Жазушы мерейі
2019 ж. 21 қыркүйек
3082
0
СӘУЛЕ ДОСЖАНОВА «АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» АТАНДЫ
Бүгінде ақын әрі жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мағазбекқызы Досжанованы қазақ оқырмандары ғана емес, шетелдік кітапсүйер қауым да кеңінен таниды. Кейінгі жылдары проза саласында өнімді еңбек еткен Сәуле Досжанованың қаламынан туындаған шығармалары әлемнің сегіз тіліне аударылып, ол Орта Азия жазушылары арасында 2019 жылы «Букер» сыйлығына ұсынылған жалғыз жазушы әйел атанып отыр. Орыс, неміс, жапон, қытай, француз, ағылшын тіліне аударылған кітаптарының бірі – «Көрдемшенің қасіреті» атты некесіз өмірге келген ұрпақтың қасыреті жайлы жазылған шығармасы. Ондағы қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүріне қызығушылықтарын арттырып отыр. «Үлкен үйдегі үрей», «Жатқа туған бала», «Өгей жүрек», «Көрдемшенің зары», «Үшінші есіктің құпиясы», жуырда ғана жарық көрген «Қасірет пен тағдыр» атты прозалық және бірнеше поэзиялық кітаптардың авторы, Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаты С. Досжанова биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Ғұмыртауының осы алпысыншы асуына қажырлы еңбегі мен қазынаға толы рухани қоржынымен жеткен С.Досжанова жақында туған жерінде болып, өзінің жерлестері алдында шығармашылық есеп беріп қайтты. Қалам ұстаған қызына сын көзбен қарайтын аудан жұрты Сәулесін үлкен құрметпен қарсы алды. Он төрт жасында қолына қалам ұстап, мектеп бітіре салысымен еңбекпен өзін шыңдап, қазіргі таңда туған жерінің атын рухани әлемде биіктетіп жүрген Сәуле Мағазбекқызы Алматы облысы мәслихатының шешімімен Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. Сәуленің шығармашылығына арналған екі күндік «Сөз сәулесі» бұл кездесуге Қазақстан Жазушылар одағының хатшылары ақын Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсек, филология ғылымының докторы, белгілі әдебиеттанушы Айгүл Ісмақова, Қазақстандағы халықаралық әдеби агенттіктің жетекшісі Бақытгүл Маханбетова, медиатор Назипа Ыдырысовалар қатысып, С.Досжанованың шығармашылығына жан-жақты тоқталып, жазушыны жаңа заманның жаңа жанр иесі деп атады. Ал, Алматы облысы ардагерлер кеңесінің мүшесі, ел азаматы Өмірәлі Кенжетаев, Тұрарбек Асанов осы әдеби жиынға арнайы келіп, Алматы облысының әкімі Амандық Батталовтың атынан жазушы қыздарының өңіріне «Алматы облысының құрметті азаматы» деген белгі тақты. Қалам ұстаған қазақ қызы үшін туған жердің құрметінен артық марапат жоқ шығар, бұл марапат жазушыға жаңа шығармашылық шабыт сыйлағаны анық. – Елдің талай марапатына ие болдым,бірақ мен үшін қашан да Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы деген марапат биік көрінетін, енді міне оған тағы бір жауапкершілік жүгі артылып, Алматы облысының Құрметті азаматы атанып отырмын. Әдебиет пен ұлтымыздың рухани саласына сіңірген еңбегімді бағалаған ел жұртыма шексіз ризамын. Бұл ретте мені қолтығымнан демеген ел азаматттары облыс әкімі Амандық Батталовқа, аудан әкімі Шухрат Тұрдақынов ініме және осы шығармашылық кездесуімде маған рухани демеу жасаған әріптестерім мен әншілер Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Ардақ Балажановаға, Ербол Шадыбековке және ауданның өнерлі жастарына алғыс айтамын.. Бұл құрмет маған шабыт қана емес, үлкен жауапкершілік те жүктеп отыр, – дейді жазушы Сәуле Досжан. Бақыт Беделханша айтсақ құрмадай жыр мен құлжадай прозаны серік еткен жазушы Сәуле Досжанға жазарың көбейсін дейік. Алпыс деген асуыңыз құтты болсын! Нұржамал Тегінбайқызы qazaquni.kz- Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мағазбекқызы Досжанова
- Филология ғылымының докторы
- Жарас Сәрсек
- Қазақстан Жазушылар одағының хатшылары ақын Бақыт Беделхан
- белгілі әдебиеттанушы Айгүл Ісмақова
- Сәуле Досжанова
- Қазақстандағы халықаралық әдеби агенттіктің жетекшісі Бақытгүл Маханбетова
- медиатор Назипа Ыдырысова