СЫРЫ БЕЙМӘЛІМ ТАМШЫ ЖАС

Құдайдың Есжанға «еліңе бер» деп берген талантының мыңнан бірін ғана беріп кетті. Есжанның «Өмір сабағы» деген әңгімесін классикалық әңгіме деп бағалаймын. Есжанды Саттардан кейінгі классик дер едім.

Құлбек Ергөбек,

Әдебиетші, сыншы,  публицист.

Ол үлкен ақын, жазушы, сыншы бола алатын еді. Шын сүйгені, қулықсыз өмір сүргені кедергі болды. Солай болуы керек шығар. Мүмкін, кеткен оның қадірі, жүрген бізден жоғары болар…

Мейірхан Ақдәулетұлы,

ақын, журналист.

Есжанның ерекше қасиеті – елдің жұмысы деп елпілдеп тұратын. Өзінің басынан асып жатқан мәселелерін жиыстырып қойып, өзгенің қамымен шапқылап жүретін. Қаламы да қарымды еді. 80 –  жылдардың ортасында жас ақын-жазушылардың республикалық кеңсесінде оның әңгімелері мүйізі қарағайдай жазушылардың жоғары пікіріне ие болып еді.

Қазыбек ИСА,

Ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты,

С. Есениннің «Алтын күз» орденінің иегері

Жасындай жарқ етіп, аз болса да саз жазған ақын, жазушы, журналист Есжан Айнабековтың көп туындылары оқырмандардың жоғары бағасына ие. Халқы үшін қызмет етіп, рухани астананың жаршысы болған жалынды журналистің өмірден өткеніне де биыл 16 жыл толыпты. Көзі тірі болса қыркүйектің 13-не 56 жасқа толар еді.

Аз өмір сүрсе де, қазақтың әдебиет әлемінде өзіндік орынын қалдырған тума таланттардың бірі. Бауырларының айтуынша, ол жастайынан жанына кітапты серік етіп, бала күнінен білімге құштарлық танытқан. Ұлылардың мекені Отырар ауданында дүние есігін ашқан журналистің балғын балалық шағы сонда өткен. Орта білімді Шәуілдірде алып, арман қуып өнердің ордасы Алматыға жоғары оқу орнына түсіп, білімін арттырған. Жасынан жазуға құмар жанның шығармалары 80-жылдары аға буын қаламгерлердің назарына ілігіп, мүйізі қарағайдай жазушылардың оң бағасына ие болған. Атап айтсақ, Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков, Ақселеу Сейдімбеков сынды ірі тұлғалар оның шығармаларын жоғары бағалаған. Сол кездегі басылымдар «Қазақ прозасына жан-жақты дайындықпен, жарқыраған талант иесі келді» деп жарыса жазған. Оны Есжан жайлы естелігінде әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек Саттар Ерубаевтан кейінгі классик жазушыға теңеп, «Оның әңгімелерінен буырқанып оянып келе жатқан сұмдық дарын қуатын көретінмін» деген.

«Аз қайғыны ас басады, көп қайғыны дос басады» демей ме қазақта? Есжанның бала күннен бергі досы, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Темірғали Көпбаевпен сөйлестік. «Қандай талант болса да, егер әдебиет үшін жаны шығып күреспейтін болса, мен оны талант деп санамаймын» деп жазып кеткен, әдебиет үшін туылған жан Есжан жайлы әңгіме өрбіттік. Есжан арқылы қазақтың зиялыларымен танысқандығын алға тартқан ақын досымен табысқан шағын былай бастады.

«Мен Есжанмен 1976 жылдың күзінде Түркістандағы Саттар Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатында 7- сынып оқып жүріп таныстым. Бізді кітапқа деген құмарлық байланыстырды. Ол маған кітапты көз ашқаннан бастап оқыған болып көрінді. Өйткені, мектеп кітапханасындағы кітаптардың оқылмағаны жоқ, Есжан барлығын да парақтаған. Бір күні кітапханадағы Есжан ашпаған кітап деп топшылап, Кеңес одағының батыры Александр Покрышкин жайлы жазылған әдеби жазбаны алып жастығымның астына қойып қойдым. Кешкісін «Есжанға сен оқымаған кітап таптым» деп марқайдым. Кітапты көрсетіп едім маған қарап жымиып күліп бұл кітапты бесінші сыныбында оқып бітіргендігін айтқанда таң қалдым. Интернатта дос болып жүріп, сол шақтардан бастап алғашқы өлеңдерімді жаза бастадым. Менің тырнақ алды туындыларымды көргенде Есжанның қуанғанын жеткізу қиын. Біреудің қуанышына қуану – көптің қолынан келе бермейтін асыл қасиет қой шынында. 7- сыныпта жүріп-ақ Есжан екеуміз М.Шахановтың үш кітабын жатқа оқитынбыз. Заңғар ақынның өлеңдерін оқып жарысатын кездер қайта келмес балалықтың балғын шақтары ғой, шіркін. 8-сыныпты үздік бітіріп, ауылымызға орта мектепті жалғастыруға қайттық. Есжанмен уағдаласқан болатынбыз: «оқуды бітіргеннен кейін Алматыға ҚазМУ-ға бірге түсеміз» деп. Келісім бойынша 80 жылы ҚазМУ-ға келіп, Есжан өз күшімен журналистикаға оқуға түсті, ал мен болсам балым жетпей конкурстан құлап, 1984 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түстім. Сол жылдары Есжан әскерге кетіп, жоғары курстың студенттері Бауыржан Жақып, Бауыржан Үсенов, Табылды Досымов, Амантай Шәріпов, Светқали Нұржанов сынды талантты жігіттер мені жылы жүзбен қарсы алды. Барлығының мені танитындығына таңырқадым. Әліптің артын бақсам, Есжан барлығына «Темірғали деген ақын досым осы журналистика мамандығына оқуға түседі» деп айтып, сырттай мені таныстырып жүреді екен. 1984 жылы күзде әскерден оралып, 2-курсты жалғастырды. Әдетінше, әдебиетке деген құмарлығының арқасында ақын, журналист Мұхамеджан Сералин атындағы үлкен бірлестікті басқарды. Түрлі әдеби кештер мен кездесулер ұйымдастырып, қазақ зиялыларын дәріптеуге атсалысты. Есжан әрдайым менің жүрегімде. Талантты адамның өмірден ерте кетуі ауыр қайғы. Есжанды ойлағанда қатты өкінемін. Аз жазып кетті», – деп еске алды.

«Алпыс нарың болғанша, ақылды жарың болсын». Тақырыпты аша түсу үшін ақынның адал жары Шакизада Мырзалиевамен тілдестік. Үш қыздың анасы бүгінде немерелердің қызығын қанып отырған әже.

«Мен Есжанмен танысқан күні аспан бұлтты, күзгі жапырақтар сағыныштай сарғайып жерге түсіп жатқан. Сағымға толы бір күн еді. Есжанның өмірлік жарым боларын білмесем де, сол бір күн менің жадымда мəңгілік жатталып қалды. Ол кезде біз, қазіргі қайынсіңілім, сол кездегі курстасым Мейрамкүл бəріміз Қазақ мемлекеттік қыздар институтының физика-математика факультетінде оқитынбыз. Мейрамкүл үнемі сөз арасында бір ағасының əскерде Отан алдындағы борышын өтеп жүргенін айтып жүретін. Сол күні ол сырттан қуанып «Əскердегі ағам келді» деп айқайлап келді. Шіркін, жастықтың буы-ай десеңізші. Бәріміз өре түрегелдік. Сырттан əскери киімдегі сырықтай жігіт пен өзі сияқты сымбатты досы кіріп келді. Кейіннен таныса келе білдік, сыныптас досы Темірғали Көпбаев екен. Бүкіл топтың қыздары терезеден жапа-тармағай қарап қалыпты. Сол сәтте олар бізді Темірғалидің үйіне шақырып кетті. Кейін Есжан жатақхана алып, жеке шыққаннан кейін бізді, қарындастарын «студенттік тамаққа» шақырды. Ондай отырыстың соңы көбіне шығармашылық кешке ұласатын. Есжан бүкіл өлеңдерін жан дүниесімен беріле оқиды. Біз тыңдаушымыз. Не оқыса да мəз боламыз. Бірақ, кейіннен өлеңнің өрнегі мен мəнін түсіне бастаған кезімізде ойша сараласақ, оның əрбір өлеңі тұнып тұрған махаббат, жанып тұрған жалын екен. Сол күндер мен үшін бір керемет кезең еді. Жалпы, əдебиет əлемінің тұнғиық сырын түсіне білудің өзі бір бақыт екен. Олардың, ақын-жазушылардың ортасы – мен үшін құпиясы мол бір тылсым əлем болатын. Мен өзім жазбасам да рухани орта, Есжанның ақтарылған көңілі өзіне тарта берді. «Қарындас» болып жүріп қалыңдыққа айналғанымды да байқамай да қалыппын. Əттең, ақын да, жазушы да емеспін. Кеудемді толқытқан толқынысты тілмен айтып жеткізе алсам ғой. Сол сүйіспеншіліктің соңы 1987 жылы үйлену тойына ұласып, 1988 жылы тұңғышымыз Гүлсая дүниеге келді. Ең алғаш перзентханаға келген Есжанға терезеден нəрестемізді көрсеткенде, жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті. «Мен де əке болдым ба?, – деген қуаныштың тамшысы ма екен? Əлде «осы перзентімнің есейіп, өмірден өз еншісін алғанын көрер ме екенмін», – деген болашаққа болжам ба екен? Соны əлі күнге дейін түсінбеймін. Бірге тұрған жылдары осы «бір тамшы жастың» сырын сұрайын деп талай оқталсам да реті келмей қала беруші еді», – деді жазушының зайыбы.

Есжан Айнабеков Алматыда Сәбит Мұқановтың мұражайында жұмыс істеді. Сол жылдары күркіреген күндей болған «Желтоқсан оқиғасы» орын алды. Жастардың бұл бас көтеруінен Есжан да сырт қалмады. Мейірхан Ақдәулетовпен бірге оқиға өрбіп, қайнап жатқан алаңға барып, әділдік іздеді. Түркістанға келгеннен кейін жазушы желтоқсанның ызғары жайында жазбақшы болып қалам тербеген, қасіретті оқиға жанға батқаннан кейін бе жүрегі дауаламаған көрінеді. Сонымен қатар, «Жалын», «Арай» журналдарында, «Аманат» газетінде қаламын ұштаса, еліміздегі алғашқы демократиялық басылым ретінде танылған «Жас қазақ» газетінің алғашқы қазығын қағысып, Бас редактордың орынбасары болып еңбек етті. Одан кейін қиындығы мол Алматымен қоштасып, Түркістанға қоныс аударды. Онда облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Түркістан, Отырар, Кентау аймақтары бойынша меншікті тілшісі болды. Оңтүстіктің өзекті мәселелерін газет бетіне жазып, мұқым елдің мұңын мінбердегілерге жеткізді. Еткен еңбегі мен төккен тері еленіп, облыс әкімінің сыйлығына ие болды. Өздеріңіз оқып тұрғандарыңыздай арман қаладағы лауазымды қызметтердің бәрін ысырып қойып, қасиетті Түркістанға табан тіреген ақынның бұл қоныс аударуында бір сыр бар ау, сірә…

Шакизада Мырзалиеваның сөзіне сүйенсек, рухани шаһарға келгеннен кейін Есжан көп қиналыпты. Себебі, әдеби ортаның болмағанын алға тартады. «Ағаңның алдына түспе ізін қу, ініңнің бетінен қақпа белін бу» демей ме қазақта. Есжанның ақындығымен қатар, жазушылығын көріп тәнті болған сол жылдардағы Түркістан медицина колледжінің директоры, ғалым, медициналық ғылым докторы, профессор Сайлаубек Шалқаров өз қанатының астына алған. Көшіп келген жанұяға тұрақтауға үй беріп, колледждің жанынан бірлесе 1999 жылы «Тұран-факт» газетін ашқан. Есжан бас редакторлық қызметте болып, Тұран даласының тыныс-тіршілігін бұқараға жеткізген. Бір жылдай басылым жарық көріп, өз оқырмандарын қалыптастырған. 2000 жылы Қазақстанды әлемге танытқан Бекзат Саттархановтың фотоальбомын досы әрі сыныптасы Темірғали Көпбаев екеуі «Қазығұрт» баспасынан басып шығарды. Көпшілік оқырманға тарап, батыр ұлдың жарқын бейнесін жадымызда қалдырды.

«Сырқаттанып жүрген жылдары Есжан азып, көзінің айналасы шүңірейіп адам танымастай халге түсті. Қолына таяғын алып, ауруға бой бермейтін. Сол уақытта мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қайтыс болды деген суыт хабар жетті. Ақтық сапарға шығарып салу шарасы Шәуілдірде өтті. Қайраткермен қоштасуға ақын Қаныбек Сарыбаев та келген екен. Ол кезде азып-тозған Есжан адам танымастай жүдеген болатын. Есжан қолына таяғын алып аудандық газеттің редакциясында сөйлеп тұрғанда Қаныбек аға «мына жігіт Есжанға ұқсайды екен-ей» деген болатын. Жұрттар «бұл Есжанның өзі» десе де сенбей, «ол қайтыс болып кетті деп еді ғой», – деп аң таң болған. Телефон жоқ заман қатты ауырғанда көбісі қайтыс болды деп ойлаған екен. Құшақтасып «бауырым», – деп ағасы бауырына басып көзі тірі екендігіне қатты қуанған.

Есжан жазатын дүниесін әрқашан ойында жетілдіретін. Сонан соң, түнде жазу үстеліне отырып, жазуға кірісетін. Оның жақсы қасиеті – бір рет қана жазатын, одан соң оны қайтып түземейтін. Бір шығарманы жазып бітірмей жазу үстелінен тұрмайтын. «Тыңдашы Шәки, қарашы» деп жазған туындысын менімен бөлісетін. Төл туындысына өзінің көңілі толса бірнеше уақыт күлімдеп жайдары жүретін, ал толмаса қабағы қатулы болатын. Ол өзінің жағдайы жоқ болса да қиналып жүрген біреу көмек сұраса, қолынан келген көмегін аямайтын жомарт жан еді», – деп ақынның бөлек бір қырымен бөлісті Шакизада Мырзалиева.

Жыл бойы жаңалық жазып, тәй-тәй басқан басылым «Тұран-факт» Есжан ауырғаннан кейін тоқтаған көрінеді. Өйткені, қан тамырдың түйілуі тіпті ақынды жүруден қалдырған. Аяқтары ісіп, кесел өрши түскен. Қызығы мен қиынын қатар бөліскен жазушының достары көп жәрдем берген екен Шакизада Мырзалиевадан білдік. Сайлаубек Шалқаров неше рет ажалға араша түскендігін де айтып өтті. Бірақ, білікті мамандарға көрініп ем алуды Есжанның өзі құп көрмепті.

«Уақыт шіркінде тоқтау бар ма? Есжансыз да, менің сүйікті Есжанымсыз он алты жыл өтіп кетіпті. Қас-қағымдай, сырғып… 2003 жылы жаңа жылды қарсы алып, мəре-сəре болып жүректен шыққан игі тілектерімізді бір-бірімізге ақтарыла айтып, келешектен үміт күтіп отырған ақ таңдардың үшінші күні ақын жүрек кілт тоқтап, өмірмен қош айтысып жүре берді. Аспан айналып жерге түскендей қара түнек сол күні қайтып белімді тіктей алмастай, мына əлем, мына дүние қаңырап бос қалғандай көрінген. Алайда, тірі адам тіршілігін жасайды екен. Бəріне де төзеді екенсің. Есжанның өмірінің жалғасы, көзінің ағы мен қарасындай үш қызғалдағы Гүлсая, Жансая, Аиданы құшағыма қысып қарекетімді жасауға тура келді. Мұңды сағыныштың мұнарында жүріп Есжанның жылын да өткіздік.

Негізі армандар орындалады деген тап рас екен. Себебі, пәтер жалдап жүрген шақта қыздарыма айтады екенмін: «үй аламын сол үйді алғаннан кейін көшені Есжанның атына сұрап алам, Есжан жайлы кітап шығарамыз» деп. Қазіргі таңда Аллаға шүкір, бала күнгі досы əрі үзеңгілес əріптесі Темірғали Көпбаевтың демеушілігімен «Қазығұрт» баспасынан «Ескерткіш» атты кітабы жарық көрді. Киелі Түркістанның кеңпейіл халқының қолдауымен, досы, белгілі ақын Қазыбек Исаның ұйымдастыруымен еліміздегі қазақ жазушыларының, ұлт зиялыларының Ашық хаты себеп болып,  ресми орындардың ұйғарымымен, қазіргі тұрып жатқан үйіміздің алдындағы көшеге есімі де берілді. Кенді қала Кентауға апарар күре жолдың бойындағы «Тұран» ауылының Көк күмбезді мешіті жанындағы көшеге бұрылар тұсқа қағылған тақтаға «Есжан Айнабеков» көшесі деп жазылған жазуды көрген сайын тебіреніп өтеміз.

Бір күні қызым Жансая жанымыздағы «Ғажайып» дүкеніндегі терминалдан ұялы телефонына қаржы салуға кеткен. Сәлден соң көзі боталап келіп тұр. Иегі кемсеңдеп қолындағы бір жапырақ қағазды ұсынып: «Мама оқыңызшы. Сіз Есжан Айнабеков көшесіндегі терминалдан қаржы салдыңыз деп жазыпты. Есту басқа да көру басқа екен ғой. Əкемнің аты ғой» – деп тебіренгені. Бəріміз «тостағанымызды» бір жуып алдық. Есжан көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Үйдің төріне ілінген үлкен портретіне қараудан танбаймыз. Таңертең тұрғанда ішімізден «сəлемдесіп» аламыз. Ол біздің өмірімізде. Ол бізбен мəңгілік бірге. Қиналған сəттерде, бір істің шешімін таппай тығырыққа тірелгенде Есжаныммен ойша тілдесемін. «Мына мәселеге Есжан қалай қарар еді», – деймін. Есікті шалқалата ашып, қазір кіріп келетіндей елеңдеп жүремін. Тіпті ерке қызы Аиданың кекіл шашын тарап, маңдайын иіскесем де Есжан есіме түседі. Өйткені, ол кенже болғандықтан ба, Аиданы жанынан тастамай ертіп жүруші еді», – деп еске алды журналистің жары.

P.S: Газетімізде «Естен кетпес есімдер» атты жаңа айдармен қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан түркістандық ақын-жазушыларды, журналистерді жас ұрпаққа дәріптеуді қолға алған болатынбыз. Сол түркістандық қаламгерлердің ішінде Есжан Айнабеков ойып тұрып орын алатын жалынды журналист. Жазған тырнақалды туындылары оқыған адамға ой салары анық. Осы тақырыпты алып жазған мен бақыттымын деп есептеймін. Өйткені, елін сүйген ұлдың қиыншылығы мен қызық сәттерін біліп, жіті таныстым. Жарымен сөйлесіп, өмірлік жолдасының өмір беттерін парақтап, отбасында ардақты әке, өз ортасында адал дос болғандығын білдім. Есжан Айнабеков ел есінде мәңгі қалары айқын.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».