«Ақжолдың» депутаттық сауалынан кейін «Шар-Өскемен» теміржол желісі қайта іске қосылатын болды
2019 ж. 27 ақпан
2756
2
«Ақжолдың» депутаттық сауалынан кейін «Шар-Өскемен» теміржол желісі қайта іске қосылады – ҚР Премьер-Министрінің ресми жауабы келіп түсті. Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғасыр құрылысына баланған «Шар – Өскемен темір жолы» неге тоқтап тұр? – деп сұрақ қойған болатын ағымдағы жылғы 23 қаңтарда Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттық сауалды мәлімдеген Берік Дүйсембинов. Әңгіме жалпы құны 360 миллион АҚШ долларын құрап, оның ішінде, 200 млн. доллар – зейнетақы қорларынан, 80 млн. доллар ұлттық компаниялар мен бюджеттен, 4 млн. доллар жеке компаниялар тарапынан қаржыландырылып, 2008 жылы Қазақстандағы алғашқы концессиялық негізде салынған ұзындығы 150 шақырымдық «Шар – Өскемен» теміржол желісі жөнінде болып отыр.
Бұрын осы жаңа жолдың арқасында Шығыс өңірінен Астанаға сапар шеккен азаматтарымыз Ресейдің Локоть станциясы арқылы өтетін айналма жолдың азабынан құтылып, жол уақыты 27 сағаттан 17 сағатқа қысқарып, жүк тасымалы да жылдамдап, арзандай түскен еді. Жалпы, бұл жаңалықты халық қуанышпен қабылдап,оң резонанс тудырған болатын. Міне, бір жылдың жүзі болды Астанадан Өскеменге қатынайтын поезд бұл қысқа жолмен жүруді тоқтатып, Ресей арқылы қатынайтын ескі жолға түсті. Еліміздің шығысында тұратын азаматтарымызды өз үйіне оралу үшін екі рет кеден тексеруінен өтіп, 150 шақырымдық жолға 12 сағат уақытын шығындауға, қақаған қыста таксиге отырып, қосымша шығын шығарып, басын қауіпке тігуге мәжбүр етуде. Депутат осы орайда автожол бағытында жүздеген автокөліктер боранда жолда қалып, бірнеше жол-көлік апаттары орын алғаны жөнінде мысалдар келтіріп өтті.
Үстіміздегі жылдың 5 ақпанында «Ақ жол» фракциясының сауалы жолданғаннан кейін бір апта өткенде NUR.KZ ақпараттық порталы «ҚТЖ -нің еншісіндегі ұйымның лауазымды тұлғалары Шығыс Қазақстан облысында сотталды» деген материалы жарияланды (https://www.nur.kz/1776988-dolznostnyh-lic-docki-ktz-osudili-v-vko.html).
Мақалаға сүйенсек, «Досжан Темір Жолы» АҚ қызметкерлері мен теміржол жол тораптарын тәртіпке сай ұстап тұру бойынша олармен ынтымақтасқан фирмалардың басшылары сотқа шақырылған – тергеуді жүргізуге бастамашылық еткен облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті, экономикалық тергеу қызметі. 2016 жылы «Шар-Өскемен» теміржол торабының 2 шақырымдық учаскесіндегі жол төсеміне «емдеу» жүргізу туралы шешім қабылданған екен - жұмысқа 250 миллион теңге бөлінді.
«ДТЖ» акционерлік қоғамының лауазымды тұлғалары тендерді жүргізу тәртібін өрескел түрде бұза отырып, өздеріне қажет мердігерлерді алу үшін өз танысының кәсіпорынын жобаға тартқан. Тіпті, фирманың жеткілікті тәжірибесі мен тиісті лицензиясының болмағанына да қарамаған. Ешбір жобасыз, сараптамасыз және мемлекеттік органдармен тиісінше
келісім жүргізілместен, осал тұсын айналып өтіп теміржол құрылысын салу туралы шешім қабалдаған. Осылайша, жобаның құрылымы негізсіз өзгертілген», - деп көрсетілген материалда.
Мердігерлер төгу үшін жақын жерде орналасқан тасты жерді пайдаланған. Бұл жобалық-сметалық құжаттаманы бұзу арқылы жасалған, сонымен қатар ешқандай рұқсат берілместен тастақты жынысты өндірген. Заңсыз жер қойнауын пайдаланғаны үшін мемлекетке 364 283 325 теңге көлемінде шығын келтірді, оның үстіне бұрын қолданылған материалдарды пайдаланған екен. «Досжан темір жолы» АҚ-ның іс-әрекеттері нәтижесінде 73 575 534 теңге көлеміндегі материалдық залал келтірілген. Сонымен қатар, темір жол торабы әлі күнге дейін жұмыс істемейді және поездардың қозғалысы Ресей Федерациясының территориясы арқылы жүзеге асырылады.
Сот өкілеттікті асыра қолданғаны үшін лауазымды тұлғаларды кінәлі деп танып, «Досжан темір жолы» АҚ басқармасының бұрынғы мүшесін 1 жыл 9 айға, ал оның істестерін тиісінше 3 жыл және 2 жыл 6 айлық мерзімге бас бостандығынан айырған.
18 ақпанда өткен фракцияның кеңейтілген отырысына «Досжан Темір Жолы» АҚ Президенті Нұрлан Байжанов қатысып, орын алған жағдайға байланысты түсініктеме берді. «Ақжолдықтардың» сұрақтарына жауап берді.
Дәл сол күні Үкіметтің фракцияның сауалына берген ресми жауабы келіп түсті. Онда тасымалдаушының поезды ұйымдастыру бойынша шығындарының ұлғаюына (2017 жылдың қорытындысы бойынша 780 млн. теңге шығын) және жылжымалы құрамның тозу деңгейінің артуына байланысты поездың қатынауы тоқтатылды деп түсіндірілген. Сондай-ақ, жауапта ағымдағы жылғы II тоқсаннан бастап «Шар – Өскемен» бағытындағы жолаушылар тасымалы толықтай қамтамасыз етілетіні хабарланған.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы аталмыш жағдайды әрі қарай да өз бақылауына алып, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және өз сайлаушыларының мүддесін қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.