«Мен Ұлықбектің сырларын білемін» – Өскеменде ақынның 65 жасы тойланды
2019 ж. 29 шілде
9700
0
Көптен бері көні кеуіп жатқан Өскеменді жыр нөсері жуып өтті. Сауыр тауының тұсынан шыққан тоқымдай қара бұлт Алатауды бөктерлеп келіп Алтай аспанында жаңбырға айналды. Жыр-жаңбырдың жаратушы иесі қазақ поэзиясының ұлығы, биыл көктемде 65 жасқа толған Ұлықбек Есдәулет аға болатын.
Бұл туралы altaynews.kz хабарлады.Ақынның аты театрға беріле ме?
Жарты күнге жалғасқан жыр кешінің алғашқы тиегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада ағытылған. Оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова арнайы қатысты. Оқырманмен оңаша ой бөліскен кештің тізгінін Қазақстан жазушылар одағы облыстық филиалінің директоры Әлібек Қаңтарбаев ұстады. Өз тарапынан шапан жауып, құрмет көрсеткен жүргізуші кеш қонағының бағытын сонау бала кезіне бұрып жіберді.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болғаннан бері ойлануға уақыт таппай жүрген Ұлыағаң қимас күндерінің, қызығы мен шыжығы мол сонау шаққа қуана-қуана сүңгіп кетті. Педагогтар отбасында, ақындар ауылында өскен болашақ ақынның балаң арманы, Өскеменге жеткен өрімдей жастың алғашқы талабы, Алматыға жеткен жас ақынның құтты қадамы... Бәрі де жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар қызыты әңгімелер еді. Мектепті енді бітірген 17 жасар баланың «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне қалай келгені. Сол кезде реадакциядағы қаламгер ағалардың қолында дипломы да жоқ боз баланы қалай «Ұлыаға» атандырғаны туралы есті естеліктер айтылды. Ақынның студент күннен бірге жортып келе жатқан сырлас досы Түсіпхан Түсіпбеков ағамыз әңгіменің қызығына елтіп отырып, «Мен Ұлықбектің Бейсенгүл білмейтін сырларын білемін» деп салды. Сонда барып халық көрермендердің алдыңғы қатарында отырған ақынның жары отырғанын аңғарды. Ел алты алаштың аяулы ұлын әлпештеп отырған ақын жарына қошамет көрсетті.
Кеш барысында қазақтың бір тура әншісі Роза Рымбаева арнайы бейнесәлем жолдап, «Заман-ай» әнін қалай орындағаны туралы айтып берді. Өңірге белгілі әншілер Майра Қаламқызы мен Қайрат Майжаров орындады содан кейін бұл әнді. Кітапхана тарапынан құрылған «Тамшы» шығармашылық орталығының мүшелері ақын өлеңін мәнерлеп оқыса, ақын Қуаныш Еркінұлы арнау айтты. Ал, қарт қаламгер Советхан Қалиғожин ақынға арнау жазып әкеліп оқып берді. Онан соң ақ батасын берді. Кітапхана қызметкері Гүлнұр Зұлқаршынқызы оқырмандар арасында кеш қонағына байланысты сұрақтар қойып, дұрыс жауап бергендерге ақынның кітабын сыйлады. Кітапхана директоы Бибігүл Шағиева ақынның портреті салынған сызбаны, сондай-ақ ақын жарына гүл сыйлап, елдің ыстық ықласын жеткізді.
Кітапханадан шыққан жұрт облыстық драма театрға қарай ағылды. Өйткені ол жерде Ұлыағаңның «Алтын ұям - Алтайым» атты шығармашылық кеші өткетін-ді. Кештің аты бұлай аталуының да өз себебі бар. Сарыарқа төсінде, Алатау бауырында көлемді-көлемді кеш өткізген айтулы ақын туған елінде өткізгелі тұрған алғашқы ірі кеші бұл.
Заманымыз өзіміздің Зайсан мен Алакөлдей толқып жатқан тұсында туған күнді де, мерейтойды да ұмытып кетеді екенсің. Биыл былтырғыдан қалған демалыс күндерімізді қосып алып, Ақберен екеміз аз күн тынығайық, ес жинайық деп елге келгеміз. Міне керемет кездесулер, кештер өтіп жатыр. Осыны ұйымдастырған азаматтарған, облыс басшылығына, кітапхана басшыларына, жаздық демалысын қиып келіп отырған өздеріңізге шын көңілден алғысымды айтамын, - деп елге ризалығын білдірген ақын өнер сүйер жұртқа отты өлеңдерін оқыды. Өткен жылы ғана аз тиражбен шыққан «Көздеріңе ғашқпын» атты махаббат лирикаларын облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызына сыйлады. Облыс әкімінің орынбасары өз кезегінде «Сізді 65 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сізді ұлы ақын деп білеміз. Деніңізге саулық, басыңызға амандық тілеймін» деп ақ тілегені ақтарып, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының ыстық сәлемін жеткізді. Қазақтың салты бойынша иығына шапан жапты. Ал, осы шараның өтуіне бірден бір мұрындық болып жүрген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов:
– Ұлыағаңның жерлестері жиылып бір дүбірлі той өткізіп жатырмыз. Біз жастар сіздер салған сара жолмен жүріп келеміз. Бүгінгі кештің ең ерекшелігі сол, Ұлағаңның сөзіне жазылған әндерді әдеттегідей Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұлдыздар емес, тек шығыстың әншілері орындайды, – деп кештің барысымен таныстырды.
Бұдан кейінгі кеш негізінен ақынның сөзіне жазылған әндердің орындалуымен өрілді. Белгілі әнші Еркін Шүкіман шығып Тұрсынғазы Рахимовытың дүние саларынан біраз ғана бұрын жазған әнін орындағанда залдағы елдің әр жерінен «беу, шіркін», «Пақ, шіркін» дескен үндер естіліп жатты.
Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елкезек «Рүстем Есдәулет атындағы театрда өтіп жатқан дүбірлі кешімен» Ұлыағаңды құттықтады. «Мен осылай атай берейін. Бәлкім, жындының айтқаны келмесе де, сандырағы келетін шығар» деп әзілдеді. Бұл бір қарағанда жай сөз болғанымен көптен бері көтеріліп келе жатқан Рүстем Есдәулетке облыстық драма театрдың атын беру мәселесін қаузап тұр еді. Бұл кешке Семейден ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов бастаған ақындар да келіп қатысты. Өткен жылы ғана мемлекеттік сыйлықпен марапатталған «бір түрлі ақын» Ұлыағаңа әзіл жыр арнады.
Шығармашылық кеш барысында ақынның сөзіне жазылған «Заман ай», «Тоты құс», «Гүл бақта», «Мөлдір мекен», «Сағынған жоқпын», «әкеме», «Ақ желкен», «Құс жолы» сынды әндерін өңірімізге белгілі Әділ Тұрғанбаев, Айжан Мәзкенова, Нұргүл Қабдоллаева, Қамит халық, Қайрат Майжаров сынды әншілер асқақтата орындады.
– Ұлыағаң туған жеріне келіп жатқанда қуаныштан шет қалмайық деп бізде жеттік. Бұл кісі мемлекеттік сыйлықты, «Құрмет» орденін алғанда шын қуанғамыз. Кітаптары қаншама шетел тілдеріне аудаырылды. Тек біздің ғана емес қазақтың мақтанышы бұл кісі. Сондықтан осы елдегі бауырлары бірге келіп құттықтайық деп отырмыз, –деп ағынан жарылған белгілі атымтай кәсіпкер Қайрат Мусин Ұлыағаңа темір тұлпардың кілтін ұстатты.
Ақынын ардақтаған елдің, ағаға құрмет көрсеткен інінің құшаметіне жиылған жұрт шын ризашылығын білдірді. Иә, Ұлыағаңдар келген күні көптен бері тамбай тұрған Алтай аспаны да сіркірей жөнеліп еді. Біз ақынның жыры деп қабылдағамыз. Шөлдеген елдің, сусаған жердің мейірін басқан бұл ақынның жаңбыры, Ұлағаңның жаңбыры еді...
Мұратхан Кенжеханұлы