«Ақ жолыма» ақ жолын берсін Алла

«Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ» деп, қашанда әділ сөзге тоқтаған, ел алдында ақиқатты айту – ар мұраты деп білген де біздің қазақ. Содан болар, қандай қиын-қыстау кез болмасын, әзілмен болса да, астарлап, тауып айтқандардың өнерін бағалап, ұлы мұраттары мен үміттерін арта білген еді. Сөз өнерінің құдіретін паш етер халқымыздың ұлы өнерінің бірі – айтыс. Қызылордада өткен Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясын қолдаушылар форумында айтыс өнерінің майталмандары – Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұр сайлаушыларды «АҚ ЖОЛға» дауыс беруге шақырды. Осындай айтыстар ел өмірінің көркем шежіресі десек, артық айтқандық емес...  

Мұхтар НИЯЗОВ:

 

– Құп алып ағайынның шақырғанын,

Жамағат жиналдыңдар батыл бәрің.

Ағайын алдарыңа келгеннен соң,

Жөн болар өлең сөзді қатырғаным.

Аз сөйлеп, көп тыңдайтын әдетіммен,

Жөн болмас көбік сөзді сапырғаным.

Білгенімнен жаңылып бара жатсам,

Жамағат, өзің болшы ақылманым.

Ақ жолға «АҚ ЖОЛ» елді бастап бүгін,

Қадам басып отырсың батыл бәрің.

Осыны өлеңменен өрнектеуге,

Алдыңа келіп отыр ақындарың...

 

Ақыры келгеннен соң алдарыңа,

Көрік беріп көрейік залға мына.

Бұл кезде партиялар толып жатыр,

Сай келмейтін халықтың талғамына.

Бірақ та елдің көзі ашылды ғой,

Мән бермейді олардың жалғанына.

Ал «АҚ ЖОЛҒА» сәттілік берсін деймін,

Кім қарасса ол қарассын қалғанына...

 

Өң-түрі елестетіп құрғақ көлді,

Қасыма айтысуға Нұрмат келді.

Қарсыласпен қағысқан жігіт едің,

Бұл қайбір айтысуға жырғап келді.

Осы жиын көптен бері болады деп,

Дайындалып дауысын қырнап келді.

Ағамыз келген кезде Перуашев,

Жігіттің тұлғасына елі ғашық.

Елінің сынға түскен сәттерінде

Кеткен жері жоқ еді кері қашып...

 

Бұл Нұрмат өз-өзіне бек отыр ғой,

Мына жайлар жанымды жеп отыр ғой.

Бокстан ғана біздер көруші едік,

Ал қазір Бақыт елге кеп  отыр ғой.

Қиындықтың қай-қайсысы кез келсе де,

«Нокаутқа» жіберем деп отыр ғой...

 

Мен жөнді айта алмадым, дауысымды,

Демеңіздер дегбірі тауысылды.

Микрофонға домбырам қосылған соң,

Әдет қып алыппын мен ауысуды.

Алдымызда үлкен сайлау келе жатыр,

Сен кімге бермекшісің дауысыңды?..

Нұрмат МАНСҰР:

 

– Сөйлейін тілімнен бал сорғалатып,

Үйренген ақын едік ел қаратып.

«АҚ ЖОЛдың» форумында басты қостық,

Жүйрігін топқа салған жорғалатып.

«Ақжолдық» ағайындар аманбысың,

Ақ таңы келе жатқан алдан атып.

Ағалар, Сыр еліне қош келдіңдер,

Бұл елдің ойы – жауһар, арманы – ақық.

«Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасы айтқан,

Тұлпары да шабады шаңды оратып.

Бақыттан басы айналған бұл аймақтың,

Шыбыны да өледі балға батып...

 

Мұхтар-ау, сахнада ерлеп отсың,

Домбыраңды келтіре алмай жөндеп отсың.

Бақыт Сәрсекбаевты ел біледі,

Оның несін айтып сен терлеп отсың?

Қиындықта «нокаутқа» жібереді деп,

Өзіңнен-өзің, міне, жем боп отсың.

Сәрсекбаев ағама апарайын,

Бірінші қиындығым сен боп отсың...

 

Жақсылар дәйім топты жаратұғын,

Мықтылығын білдіріп санатының

Ақ жолда бұл  «АҚ ЖОЛ» деп ұран салса,

Анықтығын көреміз сауатының.

Осындай партияны таңдаймыз деп,

Алдыма халық келді қарақұрым.

Ағайын, мына жерді жаңғыртыңдар,

Қиқулап құрметтейді ел ақынын.

Осы залдың шапалағы көрсетеді,

«АҚ ЖОЛДЫҢ» қандай дауыс алатынын...

 

Қасыма Мұхтар келсе сыңарым боп,

Жақсылар отыр топты құрадым деп.

Сыр еліне ат басын бұрып кепті,

Тектінің ортасы еді бұл ауыл деп.

Арғымақты  ақ туға бейнелеген,

Ойлаймын ол дәстүрге құмарым деп.

«АҚ ЖОЛыма» ақ жолын берсін Алла,

Одан басқа халықтан сұрарым жоқ.

Тізімде төртінші боп тұрғаныңмен,

Бірінші келеріңе күмәнім жоқ...

 

Бұл партия қадамы құптар болды,

Жақсылығы – кешегі құптан болды.

«Алаш» партиясының ізін басқан,

Тарихта сол тарауды тұтқан болды.

Бүгінде Перуашев егелеп тұр,

Кешегі Бөкейханов шыққан белді.

Бақыт – боксер, Қазыбек – ақын ағам,

Атағы аспандағы бұлттан келді.

Сыр еліне ат басын, міне, бұрып,

Ағайын көрмейсің бе, сырттан келді.

Ағалардың алдынан шығамыз деп,

Менімен мына отырған «туфтам» келді.

Шапанына шалынған Амантайдай,

Сақалына сүрініп Мұхтар келді...

 

Мұхтар НИЯЗОВ:

 

– Әй, бала, түбімізге жетіп жүрме,

Байқаймын, бастан өзің кетіп жүрме.

«АҚ ЖОЛдан» гөрі сені қатты қолдап,

Депутат боп сен өтіп кетіп жүрме.

Ақиқаттың алдында бүгін, мейлің,

Халықтан ешқашан да түңілмеймін.

Сақалына сүрініп Мұхтар келді деп,

Қалайша ар жағыңа үңілмеймін.

«АҚ ЖОЛдан» үлгі алатын ақынмын ғой,

Сақал түгіл сайлаудан сүрінбеймін...

 

Жаралған жігітсің-ау бір намыстан,

Құтылмайтын болдың ғой күнде алыстан.

Бақыт саған бір удар береді деп,

Дауысыңды қайтейін шындап шыққан.

Дауыс берер ақынды ұрсаңыздар,

Айырылып қаласыздар көп дауыстан...

 

Нұрмат, менің домбырамды өңдеп емес,

Қалайша сенің сөзің жөнге келмес,

Құрдасқа қалай-қалай сөйлеп отыр,

Бұл бала атасынан көрмеген бе ес.

Домбырасы қазақтың өзіндей ғой,

Құлағын  бұрамасаң, жөнге келмес...

 

Біздерді ел алдына шақырған күн,

Естіген соң шақырады атыңды әркім.

Қазыбек бидің ізіндей Қазыбек көкем,

Бір емес, екеуіндей батыл нардың.

Жаңағы өзің айтқан Бақыт ағаң,

Асқақтатқан батыр еді атыңды әркім.

Азат емес, Азаттық келіп отыр,

Сондықтан да қызылордалық батыр болдың.

 

Нұрмат МАНСҰР:

 

«АҚ ЖОЛды» мен былайша байқап тұрмын,

Бу көтеріп жүретін боскеуде емес,

Ту көтеріп жүретін батырларың...

Сөйле сен ауылыңның жаңа сәтін,

Жанына осы елдің жарасатын.

Дауысыңды қайсысына бересің деп,

Боп отырсың мына менен аласа ақын.

Өз дауысымды «АҚ ЖОЛға» беремін ғой,

Халқына әрқашанда қарасатын.

Әйеліме бергізем «Нұр-Отанға»,

Менімен пікірі жоқ таласатын.

Осылайша өзімше орындаймын,

Патшаның 50 де 50 саясатын...

Мұхтар-ау, сен аз-маз кідіре тұр,

Осымен өлеңіңді бітіре тұр.

Алмас Тұртай сынды да бауырым бар,

Ел одан көп нәрсені күтіп отыр.

«АҚ ЖОЛдың» филиалын басқарған соң,

Қиындықты көзімен шұқып отыр.

 

Жас та болса, бас болып, елді бастап,

Дағдарысты жүндей ғып түтіп отыр.

Мұнымен жасты бүгінгі кей жігіттер,

Амалы таусылып әбден бітіп отыр.

 Етік ап кию үшін шешесінің

Келесі пенсиясын күтіп отыр.

 

Ақынның айтар сөзі аз болып тұр,

Ағайын қолын соғып мәз болып тұр.

Ауа райы секілді алты әлемнің,

Жағдайы күннен-күнге өзгеріп тұр.

Қалпағындай қақ айырылған қырғыздардың,

Қан жылап қалғандығын көз көріп тұр.

Орыстар да ауызбірлік сақтай алмай,

Абдырап жатқандығы сөз болып тұр.

Мұсылман мемлекеттер бүлінген соң,

Басқалардың жігері ез болып тұр.

Жұдырықтай жұмылып енді бізге,

Көңілім жайнап, міне, жаз болып тұр.

Шаңырағын шайқалтпай қазағымның,

Бірлік туын көтерер  кез келіп тұр...

 

Мұхтар-ау, екеуара жарысқанша,

Сөйлейік қазақ елін танытқанша.

Осыменен айтысты тәмамдайық,

Кімнің осал екені анықталса,

Жақсыларға ақ сапар тілейміз ғой,

Мақсаты ел алдында анық болса,

Мына отырған халықпен қоштасайық,

«АҚ ЖОЛдың» жеңісінде жолыққанша...

 

Мұхтар НИЯЗОВ:

 

– Сенің осал екенің анықталды,

Бәріне төреші ғой халық мәңгі.

Меніңше, бұл айтыстың пайдасы зор,

Жамағат та  қызыққа қарық болды.

Нұрмат келіп төбемнен төнеді ғой,

Өлеңін бұрымдай ғып өреді ғой.

50 де 50 деген саясат та,

Байқаймын, бұл заманның керегі ғой.

Мен берем «АҚ ЖОЛға» дейді мына бала,

Бұл өзінің келтірген дерегі ғой.

«Ал әйелім «Отанға» дауыс береді,

Саясатқа көрсетпес себебі бой.

Сайлауға дейін әлі көп уақыт бар,

Өзгеру – саясаттың өнері ғой.

Оған дейін әйеліңе ақыл кірсе,

Өзі үшін «АҚ ЖОЛға» кеп береді ғой.

Күлкі сыйлап кетейік жарандарға.

«Атамекен» одағына басшы болған,

Жанашыр Азаттайын ағаң бар ма?

Сайлауда, не де болса, әділдік қып,

Ақ жол ғана тілеймін адамдарға...

Қара жолдар қаптап тұрған мына кезде,

«АҚ ЖОЛға» дауыс бермей амал бар ма?..