АЛАР (әңгіме)

8
1415

Бүгін де ерте оянды. Керіліп-созылып жатып алмай, лып етіп сергек тұрған. Қатар тұрған шүмектің жылысынан су жіберді. Білезіктен төмен қарай саусақ арасынан су жүгіртіп, бипаздап дәретін алды. Басын жайнамазға тигізіп жүргеніне үшінші жылға кетіп барады. Басқасы болса болған шығар, ал бамдат намазын бүгінге дейін қаза қылған емес. Күн жұма болғандықтан жайнамаз басында кәдімгідей бөгеліп қалған. Ата-бабаларының рухтарына дұға бағыштады. Есімдерін қадап-қадап атауға біраз уақыты кетті. Қайын жұрты мен нағашы жұртын да түгендеп шықты. Тіпті, тірі отырған әкесін де аруақтар қатарына қосып жіберген екен.
Шошып кетті. «Астапыралла!..» деді.
Осыдан соң-ақ көңіл қошы пәс тартқан. Үйге әкеліп жүрген жұмыс қағаздарын қарамақ ойынан да тез жерінді. Шайын да асығыс-үсігіс ішті. Етігінің де аяқбауын байлар-байламастан, аяғына іліп алды.
Содан аурухананы бетке алған. Көңілі күпті еді. Кеншілер қаласындағы онкологиялық диспансер қала шетінде орналасқан. Бұл сонда бас дәрігер болып істейді. Кеншілер қалашықтарының шаң-тозаңға байланысты қожалақ келетіні белгілі. Соған орай, әу бастан мұнда тұрғын үйлер мен ғимараттар сұрғылт болып келеді. Солайынша қысы-жазы бір қалыпта тұрады, өңін бермейді. Диспансердің сырт келбеті қандай болса, ішінде де сондай бір сұрқай тіршілік.
Мұнда ешкім де гүл шоғын ұстап келмейді.
Мұндағы жол, Қытайдағы сияқты, қайтары жоқ жалғызаяқ жол.
Мұнда өз аяғымен келеді…
Шығаруын басқалар шы­ғарады…
Келісімен, ешкімді жүгіртпей, өзі есепке шығарып келген палаталарға бас сұққан. Үш төсек жинаулы тұр екен. «Көрмеген көшесінен жарылқасын» деп бетін сипады. Үшеудің біреуі әкесіндей болып кеткен Әлжан ақсақал еді. Шежірені жіліктеп таратқанда аруақтанып шыға келетін бадыраң көздің өзі, қоңыр даусын нәштеп, туралап түп-тұқиянға тартқанда бұл да бар дүниені ұмытатын. Текті бабалары барына марқаятын. Әлжан ақсақалды бұл ел сияқты «Әлекең» демей, «Әбекең» деп кетті. Сол кісінің айтатыны рас болса, мұның бабаларының осалы жоқ екен. Екінің бірі батыр, не мәрт. Сол Әлжан ақсақалдың шежірелеген әңгімелерінен, аңыз-әпсаналарынан кәдімгідей күш-қайрат алатын.
Әкесі мен Әбекең екеуінің заманы бір ғана емес, нанға жаққан майларына дейін бірдей болып шықты. Жартай деген май болады екен. Тістен майда із қалатыны белгілі. Тіс тиген майды жартай дейді екен. Бұл кісілерден сондай талай жартай қалыпты. Түйдей құрдастығы бар бұл кісілер, сұраса келе, жамағайын болып шықты. Өз әкесі шежіреге жоқ болғанымен, ауыл арасының жаяу әңгімесіне бапты. Не айтса да майын тамызып, бипаздап айтады. Шежіреге жоқтығы көкжетімдігінен. Жастайынан көргені – балалар үйі болыпты. Қойыртпақ ішкен адамда қайбір денсаулық болсын… Соған қарамастан, шахтаға түскен. Қос өкпесін шаң қапқан. «Қабірдің шаңы әсте ауыр болады…» деп отыратын. Аурухананы жағалап кетпегенімен, алыстап та кете қоймаған. Жылына бір-екі рет жатып шығады.
Сол тұста бағам-қағам деген ағайын табыла қоймапты. Әкесі соны ұмыта алмайды.
Әкесін бұл «көке» дейді. Көкесінің сол қара қазандай өкпесін осы Әбекең жіпсітті. Ол кісі де әке жетімдігін көріпті. Қалай бірін бірі көрді, екеуінің аузы солай жабысты да қалды. Сол Әбекеңді осыдан тоғыз күн бұрын пышаққа жыққан. Басқа қылар қайрандары қалмаған.
Төлен осы Әбекеңнің жорналшы баласы. Аудандық газеттің білдей редакторы. Бір басына беделі жетіп артылады. Білмейтін бәлесі, танымайтын адамы жоқ. Шежірешілдігі әкесінен де асып түскендей. Әкеңнің есімін айтқанша, тұқымыңды шежірелеп те үлгереді.
Сол Төлен өзіне ақыл салған. Бұл не десін. Бәрін көріп тұрып… «Өзің білден» аса алмаған. Қайтып Төлен бас сұқпады. Қияс кетті. Осындағы Әліп ағайды алып келіп, әкесін көрсетті. Ол кісі ісік саласындағы екі ғұлама болса, соның бірі болатын. Операция жасауға екі жақ та келісімін берді.
Бұл да ширыққан. Ширы­ғатын жөні бар. Өз әкесі де осында жатыр. Тоқ ішегі қабынған. Айтпақшы, Әбекеңді де алып ұрып жүрген осы тоқ ішек болатын. Шахтаның шаңы жеп қойған дейді Төлен. Болса болар дейді бұл да. Өйткені өз көкесі де жер үстіне кейінде ғана шыққан.
Көкесін ойлағанда жүрегі сыздап қоя береді. Бір шешімге әлі келе алмай жүр. Жанын қайтсем аман алып қалам деп амалдайды да. Ең құрығанда бір күнге.
Төлен өзіне ақыл сала келгенде бір сұмдықтың ұшығын шығарған. Терезе алдындағы терекке қарап тұрып:
– Қыс көзі қырауда… жапырақтар өзін-өзі жеп жатыр, – деген.
Содан тағы бір күні бас сұққанда:
– Әкеміз ұзаққа бармас, – деп қойып қалған. Бұл үндемеген. Әліптің артын баққан.
Әбекеңе операция жасаған күні тағы да кіріп шыққан. Сонда осы Төлен отырып-отырып:
– Тоғыз күн қалды, – деген.
Шынымен содан бері тоғыз күн өтіпті. Бұл да біледі. Операция небәрі бір сағатқа созылса оның сәттілігі тоқсан пайыз. Үш сағатқа созылса жетпіс бес пайыз. Бес сағатқа созылса елу пайыз… Рас, операция ауыр өтті, тоғыз сағатқа созылды. Алайда бұл тоғыз күндік ғұмыр қалды деген сөз емес қой. Бұл соған жынданады.
Отырып-отырып телефон шалып Төленді іздесін. Әкесін мәйітхананың есігінен сығалатпай бірден Ақшатауына алып кетіпті.
«Бүгін жұма. Шеттің қазағы оң жаққа бір қондырмай мәйітті қара жерге бермейді. Дүйсенбі күні жамбасы жерге тиетін болды…» деп іштей тон пішіп қойды. «Топырақ салуға барармын…» деді. Дауысын шығарып айтқанына өзі таң қалды. Сонан өзін қолапайсыз сезініп, көп отырды. Ешкіммен де хабарласпады. Сол күйі көкесіне кіріп шықты. Барса, төсегінде шоқиып отыр. Берген сәлемін селқос алды. Бәрін біліп отыр екен. Өзіне көңіл айтты. Дауысы жер түбінен шыққандай болды. Бұл тағы қолайсыз жағдайға қалды. Біле білсе көңілді өзі айтуы керек еді-ау…
– Әбекеңнің жамбасы дүйсенбі күні жер иіскер… – деп бір қойды. – Мені бәлнісіңнен шығар… Топырақ салып қайтайын… – деп және өтінсін.
Бәрін осы сөз шешті.
Әйтпесе көкесін де пышаққа жығар ма еді?!.
Достың күткен сөзі осы екен. Арбакешін шақырып алып:
– Әкейді жеткізіп сал, – деген. Бұлай дегенде өз үйін ойлаған. Содан арбакеші жоқ. «Ақшатау кеткен болды» деді бір ойы. Арбакешін жұмыс аяғына дейін тосты. Келді-ау, ақыры. Айтқанындай, Ақшатау тартыпты. Көкесі Әлжан ақсақалдың шілдеханасын күзетемін депті. Өзіне сәлем айтыпты, «дүйсенбіде ерте шықсын» деп. Аман болсам жетермін деген. Жете алмады. Қолдан келгені – батасын беріп жіберді. Сол күні облыс басқарып отырған бір дәудің баласына операция жасады. Бұл содан шыға алмады. Операция үш сағатқа созылған.
Сол дәудің баласы үш күннен кейін қайтыс болды.
Жүрегі дір ете түскен. Есіне еріксіз Төлен түсті.
Көкесі болса, Әбекеңнің қазасынан кейін, «қайдасың, Сарытерек?!» деп ауылға бір-ақ тартқан. Содан бері ай өтті. Бөтендей әңгіме шықпай, жаны жай тапқандай болған. Әні-міне дегенше мал көкке ілігіп, Арқаның саумал ауасы есіп қоя берген. Бұл енді көкесінің денсаулығының әзірге сыр бере қоймайтынына кәміл сенген. Сонда да томаға тұйық жүруінен жазбады. Әйтеуір, жүрегі қобалжиды да тұрады. Бір жаманат хабар еститін сын-ды. Беймезгіл қоңыраудан тіксінеді… Беймезгіл қонаққа жаутаңдай қарайды…
Бір күні хабар жетті… «Жет­сін» деген… Ертесіне қарамады.
Түнгі жол жеткізбейді екен. Қанша асықса да, ауыл қарасын таң қараңғылығында бір-ақ көрді. Шошайып тұрған киіз үй көрмегесін жүрегі орнына түсейін деді. «Абырой жазған екен» деп қойды.
Маусым туып, сырттағы жылудың ішке кірген кезі. Көлікте отырған күйі бамдат намазын оқыды. Көлігін алыстау доғарған. Жүгіріп шыға қойған ешкім болмады. Ішінен «бұл қалай» деген де қойған. Сол беті:
– Ассалаумағалейкум!.. – деп босаға табалдырығын аттаған. Үйдегілердің барлығы өре түрегелген. Сәлем алған ешқайсысы болмады. Төрде ұзы­нынан төсек тартып жатқан әкесін жазбай таныған. Дағара­дай болып басында біреу отыр.
– Әликүмәссалам! – деген сол отырған болды.
Дір ете қалды. Таныс дауыс. Төленнің даусы… Бұл абдырап қалды.
Алдымен көкесіне сәлем беру керек пе еді?.. Әлде Төленнің әкесіне көңіл айту керек пе еді?..
Тығырықтан көкесі алып шыққан.
Ол Төленнен көз алмай жатыр еді. Мұның көңіл айтқаны біртүрлі болып шықты. Төленге бекем бол деп тұрып, өзі жылап жіберсін. Булығып жылады, қыстығып жылады. Өзінің дәрменсіздігіне… Содан көзі көкесіне түсіп кеткен. Нұрланып жатыр екен. Бас салып көкесінің маңдайынан иіскеді. Салалы саусақтарын сипалап біраз отырды. «Қалаға алып кетем» деген.
– Ешкімді де шақырма, ешқайда да апарма, – деді көкесі. Ентігін басқаннан кейін тағы да сөзге келген:
– Сүйегім шаршады, – деді ол. – Жаратқан өзі салған жанды өзі алайын деп жатыр…
Күн тастөбеге шыға пышаққа іліккен марқа басының сілікпесі шығып қалған. Жозыны жағалап орналасқандардың қақ ортасында көкесі отырды. Кеше ғана төсек тартып жатты деуге аузың бармайды. Малдас құрып, қашандағыдай еңселі отырды. Бөлек табақпен келген басты көкесі болар да болмастан Төленге ұзатқан. Төлен болса, азар да безер болған. Бірақ көкесі қоймады.
– Бұл әкеңнің сыбағасы…
Дастарқанға да батаны Төлен жасады. Көкесі мағұрланып:
– Доскенім жетті ғой. Енді онсыз да қысқа күнді кешіктірмей қайта бергенің жөн болар, Төленжан. Доскенім біреу еді, міне, сенімен екеу болып отыр. Жаным Әбекеңнен артық емес, бүгін алса да пейілмін, – деген.
– Малды бір жайлы ғып келемін. Әрі кетсе, бүрсүгіні қара көрсетермін, – деген Төлен ықыластана сөйлеп. Тұрып бара жатып қоштасқан да жоқ. Артына да қарамады. Ілескен Дос болды. Оңаша шыққанда ғана барып:
– Әкейдің аяғын бөлесе болар еді, – деп қойды.
– Неге? – деп қалды Дос.
– «Алар» кіріпті, – деді. Сыбырлап айтты.
Дір ете қалды. «Алар» деп отырғаны аяққа кірген ісік.
Бұл әңгімені естіген. Ауылдағы қонағасылардың бірінде. Сонда молда сұңқылдап отырған:
– Аллаһ Тағала пендесін бақилық қылар бұрын хабаршы қып «аларын» жібереді. «Алардың» үш күндік ғұмыры бар… – деп.
Бұл қараптан қарап тұрып қитықсын. Расында да, қалай байқамаған. Аяғына ісік кірген адамның үш күннен аспайтынын бұл да білетін. Соған орай қалаға қайтпайтын болды.
Айтқандай үшінші күні көкесінің көзі жұмылды. Ыңқылдаған да жоқ, ың-шыңсыз жөнеді. Ешкімге салмақ салмай өтті. «Жақсының жаны тез шығады» деген осы екен ғой деді іштей. Олай болса, көкесінің жақсы адам болғаны ғой…
Көкесі ой-қырға хабар салып, ешкімді де жинамады. Қоштасам деп жұрт та келтірмеді. Өз ажалымен өлгенін үлкен олжа санады. Ұлына аса пейілді еді. Пышаққа жықпағаны үшін…
Айтқандай, үшінші күні Төлен де жеткен. Қонағасына деп қысыр қалған есік пен төрдей бір қулықты матап алып келіпті. Сөйтсе, білген екен ғой…
Төлен екуінің көрісін көріп ел жылады.
– Операцияға жатқызуым керек еді… – деді қорс-қорс етіп Дос.
– Операция жасатпауым керек еді… – деп Төлен еңкілдесін.
Осыдан кейін ол Төленнен айырылмады. Тумаса да туғанындай көрді. Бара-бара отбасы болып араласты. Қалай күз болады, арсалаңдап Төлен жетеді. Күздігін алып. Қалай қыс туады. Солай сәлем айтады. Соғымын сойып қойдым, алып кетсін деп.
Бір күні Төлен жорнал­шылығын тастап кетті. Бұл қатты ренжіген. Реті келгенде сонысын бетіне басқан. Төлен сыр бермеді. Өзі басылғанда ғана:
– Сенің де жұмыстан кеткенің дұрыс болар еді, – деді.
Бұл қатты ойланған. Төленнің айтып отырғаны, бір жағынан, дұрыс та. Жұмысы құрғыры әбден-ақ қажытып жіберген. Мұнда түскеннің тірі қайтқаны некен-саяқ.
Қашанда да еңсені езеді де тұрады. Мұның жұмысы сондай жұмыс…
Төлен бәрібір жазуын қоймады. Кітап жазып жатыр деген. Әкелері жөнінде.
Аман болсын деп қояды. Кітап жазыла жатар…
Бүгін де ерте тұрған. Ниетін білдіріп, дәретін алуға кіріскен. Оң аяғын жуғанда байқады. Жалма-жан сол аяғын да жалаңаштаған. Ол да ісіп тұр екен. Ол есіне еріксіз Төленді алды. «Алар келген екен» деп ойлады.
Байқастап тағы бір күнді өткізді. Жұмысынан қалмады. Еш жері ауырмайды. Өзіндегі өзгерісті ешкімге тіс жарып айтқан жоқ. Ертесіне де жұмысына барды. Ісік тізеге шапқан екен. «Енді бір күн қалды» деді іштей, Төленнің даусына салып.
Ертесінде тағы да аяғын түгендеген. Ісік қара санға шапқан екен. Төленге хабар салды. Келіп қайтсын деп…
…Ол қоштасып үлгермеді. Бұл құптан кіре жүріп-ақ кеткен. Есіне бүгінгі күннің жұма екенін түсірді. Неге екенін қайдам, жедел жәрдем шақыруды ойға да алмады.
Ел Достың өлімін әр саққа жүгіртті. Біреу жүректен кетті деді. Енді біреулері өттен кетті деп жатты.
Тағы да Төлен тосын қалып танытқан:
– Онкологиялық диспансер де бір, мәйітхана да бір. Бұлар шығарып жатады, олар қабылдап жатады. Мұндағылардың да, ондағылардың да еттері өліп кеткен. Қайта жанын бұл күнге дейін сүйретіп келді де… Дұрыс болды… Жанын қинамай…
Төленнің осы сөзінің жаны бар сияқты. Аяғына ісік кіргені бір жаратқанның бой жазуға берген уақыты екен-ау. Әйтпесе Достың кейінгі екі-үш жылда етінің ауырғаны болмапты. Анда-санда тісі құрғыры сырқырап, жанын көзіне көрсететін. Ол да сап тыйылған. Шамасы, мұның тәні сол кезде өліп кеткен екен-ау… Диспансерге жұмысқа кірген күні… Осыдан отыз жыл бұрын…
– Қу жаны жүріпті-ау… – деді қонағасына жиналған жұрт.

8 ПІКІРЛЕР

  1. Бұл кісінің тағы бір-екі әңгімесін оқып көрсек деймін. Нағыз қазақы сөз саптау. Алды-артыңды орап отырады.

  2. tamasha tuyndy!!!!! adamdy ozine eriksiz tartyp, baurap alady. sebebi omirde zhiy kezdesetin uaqiga goi, sol uaqigany kure tamyrynan dop basyp, barynsha shynaiy zhetkizgen!!!! zhazarynyz kobeisin!!!!
    …QARAGANDY…

  3. tamasha tuyndy!!!!! adamdy ozine eriksiz tartyp, baurap alady. sebebi omirde zsiy kezdesetin uaqiga goi, sol uaqigany kure tamyrynan dop basyp, barynsha shynaiy zhetkizgen!!!! zhazarynyz kobeisin!!!!
    …QARAGANDY…

  4. Мейлінше қазақы жазылған. Бұл жазушының «Жұлдыздан» Көрлеуіт, Тірі аруақтар деген шығармаларын оқып сүйсінгем. Бұрын кездестірмеген 100-шақты сөз тапқам. Қызығы сол, соның бәрі түсінікті еді. Былтыр тағы да «Жалында» Ақырет белгісі деген хикаясын оқыдым. Жаным түршікті.

  5. Жылап тұрып оқып шықтым. Тура менің көкем жөнінде жазылған сияқты. Авторы дәрігер, немесе түскейлік оралмандардың бірі-ау шамасы.Нағыз қазақы туынды. Осындай дүниелер көптеп басылса игі. Авторға да, басылымға да көп рахмет.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз