КҮНГЕЙДЕ КҮН КЕШКЕН КЕМЕҢГЕР
2020 ж. 04 ақпан
7321
0
Естелік-эссе
Кеңестік кезеңдегі келеңсіздіктер. Отызыншы жылдардың ойраны. Бішкектегі бақытсыздық. Түркістандағы балалар үйі. Шымкенттегі мектеп-интернат. Сұм соғыстың салдары. Жазушылық жол. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған...»
Кемел ТОҚАЕВ
Кемел ТОҚАЕВ (1923 жылы 2 қазан күні Талдықорған, қазіргі Алматы облысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауылында кедей-шаруа отбасында дүниеге келген – 1986 жылы 10 қарашада Алматыда бақилық болған) – майдангер жазушы, драматург. Қазақ әдебиетінде шырғалаң оқиғалы детектив жанрының негізін салушы. Ұлы Отан соғысының ардагері.
Әкесі Тоқа ауыр шаруа еңбегімен айналысқан. Кемел - отбасындағы екінші перзент. Үлкен ағасы Қасым қазақ дәстүріне сай атасының қолында тәрбиеленіп, сол себепті тегі Болтаев деп жазылып кеткен. Екеуінің соңынан ерген бір қарындасы үш жасында қайтыс болған.
1927 жылы Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының XV съезінде елде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанын жүргізу туралы шешім қабылданғаны белгілі. Бұл науқан бүкіл елдегі ауылда тұратындарға өзінің қайғы-қасіреттін ала келді. Әсіресе Қазақстан мен Украинаның тұрғындары орасан зор зардап шекті. Адамдарды ұжымдық шаруашылықтарға күштеп кіргізді. Байларға және орта дәулетті адамдарға қарсы дүлей күрес басталды. Оларды елдің алыс аудандарына жер аударды, түрмеге отырғызды, ал көпшілігі ату жазасына кесілді. Кінәсіз құрбандыққа шалынғандардың қатарында Кемел Тоқаевтың да жақын-жуықтары да бар тұғын.
Мал-жанынан айырылған қазақтардың көбісі Қытай жағына қоныс аударуға мәжбүрленген. Алайда, Тоқаның әулеті ол жаққа барудан үзілді-кесілді бас тартқан. Сөйтіп, олар Қырғызстанның астанасы - Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына бас сауғалап кетіп, тірлік етуге тоқтаған.
Қазақ отбасын паналатқан орыс қожайынның есімі Яков екен. Бұлар оны Жақып деп атап кеткен. Сонда барғаннан екі жыл өткеннен кейін Кемелдің анасына кедейшіліктің тауқыметі әрі адам төзбес өмірлік жағдайы қосылып, мұның үстіне суық тиіп, сал ауруына ұшырайды.
1932 жыл бұл шаңыраққа үлкен қайғы-қасірет әкелген. Қыс күндерінің бірінде Кемелдің әкесі Тоқа өзінің еңбекақысына алған ескі етікті нанға айырбастау үшін базарға барады. Қасым мен Жомарт та қала аралап кетеді. Оларды көшедегі қаңғыбас, бұзақы балаларды жинап жүрген милиция (қазіргі тілмен айтқанда, полиция) патрулі ұстап алады. Сөйтіп балақайларды күшпен арбаға отырғызып, жетім балалар үйіне апарып тапсырған.
Сол қасіретті күні сал ауруына шалдығып, төсек тартып жатқан әжей үйде кішкентай қызымен ғана қалған. Кемелдің үш жасар қарындасы қатты аяздан жылыну үшін пештің жанында ойнап отырған екен. Бір кезде аяғы тайып кетіп, пештегі жанып тұрған оттың ортасына түсіп кетеді. Өкінішке орай, төсекке таңылған ана сәбиіне қол ұшын да соза алмайды. Туған перзенті тірідей өрт құшағына оранып, жидіп қалған қасіретті оқиғаны өз көзімен көруден басқа хәл-дәрмені жоқ ана жүрегі де осындай жан шошытарлық көрініске шыдас бермей, бірнеше минуттан кейін мәңгілікке тыныс тапқан.
Бір сұмдықты сезген Тоқа мен Яков кепешікке жүгіріп жеткен. Үй иесі Тоқаңның зайыбы мен қызын жерлеуге көмектесіп, одан кейін екеуі жоғалған балаларды іздеп көшеге шыққан. Ұзақ уақыт іздегенмен, ешқандай нәтиже болмаған. Сол түні Тоқа ешкімге ештеңе айтпастан із-түзсіз жоғалып кеткен. Сөйтіп, қос балақай кішкентайынан ата-анасынан тұл жетім қалып, олардың мейірім-шапағатын сезіне алмай, өмірдің қатал соққысын бастан өткеруге мәжбүрленген.
Ең алғыр және тәртіпті тәрбиеленуші ретінде Қасым Бішкектегі балалар үйіндегі старостаның орынбасары болып сайланады. Бірде ол қашып шығып, ата-анасының соңғы тұрағы болған үйді іздеп тапқан. Яков оған әке-шешесі мен қарындасының қасіретін түгел айтып берген. Кейін ол көрген-білгенінің бәрін інісіне бүкпесіз баяндап жеткізген.
Бір жылдан кейін еті тірі Қасым балалар үйінің бастығына өзі мен інісінің толыққанды оқу оқып, білім алуы үшін басқа балалар үйіне ауыстыру жөнінде өтініш жасайды. Сөйтіп олар алдымен Түркістан қаласындағы қорғансыз жетім қалғандарға пана болған балалар үйіне ауысады. Кейіннен Шымкент қаласындағы Михаил Иванович Калинин атындағы қорғасын-мырыш зауытының жанындағы жетім балалар арналған мектеп-интернаттан (қазіргі № 26 жалпы орта мектеп) бір-ақ шығады. Демек, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде егемен еліміздегі алғашқы ресми сапарларының бірін әзіз әкесінің табаны тиген күншуақты Оңтүстік өңірдегі тәбәрік Түркістаннан бастауы кездейсоқтық емес сыңайлы.
1940 жылы Кемел Тоқаев аталмыш білім ордасын бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алады. Мектеп директоры Ділімбетов, интернат меңгерушісі Саринов, комсомол комитетінің хатшысы Ибраимов, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Семенов, сынып жетекшісі Байтанаев қол қойған анықтама, үлгерім табелі мен мінездеме әлі күнге дейін сақталған. Оның үлгерім табеліне қарап, жалғыз орыс тілінен ғана орташа, ал қалған пәндердің бәрін жақсы және өте жақсы деген бағаларға оқығанын аңғаруға болады. Ал мінездемесінде оның оқуға ынтасы зор, қоғамдық жұмысқа белсенді, ешқандай тәртіп бұзбағаны жайлы жазылған. Отбасылық жеке мұрағатта мектеп-интернатта бірге оқыған сыныптастарымен түскен суреттері де сақталған. Олардың арасында шымкенттік болашақ майдангер жазушы Амантай Байтанаев та бар. Сол сыныптасы жазған «Тоғысқан тағдыр» атты естелігінде:
- Біздің 1940 жылғы оныншы сыныпты бітірген кездегі зор қуанышқа бөленген балғын жас шағымыз ешқашан ұмытылмас асыл сәт ретінде жадымызда қалып қойды.
- «Құрметті шәкірттерім, осы күн әркез қымтылмай, алға жетелей берсе екен деп тілеймін! Ұзақ жылғы ұстаздық арманым да сол. Шәкірттерім болашағының жарқын болғаны...» - деп бастаған ардақты ұстаз әуезі дәл бүгінгідей жадымызда. Бізге сол кезде баталық ақ тілегін айтқан ұстазымыз Мырзай Алтынбекова бүгінде 86 жаста. Ол кісі 60-70 жыл өмірін жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие беруге, оқу-білім саласына арнады», - деп жазған.
Қасым Болтаев мектеп-интернатта комсорг болған. Кейіннен Шымкенттегі фельдшерлік-акушерлік техникумды бітірген. Свердловскідегі (қазіргі Екатеринбург) жас саяси жетекші офицерлерді әзірлейтін әскери-саяси училищенің қысқа мерзімдік курсын тәмамдаған. Сөйтіп сұрапыл соғысқа аттанған. 186-атқыштар дивизиясы 290-атқыштар полкі көлік ротасының кіші саяси жетекшісі болған. Әскери шені – лейтенант тұғын. 1942 жылы 22 ақпанда Тверь облысының Ржев ауданындағы Трубкино селосында ерлікпен қаза тапқан. Сөйтіп, сондағы бауырластар зираты оның жер бетіндегі соңғы мекеніне айналған. Інісі Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романынының бас жағына қойған «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын» деген эпиграфқа қарап, автордың бұл шығармасына айрықша шынайылықпен, көкейін тескен тебіреністі күймен толғай қалам тербегеніне куә боламыз.
Жастайынан журналист, жазушы болуды армандаған Кемел Тоқаев Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне оқуға түскен. 1942 жылы әскер қатарына шақырылған. Бастапқы айларда Михаил Васильевич Фрунзе атындағы сержанттарды даярлайтын жаяу әскерлер училищесінің қысқа мерзімді курсына жіберілген. Тамыз айының соңында
Халықтық қорғаныс комиссариатының бұйрығымен осы әскери училищенің курсанттарымен бірге Сталинград майданына аттанған. Ұлы Отан соғысында 226-атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болған. Бірінші Украина, кейіннен Екінші Белоруссия майдандары құрамындағы Жетінші Гвардиялық бұзып-жаратын танкшілер полкына автоматшы болып қабылданып, қаһарлы жаумен кескілескен ұрыстарға қатысқан. Бір ғажабы, бұл полкта небәрі екі-ақ қазақ болған екен. Осы полкпен бірге Сталинград, Оңтүстік, Бірінші Украина, Екінші Беларусь майдандарында жаумен шайқасқан. Сталинградты (қазіргі Волгоград) қаһарлы жаудан қорғаған. Белоруссия пен Украинаны жаудан азат етуге атсалысқан.
1945 жылы 21 қаңтарда Польшаны жаудан тазарту барысында Нарва өзеніндегі күшейтілген шабуыл кезінде Гвардия сержанты оң аяғынан ауыр жарақаттанған. Сөйтіп, Гомель, Омбы, Алматыдағы А. Сызғанов жетекшілік жасайтын әскери хирургиялық госпитальдарда емделіп шыққаннан кейін әскери комиссия дәрігерінің ұйғарымымен екінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде әскери есептен шығарылған.
Алматыға оралып, ҚазМУ-дегі оқуын ары қарай жалғастырған. Осында оған қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің лекцияларын тыңдау бақыты бұйырған. Студент шағында Саттар Имашев, Мүсілім Базарбаевпен дос болған. Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде өзінің еңбек жолын бастаған. 1948 жылы аталмыш жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген. Бір жылдай уақыт Жамбыл облыстық газетінде әдеби қызметкер болып істеген. Кейіннен Алматыға қайта оралып, 1949-1953 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер болып істеген. 1953-1955 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жауапты хатшы, редактор, 1955-1977 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде бастапқыда әдеби қызметкер, кейіннен жауапты хатшының орынбасары, «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ведомостары» журналының бас редакторы болып қызмет істеген. 1977-1980 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің аппаратында аударма, құжаттар шығаратын бөлімінің меңгерушісі, 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарған.
Данышпан Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенді бекер айтпаған. Бұған қоса-қабат Антуан Экзюпери айтпақшы, «Ең негізгі байлық - адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас» екені даусыз. Осы орайда, Тоқаевтар отбасында қалыптасқан шынайы қарым-қатынас ыстық ілтипатпен тілге тиек етуге әбден лайық. Бұған мына төмендегі жайттар жарқын мысал бола алады.
Алматының Амангелді көшесіндегі шағын ғана коммуналдық пәтерде Кемел (Кемеш, Алмас - әдеби бүркеншік есімі, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази оған «Ер Тарғын» жырындағыдай Қарт Қожақ деп ат қойған). Фурманов көшесіндегі №148 үйдің 41 пәтерінде Тоқаевтың қарауында зайыбы Тұрар (Тұраш, Тұраргүл) Шабарбаева (1931 жылы Алматы облысының Көктал ауылында дүниеге келген, Алматыдағы медицина институтына, қазіргі Санжар Жапарұлы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түскенімен, отбасылық жағдайына байланысты оны аяқтай алмаған, кейіннен Алматы шет тілдері институтында, қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқытушы болып қызмет істеген, 2000 жылы 20 шілдеде бақилық болған), ұл-қыздары – Қасым-Жомарт, Бақытбек (Бақыт Шабарбаев), Қарлыға (Салтанат), Қарлығаш (Ләйлә, Ляля), әйелінің әке-шешесі – Шабарбай (ұжымдық шаруашылық төрағасы болған, аудандық атқару комитетінде қызмет істеген, 55 жасында бақилық болған), 93 жыл ғұмыр кешкен кейуана, барлығы - сегіз адам тұрған. Кемел Тоқаев Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Хамит Ерғалиев, Амантай Байтанаев, Берқайыр Аманшин, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмәділов, Қалихан Ысқақ, Жұмағали Ысмағұлов, Әбдеш Қалмырзаев, Берқайыр Аманшин, Кәкімбек Салықов, Байжұман Ордабаев, Асқар Тоқмағамбетов, Мүсілім Базарбаев, Шериаздан Елеукенов, Сейфолла Оспанов, Қасым Қайсенов, Қалмұқан Исабаев, Салық Зиманов, Сейтағын Жаманбаев, Сапар Байжанов, Талғат Бигелдинов, Айдарбек Құсайынов, Әбдуәли Қайдаров, Ермұхамет Жақсылықов, Хамза Абылғазин, Хамит Әлжанов, Қоғабай Сәрсекеев, Баққожа Мұқай, Сафуан Шаймерденов, Жаппар Өмірбеков, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Баймырза және Жақау Дәуренбековтер, Рымтай Ізбастин (құдасы), тағы басқалармен жақсы қарым-қатынаста болған. Қазақ халқының біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың зайыбының құрметіне есімі қойылған Зухра, Дана есімді немерелері атасын өте жақсы көретін.
Өткен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында Алматыға Қазақстанға ыстық ықыласпен, қамқор көңілмен қарайтын Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Бас Хатшысы Леонид Ильич Брежнев келген. Ата-анасымен бірге көшеге шыққан Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік автомәшинелер кортежіне көздері түседі. Кеңестер Одағының жетекшісі отырған «Чайка» үлкен жылдамдықпен зулап өте шығады. Сәлден кейін анасы: «Осындай бақыт біздің Қасым-Жомартты да айналып өтпесін деп тіледім!» - дейді. Кемел зайыбына разылықпен қарап, одан кейін ойлы жанарын баласына аударып: «Алла жар болсын!» - деген екен. Қазақ ырымшыл халық қой. Ерлі-зайыптылардың бұл ізгі ниеттері әсте періштенің құлағына шалыққан сыңайлы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалғанда анасы ұстамды түрде ғана құттықтаған. Тек: «Әкеңнің жоқтығы өкінішті. Ол шексіз қуанар еді», - дегені бар.
Майдангер жазушы, драматург Кемел Тоқаев - соғыс тақырыбына арналған сүбелі шығармаларымен қатар қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының жолын ашқан қаламы қарымды көрнекті қаламгер еді. Кеңес чекистері мен милиционерлері тақырыбына арналған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. 1954 жылы оның алғашқы «Жұлдызды жорық» деп аталатын жасөспірімдерге арналған әңгімелер жинағы жарық көрген. Соғыс тақырыбы мен қазақтың құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне арналған «Болашақ туралы ойлар» повестер мен әңгімелер жинағы (1955, 1958, 1972, 1975), «Көмескі із» (1955, 1958, 1972, 1975), «Қыс қарлығашы» (1958), «Тасқын» повестері (1955, 1958), «Арнаулы тапсырма», «Особое задание» (Украинадағы партизандар, соның ішінде қазақтың патриот партизаны, Халық Қаһарманы Қасым (Қали) Қайсенов жайлы кітап, 1965, 1968, 1976), «Түнде атылған оқ» - «Ночной выстрел» (1971, 1972, 1975, 1976), «Қастандық» (1971, 1972, 1975, 1976), «Сарғабанда болған оқиға» (1975), «Таңбалы алтын» (1977), «Шоқжұлдыз» (1982) атты повестер жинақтары, «Соңғы соққы» романы (1981), «Солдат соғысқа кетті» ғұмырбаяндық романы (1983), «Ұясынан безген құс» романы (1983) жарық көрген. Драматург ретінде детектив жанрында «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар да жазған. Тіпті, «Қазақстан» баспасынан орыс тілінде жарық көрген бір кітабы ең көп таралыммен - 500 мың данамен тараған. Бірқатар шығармалары шетел тілдеріне де аударылған. Жазушының шығармашылығына американдықтар да айрықша ынта-ықылас танытқан көрінеді. Оның атына Америка Құрама Штаттарының Конгресі кітапханасы мен Иллинойс университетінен «Соңғы соққы» романының екі данасын салып жіберу жөнінде өтініш хат келіп түскен екен. Жазушының кітаптарын Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолияның көркем әдебиетті сүйетін оқырман қауым да жылы қабылдаған.
Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 2008 жылғы 22 тамыздағы санында жазушы-журналист Рахметали Асылбектің «Қазақ детективі қай деңгейде?» деп аталған қызғылықты мақаласы жарық көрген. Автор қазақ детективті әдебиетінің қазіргі жағдайын және оны шетелдік әдебиетпен салыстыра талдай келіп, тап Кемел Тоқаев біздің әдебиетімізде осындай танымал жанрдың бар екенін төрткіл әлемге паш етті деп тоқталған. Жазушының кең тынысты туындысы - «Сарғабанда болған оқиға» негізінде мақала иесі шырғалаңды оқиғаның шешімі милиция тергеушілерінің жоғары кәсіби жұмысымен сәтті үйлесім тапқанын байыпты баяндаған. Сөйтіп, Кемел Тоқаевтың шығармашылығы аты аңызға айналған Шерлок Холмс туралы кітаптың авторы Артур Конан Дойлдан бір мысқал да кем емес деген тұжырым жасаған.
Мемлекеттік қызметтен қол үзуі Кемел Тоқаевтың мұрағат мәліметтеріне сүйене отырып, шетелде жұмыс істеген қазақ барлаушысы жөнінде бірегей жаңа роман жазуына кесірін тигізген. Шығармашылық жоспары әбден пісіп-жетіліп, жаңа романның сұлбасы көз алдында көлбеңдеп тұрғандай көрінген. Оның айтуы бойынша жаңа туындының бас кейіпкері өзінің кәсіби шеберлігі мен жұмысының нәтижесі жағынан даңқты барлаушылар - Рихард Зорге мен Рудольф Абельден ешбір кем түспесе керек. Өкінішке орай, жазушыға жұмысын жалғастыруға биліктегілер рұқсат етпеген. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің басшылығы өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қытайлық кәсіпкер ретінде Аспанасты елінде қызмет істеген барлаушы жер
тыйым салған арнайы шешімнің қабылданғанын көлденең тартқан. Сонымен қатар оның Борис Анненков дивизиясының Қазақстан жерінде жасаған жауыздықтары жайлы құжаттармен танысқаны да белгілі. Өкінішке орай, идеологиялық цензураның қысымына байланысты жиналған деректердің біршамасы оның кітаптарына енбей қалған.
Майдангер жазушы Бірінші және Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін», тағы басқа да көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет Грамотасымен және омырауға тағатын «Милиция үздігі» арнаулы төсбелгісімен марапатталған. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған шығармашылық әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанған (1956, 1972, 1977, 1980). Детектив жанрында жазатын қаламгерге арнап Кемел Тоқаев атындағы әдеби сыйлық тағайындалған. Үштөбе қаласындағы үш қабатты №1 орта мектепке майдангер жазушының есімі берілген. Қаламгердің музейіне оның кеудемүсіні қойылған. Бұл білім ордасында жазушы жайлы үздік шығармаға бәйге жарияланып, мектеп шәкірттерінің жұмысы арнайы жинақта жарық көреді екен. Танымал тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақат Кәбірұлы Садық «Кемел Тоқаевтың ғұмырнамалық шарайнасы» деп аталатын деректі фильм түсірген. Онда қаламгердің көзін көрген замандастарының естелік пікірлері берілген.
Майдангер жазушы, драматург Кемел Тоқаевтың шығармашылығы жайлы әріптестерінің ой-пайымдар төмендегіше өріледі:
«Кемел Тоқаевтың кітаптары - көркем әдебиетте деректі қалай пайдалануға болатынының жарқын үлгісі».
Қалмұқан Исабаев.
«Кемел Тоқаев - қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детективтік жанрда алдына жан салған жоқ».
Әзілхан Нұршайықов.
«Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерлігімен талай құнды кітаптарды дүниеге келтірген Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады. Рухани ізгі екінші ғұмыр деген әне сол!»
Мұзафар Әлімбаев. «Кемел Тоқаев - даңққа бөленген солдат, қаламы жүйрік жазушы. Рухани асыл қазынамызда оның да мол үлесі бар».
Шериаздан Елеукенов.
«Кемел Тоқаевтың ұлағатты ісі - осы жанрдың жүгін қайыспай жалғыз көтергені. Егер ол кісі болмаса, детектив жанры өгейсіп қалар ма еді, бәлкім. Соншалық ауыртпалығына қарамастан ол есімді тұлға сол жүкті тұтас көтеріп, биікке өрледі».
Сейфолла Оспан.
«Кемел Тоқаев аға өзінің білетін тақырыбын зерттеп жазатын. Шындығында жазған кітаптары шытырман оқиғаларға құрылған, адам характерлерінің қақтығысын бейнелейтін шынайы көркем тілмен жазылған шығармалар еді. «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға», «Ұясынан безген құс» туындылары өз оқырмандарының көңілінен шыққан дүниелер».
Әбдеш Қалмырзаев.
«Кемекең - Кемел Тоқаев соңына мол мұра қалдырған жазушы. Ендігі жерде жақсының көзі - сол шығармалары өміршең болсын делік. Текті жазушының ғұмыры қашанда ұзақ».
Қоғабай Сәрсекеев.
«Кемел Тоқаев - қазақтың бәрін дос көруге әрекеттенген адам.
... Пьесаны қайта жазуға тура келді. Тың деректерді қайдан аларымды білмей қиналып жүргенімде асыл аға қол ұшын берді.
Сол бір кезде «Қазақстан» баспасы оның орыс тіліндегі кітабын 500 000 данамен басып шығарды! Керемет таралым!»
Баққожа Мұқай.
Әрине, бұл тізімді одан әрі қарай жалғастыра беруге болады. Алайда, Сіздер осының өзінен-ақ талай жайтты аңғарсаңыздар керек.
Сөз орайы келгенде айтарымыз мынау: сонау бір қиын-қыстау кезеңде пана тапқан, тәлім-тәрбие алған Түркістан қаласындағы балалар үйіне (егер бұл мекеме қазір бар болса) және Шымкент қаласында №26 жалпы орта мектебіне майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілсе екен ізгі тілегіміз бар. Осы қос қаладағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы көшелерді қазақтың біртуар асыл перзентінің, атпал азаматының есімімен атасақ, құба-құп болар еді. Егер жағдай келіп тұрса, елордада елім деп өткен есіл ердің еңселі ескерткішін орнатсақ, қанекей! Сіздер бұған не дейсіздер, құрметті оқырман қауым?!
Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: