қара қазаныңда бұрық- сарық қайнаған кекпен қабылдады. Оқты көз, отты сөзді үнсіз соңы сол хаттың негізі авторы жазушы Ғабит Мүсіреповті қыстың көзі қырауда қиян шеттегі Қостанайдың алыс бір түкпіріндегі Аманкелді ауданына ұзақ мерзімді іссапарға жіберумен аяқталды. Мылтықсыз майданда бет пердесі сыпырылған биліктің ондағы ойы бесенеден белгілі болатын. Оның берісі «аштан қырылып жатқан халықтың ортасына айдап салған айшылық, алыс сапар «тентек жазушыны» тезге салып, тәубесіне келтірсін», әрісі «өзі де сол аштармен бірге өлмесе өрем қапсын» еді. Құдай сақтап, қазақтың бағына бұл азапты да ауыр, қиын да қатерлі сапардан ол Алматыға аман-сау оралды. Бұл жазушы Ғабит Мүсіреповтың өзінің саналы ғұмырындағы халқы үшін жасаған бірінші ерлігі еді. Сөйткен қайран Ғабең арада бес жыл өткенде басын бәйгеге екінші рет тікті. Бұл оқиға былай болып еді. Жақсылардың басын жалмаған әйгілі 1937 жыл. Өлкелік партия комитетінде «халық жауы» Бейімбет Майлин жайлы жиын өтіп жатты. Жиынды басқарып отырған биік билік иесі: – Жазушы неге үндемейді? Бұл мәселедегі Мүсіреповтың пікірін білейік, – дейді. Орнынан тұрып, ырғала басып биік мінбеге көтерілген Ғабит Мүсірепов зал толы халыққа қыдырта көз тастап алды да, былай деді: – Тарихтың тар кезеңінде жазушы үнсіз қала аламайды. Бейімбет жау болса, мен де жаумын! Бұл ерлік те қымбатқа түсті. Өлкелік партия комитетінің жауапты қызметкері Ғабит Мүсірепов жұмыстан қуылып, партбилеттен айрылды. Бұл оқиға 1985 жылдың 28 желтоқсанында болған еді. Ғабең «қалам ұстауға халі болмағандықтан көңілін сурауға ауыруханаға келе қалған Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Мағауинге (жазушы Құдияр Біләлдің куәлік етуі бойынша Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Шахановқа) айтып жаздырған» сол соңғы хат – соңғы ерліктегі сом алтын сөз, ақірет сапарына аттанып бара жатқан сәттегі ақырғы тілек мынау: «Туған елге соңғы сөз. Кешегі өткен Ғабиден досқа: «Енді екі жыл жүрсек жетпей ме?!» дегенім бер еді. Сол мөлшерім мөлшер екен. Қойны суық қасиетті қара жер құшағына, міне, мен де кеткелі жатырмын. Үмітпен, күреспен, сенімммен өткізген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам, қуанышым да ренішім де мол екен. Жаңа Қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық, бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде, саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата әдебиеті атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алындаршы... Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар!» Бұл өзінің бүкіл саналы ғұмырында қара басының емес, халқының қамын ойлап өткен, ұлттың рухын көтерген сұңғылы суреткер Ғабит Мүсіреповтің үшінші – ең соңғы ерлігі еді. Сол күні қазақ халқы Ғабит Мүсіреповпен ғана емес, небір сың сағаттарда мықтылардан ықпаған, соңғы демі бітер сәтте де ерлік туын жықпаған алыптар тобының ең соңғы өкілімен қоштасып еді... Түйін сөз: ЖАҚСЫНЫҢ СОҢЫНАН СӨЗ ЕРЕДІ Ұлылардың да ірлі-ұсақты әдеттері болады. Ғабит Мүсіреповтың бір жаққа барарда жаны қалап қасына ертетін не әртүрлі шаруаларға жұмсайтын сенімді серіктері болды. Солардың бірегейі Ғафу Қайырбеков, бірі мен едім. Керек кезінде өзі телефон шалады. Қысқа амандықтан соң қазір біздің үйге тез келғал» дейді. Өрттей шұғыл шаруаң болса да қарсы сөз айту қайда? Өртеніп жатқан өзге тірліктің бәрінің өкпесін қарайтып, асығып-аптығып жетесің. Әйтседе, сен асыққанмен Ғабең асықпайды. Алдымен бетіне массаж жасатады күтушіге. Сосын пудра жағады, тон салады. Ырғала жүріп асықпай киінеді. Француз әтірін себеді. Үлкен қара көзілдіріктен көздегі әжім де көрінбейді. Шетелдік қаракөк костомге аппақ ақ көйлек жарасып, ажарын аша түседі. Галстуктің костюммен үйлесімді болуы боса болмаса, носкиі де аяқ киімі түстес болып келеді. Таранып, сыланып, сықиып киінген Ғабең осыдан бір-екі сағат бұрынғысынан 20 жасқа жасарып шыға келеді... Сері Ғабеңнің соңынан ерген сөзде аз емес. Соның бір парасы «Ғабит көшеге шығарда қыздан бетер қылмиып, жігіттен бетер жылмиып, айна алдында әйелдерден де көп тұрады екен» болып келеді. Кімнің аузына қақпақ боласың? Жеңіл ауыз жеңгелеріміздің «қылмиымы» мен «жылмиыбын» алып астастасаң өзгесі шындықтан онша алыс емес. Қашан барсаң да қонақ бөлмедегі ұзын столдағы ақ дастархан жиылмады, жеміс-жидек пен сусын, шарапқа толып тұрады. Ғабең үйінен Әлжапар Әбішев, Ғафу Қайырбеков, Ғарифола Құрманғалиев, Еркеғали Рахмадиев сынды ағаларымды жиі көруші ем. Тамақ ішкенде де талғампаздығы танылып тұрар еді. Кіп-кішкентай құмырсқа бел рюмкенің оймақтай ғана түбіндегі бір жұтым конякты таңдайына ақырын еппен ғана төңкере салатын. Орыстар «хобби» дейтін құмар іс кімде жоқ. Ғабеңнің бір құмары – аса таяқ болса, екінші бір аңсары аңшылық болатын. Ғабеңнің ақшылығы жайлы да алып-қашты әңгімелер аз емес.Жайсаңның соңынан ерген жақсы, кейде , жаңсақ сөздердің бір парасы эстет жазушының аса биік талғамы мен сұлулыққа таңдалуы төңірегінде өрбіп, оның соңы өсек-аяңға да ұласып жатады. Басымдылық берген бағалысы – сұлулық. «Ғабит сұлу әйел көрсе сұқтана қалды» дейтіндердікі жақсының соңынан ерген жел сөз. Анығында ол жеңіл ойлы жеңілтектік емес, сымбаты бөлек сұлулықты көре білу, бағалау. Қай қырынан қарасаң да асқан эстет еді, қайран Ғабең. Қай қырынан қарасаң да ұлы еді ол! Сәбит ДОСАНОВ