ЖОҚШЫ ІЗБЕН КЕЛЕДІ
2019 ж. 14 қыркүйек
3068
0
Мақсат Тәж-Мұрат,
әдебиеттанушы-ғалым, эссеист
– Біреулер «Ақселеу Сейдімбеков маңайына өз адамдарын жинап жатыр...» деп жоғары жаққа шағымданған көрінеді, – деді Ақаң маған арқасын берген күйі, қарсы қабырғадағы радиоқабылдағыштың сұңқылдақ даусын бәсеңдетіп тұрып. Орнына қайтып келіп отырды. – Бірақ мен сені өзіме жұмысқа аламын, – деді кішкене қатуланып. Осы сәт сертке бергісіз және бір сезді ішіне бүккендей болып көрінді маған. Сонан соң, жұмысқа алу жөнінде өтінішім жазылған бір парақ қағазды шұғыл алдына сырғытып, бір-біреуі шортан қармақтың үлкендігіндей имек, ірі әріптермен сол жақ бұрышына «Әлібек Асқаровқа! Әдеби қызметкер ретінде жұмысқа алынсын!» деген қиғаштама соқты.
Сөйтіп бір күнде республикалық журнал – «Білім және еңбектің» қайнап жатқан қара қазанына күмп бердім. Ешкім де «Оу, университетті кеше бітірген бозаусың ғой, бұл қалай?..» демеді.
Мұнда сәл сыр бар еді.
ҚазМУ-дің журфагының 3-курсын аяқтап, аға газет – «Содиалистік Қазақстанның» редакциясында жазғы тәжірибеден өткен мен содан кейінгі екі жылда газет бетінде өкірте де, өндірте де жазып, редакдиядағылардың ықыласты назарына іліндім. Қазірде университетті бітіруден бұрын университетті түзету мәселесінен науқан туғызып жатады ғой, ал кешегі бір күндері университетті бітіру науқан болатын. Пысықайлар абыройлы кісілердің ығын алып, Алматыдағы редакциялардан шақыру қағазын әкеп беріп, сол қалада қалып жатады, ал қолдап-қоргайтын көкесі жоқ, талабы мен қабілетіне сенген жастар облыс орталықтарына тартады. Бағыма қарай, менің «көкем» болды және ол біреу емес, бірнешеу еді әрі қай-қайсысының да «осы қалайы» болмайтын. «СҚ»-ның совет құрылысы бөлімінің меңгерушісі, редколлегия мүшесі Сауытбек Абдрахманов, мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ақселеу Сейдімбек, ауыл шаруашылығы бөлімін басқарған Қойшығара Салғарин, өнеркәсіп және транспорт бөлімін меңгерген Зұлқарнай Сақиев, жауапты хатшы Мамадияр Жақып, бас редактордың орынбасары Сарбас Ақтай сияқты құдай дарынды ғып жаратқан асқар таудай ағаларым жазуымнан дәме қылды ма, әлде қой отарына үйренбеген ешкідей оқшау жүретін қарапайым мінезімді ұнатты ма, не керек, оқу бітірген тәлабаны өздеріне шақырған хатты жазуға Сәкеңді (Сарбас Ақтайды) бірігіп көндірген сықылды. Тәртіп бойынша ондай хатты газеттің бірінші басшысы жазуы керек. Бірақ басред менімен бірге практика өткеріп жүрген басқа бір жігітті сұрап, хат жолдап қойған. Сөйтіп, жолдама бөлу кезінде көп ұшыраса бермейтін жағдай – бір редакциядан екі басшы дара-дара қол қойып жіберген тапсырыс хаттардың келуі мемлекеттік комиссия мүшелерін шамалы ойландырып тастады.
Не істеу керек?
Бас редактордың хатына, әлбетте, әңгіме жоқ, сонымеи бірге қаһарлы партияның Орталық Комитетінің тілі – «СҚ»-дағы екінші адамның да пікірін жерге тастауға болмайды. Сонда ылғи да әлгіндей комиссиялардың бойын ширатып, қанын жүргізіп отыруға дағдыланған декан, оңай істі қиындатып, төндіре түсуге әккіленген декан ортадан киіп, мәселені сәтті шешкенсіп:
– Әй, Тәжімұратов, анау Пәленшеев орналасып алғаннан кейін барып, босағадан сығалап тұрып кір редакцияға! – деп, көзілдірігінің шынысы әбжыландай жылтырап, қарқ-қарқ күлгені.
Інісінің ыңғайын танып, ректор да дертеден бұзылған аттай бір езуледі.
Араға қаншама жыл түсіп, мөрі өшіп, малталанып кеткен сол оқиғаны бүгін кеп қайта жаңғыртып, жершілдікке апарып жанастыру қаншалықты қисынды екенін білмеймін. Бәлкім, бұл жер соның бәрін айтып, әлдекімдерді кінәраттап, талдап та жататын жер емес шығар. Руды, жүзді сырт естуі бар, бірақ соның бәрінен аулақ, сүйегіміз – жанбілмес руы деп жүретін жас жанның жүрегін қабаржыта, ар-намысына шаншудай тиген әлгі сөздің салған жарасы да баяғыдай жазылып, өкпе-соқпа да ұмытылған. Ендеше қатқан көнді неменеге жібітіп отырмыз?
Маңайына өзімен аталас елді ғана жинайтындар, жүзшілдіктің туын көтеріп жүретіндер, соған сәйкес өз желісінде өспеген пырақты қатарға қоспайтындар оңған заманда да, мұндар заманда да болған. Бірақ қазақтың бәрі шетінен сондай екен дейтін болсақ, тағы да қателесеміз. Кейін сақаланғанда ойласам, ілгеріде маған жаны ашып, саясына тартып жүрген аға топтың өзіме ру, жүз жағынан үш қайнамақ түгілі бес, қайнаса да сорпасы қосылмайды екен. Біреулері – баласы арық қазып ойнайтын өңірден, екіншісі – сексен көлді аясына алған теріскейден, енді бірі – «тарақ таңбалы» елдің оғыланы. Сөйте тұра талантты бұл шоғыр қазақтың осы бір қылқандай жігіті қатарымызға келіп тұрсыншы, ұлтымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау дейтін еселі іске қаламымен титтей де болса үлес қоссыншы, ата-бабамыз мехнатты бірге көрген, зейнетке бірге кенелген, айқасса жауы, ағайындасса досы бір болған Кіші атам ұрпағы ғой деп Алматыда қалуыма, қаламымды ұштауыма шын тілекші болған екен. Ақыры Сәкең жіберген хаттан басред жағындағы топтың топары басым түсіп, маған «СҚ»-дан орын тимей қалған кезде: «Мына ызы-қиқы бітсін, сонан соң көрерміз, Ақа, Мақсатты өзіңізге орналастыра тұрсаңыз қайтеді?» – деген Сәукеңнің бір ауыз тілегін орнына келтірсе керек, сол тұс газеттен «Білім және еңбектің» бас редакторлығына ауысып келіп жатқан Ақаң. Үстінен жоғары жаққа ызғыған арыз-шағымға да қарамаған. Қазақша қайырғанда, басын бәйгеге тіккен жері.
Неге бәйгеге тігеді?
Сөз басында «Ақаң сертке бергісіз сөзді ішіне бүккендей болды» деуіміздің де сыры осы тұста ашылады.
Бүгінде қазақтағы жершілдік, жүзшілдік, рушылдық жөнінде сымға тартқандай ақылман сөзді әркім-ақ айтып, әркім де жазатын болды. Өйтпесек отыра алмаймыз ғой. Керек шығар ол да. Бірақ, өкініштісі, шынайы өмірде сол сөз бен іс ылғи да бір жерден шыға бермейді. Тандырдан шыққан ыстық нан сияқты қолға жаңадан тиген жойқын кітабында Ақаң да бұл тақырыпты айналып өте алмапты. Айналып өтпегені несі, бейдауа вирус делінетін оның тамырына аяусыз балта шапқандай етіп ашыла да ашына түйреген екен сын садағын. Автордың пайымдауынша, біз рушылдық, жүзшілдік деп жүрген құбылыс – көздеген мақсатына жету жолында топ құрап, топар сайлап, жең ұшынан жалғасқан протекционизм. Қазақтың рушылдығы, дәлірек айтқанда, қазақтың протекцияшылдығы оның ру-тайпалық жүйені бастан кешкендігінде емес, керісінше, сол ру-тайпалық жүйенің ұлтты ұйыстыратын қасиетін білмей мәңгүрттенуінен. Бұл – Ақаңның қисыны. «Егер шежірелік дерекке байыппен ден қояр ұрпақ болса, қазақтың кез келген ру-тайпасының құрамында үш жүздің де этникалық аралас-құраластығының бар екеніне... көз жетер еді. Бүгінгі қазақ протекцияшыл болуы әбден мүмкін, алайда рушыл боламын десе де бола алмайтыны хақ. Қазақ рушыл, жүзшіл болуы үшін жарық дүниеге әкелген шешесін, не перзент сыйлап отырған әйелін, не немере сыйлаған келінін басқа рудан немесе басқа жүзден болғаны үшін тәрк етіп, бөлектенуі керек. Бұл мүмкін емес жағдай. Соған қарамастан, рушылдық, жүзшілдік сезімінің құлы болатындарға рухани жарымжандар ретінде мүсіркей қарауға тура келеді», – депті зерттеуші.
Осы сөздерді басқа біреу айтса ғой, шамалы ойланар едім, ал Ақаң айтқан жерде қалтықсыз сендім. Себебі опырылып түскен жақпар тастай бұл кесек ойды автор өзінің өмір тәжірибесінен алып отыр. Өз кітабында сынға алып, шүйлігіп отырған әлгі әлеуметтік кеселдің астарында ру атын жамылған өзге бір пиғыл жатқанын ерте аңғарып, іштей қазықбау етіп шалған жан онымен өмірде де талай ашық айқасқанына дәл өз басымнан өткен жоғарыдағы жай айқын ыспат емес пе?!
Ақаң протекционизм деген сөзді қазақшалап жатпастан, сол күйінде алыпты, ұстаз аудармағанға шәкірт тыраштанбас болар, дегенмен, әлгі аты өшкір ұғымның мағынасын қазақтың «әкей-үкейлік» дейтін сөзі шамалы дәлірек беретін сияқты. Неғылса да, мен журналға қызметке орналасқан тұста редакцияда сондай біредеңе болды.
Жалпы, шын творчестволық ортада көштегі бір түйенің жабуы қисайса бірігіп түзейтін ынтымақ ылғи да орнай бермейді. Одан гөрі ұжымда идеялық бірауыздылықтың, мұраттастықтың болмауы қиындау. Бұрынғы бастықтың тұсында кісінесіп қалғандардың жаңалыққа көне алмайтыны, іргелерін қолдан бергісі келмейтіні одан да қиын. Содан да әлгі топ, әрқайсысы табаны жалпақ тарланбоз журналист бола тұрып, лездемелерде қаршадай мені сынайды да жатады. Солардьщ бірқатары өзіме жүздес те еді. Бірақ «Сейдімбековтің адамы» дейтін суық таңба араға керте боп тұра қалған кезде, әлгі руластықтың да, жүздестіктің де күл-паршасы шығып, сағым көтергендей ғайып боп кетер еді. Осыдан-ақ көрінбей ме, Ақаң табиғатын ашып жазған, бірақ өзі қазақшалауды жөн деп таппаған қауіпті кесел қазақтың өмірінде анық бар екендігі.
Ай, өзіме де обал жоқ, сұлу сөзбен көз қарықтырып жазуға құмар максимализм бе әлде кісі кебек жұтқандай кептеліп отыратын тіл жұтаңдығына өзімше қарсылығым ба, әйтеуір ескіліктің тіл көріністерін пайдалануға құштармын. Сөзді мағынаға бағындыратын тілдік тәжірибелер де жасап қоямын. Мысалы, «жолға шықты» демеймін, мағжаншылап, міржақыпшылап (1984 жылы!) «жол тартып», «жол алып» деп жазамын, Евней Букетовке еліктеп, «алыс жорықты игерді» дегім кеп тұрады. Қолдан қалып қиып, канон жасап отыратын стандарт, әрине, Евнейге көнсе де, менің мұндай еркіндігіме көнгісі келмейді: әр әрпімді көтеріп қарап, жазуымнан кібіртік, қолтаңбамнан сықыр тауып, онысын ұшқалап, жиналыстың үстінде бас редактордың алдына құмар ойындағы көзір карта сияқты тартады да отырады. «Әп, бәлем, бауырын көтермеген күшіктің біткен жері осы шығар...» дейді стандартшылдар ішінен. Бірақ қай ұжымда болсын шеген құдықтай шешімді сөзді бірінші басшы айтады ғой. Ұлттық сезімі тайпалық сезімнен әманда жоғары тұратын табанды ұлтшыл – Ақаң бұл жерде де өз биігінен табылып, балапанын қорғаған қыран құстай саңқ ете қалады: «Жігіттер, Мақсат – сөз білетін, сөз баққан ауылдың баласы!». Жиналыстан кейін алып қалады, енді оқсатып ұрсатын шығар десең, айтатыны: «Айналайын, өткенде «қосөрім жымдасқан» деп жазыпсың, қамшы өретін менің сөзіме сенгін, қазақ жабдығында екі өрім болмайды».
Есебін тауып мақтағанға әркімнің де іші балқаймақтай ғой, алайда бас редактор жастарды мақтамен сипағандай жұп-жұмсақ сөзбен ылғи да сипай бермейді, базбіреулер сияқты қит етсе ыза-сырықтан өткізе қумайды да. Құрғақ ақыл айтып, қобыз да тартпайды. Журналистиканың дағдылы күйбеңінің қамытын киіп жүріп-ақ, ісімен баулитын біртүрлі, өзгеше данагөй тәрбие еді Ақаңның тәрбиесі. Қаламынан таспадай тілініп, қамшыдай өріліп шығып жататын мақалалары өз алдына, бұл жерде менің айтып отығаным – Ақаңның белгілі әңгімешілдігі, сөзге құлақ асып, тыңдай білуге үйрететін тәрбиесі.
Әдетте жастар жағы үлкендік сипаты бар, үлкендік келбеті бар адамдарды сыйлайды ғой. Мені жұмысқа қабылдаған жылы Ақаң 42-де екен. Жігіт жасынан шығып, жігіт ағасы жасына ойысқан шағы, бірақ, о тоба, бізге ақсақалдай боп көрінетін.
Ол заман бір этаждағы төрт-бес редакция өзді-өзді бақ-береке ұйым, сауық-сайран жиын еді. Сондай «вечерлерде» Ақаң томағасын сыпырған қырандай құлпырып сала береді. Нағыз сәнді әзілдің көшбасшысы ол тамырға от қойып, маздап жанған шоқтай боп сөйлеп кеткенде біз қыран- топан күлкіге оралып жатамыз. Бір кезде сеңдей сөгіліп, селдей төгіліп «көңілашар» әңгіме кетеді. Бір басына бірнеше өнер қонған Ақаңның өз қолынан шыққан өткір бәкісінің астындағы бас әбден кершеуленіп мүжіліп біте келгенде ағамыз бізді «аңыз кеуде ақсақалдарымен» табыстырады. Ас суыған, айран ұйыған. Ақаңның тыңдаушылары, Ақаңның оқырмандары – Ақаңның езі сияқты құбылыс. Лезде «көкбазардың» жанынан бейне бір денеңе қанат біткендей самғай көтеріліп, ақкүрең көде мен ақ селеулі даладан бір-ақ шығасың. Қазақтың әрегіректе өз бетімен емін-еркін көшіп-қонып жүрген заманы... Артта қалған, қайта айналып келмейтін барақат өмір... Қыздары сұлу, ақсақалы кең, азаматы мәрт, әрі өнерлі, әрі жомарт ел... Жерінің тарихы аңызға, елінің шежіресі ерлікке толы қасиетті топырақ... Ал сол тот басқан әңгімелерді жанып-жанып жаңартып, тымақтай бұлғап, төңкеріп-төңкеріп алып тайпалтьш отырған хикаяшының шеберлігі қандай?! Серке Қожамқұлов: «Сөзді әркімге әрқалай береді. Жазушының маңдайына, әртістің таңдайына береді», – дейді екен. Ақаңа екеуін де берген ғой мырза құдай. Әңгіменің мазмұндылығы, эмоционалдық жағы, ұтқыр-жинақылығы өзара мінсіз қабысатындығы сонша, көкейіне сөз қонатын адам табан аузында жаттап алар еді. Күнделік сүйкектету дағдымда жоқ мен сол күннің кешіне Ақаңның айтқандарын бір бөлек дәптерге түртіп қойып жүрдім. Кейін төрт-бесеуін «Жалын» журналында жариялаттым да. Сонда ойлайтынмын, ағамыз осынша қыруар дерек пен ырғын хикаяны бір басында қалай сақтап жүреді екен деп. Өзі айтатындай, «екі күнде қазақтың арбасы жөнінде заманнан құлатып, аттың басындай мақала жазып әкеле алатыны» рас па екен, тап бұлай істеуге, басқаны былай қойғанда, адам бойындағы даярлықтың өзі жеткіліксіз емес пе дейтінмін. Қысылшаңда тез жазып тастайтын репортерлік мақала емес қой ол деген...
Осы күдігімді сезді ме әлде жастарды жазуға баулыған кезде қолданылатын тәсілі ме, кім білген, әйтеуір бір күні бас редактор қолыма қалыңдау бір дәптер ұстатты. Ақаңның жұмысты ұйымдастыру тәсілі, яғни «шриф-конспект» жүйесі екен. А-һа, енді білдік! Кешегі бір күндері жазғыштардың арасында сәнде болған «творчестволық лабораториялық» дейтін тіркесті естісем, көз алдыма химиялық айқасу үстіндегі неше түрлі колбалар келетін. Ал Ақаңның өзім танысу бақтиярлығына ие болған шифрлы дәптері шынымен де өзінше бір зертхана еді. Жазғыш адам әдетте құлындаған биедей де қызғаншақ болады ғой. Ал Ақселеу Сейдімбек – қолындағысын өзгемен бөлісуге келгенде кеңдік жасайтын ғалым. Академик Зимановтың Зекең туралы айтқан: «Щедр как талант, как талант щедр», – деген сөзін Ақаңа қарата әбден қолдануға болады. Бірақ оның жоғарыдағы шифрлы жүйесі әлі де жұмыс істеп тұруы мүмкін ғой, сондықтан зерттеушінің ең алдымен қажеттіліктен туған тәсілін бұл жерде алға жаю қиындау болып тұрғаны. Бір айтарым, маған берілген шифр-конспектіде (ал олар бірнешеу болуы керек) әр тақырыптағы дерек-мағлұматтар қысқа уақытта қиналмай тауып алатындай етіп жүйелене тізілген екен: қымыз ашыту; ыстау; ұлттық сүт тағамдары; ұзындық өлшемдері; ру атына, ұранға, шыққан әйел-аналар, т.б. Мақала жазарда «обязательно» интернеттен сауат ашып алатын бүгінгінің журналисіне ондай шифрлы дүниенің тап керегі де бола қоймас. Десе де: «Сұлу әйелді көргенде, ақылды әйелді аяймын», – деп Қадыр ақын айтпақшы, бүгінгі редакцияларда зәуімде ғаламтор өшіп қалса, компиляцияға мәтін ала алмай, көз алдымда дәрменсіз бейшараға айналатын журналисті көрген кезде Ақаң берген шифрлы дәптерді ойға оралтатыным бар. Жылдар бойы бірнеше тақырыпты қатарынан ыждағатпен, беріле зерттеп және соларды кейін бір арнаға сарқып құю арқылы өзіндік концепциялы жүйе қалыптастыръш жүрсем, ол – ең алдымен «Білім және еңбектің» шарығынан алып шыққан көп олжамның бір көрнектісі.
Ол кезде комсомолдың «екпінді құрылыс ендіктерін» қалдырмай аралап, мақала жазып, Жөректің Тайыры айтқандай, «өзім де қумын ғой, баяғы заманға аттап баспаймын...» деп жайыммен жүрген жас едім. Бір күні сол түсінігім шырқ айналып, басы аяғына келді.
Әлі есімде, шілденің ортасы, күн қуырып бара жатқан соң есікті ашып тастап жұмыс істеп отыр едік, Ақаң шақыртты. «Мынаны Шота Уәлиханов ағаңа апарып бер», – деп мелжемді пәпкі ұстатты. Редакцияға күніге келіп- кетіп жататын «сақалдар» мен «нахалдардың» біреуінің «нама жазуы» шығар деп, алғашында онша көңіл бөле қоймадым. «Ағаның тапсырмасын орындасам жаман болмаспын, журналистігім жорғасынан тана қоймас...» деп жүгіріп кетуге дайындалдым. Дәл қазір нақты есімде жоқ, піл сүйегіндей болып қолымды тартып бара жатқан соң басқа, ыңғайлы пәпкіге ауыстырып салғым келді ме екен, әйтеуір сол жерде ашық қалған қолжазбаның бірінші бетіне көзім түсіп кетті. «Алғы сөз» деп жазылған екен жол ортасына әдемі қия жазумен. Одан әрі: «Үш жүзден тараған ата-бабаларымыздың әр бұтағынан өсіп-өнген ұрпақтар есімін шежіре ретінде хатқа түсіруді (толық болмаса да) мақсат етіп, ширек ғасыр бойы шұғылдандым. Шежіре шыңырауының шындығы мен тәжірибесі бүгінгі ұрпаққа үлгі болар, ғибрат алар деген оймен, осы жазғандарымды оқырман қауым уалетке, артқа қалдырып отырмын. Диньче Көкенұлы Билялов».
Міне, қызық! Журналистік әуестігім жеңіп, парақтай бастадым. 300 бет ататек тізіліс сызбамен көрсетілген екен, ара-арасында қара сөздері бар. «Число душ и скотоводства по документам переписи 1917 г. Павлодарского уезда» делініпті бір тараушаның аты. Тоқта, тоқта, Ақаң осы жақында ғана кезекті еңбек демалысын Баянауылда өткеріп қайтқан жоқ па, тіпті тап-тақыр етіп қырғызып тастаған шашы да онша өсе қойған жоқ. Ал Баянауыл Павлодар облысының аумағында емес пе? Олай болса, мына қобыраған көп қағаз демалысында да мігір көрмейтін жампоз ағамыздың сол жатқан алып келген олжасының бірі болды.
Сағатыма қарасам, жұмыс уақыты аяқталып қалған екен. «Қой, Шәкеңе таңертең, тың күшпен барайын» деп, қолжазбаны көтеріп үйге қайттым. Тіршіліктің мәңгі таусылмас қарекеті өз ағысымен үйіріп әкетті, бірақ, «қарғаның бір көзі оқта, бір көзі шоқта» демекші, бір көзім үстелді қайыстырьш, үн-түнсіз маған «қарап жатқан» қолжазбада. Ақыры шыдамадым. Жанына кәрі қойдың тісіндей сарғайған типографиялық қағаздың бір буатын қойдым да, көшіріп жазуға отырдым. Ақаң кітабы жайлы осы үшбу мақалама материал әзірлеп жүріп, сол бір «көзімнің жасын, мұрнымның боғын» архивімен тауып ап қарасам, Дінше шежіренің «Алғы сөзінен» әртаман «16 июль, 1984 жылы алып, сол күні көшіріп жазуға отырдым» деп өз жанымнан сөз қосыппын. Және шиырып қол қойып, «Бір дана» деппін. Ақаң заматында апарып бер деген аманатты сонда неше күн өзімде ұстамақ болғанмын? Ол жағы есімде жоқ, өзімше амал тапқаным жадымда: күндіз Мәдина көшіреді, жұмыстан келіп өзім жалғастырамын.
Солай болды да. Алайда, Ақаң айтатындай, «шежірелік аңыз-әңгімелерді сыпырып-сиырып көкейіне құйып алған»... құйып және құйып алған шежірешінің жиырма бес жыл бойы соншама ыждағаттылықпен тірнектеп жинағанын түгел көшіру бірнеше күнге кететіні аныққа шықты. Ең қиыны, ана жақта Шөкең (Шота Уәлиханов) күтіп отыр ғой. Ақаң да кез келген уақытта сұрап қалуы мүмкін. Не керек, жұмыста көзімді ми бапкерімнің кабинетінен алмаймын, ал жүрек байғұс үйде қап кеткен. Артында қүлыны қалған бие тәріздімін. Редакцияда бұрынғыдай мұрын қанату жоқ, тақым қажап қана қайтам. Үйге келсем, Малая станицадағы түріктің абажадай жалдама бөлмесінде, өмір бойы орысша оқуы себепті тілі енді-енді шыққан баладай қазақша әрең-пәрең сөйлейтін Мәдинам қаламы көстеңдеп, «қазақша» желіп отырады. Әр сөзінде – үш қате! «Қ»-ның аяғы жоқ, «ұ»-ның белдемесі ұшып кеткен. Бірақ, әйтеуір, жоқтан жақсы, жүргізіп оқуға болады. Дереу «вахта» ауысады. Түнді орталай, сарыла отырып көшіремін. Басым киізденіп кетсе де үтірін қисайтқым келмейді. Ұйқы қысып, кірпігім айқасып кетпеу үшін өзімді инемен шамалы піскілеп қоямын. Ақыры, 300 бет қолжазба үшінші күн дегенде, дүние тіршілігінің қызығын буржуазиялық тоғышарлық көретін, одан кітап оқығанды әлдеқайда маңызды деп санайтын «идеалистер ұлты» өкілдерінің мұқалмас жігері мен тасшайнар қайратына төтеп бере алмай, қақырай құлады. Сол күні алғаным: «Мектепте «дервляне» мен «полянеден» көз аштырмай қойып еді, ал мынау... мынау...» – деп пора-пора болып егілгенін көрсеңіз. Сол күні мен үшін дүниедегі ең қымбатты, ең қадірлі боп кеткен пәпкіні жүрек тұсыма басып, тақам қисайып, Шәкеңнің Горький паркі түбіндегі жобалау институтына елең-делең жүгіргенімді көрсеңіз.
Сол күні жоғалғанымыз түгелденіп еді. Сөйтсем, жалғыз біз ғана емес екен жоқ іздеп жүрген. Артынша Шымкенттегі «Типрофосфор» Қазақ ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер боп істейтін қайнағамыз аттай қалап әкеткен қолжазба ол жақта айтылмыш мекеменің көшіргіш құрылғысы арқылы көбейтіліп, бірнеше дана боп оралды. Оларды жақын-жуыққа, көңіл жетер жігіттерге оқып шығуға беріп, қатаң түрде қайтып алып отырдық. Қазір ойлап қарасам, көшірме нұсқаға «Бір дана» деп жазып, сақсынуым да бекер емес сияқты. Әубәкір Нілібаевтың мына бір пікірін мысалға алайықшы: «Жақында орыс шежіресінің толық жинағының 37-томы шықты деп естідік. Ал біз болсақ, өзіміздің ұлттық шежіремізді жасамақ түгіл, «шежіре» деген сөзді айтудан қорқып, ат-тонымызды алып қашамыз». Ақын бұл сөзді демократия толық салтанат құрған 1989 жылы жазып отыр! Содан бес жыл бұрын «қырағылық» 37-дегідей қияға шарықтап тұрмаса да, бас кетіп қалатындай қауіп төнбесе де, пәле іздегенге сені жұмыстан қуу яки «асқабағыңнан» гүрзімен бір ұрып талдырып тастау үшін шалжақ ауыз сандығыңнан шежіре шықса, соның өзі жетіп жататын. Және қандай шежіре?! Шежіре ғана емес, тарихи зерделі қолжазба.
Кейін беріде жарық көрген шежіре кітаптың талайымен таныстық қой. Алла ғайбатқа жазбасын, солардың көпшілігі қазаққа аты онша таныс емес Дінше Біләлов жиған шежіреге жетпейді деуге ауыз барады. Себебі автор әдеттегі топан судай қаптаған жыл қуу, тұқым қуумен шектелмей, қазірде библиографиялық сирек кездесетін кітаптарға жүгініп, руларды уез-уез бойынша орналастыра отырып шежірелейді және, ілгеріде айтқанымыздай, жан саны, мал басы сияқты құнды сгатистикалық мәліметтер келтіреді. Айрықша тоқталар тұс – шежірелік аңыз-әңгімелер кестелердің босарлығын толтырып тұру үшін емес, белгілі бір мақсатпен, жүйемен келтірілген. Талантты этнограф-ғалым Жамбыл Артықбаев Ақаңның сөз болып отырған «Қазақтың ауызша тарихы» монографиясына арнайы жазған тамаша бетжабар мақаласында Ақаңның шежіре арқауы ретінде қандас туыстықтан бұрын рулар мүдделестігін атаған тұжырымына шамалы түзету енгізгісі кеп, қазақ шежіресінен мемлекеттік идея іздепті, тәуелсіздікті негіздеген алтын қор іздепті. Айтуынша, негізінде қазақ тарихында ру-тайпалық мүдделестіктің мемлекет мүддесімен кереғар келіп қалуы көп екен, мысалы, Едіге мен Тоқтамыстың, Бекболат би мен Абылайдың арасындағы келіспеушіліктер. Осы орайда Ж.Артықбаев мемлекеттің тұрақтылығын, биліктің киелілігін (сакральдығын) қамтамасыз ету үшін Алаша хан, Уыз хан, Әз Жәнібек, Қасым хан, Абылай хан туралы аңыз-жырларды қазақ шежіресінің асыл үлгісі ретінде алуды ұсынады. Ізгі ниет екен, бірақ бүкіл ынсаният төл тарихын идеологиядан аршып алып, саясаттан аулақ әкетіп жатқан кезде біздің елден ала бөтен кеңестік ескі сүрлеуді қайта тауып жатуымыз қалай болады? Екіншіден, қазақ шежірешілерінің бізге аманаттап кеткен қай мирасында да Жамбыл айтқан жәйт мәселенің мәселесі емес. Ілгерідегі Дінше шежіресінде қазақтың тарауы, үш жүздің құралуына қатысты Нұх, Майқы, Алаша хан атымен байланысты аңыздар келтіріліп, қалған жерде қара сөз кейінгі орта ғасырға тән «кірме» мәселесінде ғана қолданылады (Әлдебек бидің Абылай хан баласы Қасым төреге арғы тегіндегі шикілікті бетіне айтуы, Ғабит Мүсіреповтің ұлы аталарының зайры түрікмен екендігі, т.б.). Олай болса, қазақ шежіресінің бір діттегені – Ақаң дәлелдегендей, ру мүдделестігі, одан да дәлірек айтқанда, ұлысты, ұлтты қан жағынан таза ұстау. Шежірелердегі аңыз-әңгімелердің дені қазақтың іргелі ру-тайпаларының құрамына еніп кеткен кірме аталар туралы өшпес дерек бере отырып, этносты таза күйінде сақтау ісінің маңызды бір тетігіне айналған. Шынында да, бүгінде ретті-ретсіз көп айтылатын қазақ тілін жалпыхалықтық тілге айналдыру (лингвистикалық ұлттандыру), сөйтіп қазақша сөйлегеннің бәрінің төлқұжатына «ұлты – қазақ» деген белгіні баса беру жайлы қитұрқы идея, түптен ойласаң, ата-бабаларымыз үнемі есте сақтап келген «кірме» элементтерді ара-даралығынан айырып, біркелкілендіріп жіберу, сөйтіп Ақаң жобасын сызып беріп отырған «этникалық қорғаныс сезіміне» селкеу түсіру боп шығар еді. ЭҚЗ – Батыстағы азаматтық «ұлт» ұғымынан қазақ ұлтының мүлдем бөлек жаралым екендігін үнемі есте ұстау.
(Жалғасы бар)