ІЛИЯС – МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШ
2019 ж. 28 қыркүйек
6393
0
немесе Ілиястанудың кейбір мәселелері хақындағы
ғылыми-танымдық эссе
Ол заман – ерге тұсау, зорға думан
ІЛИЯС ҰШҚАН АЛТЫН ҰЯ
Ілияс Жансүгірұлының туған, өскен ортасы жөнінде
Ілияс Жансүгірұлы Жансүгіров! Ол – Қапал-Ақсу атырабының, тек Жетісу өлкесінің ғана емес, алты алаш баласының мақтанышына айналған біртуар тұлға, ұлттық культі зор қазақтың қайталанбас ақыны. Ілиястың бүкіл ұлысқа танылуы – туған жерінің топырағына, өскен ортасының әлеуетіне байланысты. Ілиясты ең алдымен ақын қылған Жетісудың көрікті табиғаты, қасиетті Жер-Ананың құнары. Сосын Ілиясты ақын қылған оның өскен, тұлым шағының белгісі қалған – Қапал уезінің, Ақсу болыстығына қарасты жерлерді қоныстаған алқалы жұрт. Ілияс ұшқан алтын ұя – Қапал дуаны, Ақсу болыстығы туралы сөз айтудың реті келіп отыр. Қапал, Ақсу атырабы – ежелден сөз қонған, қасиет ұялаған ақындар мен батырлардың елі. Тарихы қатпарлы абыз мекеннен Айтбекұлы Саршуаш шешен, Тастемірұлы Айтқожа би, шешен, Өтебай Алдай бақсы, қобызшы, емші, Емелелі Барғана бақсы, қобызшы, емші, Қайнар Байтен бақсы, қобызшы, көріпкел, Сақай Бұғыбайұлы Байсақ бақсы, Сақай қобызшы Байсақұлы Молықбай, Шоқпар Келдібайұлы Шиырбай шешен, Сақай Байжанұлы Мұжық би, Тақет Қожамқұлұлы Шоңды би, Шаппа Мүсіреп би, Шаппа Шымыр би, Қаржау Тоғысбай би, дуан Байболұлы Қайролда би, Өтебай Нүсіпұлы Үпі би, Сақай Көшкінбайұлы Омарбай ақын, Қаптағай саудагер Омарбек ақын, Сақай Тұрлыбекұлы Нұрланбек ақын, Сақай Итемірұлы Жұлдызбай ақын, шешен, Сақай Қоңысбай Түйтебай шешен, Түйтебаев Тұрлыбек шешен, Соқыр ақын Жазық қыз, Садыр Әуелбайұлы Апырбай ақын, Садыр Жабықбайұлы Рахмәди ақын, Садыр Арап ақын, қазаққа таспа тілімен даңқы шыққан Садыр Құл ақын, Садыр Мыңғатұлы Бөжей ақын, Сақай Шөмшетайұлы Бекетбай ақын, Әйтек Жаманбайұлы Базарбай ақын, Сақай Тостағамбет ақын, Сақай Тостағамбетов Жардембек ақын, Емелеліден шыққан Халық ақыны Қуат Терібаев, Тастемір Ағанасұлы Тайкөт ақын (Қаракерей желі үйлі Жаңбыршыны құтқарған), Тастемір Азнақұлұлы Ахмет ақын, Ағайынды Толыбайұлы Нәдірқұл, Нәдірбай, Тиышбай ақындар, Құлжан Болатбекұлы Шәріпхан ақын, Өтебай Алдай бақсының қызы Жамбы ақын, Сұлтанбекқызы ақын Сара, Шоқпар Сарықыз ақын, Құлшан Әсем ақын (Заманында осы үш қыз үш Матайдың тотысы атанған), Садыр Нұрила ақын, Қайнар Базарқыз ақын, Тақет Тергеу қажының қызы Кенбала ақын, Төртсары Әбітай ақын, Сақай Мырзағұлұлы Жұманбай ақын, Тақет Әлімбай ақын, Маман – Тұрысбектің сарай ақыны атанған Сақай Құтым ақын, Садыр Есболат қазының балдызы Сабанбайқызы Күміс ақын, Садыр Есболат қазының қызы Жарқынай ақын, Махаббат үшін күрескен Толыбайұлы Арсалаң (Көшен лақап аты) ақын, Арсалаң ақынның әйелі, елі Қаракерей Серікбайқызы Қымбат ақын, Қызай Марсақұлы Бектас ақын, шешен, Жыр иесі «тасқын» ақын атанған Мырзағұлұлы Толғанбай ақын, Толғанбайұлы Құрақбай ақын, әнші, аужаршы, Толғанбайұлы Құндақбай ақын, әнші, Құрақбайұлы Қуатбек ақын, әнші, Алшын Есқожаұлы Төребай ақын, Тастемір Байтолықов Мейрамбай әнші, жыршы, Елі қыпшақ, бірақ Садырға сінген Жақыпбек ақын, Қаптағай-Тасыбай Құдайберген ақын, Ақтілес Ырысмекенұлы Қанапия ақын, Ақтілес Жантемірұлы Шойбек ақын, Тыбыш Қаракүшіков Мұқан жыршы, Тыбыш Батырбаев Күмісбек әнші, жыршы, Тыбыш Мөнеков Жұмаш жыршы, әнші, Сақай Қалпенденов Орысбай ақын, жыршы, Ноғас Алдамжар жыршы, әнші, Қаптағай Смағұлұлы Жәмали ақын әнші, жыршы, Сақайға сіңген Ошақты Тәсібек ақын, Сақай Қожамұратов Балтабай ақын осындай азаматтар іркес-тіркес шыққан-ды. Бала Ілиястың дүниетанымына зор әсер еткен ақындар мен сүлейлер – осылар еді. Бұл ақындардың өлеңдері мен тапқыр да, ұтымды ойлары ауыздан ауызға көшіп жүрген. Қапал дуаны – Кенесары ханның кегін қайтарған Тәнеке батырдың елі. Тәнекедей оғланның арғы аталары Қыдыралы би, Дөсет әулие шыққан жер еді. Қалқабайұлы Маман, Маманның ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл қажылар, бұл үш мәрттен тараған Тәңірберген, Құдайберген, Солтанқұл, Ыбырайым, бәрі-бәрі – Ілияспен аралас-құралас болған жандар. Қайырымды Маман балалары салған Қарағаш қаласындағы «Мамания» мектебі – қазақ атырабының түкпір-түкпірінен кіл жақсыларды жинаған алтын бесік болатын. Бұл жерде сонау Мысырдың Каир университетін тамамдаған, Теке қаласының тумасы (Орал) Ғабдолғазиз Мұсағалиев, заманында-ақ Сарыарқаның сардары атанған, қазақ оқымыстысы Мұстақым Малдыбаев, Керекулік Майра Уәлиқызы, Уфадан арнайы келген башқұрт зиялысы Есенкелді Мұхаметқали мен жары – Фатима, Ыстамбұлдағы жоғары дін семинариясын бітірген Файызрахман Жиһандаров, Қазаннан келген татар зиялысы Нажар Әбішев, Нұрмұхаммед Ислямов, Ахметкерей Батыршинов, Бұқарадан білім алған Хасен мен Қожахмет сынды ұстаздар оқытушылық етіп, Қапал, Арасан, Ақсу, Қопа болыстарының балаларына оқу-білім дәнегін сепкен. Осы Қарағаш қаласына алаштың аймүйіз серкелері Міржақып Дулатұлы мен Отыншы Әлжанұлы, Райымжан Мәрсекұлы жиі-жиі келіп, Есенқұл қажының қонағы болған. Байқажының ауылы (Маман әкені жұрт Байқажы деп атаған) сол замандағы алдыңғы қатарлы оқыған азаматтардың жиі келіп тұратын іргелі бір ордасы болған-ды. 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхаты» құжатын даярлағаны үшін патшалық биліктің қысымымен Қапалға айдалып келген атақты адвокат, заңгер Жақып Ақбайұлы да Қарағашқа талай келіп, Есенқұлдың қонағы ретінде мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарына заң, құқық ілімі тұрғысынан дәрісін оқып жүрген. Бұл топырақта бүгінгі қазақтың алғашқы конституциялық еңбегін жазған үлкен оқымысты, революционер, демократ, заңгер Барлыбек Сырттанұлы туған. Барлыбек осы – Жетісу облысынан тұңғыш шығып, жоғары оқу орнын бітірген қазақ баласы. Барлыекең – Петербордағы Императорлық университеттің Шығыстану факультетін тамамдаған, тоғыз тілді еркін меңгерген зерек еді. Петерборда студент болып жүргенінде стипендиясын үнемдеп, кітап алып, кітап жиған қазақ-ты. Кейін сол Барлыбектің қызы – Салиқа Ілиястың аталас туысы, жақын досы Шамай Шынасыловқа тұрмысқа шыққанда, қайраткердің жары – Еркежан Аталыққызы кітапты қызының жасауына қосып, төсек орнымен бірге ұзатқан екен. Сол Барлыбектің 2000-ға жуық кітабын Белтоғандағы «Қайнар» мешітінде жатып Ілекең оқыған еді ғой. Міне, осындай тұлғалардың білімі мен болмысы бала Ілиястың танымын кеңейтті. Қазақтың алғашқы инженері, теміржол қатынасының атасы Мұхамеджан Тынышбайұлының туған, өскен топырағы да осы – жұрт. Алаш үкіметінің құрамында болған Базарбай Мәметовтің де атажұрты. Ілиястың қатарластары болған Көлбай Тоғысов, Бейсембай Кедесов, Мәкей Еркінбековтер де – осы топырақтың тумалары. Қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс туған киелі өңір, қасиетті аймақтан осындай таланттар шоғыры шыққан. Ілиястың әкесі Жансүгір, атасы Берсүгір де өнерден құр алақан емес-тін. Ілияс қаріпті әкесінен таныды, кейін Сүттігендегі Тұрысбек қажының ауылындағы Қасен молдадан тәлім алып, ескі сауат ашты. Қасен молда – Бұқарадағы «Көкілташ» медресесін бітірген хақ жолындағы кісі. Майра Жетісу даласында екі жылға жуық тұрақтап, «Мамания» мектебінде оқытушылық қызмет атқарыпты. Келісілген мерзімін абыроймен өтеп, Маман балаларының алғысына бөленіп, ел-жұртың құрметін арқалап, Кереку – атажұртына жолға шығар кезінде, Ақсудың айбоз ұлы, сол шақтағы өлеңнің жас перісі Майра апасына: Майра апай, сіз бе едіңіз өресі асқан, Құмар ем әніңізге бала жастан. Сайраған үніңізді естігенде Тіл қаттым жастығыма қарамастан! Мен де бір талаптанған ініңізбін, Жарқ еткен ұшқынымын жырыңыздың. Қабыл ал, өлеңменен өзіңізге Тарту ғып жас жанымның гүлін үздім. Сайрап еді Керекудің жыл құсы кеп, Мәз болып қалған жоқ па құрбысы көп. Сіз бізге жат емессіз, санаймын мен Сарадай апамыздың сіңлісі деп. Өнердің қанат қағып өріне сіз, Шықтыңыз құрметпенен төріне сіз. Еліме қайтып барам дедіңіз де, Ұзатқан қызымыздай көрінесіз. Майра апай, бізді де сіз ұмытпаңыз, Көңілді бізге деген суытпаңыз. Көгімде әніңізді қалықтатып, Ақсуды тағы келіп құттықтаңыз, – деп өлең арнағаны бар. Асылы, ХХ ғасырдың басындағы Қапал-Ақсу өңіріндегі Қарағаш қаласы – көк шатырлы бірыңғай әдемі үйлер. Тоғыз жолдың торабындағы базар, сауда-cаттық. Баяғы Жібек жолының ізі қалған, Шығыс Азиямен Қытайды жалғап жатқан бұ мекен – өркениет бесігі болған, қазақтың игі-жақсылары аялдап, ат шалдырған жер еді. Міне, осындай қазақтың «мен!» деген арыстары тұрған шаһар еді. Ілиястың ізі қалған, су ішкен, оқыған, өскен жері осы еді.ГИЖДА ОҚЫҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ
Ілияс Жансүгірұлы ғұмырнамасының Мәскеу кезеңі
Ілияс Жансүгірұлы 1925-1928 жылдары Мәскеу қаласындағы ГИЖ (Мемлекеттік Журналистика институты) жоғары оқу орнында Журналистика мамандығы бойынша білім алған. Бұл институт азамат соғысы жүріп жатқан кезеңде ашылған. 1919 жылы Телеграф агенттігінің ұйымдастыруымен Қызыл Журналистер институты (ИКЖ) ретінде өз жұмысын бастаған оқу орнының әр жылдары атауы өзгеріп тұрған. Мысалы, 1921 жылы Мәскеу Журналистика институты (МИЖ) деп аталса, 1923-1930 жылдарға дейін ГИЖ, 1930 жылы Коммунистік Журналистика институты (КИЖ), сосын Бүкіл Одақтық Коммунист Журналистер институты (ВКИЖ) болып аталған. 1938 жылы институт жұмысын тоқтату туралы қаулы шығады. Институт таратылған соң, оның педагогикалық ұжымы мен студенттер құрамы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне біріктірілген. Ілияс Жансүгірұлы студент болып оқуға қабылданған шақта институтта 150 студент оқыған, оның 132 – ер адам, қалған 18 – әйел адам екен. Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінің қорындағы (ГАРФ) ГИЖ оқу орнына қатысты құжаттармен танысқанда, институт туралы жалпы мәліметтерді шолып өттік. Мәселен, іс парағында студенттердің ұлттық құрамы туралы, жас мөлшері туралы деректер бар. Ілияс І курсқа қабылданғанда тобында 46 адам оқыған. Оның ішінде 25 жұмысшы, 13 шаруа, 8 орта жағдайлы қызметкер сияқты түрлі әлеуметтік тап өкілдері болыпты. Ал, жас мөлшері турасындағы деректе 19 жас – 1, 20 жас – 1, 21 жас – 4, 22 жас – 8, 25 жас – 4, 26-30 жас аралығындағылар – 23, 31-35 жас аралығындағылар – 2, 35 жастан жоғары – 3 адам болған. Ілияс Жансүгірұлы оқуға 31 жасында түсіп, 34 жасында тамамдаған. Ұлттық құрам жағынан алғанда, бұл топта 29 орыс, 5 еврей, 3 латыш, 2 татар, 1 абхаз, 1 башқұрт, 1 белорус, 3 украин, 1 қазақ болған. 1923-1929 жылдары оқу орнын профессор, сол замандағы белгілі орыс публицисті Г. Муравейский басқарған. Профессор-оқытушылар құрамында А. Симвович, Л. Лебедева, П. Бархашев, О. Богарев, Р. Григоренко, Ш. Кабзович, Н. Турманов, Р. Липецкий, У. Шиполовская сынды профессор, доценттер болған. Ілияс Жансүгірұлы жоғарыда есімі аталған оқытушылардан дәріс алып, журналистика мен советтік публицистиканың теориясын, практикасын меңгерген. 1-3 курс аралығындағы студенттерге «Орыс тілі», «Ресейдегі класстық-кландық тартыстар тарихы», «Жаңа Ресей тарихы», «Орыс әдебиеті», «Шығыс пен Батыс халықтарының тарихы», «Ленинизм негіздері», «Маркс теориясы», «Экономиканың журналистік курсы», «Ленин өмір жолы» сияқты қоғамдық пәндер, сосын мамандыққа баулитын «Газет ісінің техникасы», «Баспа ісінің техникасы», «Публицистика», «Газет ісінің теориясы», «Революцияға дейінгі баспа ісінің тарихы», «Очерк теориясы», «Сатира негіздері», «Әдеби шеберлік», «Журналистік шеберлік», «Фоторепортаж», «Әскери журналистика», «Құқықтық журналистика», «Радиожурналистика», «Макет, безендіру шеберлігі», «Аударма теориясы» сияқты міндетті сабақтар оқытылған. ҚҰЛАГЕРДІҢ ҚАЗАСЫ Белгілі жайдың белгісіз қыры немесе Ілияс Жансүгірұлының репрессияға ұшырауы турасында Таба алмай тыныштықты туған елде, Кете алмай біржолата бөтен елге. Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық, Төсеген талай ерлер оққа кеуде. Совет үкіметі орнағанға дейін ешқандай ұйымға, қозғалысқа мүше болмаған Ілияс Жансүгірұлы жаңа үкімет құрылысының дамуына белсене кіріскен. Ілиястың ең өнімді еңбек еткен кезеңі осы – советтік жылдар. Ілияс – советтік биліктің өкілі еді. Имандай сенді, жаңа заманның орнауына бар күшін салды. Бірақ, бірақ та жылан-өмір ақынды шағып кетпеді ме?! Қазақстанды Ф. Голощекин, Л. Мирзоян басқарған кезеңде елден береке кетті, ырыс қашты. Ішкені – ірің, жегені – желім. Ашаршылыққа ұшыраған, жұттың тауқыметін тартқан ашқұрсақ ел. Интеллигенциясы қуғын-сүргінге ұшырап, бас көтерер ағасыз қалған жетім жұрт. Билікке шығып, таққа отырғаны – ашкөз, ұры-қары. Опасыз. Сатқын еді. Сол антұрған немелер Алаштың алдыңғы толқын ағалары: Жүсіпбек, Міржақып, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Мағжандарды қаматып, атқызып, сосын советтік биліктің құрылысына араласқан совет жастарына, коммунистерге ауыз сала бастады. Иттер-ай, иттер! 2018 жылдың сәуір-мамыр айларында Ильфа Ілиясқызының арнайы рұқсатымен ҚР Орталық Мемлекеттік архивінің қорындағы Ілияс Жансүгіровтің жеке қорымен жұмыс істеп, көптеген тарихи құжаттармен танысып, оқып отырып, жүрегім езіліп еді. Сізге – өтірік, маған – шын. Бір құжатты «сөйлетейін»... Ілияс 1937 жылдың 7 қаңтарында өмірбаянын жазып, Орталық комитетке өткізген екен. Орысша жазылған өмірбаянда ақын былай депті: «...Я не участовал в революционным движении и ни в какой партии раньше не состоял. В коммунистическую партию я поступил в 1927 году, в ячейку ВКП(б) при Гос.институте журналистики. Меня рекомендовали в партию: Кошкунов Идрис, Бабаев, Гончаров, Липецкий и др. В оппозициях и антипартийных группировках не участвовал. Под судом не был до и после революции, а также не был в армии белых. Важнейшие моменты моей автобиографии могут подвердить т.т. Кошкунов И., Бабаев Ю., И. Чукенова. Они меня знают с детства и из периода общественной работы. Я очень хорошо чувствую себя, здоров. В основном занят литературной работой, и она мне доставляет большое удовольствие» (ҚР ОМА, 1368 қор, 3 тізім, 64 іс). Міне, көрдіңіз бе, 1937 жылдың басында-ақ Қазақстан билігінде отырған «кеңпейіл» азаматтар Ілиястың ізіне түсіп, бақылауға алады. Бұл уақытта, расымен Ілияс аға үлкен шығармашылық жұмыс үстінде еді. А. Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына орай орыс Бас ақынының шығармаларын қазақ тіліне аударып, біресе Петербор, біресе Царское село (Пушкиннің оқыған жері. Қазіргі Пушкин қаласы), бірде Мәскеу барып, ары-бері шығармашылық ізденіс үстінде жүрген. 1937 жылдың 16 мамырында Алматыдағы жалпы қалалық Қазақстан жазушыларының жиналысында жас сыншы Мұхамеджан Қаратаев Ілиястың «Жолдастар» романын қаралап, одан саяси астар іздеп, бұл шығарма өткенді көксеу, патша заманындағы феодалдық кезеңді сағыну деген сықылды айыптар тағып, сынайды. Сосын, 1937 жылдың 11-13 шілде күндері Казкрайкомның жалпы жиналысы өтіп, «Халық жауларының зиянкестерін, қалдықтарын құрту, оған ымырашылдық қылғандарға сын және өзара сынды жұмсау» деп қаулы шығартып, Б. Майлин, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Ғ. Тоғжановтарға айып тағыла бастайды. Ақырында, Орталық комитетке адал тыңшы болған Жазушылар одағының белсенді жастары Ғ. Тоғжанов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіровтің үстінен айып тағып, «Алашшылдардың жалғасы» деп күдіктеп, тергеуге алу керек деп арыз жазған. Бұл тізімге Б. Майлиннің ілінбей қалу себебі – Би-аға ол кезде «Амангелді» фильмінің түсіру жұмыстарымен жүрген соң, оған уақытша тиіспеу туралы өзара келіскен. «Аманкелді» фильмінің түсірілуі 1 қазан күні бітеді, 6 қазан күні Алматыға, үйіне жеткенде Бейімбетті де алып кеткен, сол кеткеннен мол кеткен... 1937 жылдың 11 тамызы күні кешкісін Ілиясты қамауға алды. Ертеңінде, 12 тамыз күні КазССР НКВД басқармасында Боков С. деген жендет ақынды тергеуге алған. Тергеу парағында: «Вопрос: Следствием установлено, что вы являетесь членом контрреволюционной националистической организации. Дайте показания как о вашей деятельности, так и о деятельности известных вам лиц. Ответ: Я не состоял членом контрреволюционной националистической организации и о существовании таковой мне не известно. С моих слов записано верно и мною прочитано» деп жазылған. Көрдіңіз бе, алғаусыз азаматты қалай кінәлап, орынсыз тергеуге алғанын. 1937 жылдың 7 қыркүйегінде Жазушылар одағында С. Сейфуллин, І. Жансүгіров сынды азаматтарды ашықтан ашық қаралап, «Буржуазиялық ұлтшылдардың элементтері» деп айыптайды. Ал, жиынның төрағасы болған жас сыншы М. Қаратаев «Ұлтшыл фашист жауларды түп-тамырымен құртайық! Совет жазушыларының қатарында жат элементтерге орын жоқ!» деп отқа май тамызған. Содан кейін Сәкеннің де, Ілиястың көрген күні емес, тозаққа айналды. Аспан айналып, жерге түседі. Қараңғы қапастағы қиын күндер азапты күнге ауысады. Сөйтіп, бес ай абақтыда жатып, тура 1938 жылдың 26 ақпанында Ілияс ақын УК РСФСР-ның 58-2, 58-8, 58-11 баптарына сай «Халық жауы» ретінде өлім жазасына кесілген. Сот шешімі небәрі 17 минут ішінде орындалған. Орны толмас өкініш-ай! ЖАСТЫҚТЫҢ ТЫСЫНА ЖАСЫРЫЛҒАН ЖЫР «Құлагер» поэмасының тарихы Ілияс Жансүгірұлын НКВД қамауға алған күннің ертесінде-ақ Орталық комитет «ақынның шығармаларын насихаттауға, жариялауға тыйым салу туралы» қаулы шығарады. Сол сәтте-ақ жүзеге асқан. «Шаш ал десе, бас алатын» жандайшаптар Ілиястың 1926-1937 жылдар аралығында шыққан барлық кітабын өртеп, газет-журнал бетіне жарияланғандарын қиып, құртады. Өртелген қазына қаншама? Осы күнге дейін соны сарыла іздесек те табар емеспіз. Ілекең поэзиясының биігі саналған, көзінің тірісінде тек «Социалды Қазақстан» газетінің 1936-1937 жылғы нөмірлеріне бөлім-бөлімімен жарияланған «Құлагер» поэмасы туралып кеткен-ді. Рас, поэма жарияланған әрбір нөмірдің сол беті я жыртылған, я қиылған еді. Арнайы іздедім. ҚР Ұлттық кітапханасы, Ғылым академиясының Орталық кітапханасы, Қызылордадағы облыстық кітапхана дейсіз бе, қысқасы бәрін қарадым. Бәрінде де дәл осы жағдай... Ілиястың ең соңғы жемісті шығармасы, қазақ әдебиетінің сом туындысы ЖОҚ! Өртелген, жыртылған, қиылған... «Құлагердей» қасақана өлген Ақын. Жақындарының, өз қазағының сатқындығынан. Арда азаматтың үстінен қайта-қайта донос жазған. Өзі зор үміт күткен, шапағатын сезінген інілері, әдебиеттің өкілдері. Кейін, Ілияс ақталғанда сол «аса мейірімді» інілері оны Ақын еді, біртуар еді, әдебиеттің құбылысы еді сайрап жатты. Ілияс туралы алды кітап, соңы мақала жазбады ма? Еһ, парадокс! Ақталғандығы туралы құжат 1957 жылдың 12 сәуірінде СССР Жоғары соты Ілиясты ақтады. «Дело по обвинению Джансугурова Ильяса, до ареста работавшего председателем Союза советских писателей Казахстана, пересмотрено Военной коллегией Верховного Суда СССР 4 апреля 1957 г. Приговор Военной коллегии от 26 февраля 1938 г. В отношении Джансугурова И. по обстоятельствам отменен и дело за отсутсвием состава преступления прекрашено. Джансугуров И. реабилитирован посмертно» осылай қандықол совет үкіметі ақынды ақтайды. «Халық жауы» деген қасіретті жала Сталиннің өзімен мәңгі бірге кетті. Ілиястың ақ таңы атты. Тұғырына қайта көтерілді. Жиырма жыл сағынтып, есім-сойын ұмыттырып. Ал, енді ақталған, туған халқына оралған Ілиястың әдеби мұрасы қайда? Іздеу басталды дерсің тегі. «Батысы Шығыс, Шығысы Батыс» болған қайран ел. Сталин мәңгі тұратындай сенген жандайшаптардың кесірінен кітаптар өртелген, газет-журнал қиылған. Фатима егіліп жылайды екен. Жылайтыны да – заңды. Сүйіктісі ақталды, бірақ «Құлагер» қайда? «Құлагерді» аман сақтап алып қалмағанына өкінеді. Аңырайды. Зарлайды. Өзін-өзі қарғайды. Мұхтар жүрген екен жұбата алмай. Анығында, 9 тамыз күні (1937) кешкісін үйге НКВД-ның үш офицері кіріп келіп, Ілиясқа ордерді көрсетіп, екі офицер өзімен бірге алып кетеді. Қалған жалғыз офицер үйдің астан-кестенін шығарып, тінтіп, тексереді. Фатиманың байбаламына қарамай, сандықтағы қолжазбалардың бірнеше папкасын тәркілеп алған. Фатима да, балалары Жәнібек, Азат, Саят, Болат, Үміт, Ильфа сол күннен кейін Ілиясты ешқашан көрмеген. Ал, офицер тәркілеген құжат, қолжазба қайда? Ұшты-күйлі жоқ. Ізім-ғайым. “Социалды Қазақстан” газеті 1957 жылдың 26 сәуірінде Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы С. Омаровтың басқаруымен шұғыл жиналыс өтеді. Жиналыста үш мәселе қаралған. Біріншісі – І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлинді қайтадан Жазушылар одағына қабылдау. Екіншісі – үш азаматтың жарларына әдеби қордан үш мың рубль көлемінде екі айлық материалдық көмек беру. Үшіншісі – үш арыстың шығармаларын насихаттау, жариялау туралы комиссия құру туралы. Міне, қызық! Осылай Ілияс өз қолымен құрған Жазушылар одағына қайта «мүше» болады. Дәл осы жылдың 12 шілде, 3 қыркүйек, 18 қыркүйек күндері үш рет Ғ. Мүсіреповтің төрағалығымен тағы да үш арыстың шығармаларын, көптомдығын шығару туралы мәселе көтеріліп, жұмыс тобы іске кіріседі. Фатима арып-ашып жүріп тыққан қолжазбалар мен кітаптарды береді. Бірақ, асқақ та, эпик «Құлагер» жоқ. Бір күні Мұхтар Әуезовке балалар жазушысы Сапарғали Бегалин келіп: «Жеңгей жылап жүр екен естідім. Уайымдамасын «Құлагер» аман. Сақтадым деп», – қойнынан газет қиындыларын беріпті. Сөйтсек, Сапекең, айналайын ұлы аруақ, өткеннің жоқшысы Сапарғали аға Бегалин жиырма жылға жуық Ілиястың газетке шыққан «Құлагерін» жастық тысының ішіне тығып, сақтап қалған екен, қызылкөз жендеттердің тіміскісінен. Жастықтың тысына жасырылған жыр еді ғой бұл... Азапты, бейнетті. Ақан Серідей тағдырлы, Құлагердей мертіккен аққу-жыр. Дала мінезді ақынды туған елі өзі айдатып, өзі тұғырына көтерген-ді. Қайран да, қайран Сапекең болмаса, осы күні әсем әуен, кең тынысты, диапазоны зор, ұлттық рухы басым «Құлагер» поэмасы болмас еді... Бірін-бірі жоқтаған арыстар-ай кешегі! Кейін білдік, осы Сапарғали атамыз тек Ілиястың емес, Ахмет пен Мағжанның да кітаптарын жастықтың ішіне тығып, жасырған екен. Міне, осылай «Құлагер» елге жетті. Жұрт санасына орнықты. САҒЫНЫШТЫҢ СОҢЫ БОЛМАЙДЫ Күрмеу 26 ақпан – Ілияс Жансүгірұлы, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин, Хамза Жүсіпбеков сынды ұлт әдебиеті мен мәдениетінің аса ірі өкілі болған 37 қайраткердің сталиндік режим құрбаны болған күн. Ұлт тарихындағы ең қаралы кезең осы – сталиндік жаппай жазалау, қуғын-сүргінге толы репрессия ылаңы. 1937, 1938, 1939 жылдары қаншама қазақтың алдыңғы қатарлы, озық ойлы, өркениетті елдердің білімін алған, мәдениетін жетік меңгерген дегдар азаматтар НКВД-ның тиріне «ермек» болды. И. Сталин, Л. Берия, Н. Ежов бастаған қаны бұзық шовинист, солақай идеологиялы большевиктік биліктің басшылары «Халық жауы» деген кесірмен өз ұлтын алға сүйрер, өз елінің тіреуі болар асыл ерлерді лек-легімен түрмеге тоғытты. Қуғын-сүргінге ұшыратты. Балаларын тентіретіп, қолдан аштық ұйымдастырып, өлтірді. Әйелдерін де сорлатып, тірі азапқа салды. Ақырында, ең ақырында интеллигент, ұлттық потенциалы зор қайран қабылан азаматтарды ату жазасына кесті... Міне, содан бері сексен жылдан астам уақыт өтті. Биыл, Ілияс ақынның туғанына 125 жыл! Сталиндік қызыл террордың құрбаны болған қайран аймаңдай арыс, құлагер тағдырлы өр ақын Ілияс Жансүгірұлы туралы ойлағаныңда, қаның басыңа шауып, жүрегің кеудеңе сыймай, ұлттық намысың оянып, бұлқынып-ақ кетесің. Рас, Ілияс – қазақтың Абайдан соңғы ірі ақыны әрі поэзияға алапат жарылыс әкелген эпик, төкпе ақын. Құлагер-ақынның тағдыр-талайына өлеңсөздің өрен жүйрігі болу бағы жазылғанымен, тартар соры, арқалар азабы да бес елі екен. Тағдырдың кермек дәмін тартқан Ілияс ақын өмірінің соңғы күндері жайында сөз қозғауды ниет еттік. Арынды ақынның мәңгілік музасы болған, қазақтың белгілі фольклорист, мұратанушы әрі үш бірдей асыл азаматтың жары болып, ұрпақтарын жезтырнақ тағдырдың тезінен аман-есен алып қалған аяулы Фатима Ғабитованың күнделік дәптерінде: «...1937 жылдың май мерекесін Ілияс үйде, балаларының ортасында қарсы алды. Бірінші май мерекесіне арнап қой сойып, қонақ шақырдық. Мәжіліс тарқағанша Ілияс қонақ күтумен болды. Екінші май күні сусын-азықтарымызды арқалап, балаларымызды ертіп, Алматы өзенінің жағасына бардық. Ілияс балалармен бірге суға майда тастар лақтырып, шай қайнатуға балалармен отын теріп, көк майсада балалармен күресіп, оларға түйе болып өзі шаршағанша ойнады. Мен қойтастар арасында шай қайнаттым. Шайдан соң көгалға жатып дем алып, күн еңкейе үйге келдік. Үшінші май күні балаларымызбен суретке түстік. Бұл суретіміз балалардың әкесімен бірге түскен соңғы суреті болды. Ілияс кеткенде мен төрт ұл, екі қыз алты баламен қалдым», – деп ақынның бақыт құшағындағы соңғы сәтін жазған еді. Былтыр, ақынның туған күні қарсаңында асылдың тұяғы Ильфа Ілиясқызымен кездесіп, сексеннің бесеуіне жақындаған тағдырлы кейуанамен сырласып едім. Мұңға толы әңгіме арасында Ильфа апам: «Балам-ау, біз де қайбір балалық шақ. Қайбір жақсы жастық кез болды дейсің. «Үш әріптің» адамдары қашан үйге келіп, берекені алар екен деп зәреміз зәр түбіне қысылып, жанымызды шүберекке түйіп отыратын едік», – деп толқып, көзінен бір тамшы жас іркіп түсіп еді. Рас, Ілияс ақын темір торлы құрсауға алынғанда, Ильфа қызғалдақ небәрі екі жаста ғана еді. Екі жастағы сәбидің есінде әке бейнесі қалды ма екен?! Қатал тағдырдың сойылы Ілиястың өзіне ғана емес, оның жан-жарына да, балаларына да тимеді емес пе?! Қос жүректің нәзік сезімінен туындаған аңсар-арманды махаббаттың белгісі осы – Ильфа еді. Ильфа – Ильяс пен Фатиманың бастапқы әріптерінің қосындысынан шыққан есім. Яғни, бұл есім ақынның бақытты бір аяулы дәуренінің куәсіндей көрінеді де тұрады. Жүзін әжім басса да, көңілі – көктем, мәңгі – жаз Ильфа апам екеуміз ақынның неміс тіліне аударылып жатқан «Құлагер» поэмасының аударма нұсқасымен танысып, жаңа кітапқа іріктелген суретші Дулат Үсенбаевтың штрихтарын қарап отырғанымызда, терезе саңылауына аппақ құс келіп сайрай жөнелді. Сандуғаштың дауысын естіген апам: «Жақсы хабар болсын!» – деді де: «Елдосжан, білесің бе, баяғыда анам марқұм ауламыздағы құстардың даусын естігенде: «Жақсы хабар болсын!» – деп үміттеніп отыратын еді», – деп аяулы Фатима ананың қамшының сабындай қысқа ғұмыры үмітке, сағынышқа толы болғанын аңғардым. Шынжырға байланған запыранды тағдыры арқау болған қасірет күнделік дәптер бетіне тағы бір үңілсек, жазықсыз жапа шеккен Фатиманың даусы естіледі. «Мен Отанымның құрбаны... алты баланың анасы, Совет Одағында тұрамын. Отаным – Советтер одағы. Бірақ, менің шыққан табым – Совет Одағынан талай таяқ жеген тап. Өзім де бірталай тойтарысты көрдім... Революцияның алғашқы күндерінде он бес жасар қыз едім. Сол он бес жасымнан бастап, осы күнге шейін (38 жыл) жаныма бір де тыныштық болмады... Қыз күнімде (революцияның алғашқы жылында) туып-өскен қаламызды Совет Одағының қысымына шыдай алмай, тастап кетуге мәжбүр болдық. Іргеміз сөгілген соң, ерге де ерте шықтым (16 жасында). Ерім – ақылды, батыл, өз халқын сүйетін қазақ халқының белді, беделді ағартушысы еді. Ерімді ешбір жазықсыз, «ұлтшыл-ау» деген оймен Советтер одағы жоқ қылды. Екі ұлыммен еңіреп мен қалдым. Екінші рет ерге шықтым. Аузым барып айтады екінші ерім де ешбір жазықсыз еді, НКВД оны да жоқ қылды. Бұл ерім – теңдесі жоқ асқан шебер ақын еді. ...екі ерімнің ізімен мен де жоғалмақ едім. Жоғалудан да қорықпадым, балаларымды ойладым, оларды қимадым. Балалар орта мектептерді озат бітірсе де, өздері тілеген жоғары дәрежелі оқу орындарына түсе алмады. Тіпті, өздері сүймеген, тек амалсыздан оқыған сол жоғары дәрежелі оқу орындарын үздік аяқтаса да, аспирантураға түсуге правосыз болды. Ал, қызмет істеу мүмкіншілігі болғанда әлдеқайдағы алыс түкпірлерге, адам бармайтын жерлерге жіберілді. Қайда теңдік? Қайда бостандық? Жауап беретін жан жоқ! Мен Совет Одағына не істедім, не үшін жазықтымын?». Оқуға жүрегің дауаламайды. Тамағыңа өксік тығылады. Опасыз советтік билік Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгірұлы сынды арыстардың перзенттерін осылай қинап, ауыр тағдырды, қасіретті тауқыметті арқалатты. Осы қасіретті тағдыр жазылған қаралы дәптерде айтылғандай Ильфа да өзінің жүрек қалауымен оқуға түсе алмай, еліміз өз алдына дербес мемлекет болғанға дейін «Халық жауының» ұрпағы» деген қасіреттің азабын шегіп өтті. Ендігі Ильфаның бар ісі, бар аңсары – әкеге деген зор махаббатпен оның портретіне қарау, өлеңдерін оқу, әке бейнесін аялы саусағымен сипалау ғана... Болмаған балалық. Отқа оранған соғыс шағы. Аштық. Жоқтық. Тауқымет. Тағдырлы перзентті одан әрі сұрақтың астына алып, жапырақтай нәзік жанын қайта-қайта тілгілемейін деп, мен де үнсіз қалдым. Бір сәттік тыныштықты тағы да құстардың даусы «бұзып» жіберді. Еркіндікке не жетсін десеңізші! Фатима ханым азамат ақынды соңғы рет 1937 жылдың 10 тамыз күні көрген. Сосын, сосын аяулы ақын, асқар таудай қамқор әке, қазақтың біртуар арысы түрмелі қуғынға ұшырап, абақтыдан айдауға, айдаудан тергеуге, тергеуден қайыра түрмеге түсті. 1938 жылы 26 ақпан күні азамат-арыс қанды жүйенің құрбаны болды. Бірақ, адам айтса нанғысыз бұл жантүршігерлік зұлматтан Фатима да, оның балалары да бейхабар еді... P.S. Бүгінде Ілияс Жансүгірұлы – ұлтымыздың өрен жүйрік үлкен ақыны, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. «Алыптар әдебиеті» деп аталатын арналы әдебиеттің төлбасы. Ақын есімімен аталатын елді мекен, университет, Мәдениет сарайы, көше мен даңғыл өте көп. Десе де, ел жүрегі – Астана қаласынан арынды ақынның Алатаудай айбат берер мүсінін көргің келеді. Бас қалаға ақынның «Құлагер» поэмасы желісі бойынша композициялық «Құлагер» ескерткішін орнатса, ақынның да жалт етіп жанып, сөнген күрмеуге келмейтін, келте қайырылған тағдыры көрініс берер еді... Есілдің жағасына барған сайын Ілиястың рухты жырларын оқып тұратын әдетім бар еді. Өлеңін оқыған сайын оны сағына түсесің. Есіме бірден жазушы Серік Жәнәбілдің ақынның тағдырына арналған «Ол ертең атылады...» хикаяты түседі. Өзеннің асау толқынынан сағыныш сазы естіледі де тұрады... Бүгін – сейсенбі. Ақ таң рауандап атқанда, ақынның рухына батиқа оқып, дұға еттік. Қабыл болсын! Иә, сағыныштың соңы болмайды. Сағыныш – мәңгілік! Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, әдебиет зерттеушісі, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты qazaquni.kz