"Рухани жаңғыру" - әдебиетіміз бен мәдениетімізге серпіліс әкелген кезең - Ұлықбек Есдәулет
2020 ж. 06 ақпан
3049
0
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының нәтижесіне қатысты брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басталғанына 3 жыл болады. Бұл 3 жыл әдебиетіміз бен мәдениетімізге құбылыс, серпіліс әкелген кезең деп айтуға болады. «Рухани жаңғырудың» арқасында мәдениетімізді насихаттауға арналған жоба - қазіргі заманғы үздік антология шығармаларымыз БҰҰ-ның алты тіліне аударылды. Осы айдың соңына дейін Алматы қаласында сол алты томдық кітаптың тұсауы кесіледі деп жоспарлап отырмыз, - дейді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.
Ол кітапты аударуға алты елдің ең озық аудармашылары тартылғанын айтты. Сондай-ақ, ол Ұлттық аударма бюросы қазір Абайдың шығармаларын 10 тілге аударумен айналыса бастағанын айтты.
«Бұл да «Рухани жаңғырудың» жақсылығы деп айтуға болады. Ауылда туған ақын-жазушы астанаға ұмтылады. Астанаға орнығып алғаннан кейін өзінің туған ауылына қолы жетпей, ауылы туралы жазып келуге мүмкіндігі болмай жүреді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқасында біздің жазушылар «Өлкетану» деген жоба арқылы ел-жер аралап, өлкетану бағытындағы 110 шығарма жазды. Олар қазір сараптамадан өтіп, жуық арада оқырмандардың қолына тиеді. Бұл жобаның жалғасы болады», - деді Ұлықбек Есдәулет.