СОҚТАЛЫ ШЫҒАРМАЛАР КҮТЕМІЗ
2019 ж. 08 маусым
5109
0
Жазушы, драматург, аудармашы Нұрлан Қами асқаралы алпыс жасқа толды.
Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы кітапханасында мекеме меңгерушісі Елена Ағайсаның бастамасымен Нұрлан Қамидың шығармашылығына арналған «Жазушының жан әлемі» атты жүздесу өтті. Оған ақын-жазушылар, әдебиетшілер және Алматы көпсалалы колледжінің студенттері қатысты. Алматы сән және дизайн колледжінің (ұстаз – Гүлзия Ауқашева) студенттері жазушының «Көк қақпа» хикаятынан үзінділер оқып, шағын сахналық қойылымдар жасады. Сондай-ақ, журналист Мақсат Тәжімұрат, жазушылар Асқар Сәбит, режиссер Қалила Омаров пікірлерін айтты. Танымал әншілер Жоламан Құжиманов, Еркін Шүкіман әннен шашу шашты. Жазушының өзі оқырмандардың алуан сауалдарына жауап берді.
Осыған дейін Н.Қамидың «Кездесу», «Көк қақпа», «Хан Мөде», «Қар адамы» сияқты прозалық жинақтары, Шыңғыс Айтматовтан аударған «Кассандра таңбасы» және «Тау құлаған» кітаптары баспадан шыққан еді. Жазушының мерейтойлық жүздесуі барысында «Мереке» баспасынан шыққан «Беймезгіл» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.Әсерлі кездесуді ақын Әбубәкір Қайран жүргізіп отырды.
Төменде жазушы Әбділдабек Салықбайдың лебізі ұсынылып отыр.
Мен жазушы Нұрлан Қамидың шығармашылығымен 1990-жылдардың басынан бері таныспын. Содан бастап оның әрбір жаңа шығармасын қалт жібермей қадағалап оқып келемін десем, артық айтқандық емес. Алғашында Нұрлан өте аз жазатын, аз жазса да саз жазатын. Аз жазуының себебі өзіне деген сынның қатаңдығынан, талаптың күштілігінен екен.Осы талаптың күштілігінен ол алдындағы майталман жазушылардан көп үйреніп, қаламын әбден ұштап, шеберлігін шыңдап алды. Қазір оның қаламы жүрдек. Не жазса да, тез жазып тастайды.
Нұрланның біз білетін ең алғашқы, тырнақалды туындыларының бірі –«Тау қызы» әңгімесі. Таным, талғам атаулыдан жұрдай, тек оқиға қуып оқитын оқырманға ол шынайы өмірден алшақ жатқан қиялилау бірдеңедей көрінуі де мүмкін. Ал тереңіне сүңгіп, тұңғиығына бойласаңыз, ар соты деймісіз, талғам таразысы, яки парасат пайымы деймісіз – әйтеуір бұ дүниедегі адамзаттың алдынан шығар тереңдік пен биіктік өлшемдерінің бәрін осынау шап-шағын әңгімеден табасыз. Автор біресе Сәкен болып, Тау қызының сұлулығына сұқтанып, әсемдігін әспеттейді. Көк мұнар қалқыған тау басында, ғашығы қасында бақыттан басы айналып, «Адамзат бақытының шырқау шегі» деген симфония жазғысы келеді. Біресе айдай ару Ғалия болып, өзі өле сүйген, Құдайдай сенген Сәкенінің құшағына тығыла түсіп, адалдық пен арлылық туралы тоқсан тарау ой толғайды. Ақыры сенген серісі өзін көпе-көрінеу зорламақ болғанда «жүрегіне біреу түкіріп жібергендей» бәрінен жерініп, қорланып, тұра қашады.
Келесі «Бір түні» деп аталатын әңгімесі де осы махаббат пен адалдық тақырыбына арналған. Оның кейіпкерлері үшеу: әйелі, күйеуі және қыз. Мұнда да автор оқиға мен құбылысқа біресе әйелі, біресе күйеуінің, енді бірде жас қыздың тұрғысынан қарап, әр тараптан баға береді. Бір кейіпкерге, бір оқиғаға қатысты туындының бірнеше адамның көзқарасы тұрғысынан баяндалуы әлем әдебиетінде баяғыдан бар. Мәселен, бар-жоғы 33-ақ жыл ғұмыр кешкен орыстың әйгілі жазушысы Всеволод Гаршиннің «Суретшілер» әңгімесі осы әдіс-тәсіл, осы формалық ізденіспен жазылған. Сондай-ақ, жапон Рюноскэ Акутагаваның «Орманда», француз Альбер Камюдың «Бөгде» шығармаларында да көрініс тапқаны мәлім. Асқар Сүлейменовтің «Бесатарында» қолданылғанымен, осы көркемдік тәсіл қазақ топырағын әлі жерсіне қоймағанын мойындамасқа шара жоқ. Нұрлан Қами осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп, оқиға мен құбылысқа «Тау қызында» екі, «Бір түнінде» үш тараптан баға беруге тырысқан және осы талабы едәуір сәтті шыққан.
Осыдан кейінгі «Кездесу», «Қарт Қожақ», «Қар адамы», «Шизофрения» сынды әңгімелерінде Нұрлан әңгіме жанрының табиғатын терең түсініп, бір кісідей игергенін байқатты. Ал «Степаныч», «Көк қақпа» туындыларында көлемді, кең құлашты әңгімелер жазуға да төселіп қалғанын, енді хикаят жазуға да дайын екенін көрсетті. Соңғы екеуінің сәтті жазылғаны сонша орта буын жазушылардың «Нарық нақыштары» жинағы шыққанда қазақтың майталман жазушысы Дулат Исабеков Нұрланның осы «Степаныч» әңгімесі туралы жылы-жылы пікір айтты.
Жазушының кейінгі жылдары жарық көрген «Шал», «Темірқазық», «Хан Мөде», «Ел шетіне жау келсе» хикаяттары – қазақ қоғамындағы талай жылдан бергі қордаланған мәселелерді көтеруімен құнды. Алдыңғы және ең соңғы хикаяттардың тақырыбы ұқсас, сол баяғы Кеңес-Герман соғысы, КСРО мұраға қалдырған мәңгілік тақырыптар. Әуелде Дулаттың «Тіршілігі», Хемингуейдің «Шал мен теңізі» еске түскендей күй кешесіз. Көп ұзамай-ақ Нұрланға ғана тән таным мен талғамды аңдайсыз. Әлгі ұқсастық өр тұлғалы, асқақ рухты туындыларға ортақ рухани туыстықтан бастау алғанына көз жеткізесіз.
Ал «Хан Мөде» хикаятының болмыс-бітімі мүлде бөлек. Бұл хикаятта сонау Иса (ғ.с.) пайғамбармен замандас Мөде ханзаданың, кейінірек әлемге әйгілі Мөде қағанның текті де бекзат бейнесі бар болмысымен алдыңнан шығады. Жиырма ғасыр бұрынғы ғұндардың қоғамы, айтпайтын, айтқанынан қайтпайтын ата-бабаларымыздың нар тұлғасы күні кешегідей болып жанды да шынайы қалпында суреттеледі. Апырай, осынау тарихи туындыны осы қалпында көркем фильмге айналдырар режиссер табылса ғой дейсіз қиялдап. Алайда, күні кешегі тарихты жарқыратып көрсете алмай жатқан киногерлердің ол оң жамбасына келе қояр ма екен...
Нұрлан Қамиды қатарластарынан оқ бойы озық қылып тұратын ең асыл қасиеті – оның ұлттық құндылықтарды, ұлттық болмыс пен бітімді көздің қарашығындай сақтауға тырысатындығы. Содан да болар оның кейіпкерлері рухани бай, салт-дәстүрге, қазақы таным мен талғамға берік, иманды да ибалы болып келеді. Қаламгердің кез-келген шығармасы бұл пікірімізге айғақ бола алады. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, қазақы таным мен талғамға адалдық тұрғысынан алғанда Нұрлан өзі ұстаз тұтатын Мұхтар Мағауиндей ірі сөйлеп, кесек турайтын біртуар тұлғадан көп нәрсені үйренгені байқалады.
Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Талант мені таны деп ешкімді жағадан алмайды, талантты танып алады» деген ғажап сөзі бар. Осы сөзде терең мән-мағына жатыр. Сол Мұхаң айтқандай, дәлдүріш жазарман мені таны деп біреуді жағадан алуы мүмкін, ал таланттың оған ары бармайды. Нұрланда мені тани қоймадыңдар деп, біреуге ренжіп, немесе ешқашан атақ, абыройдың артынан жүгірген емес. Тіпті, Жазушылар одағына мүшелікке өткеніне де он жылға тола қоймапты. Алайда, ол кейінгі жылдары өндіре жазып, бірнеше аударма кітабы мен төл туындылары қатарынан жарыққа шықты. Таяуда ғана «Беймезгіл» атты қомақты романының 1-кітабы жарық көрді. Бұл Нұрланның атақ-абыройдың артынан жүгірмейтініне, қайта атақ-абыройдың өзі оны іздеп тауып жатқанына айқын дәлел болса керек. Ендеше, кемеліне келген қаламгерден алдағы уақытта бұдан да зор, сүйекті, соқталы шығармалар күтеміз.
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ
qazaquni.kz