Қаламгерлерге қамқорлық
2019 ж. 22 маусым
8842
1
«Кейде түсіме кіреді. Жазушылар одағының ғұмырындағы бір жылымық кезең еді. «Горный Гигантта» жазушыларға арналып Шығармашылық үй салынды. Кереметтей емес. Бірақ сонда Ғабит Мүсіреп жатып «Ұлпанды», «Жат қолынданы» жазды. Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесінді» жазды. Мен «Қызыл жебенің» соңғы кітабы «Тамұқты» жаздым»...
Бұл – көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның әріптес ағасы Тахауи Ахтанов туралы естелігінен үзінді.
Қарап отырсақ, сол Шерағаң тұстас жазушылардың әңгімелері көбіне осынау Шығармашылық үйіне қатысты айтылар еді. Өйткені, олардың ғұмырларының бірталай бөлігі сонда өткенін байқаймыз. Осы үйде жыл он екі ай жатып сүйекті еңбектерін жазған, арасында бой жазған, тастаяқ ойнаған, өзара сырласқан, мұңдасқан... Шығармашылықтағы жетістіктеріне қуанып мақтанған, шаттанған...
Тағы бір ғажабы, мұнда Қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған аға буын – алыптар шоғырымен қатар солардың ізін басқан орта буын және жастар етене араласқаны көрінеді. Яғни, қоғам дамуындағы аса маңызды үдеріс – ұрпақтар сабақтастығы сәтті жалғасқан. Сөйтіп бұлар қастерлі Ұлттық, мемлекеттік мүдде бағытында лайықты төр төккен. Және бүгін Қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған дүниелердің дені сол тұстарда жазылғаны аңғарылады.
Бірақ, өкінішке қарай, Жазушылар одағы тоқсаныншы жылдардың басында осынау игіліктен жер қара күн жылыда айырылып қалғандай болғаны рас. Қоғамдық формация алмасып, бір кезең қатты абыратқан алағай-бұлағай тұста ықпалды орындар тартып алғандай болғаны жасырын емес. Алайда, одақ жетекшілігі сол үйді әупіріммен ұстап, ұзақ уақытқа шетелдік компанияларға жалға берді. Әйтсе де, ол үйден қаламгер қауымы мүлдем қол үзе де бастаған-ды.
Ал кешелері осы орынға қатысты «ақ түйенің қарыны жарылды» дейтіндей, жағымды жаңалық болды – Жазушылар одағының жаңа басшылығы көкейдегі түйткілді тарқатты: Шығармашылық үйі қайтадан ашылды!
Бұдан былай аталған шаңырақ жазушылармен қатар дертіне – дауа, жанына шипа іздеген немесе денсаулығын нығайтып демалатын көпшілікке әр түрлі қызмет көрсететін болды.
Шығармашылық орталықтың ашылу рәсіміне Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеұлы сынды қабырғалы қаламгерлер мен журналистер, басқа да қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
– Іле Алатауының бөктерінде орналасқан «Әл-Фараби» емдеу-сауықтыру орталығы деніңізге саулық, дертіңізге шипа сыйлайды. Таза табиғат аясы сіз үшін таптырмас демалыс орны да. Біздің кәсіби мамандар келушілерге қалтқысыз қызмет көрсетуге дайын. Орталығымыздың қонақ үйінде мейрамхана, конференц-зал, ойын-сауық бөлімі және балалар алаңқайы да бар, – дейді шипажай қызметкерлері.
Біз осы өзгеріске орай танымал жазушы, белгілі бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайға хабарласқанымызда, қаламгер қатты қуанды.
– Иә, тамаша болған екен. Ғажап бір кезеңдер еді. Әйгілі Ғабеңдерден бастап, Тәкен Әлімқұлов, Өтежан Нұрғалиев, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Дүкенбай Досжанов, тағы да басқа ақын-жазушылардың әр жылдары сонда жатып сүйекті шығармаларын жазғаны есімізде. Сол жақсылық көзден бұл-бұл ұшқандай болып, біртүрлі көңіл қоңылтақсып жүруші еді. Енді сол игілікке қайта жеткізген жаңа басшылыққа ризамыз, ұзағынан сүйіндірсін, – деді.
qazaquni.kz